ОЛАР ӨЗДЕРIН «ЭМО» АТАЙДЫ
ОЛАР ӨЗДЕРIН «ЭМО» АТАЙДЫ
Өзге қалаларды қайдам, арайлы Алматының өзiнде шаштарын өзгеше жалбыратып, қап-қара (кейде қара мен қызғылт аралас) киiмдердi киiп өзгелерден ерекшеленiп жүретiн бойжеткендер мен бозбалалар көбейiп кеттi. Өздерiн "эмо" деп атайтын олар шаш қою, киiм кию үлгiлерiмен өздерiне бiрден назар аударта алады. Егер көшеде алдыңыздан шыға келсе, айтпай танырыңыз сөзсiз. Байқасақ, эмолардың көпшiлiгi 14-22 жас аралығындағы жастар екен. Тағы айта кетерлiк жағдай, бiр эмо ешқашан жалғыз жүрмейдi. Топтасып, кем дегенде 2-3 адам болып жүретiн бұлардың немен айналысатынын кiм бiлсiн?! Бiр түсiнбейтiнiмiз, мұндай жастардың оқу орындары (мектеп, колледж, университет) неге бей-жай қарап отыр? Ал ата-аналар өз перзенттерiнен бұл жүрiстiң мәнiсiн сұрамайды ма екен? Сұрақ көп-ақ, алайда жауап жоқ. Ш.Қалдаяқов пен Гоголь көшелерiнiң қиылысында көпшiлiктi өздерiне қаратқан төрт жасөспiрiммен тiлдесудiң сәтi түстi. Алайда жауаптары мардымсыз болды.
— Сәлем! Сөйлесе аламыз ба?
— Что тебе надо?
— Һмммм…
— Тоқта! — деп араласты екiншiсi, — қаншадасың?
— Мен ба? А, ия, 19-да.
— Ну, нормал. Үстiңдегi киiмiңдi ауыстырғың келмей ма?
— Жоқ. Тек сендерге 1-2 сұрағым бар едi.
— Тогда мазганы шiрiтпе.
Осылай тым дөрекi сөйлескен эмолықтар өз жөндерiмен кете барды. Сырттарынан қарап бұлар киiмдерi мен шаштарын ғана емес, мәдениеттерiнде өз қалауларынша өзгертiп алған-ау деп қалдық. Өзегiмiздi өртеп, жанымызды қинағаны, бiз тiлдескен эмо мүшелерiнiң төртеуi де өз қазағымыздың қаракөздерi едi.
Қоғамда өзге iс жоқтай осылай ерiккен жастар бүгiнде қайда бет алып барады?! "Мен жастарға сенемiн" деп жырлаған Мағжан ақынның арманы ақырын-ақырын алыстап бара ма, қалай өзi… Елiмiздiң келешегi жастарымыздың қолында деймiз-ау…
Ақбота Мұсабекқызы, ХҚТУ-дың журналистика
бөлiмiнiң 1-курс студентi