ҚЫТАЙ ҚАЗАҚ ӨНЕРIН САҚТАП ҚАЛУҒА ҚҰЛШЫНА КIРIСТI
ҚЫТАЙ ҚАЗАҚ ӨНЕРIН САҚТАП ҚАЛУҒА ҚҰЛШЫНА КIРIСТI
Жақында Қазақстанға Қытай басшысы Ху Цзинь Тао келiп кеттi. Сарапшылар Қазақстан мен Қытайдың тым етене жақын болып бара жатқанын сан саққа жорып, түрлi болжамдар жасауда. Қытаймен арадағы тату көршiлiк байланысымыздың тамыры тым тереңге кетiп барады. Қазiрдiң өзiнде Қытай қазақ экономикасының 25 пайызын бақылайтындай күйге түстi.
Қытайда ресми дерек бойынша 1,5 миллиондай, ресми емес дерек көздерi бойынша 2,5 миллиондай қазақ бар. Соңғы жиырма жылда Қытайдан оралған қазақтардың саны 100 мыңның айналасында ғана көрiнедi. Осы күнге дейiн Қытай мен Қазақстан арасында мемлекеттiк көшi-қон келiсiмi жоқ. Қытайдан келетiн көш соңғы жылдары мүлдем тоқырап тұр. Ху мырзаның Қазақстанмен тым етене жақындығын пайдаланып, осы елдегi қазақтардың көшi-қон проблемасын шешу қажеттiгiн жиi тiлге тиек еткенiмiзбен, әзiрге Қазақстан тарапы бұған мүдделi емес көрiнедi.
Бүгiнде Қытайдағы қазақтар қазақтың қос өнерiн – "Қара жорға" биi мен қазақтың қара домбырасын Гиннестер кiтабына енгiздi. Бұл Қытайдағы қазақтардың төл өнерiнiң шарықтап даму үстiнде екендiгiн айқындайтын көрсеткiш. Бiрақ, соған қарамастан, бүгiнде Қытайда қазақ тiлiнде бiлiм беру iсi мүлдем тоқтады. Қазақ мектептерi бiртiндеп қытай тiлiнде бiлiм беруге көштi. Бұл қайшылықтың сыры неде? Бiз осы сауал төңiрегiнде жауап iздеп көрген едiк:
Керiм ЕЛЕМЕС, ақын, "Балдырған" журналының бөлiм меңгерушiсi:
– Қытайдағы ұсақ ұлттардың мәдениетi – Қытайдың төл мәдениетi болып есептелiнедi. Сондықтан да, Қытай өз қол астындағы аз ұлттардың мәдениетiнiң жұтылып, сарқылып бара жатқанын бiледi. Сол үшiн де арнайы қаржы бөлiп, кадрлар дайындап бүкiл ұлтқа тән мәдениеттердi өзiне алып қалуға тырысып жатыр. Мысалы, қазақтың ою-өрнегi туралы қаншама кiтап шықты. Осы ою-өрнектiң негiзiнде орталықтан миллиондаған кездеме мата шығарылып, Қытайдың экономикасына да белгiлi деңгейде пайда тигiзiп жатыр.
Егер, аз күннен кейiн Қытайдағы аз ұлттар ханзуларға сiңiп, ассимиляцияланып кететiн болса, олардың төл өнерi мен мәдениетi қытайдың төл өнерiне айналып шыға келедi. Қытай сол үшiн аз ұлттардың мәдениетiн сақтап қалуға күш салып жатыр. Құрып тарих қойнауына енiп кеткен ұлттардың орнында қалған тамаша ұлттық мұра қытай мәдениетiнiң бiр бұтағы болып қала бермек. Қытай ұлттың тiлiнiң және дiлiнiң сақталуына мүдделi болып отырған жоқ. Керiсiнше, мәдениеттi сақтап қалудың амал айлаларын жасауда. Қазақтың қымызын, домбырасын, биiн тағы басқа да бекзат өнерлерiн әлемге өз атынан танытуға күш салып отыр. Айталық, "Қара жорға" биiн әлемдiк рекордтар кiтабына Қытай тарапынан енгiзудiң немесе қазақтың қара домбырасын Гиннестер кiтабына жазғызудағы мақсат осы. Бұл қазақтың төл мұрасы деп айтылған шығар, бiрақ, Қытай мемлекетiнiң атынан енгендiктен жылдар өте келе қазақ аты ұмыт болып, оның иесi Қытай болып қала бередi. Қытайдағы қазақтардың атынан енген өнерге қазақ мемлекетi ие бола алмайды. Қазiр Үрiмжiнiң қасынан этнографиялық ауыл жасақталды. Олар қазақ мәдениетiне осында жасалмаған қамқорлықты жасап отыр. Ал, Қазақстан осы қазақты сол күйiнде көшiрiп алуға күш салуы керек едi. Олар бiздiң тiрi мұрағатымыз едi. Олардың Қазақстанға оралуына не кедергi? Алхамдулла, мемлекетпiз. Жер көлемi жағынан әлемде 9 орынға иемiз. Менiңше, Қытай бұған кедергi жасап отырған жоқ. Бiз мемлекеттiк тұрғыдан нақты мәселе қоя алмай отырған секiлдiмiз. Бұл мәселе төңiрегiнде бүгiн ойланбаса, ертең кеш. Мен осыдан оннеше жыл бұрын жазған бiр мақаламда: "Әзiр алсақ, қазақ аламыз, он жылдан кейiн шала қазақ аламыз, отыз жылдан кейiн аты қазақ, қытай аламыз" деп жазған едiм. Соған келе жатыр. Өйткенi, Қытайдағы қазақ мектептерiнiң бәрi қытай тiлiнде бiлiм бере бастады. Тiл кеткеннен кейiн, ұлт жойылды деп есептей берiңiз. Қазiр биыл мектеп бiтiретiндермен қазақ мектептерiнде қазақ тiлiнде бiлiм беру iсi тоқтатылады. Қазiр қырықтан асқан қандастарымыз өз балаларымен қытайша сөйлесуге мәжбүр. Ендi бiр буын ауысса, қазақша сөйлейтiн қазақ табу қиынға айналар.
Қытай басшысы Қазақстанға келiп кеттi, екi арадағы келiссөздер саяси-экономикалық мәселе тұрғысында болды. Ал көшi-қон саласында тiс жармады. Өйткенi, оған бiз мүдделi емеспiз. Егер, Қазақстан күн тәртiбiне ондағы қазақ мәселесiн шығаратын болса, Қытай оны талқылаудан бас тартпас едi. Әрбiр келiссөзде Қазақстан үнемi көз алдында Қытайдағы бiр жарым миллион қазақтың мүддесiн ескеруi керек едi.
Рахым АЙЫП, Республикалық "ЖЕБЕУ" қоғамдық ұйымының атқарушы директоры:
– Қытайдағы қазақтардың әлеуметтiк мәселесi жаман деуге келмейдi. Жақында Бейжiңде ШУАР-дың экономикасын оңдауға қатысты арнайы құжат қабылданды. Бiрақ, ұлттық мәселе тұрғысынан алғанда, ондағы қазақтардың болашағы қалды ма, жоқ па, мәселе осында. Олардың ұлттық болашағы үрей тудырады. Осыдан ондаған жыл бұрын Қытайда 90 пайыз қазақ өз ана тiлiнде бiлiм алатын болса, қазiр 90 пайызы қытай тiлiнде бiлiм алады. Бұрын зиялы қауым өкiлi болып саналатын мектеп мұғалiмдерi қытай тiлiн бiлмеуiне байланысты жаппай жұмыстан қысқартылып жатыр. Қытай тiлiнде сабақ бере алатын мұғалiмдер ғана мектепте қалды. Басқаларын мектептен мүлдем шығарып та жатқан жоқ, жалақылары сақталады, бiрақ қара жұмысқа ауыстырылады. Бұл қытайдағы қазақ тiлiнде шығатын басылымдардың таралуына, қазақ тiлiнде хабар тарататын радио, телеарналардың мүмкiндiгiн шектейтiн болады. Демек, қазақ мектебiмен қоса, қазақтiлдi ақпарат құралдарының да болашағы бұлыңғыр деген сөз. Мұндай жағдайда не iстеу керек? Бiз Қытаймен тату көршiмiз, стратегиялық әрiптеспiз, күн сайын барыс-келiсiмiз жиiлеп келедi. Қытай ресми билiгiнiң алдына бiздiң билiк иелерi Қытай қазақтары мәселесiн жоғары биiк мiнберлерде ресми келiссөздiң күн тәртiбiне қойып көрген емес. Ауызекi сөзде ғана, майда шенеунiктер деңгейiнде ғана бiр-екi рет әңгiме болғаны болмаса.
Мәдени-рухани байланыстар да тым әлсiз. Мұндай жағдайда, рухани тамырластықтың өзiнiң үзiлу қаупi төнiп тұр. Қазақстан Қытай қазақтарының елге оралуын жиiлету керек едi. Өкiнiшке қарай, көшi қон мәселесi де сиыр құйымшақтанып барады. Кезiнде мыңдаған студент Қазақстанға оқуға келетiн едi, қазiр солардың саны жүзге де жетпейдi.
Есенгүл Кәпқызы