МЕТАЛЛУРГТЕРДIҢ ЕЛУ ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕСI

МЕТАЛЛУРГТЕРДIҢ ЕЛУ ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕСI

МЕТАЛЛУРГТЕРДIҢ ЕЛУ ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕСI
ашық дереккөзі
270

Қарағанды облысына сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикамыздың Магниткасы атанған Темiртау қаласына ат басын тiредi. Қарағанды металлургия комбинатында осыдан 50 жыл бұрын тұңғыш шойын алынды. Ел тарихындағы елеулi оқиғаға айналған бұл күн темiртаулық металлургтер үшiн келелi мереке. Темiртау қаласындағы мереке шойын қорытпасын алудан басталды.

Ал комбинат тарихы сонау 30-жылдардан басталады екен. Әуелде Қарағанды маңайынан iрi өндiрiс орнын ашуды геолог-ғалымдар Қ.Сәтпаев, М.Русаков, А.Сперанский көтерген болатын. Республиканың алып аймағындағы ресурстар толық зерттеле қоймады, нәтижесiнде шойын балқыту комбинатының ашылуы кейiнге ысырыла бердi. Алайда 1940 жылы "Қазақ КСР-iнде металлургиялық зауыт салуға дайындық жұмыстары туралы" құжатта Қара металлургия халкомы 1942 жылдың 1 мамырына дейiн тау-кен өндiрiс орындарын тұрғызуға мүмкiндiк беретiн темiр кенiштерiн зерттеу, сапасы мен құрамын анықтап, зауыт салуға кететiн уақыт пен шығынды көрсетуi тиiс болды. Бiрақ соғыс жылдарында бұл бастама аяқсыз қалып, соғыстың аяқталуын тосқан. Десе де майданнан жырақта орналасқан Темiртаудың географиялық орны комбинат iргетасының қалануына себепкер болды. 1942 жылы 25 сәуiрде комбинат құрылысы басталды. Осыдан соң арада 18 жыл өткен соң ғана, 1960 жылдың 3 шiлдесiнде алғаш шойын ағызылды. Қара металлургияның қарашаңырағына айналған зауыт Қазақстанға алып индустриялы ел атануға жол ашты. Тоқсаныншы жылдарда тоқырау кезеңi келiп, дағдарыс белең алған тұста комбинат жұмысы да бәсеңдегенi рас. Бiрақ шетелден инвестиция тарту арқылы елiмiздегi бiршама нысандардың қайта iске қосылғаны белгiлi. Мiне, осы кезде "Арселор Миттал Темiртау" компаниясы комбинат өнiмдерiн қолға алып, ел экономикасына өз үлесiн тигiзе бастады. Елбасының айтуынша, елу жылда комбинат түрлi кезеңдi бастан бастан кешiрген. Сол қиын жылдарда жағалай қарыз алып, жұмысшыларға жалақы төлеуге шамасы келмей қалған комбинаттың жабылып қалу қаупi төнiп, қарыз 700 миллион долларға жеткен. Осы кезде Лакшми Миттал 3,3 миллиард доллар инвестиция салып, комбинат жұмысын оң қаратты.

Бүгiнде индустриялық-инновациялық даму стратегиялары бойынша келешек жоспарлар белгiленiп, құрылыс алаңына айналмақ.

– "Бизнестiң жол картасы – 2020" бағдарламасы жасалып, жүзеге асырыла бастады. Бұл бағдарламада металлургия саласы басым бағыттардың бiрi ретiнде қарастырылған. Осы орайда болатты үздiксiз құю, ыстықтай мырыштау, қалайылау, сортты прокат өндiрiсi iске қосылды. 2015 жылға дейiн жаңа қосымша қуат көздерi пайда болады, – дедi Президент.

Стратегиялық жоспар бойынша комбинатқа 6 миллион тонна болат өткiзу жүктелiп отыр. Алдағы жылдары елiмiзде 10 миллион тонна болат өндiретiн жаңа зауыт салу да жоспарлануда.

"АрселорМиттал Темiртау" АҚ цех бастығы, "Құрмет" орденiмен наградталған Андрей Бегенеев, мемлекеттiк награданы алған соң сөйлеген алғыс сөзiнде, Н. Назарбаевтың Темiртауды дамытуға қосқан еңбегiн ескере отырып, қалаға ҚР тұңғыш президенттiң есiмiн беру туралы ұсыныс енгiздi. Бiрақ бұл ұсынысқа "Темiртау – бұл тарихи атау. Ол тарихта осылай қала берсiн. Сiздер бұл мәселеге менiң көзқарасымдi бiлесiздер", – дедi президент.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары