ЖYРЕГIМДЕ — ОТАНЫМ
ЖYРЕГIМДЕ — ОТАНЫМ
Жақында Халықаралық "Жанашыр" қоғамдық қоры мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен Қазақстанда бiлiм алып жатқан шетелдiк қазақ жастарының "Атамекенiм– Қазақстан" атты байқауы өттi.
Бұл байқау халықаралық "Жанашыр" қорының "Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына – 20 шара" атты Жобаның аясында болғандықтан, шетелден келiп бiлiм алып жатқан жастарымыздың бойындағы атамекенге, ана тiлiне деген сүйiспеншiлiк сезiмдерiн ояту, ұлтымыздың салт-дәстүрi мен ән-күйiне деген ынтасын көрсету және дамытуға бағытталған мақсатта өткiзiлдi.
Алғашқы болып беташар сөз алған осы шараны ұйымдастырушыларының бiрi, халықаралық "Жанашыр" қорының президентi, еларалық "Шалқар" газетiнiң бас редакторы Жаңыл Әпетова байқаудың мақсаты мен мiндетi туралы айта келiп, шетелде жүрген қандастарымыздың өз елiне деген жүрекжарды сезiмдерiн көрсету, олардың тiлiне, салт-дәстүрге деген ынталарын ел-жұртқа таныстыру екенiн түсiндiрiп, байқауға қатысып жатқан жастарға ақ жол тiледi.
Бұл байқауға Франция, Сауд Аравиясы, Иран, Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түркiменстан, Ресей қатарлы елдерден келген дайындық факультетiнiң биылғы жылғы 12 түлегi қатысты. Байқаудың мақсатын айқындайтын жоба 3 түрлi бағдарлама негiзiнде дайындалған.
Франциядан келген Толғаның да ойынан өрiлген өлең жолдары оның алдағы жоспарының негiзi екенiн кiм терiске шығара алсын.
"Ежелден дәстүрiмiз тұнық болған,
Бiлейiн деп салтымды ұмыт қалған.
Сағынышпен Парижден жетiп келдiм,
Қадiрiн Атажұрттың шын ұққаннан.
Бақыт, байлық ағайын бәрi осында,
Қалмайын деп өзгенiң табасына.
Арманым қазақтiлдi мектеп ашу,
Париждегi қазақтың баласына." – деп өзге бiр елде жүрсе де, ұлтының тiлi мен салт-дәстүрiн ұмытпауға тырысып, келешектегi қазақтың тағдырына алаңдап жүрген ұрпақ екенi "мен мұндалап" тұр. Бiреуi ғана емес, бәрi де осындай таза көңiл-күйде екенiн, армандарының тез орындалуын тiлейтiнiн бiлу онша қиын емес. Түркиядан келген Фатихтың өлеңiнен де елiне деген сүйiспеншiлiгi көрiнiп-ақ тұрды.
"Ассалаумағалейкум, Атажұрт, Алаш елi,
Табиғатың не деген тамаша едi.
Кең байтақ дархан далам сүйдiм сенi.
Жанымда қалып қойды бар әсерiң.
Тұра алмаспын бұл жерде мен үндемей,
Тұрған кезде көңiлде тебiндi ой.
Атым-Фатих оралдым Түркиядан,
Қалайша өмiр сүрем елiм демей."– десе, Сауд Аравиясынан келген ағайынды Хабиб пен Харун Мухаммед Ибрахим Худаярлардың өлеңдерiндегi :
"Алып – ұшып Атажұртқа жеткен ем,
Арманым бар көңiлiмде көп деген.
Алланың нұры жауған адамзатқа,
Келiп тұрмын қасиеттi Меккеден.
Бүгiн мен сiздерменен дараланам,
Туған елiн аңсайды саналы адам.
Әл-Фараби бабамыздың атын берген,
ҚазҰУ-де мен бастадым жаңа қадам." – деу арқылы мақсаттары "қайда жүрсе де қазақтың туы жығылмай әлемге танылса, бiздiң арманымыздың орындалғаны" деуi, кiм-кiмнiң де жүрегiн елжiретпей қоймайды. Содан барып "Атажұрттың қадiрiн, алыста жүрген бiледi" деген сөз тiркесi ойыңа өзi-ақ келедi екен. Кешке келген айтыс ақыны Серiк Қалиев та өзiнiң шын ықыласты сөзiн өлеңге құрап, тап-таза жырларын сырттан келген бауырларына ақ тiлегiмен арнап, кешке келген аға буынның да ұрпақ үшiн алаңдап, осындай кештерге атсалысып, қолдау көрсетiп келiп отырғандарын өлеңге қосып, көрермен ойын жалғады. Осылайша, бұл байқау көрермендердiң ыстық ықыласына ие болды.
Лаззат ИГIСIН