АР-НАМЫС — АЛАШТЫҢ АЙБАРЫ ЕДI

АР-НАМЫС — АЛАШТЫҢ АЙБАРЫ ЕДI

АР-НАМЫС — АЛАШТЫҢ АЙБАРЫ ЕДI
ашық дереккөзі
486

Жан мен тәннiң сұранысын, баянсыз байлығын бiр ғана Ар атты сөздiң қанжығасына байлап, садақа еткенде, сол қасиеттi ұғымның бүгiнгi тiрлiк-тынысымыздағы көрiнiсi қандай? Күнкөрiстiң, бала-шаға асыраудың қамы үшiн не iстемейдi пенде байғұс. Аллаға жалбарына жүрiп, адал еңбек еткеннiң, жоғына жасымай, ешкiмнiң ала жiбiн аттамай жан баққанның жүзi қашан да жарқын. Бәлкiм, адамның мәнiн, негiзiн құрайтын да ар, ождан, ұят шығар. Атаның тегiнен, ананың сүтiнен дарыса керек ұрпағына.

Арыңды сақтау – ұлтыңды, жерiңдi, елiңдi сақтау. Қазақ даласының ұланбайтақ болуына бабаларымыздың арын биiк ұстауы, намысқойлығы, қаһармандығы тiкелей ықпал еткен. Әрбiр жота, сай-сала, тау, шоқы, өзен, көл, мұхит, қыратына дейiн нақтылы атаулар қойған. Жаугершiлiк кезiнде сол атаулар амалсыздан өзгерiске ұшырап, ұлттық күш-қуатты әлсiреткен. Бұл арада жаугершiлiктi қарумен соғысу деп қана ұқпаған жөн. Бейбiтшiлiк кезеңiнiң өзiнде-ақ егер ар-намыстан тоналсаң, туған жерiң жүдеп-жадап шыға келедi екен. Мұның соңғы жылдары әбден қалыптасып үлгерген түр-түсiне назар салып байқайықшы. Тәуелсiздiк иемденген елiмiздiң iрiлi-кiшiлi қай түкпiрiне барайық, кез келген бұрышынан басқа тiлде анталаған жарнамалар, атаулар. Ағылшынша, қытайша, кәрiсше, орысша… Қазақ ұқпайтын әрiптер күнделiктi тұтынатын аса қажеттi мұқтажымызға айналып, онсыз таң атпайтындай, күн батпайтындай. Тiлiмiз келмейтiн сөздер қойны-қоншымызды толтырып, аспандап барады. Шетелдiк ирек белгiлер завод, фабрика, қонақ үй, кәсiпорын, мекеме төбелерiнен төне түсiп, еңсемiздi езiп-жаншуда. Ұлттық ар-намысымыздың тапталғаны емей, не бұл? Егер осылай жалғаса берсе, мылтықсыз майдан, нағыз жаулап алудың әрекетi деп қабылдау қажет мұны.

Жалт-жұлт безендiрiлген келiмсек әлiппелер баса-көктеп салтанат құруда, ел аман, заман тынышта қазақтың, ең қиыны: жастардың сана-сезiмiн тұншықтыру шаралары зор жылдамдықпен жалғасуда. Америка, Жапония, Қытай ма, қандай да басқа мемлекеттiң көшелерiнде қазақша сөздердi елестете алар ма едiңiз? Құдай-ау десеңiзшi, шетелдiк әлдекiмдер ана тiлiмiзде шалағай ән шырқаса, қуаныштан жүрегiмiз жарыла жаздап, есiмiз шығады ғой. "Ялла" тобының "Қара торғайдың" қайырмасына қосқан "жаңалығы" кезiнде құлағымызға түрпiдей тисе де селт етпедiк. Құс қанатының суылындай әуелеп шығандаған ырғақтың ең соңында тыпыр-тыпыр аяңға түсуi қорлық екен.

Көз бен құлақ арқылы сараптайтын хабарлар тасқынына қазiр дес беру өте қиын. Бiрден миға шабуыл жасайтынын да ескерер емеспiз. "Кока-кола, мальбора… континенталь, холл, техакабан… мега…" Қазақстанда ұлттық сананы уландыратын жат өнердiң, жат өндiрiстiң үстемдiгi басталғалы қашан. Күнi кеше көз де, көңiл де қабылдамайтын арзан өрнек, нақыштар ажырамас бөлiгiне айналып барады.

Әрбiр әрiп, әрбiр белгi, әуеннiң энергетикалық күшiн ескерсек, келешектегi ұрпағымыздың келбетiн болжай берiңiз. Әдетте қандай да жәйттiң физикалық көрiнiсiне атүстi мән беремiз. Келiмсек әлiппелердiң билiк құрып жатқаны өз алдына, дүкен, базарларды лық толтырған шетелдiк май, сусындар, киiмдердiң сыртқы жылтыр түрiне мәзбiз. Тәнiмiз бен ағзамыз, тұлабойымыз бұлардан жанұшыра сескенiп, түрлi дертке шалдыққандар өсе түсетiнi сондықтан.

Тәңiрдiң бұйрығымен әркiм әртүрлi ендiкте туады, географиялық сипаты сан-алуан жерлердi мекендейдi. Сол жердiң өзiне ғана тән бояуы, бедерi, ерекшелiгi бар. Мiне, осындай ерекшелiктер жергiлiктi халықтың анатомиялық, физиологиялық, психикалық тұлғасын сомдайды. Кiндiк қаны тамған топырақ сондықтан да әркiм үшiн киелi. Туған жердiң өсiмдiгi, жемiсi, шөбi, шүйгiнi, жусаны… бәрi ем. Ағзадағы титтей клеткаға дейiн содан нәрленедi, қоректенедi. Қиыр шеттерден алдырған мейлi киiм, мейлi азық-түлiк, асыл тастар… бәрiбiр өгейлiгiн танытады, сүйекке сiңбейдi, сөлдi байытпайды, дененi тiтiркендiрiп, түрлi ауытқу, ауруларға әкеп соғады.

Титiмдей бөлшектiң өзi шыққан жерiнiң, түпкi төркiнiнiң тұтастай мазмұнын әрдайым iлестiрiп жүредi. Мәселен, қызығып киетiн шетелдiк киiмдер, тамсанып iшетiн шетелдiк арақ, шарап, қомағайланып жейтiн шетелдiк май, кәмпит пе, басқа ма, менiңше ұдайы тұтынудың түк те қажетi жоқ. Бұлардың орнына құрт, iрiмшiк, қымыз, шұбат тәрiздi ұлттық тағамның көбеюiне әлдеқашан жол ашу керек едi. Әр-берден соң қазақтың азық-түлiк технологиясын қазiргi заманға сай дамытып, өркендету ұлттық ар-намысымызға сын. Әрине, сырттай қарағанда, шетелдiк бұйымдар әдемi, сапалы, жарасымды. Ал, психологиялық тұрғыдан үңiлсек, жоғарыда атап өткендей, сана-сезiмге тигiзер зияны көп. Жерiмiз бай деп жөн-жосықсыз даурыққанша, сол байлықтың игiлiгiн көрiп, Алла Тағаланың әуелден еншiмiзге мол ғып бұйыртқан несiбесiн төзiмдiлiкпен игермеймiз бе?! Бәлкiм, сонда ғана ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық гуманистiк болмысымызды бұдан былай да сақтап қалармыз. Әйтпесе әлгiнде айтылған шетелдiк "кереметтермен" келген қатыгездiк, ұрлық, зорлық-зомбылық, тәнiн сатып-саудалау сияқты жағымсыз жәйттерден ендi ешқашан айырылмауымыз мүмкiн. Табиғатымызға мүлдем жат мiнез, қылықтар жасанды түрде өнебойымызға жабыстырылып, мұның көрiнiсi өнерiмiзде де белең алып үлгердi. Бұдан бiрнеше жыл бұрын көрермендердiң iлтипатына iлiнген, "Тоғысқан тағдырлар" телесериалындағы бiр әйелдiң ағайындыларға кезек-кезек жар болуы қазақтың да, орыстың да табиғатына жат едi. Бiрақ селт етпедiк. Және бұл оқиғаны сол кейiпкерлердiң балаларының да қайталауы, қазақ қыздарын бейнелеудегi осыған ұқсас, ұлттық мiнезiмiзге қайшы келетiн көрiнiстер ненi меңзейдi? Батыстың, Американың типтiк тұлғаларына елiктеу ме? Жапон, корей фильмдерiндегi iзеттiлiк, ұлттық қарым-қатынастың озық үлгiлерiне құрылған сюжеттерiне елiктесек болмай ма тым құрыса. Манадан берi айтып отырған әңгiме желiсi – ар, намыс ұғымының әлеуметтiк тiрлiгiмiздегi орны көмескiленiп бара жатқаны. Яғни, ұлттық ар, ұят жойылып барады. Соның салдарынан да қазiргi фильмдерде ұлттық батырларымызды қайдағы бiр шетелдiк сүйкiмсiз актерлар ойнайтынды шығарды, бұдан асқан бейшаралық болар ма…

Адамшылық, имандылық, қайырымдылықты өзек қылған халқымыздың өнерiн, дәстүрiн тәрк етiп, тәнiмiз де, жанымыз да жақтырмайтын азық-түлiк, киiм бе, әдет пе, басқа жұрттың өгей, жат қылықтарын қазақтардың бойына зорлықпен байлап-матаудамыз. Бұдан бiр ғасыр бұрын қазаққа соншалықты жексұрын көрiнген арақтың қазiргi ең сүйiктi асына айналғанындай, жауыздық пен тексiздiктiң де ендiгi шақта қазақтың тума мiнезiне айналуы мүмкiн-ау. Бүгiнгi қарқынымыз осыны айқын аңғартады.

Ар, намыс, ұяттың ұлт болмысындағы философиялық сипатына бұл арада тоқталған жоқпыз. Тұтастай бiтiмiнде, денсаулығының сақталып-сақталмауында көрiнiс беретiн тұстары өзгеше әңгiменiң желiсi. Адамзат тарихының дамуында, кез келген ұлттың гүлденiп, өркендеуiнде ар, намыс, ожданның басты қозғаушы күш екенi анық. Осыны түсiнбейтiнiмiз нелiктен?

Марал ЗЕРЕНДИНА, зерттеушi, психолог

Серіктес жаңалықтары