ФУТБОЛ ТОЙЫНЫҢ ТОСЫН ЖҰМБАҚТАРЫ
ФУТБОЛ ТОЙЫНЫҢ ТОСЫН ЖҰМБАҚТАРЫ
ХIХ әлем чемпионатында шешушi ойындар кезеңi басталғалы тұр. Дүбiрлi доп додасы әлi де талайлардың түн ұйқысын төрт бөлгенiмен футбол дегенде бәрiн жиып қоятын шынайы фанатиктерден басқалар теңбiл доп тойынан да жалыға бастағандай ма, қалай?! Тәттiнi көп жеген кiсiнiң де тәбетi қайтатыны сияқты жанкүйерлердiң де жүрегi лоблитынына күмән жоқ. Өйткенi, әлемдiк чемпионат дегенмен тұтас бiр айға үздiксiз созылған жарыстың көпшiлiктi бiраз жалықтырғаны бесенеден белгiлi. Халықаралық аса беделдi ұйым –ФИФА-ның алдағы жылдары өздерi жол берген және түрлi мәртебелi жиындарында жаппай қолдаған осынау басы қисынсыздығы таяу жылдары түбегейлi қайта қаралатын шығар, сiрә?! Бұл қандай қисынсыздық? Бiздiңше, әлемде футболды кеңiнен насихаттау және дамыту деген талаптан туындаған басты қисынсыздық – әлем чемпионатының финалдық жарыстарына 32 команданың қатысуы жұмыр доп тойының сапасының төмендеуiне әкелiп соғуда. Топтық жарыстарға деңгейi төмен құрамалардың да қатыстырылуы әлем чемпионатының беделiне елеулi нұқсан әкелiп отырғанын жасырмау қажет. Және төрт жылда бiр келетiн осынау дүбiрлi жарыстың осындай форматта өтуiне қарсылардың қатары жылдан-жылға көбейе түсуде. Дегенмен, ФИФА-ның басшысы Зепп Блаттер әзiрге өз дегенiнен қайтар емес. Дегенмен, топтық жарыстарға әлсiз командалардың қатыстырылуы рейтингi жоғары командалардың көп күш жұмсамастан-ақ келесi кезеңдерге өтуге және өздерi белгiлi бiр деңгейде iштартатын командаға жарысты жалғастыруға мүмкiндiк әперуiне мүмкiндiк жасап отыр. Мәселен, топтық кезеңнiң соңғы ойынында Бразилия құрамасы жеңiс үшiн мүлдем күрескен жоқ және тең ойынға қанағат етуi арқылы Кот д,Ивуарды жарыстан тыс қалдырып, Португалияны да 1/8 финалға "сүйреп" шығарды. Өйткенi, бiр замандарда Португалияның отары болған Бразилия ойыншыларының көбi өздерiнiң алыс туыстығын және тұрмыс-салттарының ұқсастығын iштей жақсы сезiнедi. Алайда, бұл туысқандық көмек Португалияға да соншалықты көмектескен жоқ. Лиссабон ойыншылары 1/8 финалда Испаниядан 1:0 есебiмен ұтылып қалғаны белгiлi. Төлеген Айбергеновтың: "Жығылған палуанға да бәйге берем, егер де адалдығын сезiп тұрсам…" дейтiнi осындайдан айтылған болса керек.
Дания құрамасын 3:1 есебiмен айқын басымдықпен ұтқан Жапония құрамасының бас бапкерi Такеси Окада мырзаның:
"Бiздiң құраманың өзге кейбiреулерде жоқ нәрсесi бар. Барлық 23 футболшы, барлық жаттықтырушылар штабы – бiздiң бәрiмiз бiр командамыз. Бүгiн бiз осы артықшылығымызды толықтай пайдаландық", – дегенi есте. Расында, кейбiр құрамалар әлем чемпионатына құр көңiл көтеру үшiн келген сияқты. Және бұл елдердiң iшкi чемпионатында таяу арада түбегейлi қайта құрулар орын алатынына күмән жоқ. Бұл тұрғыдан ең алдымен ауызға iлгетiнi – Францияның ұлттық құрамасы. Алыс Оңтүстiк Африкаға фавориттердiң бiрi ретiнде аттанған француздар топтық iрiктеу жарыстарында сүреңсiз ойындарымен көзге түсiп, құраманың iшкi алауыздығынан мүлдем ұнжырғалары түсiп қайтты. Бейнелеп айтсақ: жердiң үстiмен барып, жердiң астымен қайтты. Тiптi, әйгiлi шабуылшы Анелька ендi ешқашан құрамаға қабылданбайтын ойыншы ретiнде командадан масқараланып қуылды. Кеше Францияның парламентi ұлттық құраманың бас бапкерi Раймонд Доменектiң есебiн тыңдап, ұлттық құраманың Оңтүстiк Африка Республикасындағы ойындарына өздерiнiң бағасын бердi. Әрине, мұндай қисынсыздықты естiген жұрттың таңданыстан жағасын ұстамағаны жоқ. Өйткенi, футбол жұрт жаппай сүйетiн ойын болғанымен, бұл бар болғаны спорттық жарыс қана. Онда жеңiстер мен жеңiлiстердiң болатыны бесенеден белгiлi. Ал адамдар әу баста ермек үшiн ойлап тапқан ойындағы жеңiлiстi осыншалық трагедияға айналдыру, тап бiр өмiрлiк маңызды мәселе секiлдi мәртебелi жиында қарау ерiккенiң ермегi ғана емес, ең әуелi есерсоқтықпен шектесетiн әрi миға симайтын қисынсыздық. Тiптi, осынау әрекеттен ұлттың өзiне деген сенiмдiлiк, iшкi тұтастықтан айырыла бастағаны аңғарылатындай. Иә, дау жоқ, футбол қазiргi заманда бiр кездердегi өзiне тән романтикадан мүлдем айрылып тынды. Адамдарды қуанышқа бөлейтiн мерекелiк iшкi тартымдылығынан жұрдай болып тынған. Футбол ақша табудың көзiне, ең бастысы, ең оңай жолдарының бiрiне айналған. Тiптi, көптеген жарыстардың жеңiмпаздары алдын ала белгiленiп, шешiлiп қоятыны онша құпия емес. Ол ол ма, оңай және мол ақша жүрген жерде алаяқтықтың қоса жүретiнi құпия емес. Қазiргi футбол маңында коммерциялық құпиялардың тым көбейiп кетуi, көптеген ойыншыларға шамадан тыс ақшаның төленуi де сырт көзге жасырын әлдеқандай құпияларға меңзейтiнi сөзсiз. Бұл күндерi беделдi ФИФА бұның тамырына түбегейлi балта шабуға мүлдем қауқарсыз немесе құлықсыз. Айтқандай, ФИФА-ның өзi футболдың мол ақша әкелуiне үнемi мұрындық болып келедi. Тiптi, футболдағы басқан қадамы керi кетiп жүрген Қазақстанның өзiнде де әлемнiң ешбiр елiнде ешкiм көз сала қоймайтын көптеген ойыншылар айына 20-30 мың доллар табыс табатын көрiнедi. Олар мұндай ақшаны не үшiн алады, қандай еңбегiмен бұған қол жеткiздi, бұл қарапайым жанкүйер үшiн жетi қат жер астындағы құпия. Өйткенi, футбол десе iшкен асын жерге қоятын көптеген елдердiң стадиондарында әр ойынға 40-50 мың көрермен жиналады, оған теледидардан тамашалайтын жанкүйерлердi қоссақ, бiр қауым ел болатыны аян. Ал Қазақстандағы стадиондарға бас сұғатын 2-3 мың жанкүйермен осындай ақша табу қисынсыздықтың көкесi. Телеарналардың, футбол арқылы өздерiн жарнамалайтын компаниялардың тарапынан қызығушылық бар, сол арқылы табыс табады деуге тiл бармайды.
Әлемде футбол маңындағы ақша көп рөл атқаратын елдердiң бiрi – Англия. Бұл елдiң ұлттық құрамасы сонау 1966 жылы ғана өз елдерiнде өткен чемпионатта әлем тәжiн кигенi тарихтан мәлiм. Одан бергi өткен жарты ғасырға жуық уақыт iшiнде бұл елдiң ойыншылары әлемдiк додалардан, Еуропа жарыстарынан құралақан қайтып жүр. Сөйтсе де Англияның iшкi чемпионаты көздiң құрты, делебесi қозған жанкүйерлер жиi ауызға алатын әдемi аңыз. Осыған қарамастан бұдан бiршама уақыт бұрын Англияның ұлттық құрамасын жеңiске бастау үшiн итальяндық бiлiктi бапкер Капеллоның шақыртылғаны мәлiм. Әлгi Капелло iшкi мәдениетiнiң биiктiгi, сырбаздығын мәлiм еткенi шығар, ол ұлттық құраманың тiзгiнiн ұстардың алдында ағылшын тiлiн терең меңгеру үшiн алыс түкпiрдегi ерлердiң монастырiнде өз еркiмен екi-үш ай тұрып, тiл үйрендi. Жарайсың, Капелло! Осы орайда Қазақстан құрамасын жаттықтырушы бас бапкер, немiс маманы Бернд Шторктың ойына мұндай сыпайылықтың кiрiп те шықпағанын амалсыз мойындауымыз керек. Өзiне жұмыс тауып берiп отырған ұлтты (қазақтарды) сыйламай отырған маманның ұяты мен ұлағатына күмәнмен ғана қараймыз да.
Расын айту керек, Қазақстан құрамасы әзiрге әлемдiк футболда өз жеңiстерiмен емес өзге командаларды бағытынан тайдырып, басынан бақ құсын ұшырумен аты әйгiленуде. Әлемдiк доп додасына iрiктеу жарыстарында түрлi кезеңдерде қазақ футболшыларын iрi есеппен ұтқан командалардың өрiсi кеңiген емес. Сербия, Португалия, Англия… Iргелi құрамалар бiздiң команданы ұтқанына мәз болып, асып-тасып кете ме, әйтеуiр көп ұзамай-ақ аяқтары көктен келiп сұлап жатқаны. Әнебiр жылы Алматыдағы Орталық стадионда әлдебiр қуақы жанкүйер айтқандай: "Түптiң-түбiнде қазақ футболының киесi ұрады!".
Осы жолы Англия құрамасы да осындай жағдайды бастан кештi. Ылғи легионерлердiң арқасында премьер-лига ойындарын әсем спектакльге айналдыратын ағылшындар әлем чемпионатына дайындығы төмен болып шықты. Ең таңданарлығы, жанкүйерлер арасынан Англия әлем чемпионы болады деушiлердiң табылатындығы. Және ондайлардың көзге ұрып тұрған кемшiлiктi көрмейтiндiгi де қызық-ақ.
Англия чемпионатының деңгейi биiк дегенмен, бұл елдiң негiзгi командаларында саусақпен санарлықтай ғана ұлттық ойыншылар өнер көрсетедi. Яғни, ағылшын ойыншыларының кәсiби деңгейiн жоғарылатуға еш мүмкiндiк жоқ. Бiр сөзбен айтқанда, келiмсек ойыншылар осы ел құрамасының деңгейi төмендеуiне себепкер болып отырған басты факторлардың бiрi. Мұндай адам төзгiсiз жағдай, келiмсек ойыншылардың шектен тыс шақыртылуы Қазақстан футболына да орасан зор зиянын тигiзiп отырғанын жиi тiлге тиек етушiлердiң жанайқайы ешкiмнiң құлағына жетер емес. Тағы да баса айта кету қажет, келiмсектер ешбiр ел құрамасының көсегесiн көгертпейдi.
Африкада өтiп жатқан әлем чемпионаты да осы ақиқатты кезектi рет дәлелдеп отыр. Азиялық құрамалардың, күншығыс елдерiнен келген командалардың ойындары мұның нақты мысалы. 1/8 финалдық ойында Жапония мен Парагвай кездескен. Осы ойынның екiншi кезеңiнде жапон қорғаушысы Тулио Танака қақпашы Кавасимамен қауiптi сәтте қақтығысып, ауыр жарақат алды. Жарақатының ауырлығы соншалық, жапон ойыншысының сол жақ бұғанасы көтертпей қалғаны жәй көзге де аңғарылып тұрған. Тiптi, жерден өз еркiмен көтерiле де алар емес. Сүйемелдеген дәрiгерлер алаң сыртына алып кеткен Тулио Танака iле-шала жасыл алаңға қайта шыққанын көргенде ешкiм өз көзiне өзi сене алған жоқ. Ал жапон футболшысы жан алып, жан берiскен ойынды одан ары қарай жалғастыра бердi. Солтүстiк Кореяның белдi ойыншысы да Бразилиямен алғашқы кезесуде қара санынан ауыр жарақат алып, аққан қанға қарамай алаңға қайта оралғаны еске түскен.
Иә, Азия командаларының шеберлiгi, тәжiрибесi әзiрге төмен болуы ықтимал. Техникасы, физикалық дайындықтары да күткендегiдей емес болуы мүмкiн. Бiрақ, олар намысқойлығы, барлық ауыртпалықтарға мойымайтын қайсарлықтар, қарсыластарын құрметтей бiлетiн сыпайылықтарымен бүкiл әлем жұртшылығын тәнтi еттi. Намысқойлығы, жанкештiлiктерi таңғалдырған.
Ал әлем чемпионатының жарыстары одан әрi жалғасуда. Алда ширек финал ойындары…
Жаңабек ШАҒАТАЙ