“ҚИЫН” БАЛАЛАР ҚОҒАМДА КӨБЕЙIП БАРАДЫ
“ҚИЫН” БАЛАЛАР ҚОҒАМДА КӨБЕЙIП БАРАДЫ
«Адамдар да өсiмдiк тәрiздi,
жақсы күтiлмесе жайнап өспейдi.»
Мектеп реформасына сай жас ұрпақ тәрбиесiн жан-жақты жақсартуға бағытталған қызмет айрықша маңызға ие екенi белгiлi. Жас ұрпақ тәрбиесiнде “әттеген-айларға” кезiгiп, кеш өкiнiп, опық жеп жүргенiмiз бар. Олай болса, балалардың шәлкем-шалыс жүрiсiн ұсақ-түйек санап, "кейiн ержеткесiн өзi-ақ қояды" деп кейбiр ата-аналардың жеке жауапкершiлiктерiне жүрдiм-бардым қарауын бала тәрбиесiне мән бермеушiлiк, оның ертеңгi күнiн ойламаушылық демеске лаж жоқ.
Соңғы кездерi жастар тәрбиесiндегi кемшiлiктердiң кең етек жоюын тектен-тек оқиға деп қарауға болмайды. Ол — өмiр шындығы, бәрiмiздiң ортақ кемшiлiгiмiз. Бұл қалай? Бұған жауапты алыстан iздеудiң қажетi бола қоймас. Турасын айтқанда, мұны әрбiр ата-ананың өзiнен-өзi iздегенi дұрыс.
Қоғамда өмiр сүрудiң алғашқы әлiппесiн, адамның қоршаған айналадағы өмiрге қарым-қатынасын, тәжiрибесiн бала отбасынан үйренедi. Халықтың "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң" деген мәтелi тегiннен-тегiн айтылмаса керек.
Жасөспiрiмнiң бiрден "қиынға" айнала салмайтынын, зерттеп байқаудың да мәнi зор. Ол өмiрде әке-шеше мейiрiмi, қамқорлығы дегеннiң не екенiн бiлмей өсуi, оның нағыз достары да болмауы мүмкiн. Содан да нашар ортаның ықпалына түсiп, төбелес-жанжалға үйiрсек болып, бұзақыларға қосылуы ықтимал.
Осы орайда нақты фактiлерге жүгiнер болсақ, қалада жайсыз отбасылардың, яғни "қиын" ата-аналардың көбеюi — әлгiндей "қиын" балалар санының арта түсуiне әкелiп отырғаны анық. Мәселен, соңғы жылдардың өзiнде бала тәрбиесiмен айналыспай iшкiлiкке салынып, биморальдық жолға түскен И.В.Клюх, Г.Задорожная, Н.Бекбауова, В.С.Федорова секiлдi көптеген ата-аналар сот шешiмдерiмен ата-аналық құқығынан айырылған. Солардың бiрi еш жерде жұмыс iстемейтiн В.И.Яндола үнемi iшкiлiкке салынып, өз қызын сабап, үйiнен қуып жiберген. Осындай қатыгез әкенiң таяғынан қашқан жас қыз, өз үйiнiң жертөлесiне түнейтiн болған. Отбасындағы мұндай "тәрбиенiң" жасөспiрiмдерге керi әсер етерi айтпаса да түсiнiктi.
Тағы бiр мысал, қаладағы орта мектептердiң бiрiнiң оқушысы болған Ш.Мералиев соңғы жылдары өз үйiнен бiрнеше рет қашып, сабаққа да бармай, нашақорлықпен айналысқан. Өйткенi, оның анасы Х.Хамраева баласын тәрбиелеумен айналыспай, жасөспiрiмдi өз бетiмен қоя берген. Осындай бақылаусыздықтың салдарынан Ш.Мералиев ауыр қылмысқа ұрынып, қылмыстық жауапқа тартылды.
Иә, сонымен "қиын" балалардың туындауына әдетте отбасында үш түрлi себеп болатыны анықталды. Олар: ата-ананың терiс үлгiсi, әке-шешесiнiң бiреуiнiң болмауы, үй iшiндегi еңсенi басатын ауыр жағдай — отбасында өне бойы боп тұратын ұрыс-жанжал. Өкiнiшке қарай, отбасының терiс ықпалын айтып көрсету оңай, түзеу қиын. Мектеп, полиция, тағы да басқа қоғамдық ұйымдар ата-аналармен сөйлесiп, оларға еңбек ететiн ұжымдары арқылы ықпал етуге талпынып көредi, бiрақ ересектердi тәрбиелеу ең "қиын" балаларды тәрбиелеуден де әлдеқайда ауыр болып бара ма, қалай?
Қалада үш мыңнан аса жағымсыз отбасылары белгiлi болса, қалалық Iшкi iстер басқармасының кәмелетке толмаған жасөспiрiмдер iсi жөнiндегi бөлiмiнiң есебiнде бес мыңға жуық "қиын" жасөспiрiм тұрады екен. Солардың арасынан осы жылдың басынан берi ғана жүзден астам жасөспiрiм әртүрлi қылмыстар жасап, қолға түскен. Жасөспiрiмдердiң әсiресе нашақорлыққа бой ұруы, арақ-шарап iшуi, әртүрлi ауыр қылмыстарға баруы кездесiп жүр. Сондай қылмыс жасаушылар қатарында С.Сомич, Ю.Карпов секiлдi жасөспiрiмдердiң болуы жастар арасындағы тәрбие жұмысының да өз дәрежесiнде еместiгiн аңғартса керек.
Заңды өрескел бұзып, қылмыс жасаушы жасөспiрiмдерге дер кезiнде шара қолданбаса, оның тағы да қылмыс жасап, терiс жолға өзгелердi де тартпасына кiм кепiл бола алады. Сонда не iстеу керек? Барлық жағдайда қылмыскердi жазалап, бас бостандығынан айыру керек пе? Жоқ. Қылмысты тек жазалау арқылы жоюға болмайды. Жазалау — мәжбүр етудiң бiр түрi. Бұл проблема тәрбиешiлер арасында әртүрлi пiкiрталасын тудырып, күнi бүгiнге дейiн даулы мәселе болып келедi.
Қайсыбiреулер: "Жазалау — бұрынғы көне педагогиканың тәрбиелеу шарасы, ол бiздiң моралiмiзге сай келмейдi" — десе, ендi бiреулерi: "жазалаусыз — тәрбие iсiн жүргiзудiң өзi мүмкiн емес", — дегендi айтады. Кiмдiкi дұрыс? Бұл сауалға А.С.Макаренко толымды да сенiмдi жауап берген. "Менiң мынаған анық көзiм жеттi, — деп жазады ұлы педагог, — жазалайтын жерiнде педагогтың жазаламай қалуға хақысы жоқ. Жазалау — бұл тек право ғана емес, сонымен қатар мiндет те. Жазалау да басқа шаралар тәрiздi табиғи, қарапайым және логикалық орынды шара ретiнде хабарлануы тиiс
Алайда "қиындықтармен" жұмыс iстегенде, жазалау шарасын аса сақтықпен қолдану керек. Олардың ақыл-кеңестiң қай түрiне де құлағы үйренiп қалғанын және бойында оны қабылдауға қарсы өзiнше бiр иммунитет пайда болғанын есте ұстаған дұрыс. Сондықтан бұл салада жан-жақты ойластырылған комплекстi тәрбие қажет.
"Қиын" оқушыларды тәрбиелеу үшiн берiк қалыптасқан, ұйымшыл да тату ұжым керек. "Берiк ұйымдасқан ұжымды "қиын" бала өте қысқа мерзiм iшiнде өзiнiң жарасымды әлеуметтiк байланысын қайта құрады", — деген емес пе едi, А.С.Макаренко.
Осы ретте педагогтар мен "қиын" оқушылардың арасындағы қарым-қатынасты дұрыс қалыптастыру — ең қажеттi шарт. Бiлiктi ұстаз қандай "бұзылған" баламен де тiл тауып сөйлесе алады. "Қиын" оқушының қоршаған ортамен байланысын кеңейту, осы мектептiң қоғамдық өмiрiне тарту — қайта тәрбиелеудiң ең тиiмдi жолы. Сондықтан әрбiр "қиын" оқушыға қандай да болсын қоғамдық тапсырма жүктеу қажет. Ал, мектеп тәжiрибесiнде қоғамдық жұмыстарға тек оқу озаттарын, тәртiбi жақсы оқушыларды ғана тарту әдетке айналған. "Қиындар" мен нашар үлгеретiндер қоғамдық тапсырмадан сырт қалады, оларға сенбейдi. Мiне, бұл — педагогикалық қателiк дер едiк.
Осы жерде үлгi алуға тұрарлық мына бiр мысалды келтiре кеткен орынды болар. Өзiнiң отызжылдық педагогикалық қызметiнде тамаша ұстаз, ғалым Б.А.Сухомлинский 270-тен астам "қиын" жасөспiрiмдi қайта тәрбиелеп шығарды. Олардың бәрiмен де гуманист-ұстаз тiл тауып сөйлестi. Сырқаттың емiн тапқан дәрiгер сияқты жүрегiнiң кiлтiн тапты. Әрбiр педагог осылайша "қиын" балалар мен жастарды қайта тәрбиелеп, жарқын өмiр жолына салуға тиiс.
Тағы бiр айта кетер жай — қаладағы барлық мектептер мен ата-аналар арасында тығыз байланыс жоқ. Көптеген ата-аналар бала тәрбиесiне немқұрайды қарайды. Не себептi олай? Шынымен жұмысбастылықтан ба, әлде бала тәрбиесiне тек мектеп жауапты деп есептей ме? Түсiнiксiз… Мектеппен жиi байланысып, баласының хал-жайын бiлiп тұратын ата-аналар iлуде бiр кездеседi. Тiптi, кейде ата-аналар жиналысының өзiне оларды бiрнеше рет шақыртып келтiре алмайсыз. Сонда олар үшiн бала тағдыры, бала тәрбиесi жанама мiндет болғаны ма?
Иә, осылайша бала тәрбиесiне үлкендер өзiмiз қызықпаған соң, баланы несiне кiнәлаймыз. Бос уақытта немен шұғылданамын десе де еркi. Қол қақпаймыз. Түнi бойы гитара шертiп, ысқырып, өлең айтып, жертөлелерде бiлгенiн iстеп жүретiн "көңiлдi" топтар қайдан шығады? Шындығын айтқанда мұғалiм боп, ата-ана боп, мұндай түн қатушыларға әлi күнге дейiн тойтарыс бере алмай келемiз. Осындай осалдығымыздан О.Сапунов пен Е.Тәжиев секiлдi оқушылар бейсауат iстермен айналысып жүрсе, Г.Зюбанов пен А.Афрюткиндер өз алдарына топ құрып, сабақты қойып, мектептен байланысын үзген.
Осы орайда қала мектептерiнде құқық тақырыбына жиi лекция оқып, әңгiмелер өткiзуге тиiс қалалық прокуратура, сот, полиция қызметкерлерi де жұмысбастылықтан арыла алмай жүр. Мектеп оқушылары бұл тақырыптағы соңғы лекцияны қашан тыңдағандарын да ұмытқан шығар?
Қысқасы, бала тәрбиесi — баршаға ортақ. Өйткенi, ол — қоғамның болашағы. Ендеше бала тәрбиесiне баса назар аудару болашаққа, қоғамға қызмет көрсету екенiн естен шығармайық.
Болат ШАЙМАНҰЛЫ, журналист-заңгер