КОМОРОВСКИЙДIҢ АЙҚЫН ЖЕҢIСI

КОМОРОВСКИЙДIҢ АЙҚЫН ЖЕҢIСI

КОМОРОВСКИЙДIҢ АЙҚЫН ЖЕҢIСI
ашық дереккөзі
424

Ал Качиньский Сейм сайлауына үмiт артады

Биылғы 10-сәуiр Польша халқы үшiн қаралы күн болды. 2005 жылы президенттiк тiзгiндi қолына алған 60 жасар Лех Качиньский Смоленск түбiндегi ұшақ апатынан көз жұмған болатын. Қайғылы оқиғадан кейiн Польша мемлекетi шұғыл түрде жаңа президенттi сайлауға кiрiсiп-ақ кеттi.

Польшаның конституциясына сәйкес қоңыр күзде поляктар жаңа президентiн сайлауы тиiс едi. Алайда қайғылы оқиғадан соң, сайлауды уақытынан бұрын өткiзуге мәжбүр болды. Ағымдағы жылдың мамыр айында Висла өзенi тасып, Польшаның оңтүстiк бөлiгi зардап шеккен едi. Әлi күнге поляктар табиғаттың дүлей күшiне төтеп бере алар емес. Дегенмен, мұндай апатты жағдайға қарамастан Польша президенттiк сайлауды жалғастырды. Бұл жылы үмiткерлердiң сайлауалды кампаниялары үгiт-насихат жұмыстарын бар-жоғы 60 күн жүргiзген екен. Маусымның 20-жұлдызында президенттiк тақтан дәмелi 10 үмiткердiң iшiнен сайлаудың екi негiзгi лидерлерi анықталған болатын. Олар Лех Качиньскийдiң қазасынан кейiн Польша конституциясына сәйкес президенттiк тiзгiндi қолына алған парламенттiң төменгi палатасының спикерi Бронислав Коморовский мен марқұм президенттiң сыңары Ярослав Качиньский. Бронислав Коморовский "Азаматтық платформа" либералдық партиясының өкiлi болса, Ярослав Качиньский ағасы Лехтiң "Заң және әдiлдiк" консервативтiк партиясының жетекшiсi. Қос лидердiң сайлауалды кампаниясының үгiт-насихат жұмыстары да поляктарды ерекше қызықтыра түскенi аян. Ярослав Качиньский қарсыласы Бронислав Коморовскийден 6 жасқа үлкен. Ердiң жасы 50-дiң орта белiне келген Ярослав Качиньский сүрбойдақ, ал Коморовский бiр емес, төрт баланың әкесi. Осы жағын ескерген болу керек, Коморовский отбасындағы тыныштық, бейбiтшiлiк, татулық ел болашағы деген сарындағы әлеуметтiк роликтердi өзiнiң сайлауалды кампаниясының туы еттi. Качиньскийдiң сүрбойдақтығы поляктарды аса үмiттендiре қойған жоқ. Бiршама сарапшылар Ярослав Качиньскийдiң президенттiк тақтан үмiткерлер қатарында озық тұруын оның сыңары Лех Качиньскийдiң қайғысынан кейiн поляктардың оған деген жанашырлығынан болып отыр деген пiкiр түйдi. Ярослав Качиньский бұрын да ел саясатында белгiлi роль атқарғаны жасырын емес. Тiптi, марқұм Лех Качиньский ел iсiне қатысты кейбiр мәселелердi шешуде сыңарымен ақылдасатыны жайында жиi айтылып жүрген. Качиньский президент атанса, ең алдымен Ресеймен қарым-қатынасты нығайтатынын мәлiм етсе, Коморовский керiсiнше, Еуроодақпен байланысты одан әрi нықтай түсетiнiн жариялады. Польшаның бiрқатар БАҚ-тары Ярослав пен Бронислав арасындағы текетiрестi "Америка мен Еуропа арасындағы таңдау" деп атаған. Коморовскийдiң партиясы көбiне еуропалық интеграция процестерiне қосылып, жақын арада Ауғанстаннан поляк әскерлерi шығарылады деген уәделерге үмiт артса, Качиньскийдiң "Заң және әдiлдiк" партиясы АҚШ-тың сыртқы саяси бастамаларына оң қабақ танытады. Содан болар, АҚШ-тағы поляктар "Заң және әдiлдiк" партиясын қолдайды. Thenews.pl басылымы сайлауда Качиньский 71 пайыз дауысқа ие болуы мүмкiн деп мәлiмдеме жасады.

Алғашқы айналымда Бронислав Коморовский сайлаушылардың 41,22 пайыз даусын иемденсе, Ярослав Качиньский 36,74 пайызды мiсе тұтқан. "Демократиялық солшыл күштердiң" лидерi, президенттiк тақтан үмiткер 36 жасар саясаткер Гжегож Наперальский небәрi 13,68 пайызбен үшiншi орынға табан тiреп, сайлаудың екiншi айналымына өтпедi. Польша халқының басым бөлiгi ел тiзгiнi Бронислав Коморовскийге бұйырады деген сенiмде екенiн жасырған жоқ. Качиньский зейнеткерлер, орта жастағы поляктар арасында басым дауысқа ие болса, ел жастары Коморовскийдi қолдайды екен. Бiрқатар саясаткерлер мен сарапшылар сайлаудың алғашқы айналымында Бронислав Коморовский халықтың бiраз бөлiгiнiң сенiмiне ие болғанымен, өзiн толыққанды жеңiмпаз деп тануға әлi ерте деген пiкiрде болды. Себебi, 2005 жылғы президенттiк сайлауда Польшаның қазiргi премьер-министрi Дональд Туск пен Лех Качиньский арасындағы текетiресте Дональд Туск оқ бойы озық тұрғанымен, сайлаудың екiншi айналымында күтпеген жерден Лех Качиньский сайлаушылардың 54,04 пайыз дауысына ие болып, ел президентi атанған.

Өткен жексенбi, шiлденiң 4-жұлдызындағы сайлаудың екiншi айналымы поляктар үшiн тосын сыйға толы болды. Экзит-поллдың алғашқы нәтижелерi Коморовский 4 пайыз артықтықшылықпен өз қарсыласынан басым түскенiн көрсеттi. Бiрақ дүйсенбi күнi таң алдында Качинський 1 пайыздай алда тұрды. Алайда 5-шiлде күнi сайлаушылардың 95 пайызының дауысы түгел есептелiп, қызу текетiресте Бронислав Коморовский 52,5 пайызбен алға суырылып шықты. Дүйсенбi күнi кешкiсiн Польша халқы жаңа президент Бронислав Коморовскийдi толыққанды жеңiсiмен құттықтады. Бронислав Коморовский өзiнiң бұл жеңiсiне "поляк демократиясының" жеңiсi деген баға бердi. Ал қарсыласын жеңiсiмен ресми түрде құттықтаған Ярослав Качиньский бұл президенттiк сайлау 2011 жылғы парламенттiк сайлауға дайындық ретiнде қарайтынын мәлiмдедi. Качиньский мәлiмдемесiн тегiн жасаған жоқ, себебi "Заң және әдiлдiк" партиясының рухани-құндылықты постулаттары алыс-жақын шет елдегi және КСРО аумағындағы поляктардың қолдауына ие. Сондықтан Качиньский Польша парламентi — Сейм сайлауына үмiт артатынын жасырмады.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары