КӨЛСАЙҒА ЖЕТУ АЙFА ЖЕТКЕННЕН АУЫР

КӨЛСАЙҒА ЖЕТУ АЙFА ЖЕТКЕННЕН АУЫР

КӨЛСАЙҒА ЖЕТУ АЙFА ЖЕТКЕННЕН АУЫР
ашық дереккөзі
303

Биылғы жаздың аптап ыстық болатын түрi бар. Жылына бiр мәрте алатын еңбек демалысын жаздың шырайлы күндерiнде өткiзгiсi келетiндер қайда барып демалатынын бiлмей дал болуда. Әрi арзан, әрi жақын Қырғызстандағы Ыстықкөлге жол тартайын десе, мұнда орын алып жатқан қақтығыстар мен бейберекетсiздiктер тыйылар емес. Оның үстiне Түркия да демалушыларға арналған жолдаманы екi-үш есеге қымбаттатып жiберген көрiнедi.

Көршi қырғыз елi де күнi бүгiнге дейiн қазақстандықтардың есебiнен туризмiне жан бiтiрiп келдi. Былтырдың өзiнде олардың қоржынына түскен 5 млн. долларды Қазақстаннан барғандар құйған. Дәл қазiр тұрақты демалушыларынан айрылып қалған қырғыз жұрты не iстерiн бiлмей әлек. Себебi, Ыстықкөлден түсетiн кiрiс көзi мұндағы ағайынның күнделiктi табатын нәпақасы-тұғын. Оның үстiне Қырғызстанда басылмай тұрған дүрбелең де мұнда демалушылардың аяқ аттап басуына мүмкiндiк бермей тұр. Күн сайын бiр-бiрiмен қырқысып жатқан жаққа жаны тәттi пақырдың ат iзiн салмайтыны айтпаса да түсiнiктi.

Бүгiнде Түркия – елiнiң экономикасын, әлеуметтiк жағдайын туризм саласы арқылы жандандырып келедi. Туризмнiң жәдiгерiне айналған ескi қалалары да демалушыларды жылдан-жылға тартуға күш салуда. Нәтижесiнде салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпы жағынан едәуiр озық түрiктердiң отаны әрбiр шетелдiк туристiң аузында жатталып қалды. Және де оның алған әсерi осы елге қайта айналып соғуға итермелейтiнi сөзсiз.

Әрине, елiмiзден бөгде мемлекеттерге ағылған демалушылар сол елдiң экономикасына пайда келтiредi. Бәзбiр елдiң қазынасын қампайтып жатқан демалушыларға өкпе де айта алмайсың. Себебi, бiзде өзiнен өзi сұранып тұрған туризм кластерi қолға алынбай келедi. Оған құлықтылар да байқалмайды әзiрге. "Қолда бар алтынның қадiрi жоқ" демекшi, табиғаты сұлу, жерi нәрлi, суы тұнық өлкемiздiң игiлiгiн iске жарата алмай жүргенiмiз өкiнiштi. Есесiне, қаншама туристердi уысымыздан жiберiп алып, қарапайым демалушылардың үдесiнен шыға алмадық. Егер де, Қазақстан мемлекетi табиғаты тамаша өңiрлердi туризмнiң ошағына айналдырған болса, бұл кезде одан түсетiн пайда да молайып, жергiлiктi жердiң жағдайы да оңалар ма едi, кiм бiлсiн?!

ЖЕТIСУ – ЖЕР ЖӘННАТЫ ДЕСЕК ТЕ…

Жетiсу – туризм кластерiн дамытатын өңiр. Мұнда көздiң жауын аларлық жерлер көп. Құдды демалыс орындары iспеттес. Өзiнен өзi сұранып-ақ тұр. Жазы қоңыржай, жайлауы жасыл. Жағалай өскен түрлi ағаш та әдемi реңк берiп тұрады. Шөбi шүйгiн құнарлы жер мал өсiруге де мүмкiндiк бередi. Алайда, бiз жоғымызды түгендеп, барымызды ұқсатып отырмыз ба? Бұл сұраққа жауапты төмендегi оқиғаның мән-жайынан қанығасыз.

… Былтыр шiлiңгiр шiлденiң күнiнде Алматы облысының шұрайлы жерi – Көлсай көлiне демалуды көздеп, жолға шығуға қамдандық. Редакция ұжымы екi көлiкпен баруға уағдаласты. Бәрiмiздi асық еткен Көлсайға ертерек жетудi мақсат етiп, таңғы 8-де жиналдық. Сол кезде iргемiзде тұрған, табиғаты сұлу Көлсайды көру кәдiмгiдей арман болғанын жасырғым келмейдi. Көңiлiме бұған дейiн әдемi пейзажын тек картинадан көрген Көлсай көлдерiн өз көзiммен көрiп, тамашалайтын болдым ғой деген ой маза бермедi. Алайда, 300 шақырым жердегi Көлсайға жетуiмiз мұң болды. Ойқыш-ұйқыш, ойдым-ойдым жердi артқа тастау көлiк тiзгiнiн қолына алған әрiптесiме де оңайға соқпады. Көкпектiң қақпасына жетiп, бiраз дамылдап алғанымыз сол екен, нағыз азап сонда басталды. Бiрақ, табиғаты тамаша! Одан өткен соң Шарын шатқалы анадайдан мен мұндалап көрiнiп-ақ тұр. Оған да жету жолдың азабы екен. Әбден тозығы жетiп, шұңқырға айналған жолға iштей қарнымыз ашып келедi. Бiрде көлiктiң астын соғып, бiрде өзiмiздiң басымызды соққан жолсыз iшек-қарындай шұбатылып келедi. "Көлсай деген көлiмiз бар" деп аузымызды толтырып елге мақтанғанымызбен, оған жұрттың қалай жетiп жатқанынан бейхабар екенбiз-ау! "Шiркiн, "Жол картасы" мемлекеттiк бағдарламасы Көлсай көлдерiне баратын жолға да күрегiн тигiзсе ғой" деген арман әрқайсымыздың аузымыздан шығып жатыр. Бiрiмiз бұған үмiтпен қарасақ, ендiгi бiрiмiз "әй, қайдамға" бастық. Сонымен не керек, таң қылауланып атқанда шыққан бiздiң бiр көлiгiмiз бұзылып, жолда қалып, екiншi көлiгiмiзбен бесiн шамасында жеткенiмiз бар. "Демалып, бой жазып қайтамыз" деген жоспармен жолға шыққан әрiптестерiм мұнда келгенше, әбден шаршап-шалдықты. "Жол азабын жорытқан бiледi" демекшi, бұл сапарымыз осылай сәтсiз аяқталған-ды. Тек бiр-екi сағат ғана дамылдап, Көлсайдың сұлу табиғатына сүйсiндiк те, сол қиналыспен керi оралуға мәжбүр болдық. Бәрiмiздiң қабағымыз түсiп, мазамыз қашып кеткен. Күнi-бойы тұнық көлiне жеткiзбеген Көлсайдың жолына ашулымыз. Сонда, бiр әрiптесiмiздiң: "Бұл уақытта анау Шымкент шаһарына жететiн мезгiлiм болып едi, бiз әлi жарты жолда келемiз…" деп iштей ренжiгенi есiмде қалыпты. Шынында да, бiзде керемет жерлер көп. Бiрақ, неге екенi белгiсiз, сол көрiктi мекендерге жету бұл күнде бәрiмiздiң үрейiмiздi қашырған. Бар кiлтипан – күретамыр жолдың тозығы жетiп, күлi көкке ұшып жатқанында болып тұр. Оның үстiне Көлсай көлiнiң маңайында демалушыларды құшақ жайып, қарсы алып жатқан адам да жоқтың қасы. Жөн-жосық көрсетiп, қызмет көрсету мәдениетi бұл жаққа келмегенге ұқсайды. Бiрдi-екiлi тiгiлген ақ шаңқан үйлердiң өзiне бас сұғу бiздiң қалтамызды көтермейтiн болып шықты.

Елiмiз неге бар нәрсенi ұқсата алмайды? Көлсай көлi, Есiк көл, Шарын және Түрген шатқалы, Таңбалы тас, Қапал-Арасан, Бурабай, тағы басқа табиғаты әсем жерлерiмiздi туризм ошақтарына айналдыруға не кедергi? Алысқа бармай-ақ, бiр Ыстықкөлiнiң арқасында қаншама туристердi күтiп алып жатқан қырғыз ағайындардан неге үлгi алмаймыз? Шетелдiк туристердi тартып, табыс түсiру жағы үш ұйқтаса түсiне кiрмейтiн атқамiнерлер тым болмаса, жергiлiктi қарапайым демалушыларға жағдай жасай алмай ма?

Бiр демалыста Көлсай көлдерiне жол тартамыз деп, осыншама сұрақтың астында қалғанымыз бар. Сондай кезде жер жәннаты атанған Жетiсуды өз биiгiнде пайдаланбай келетiнiмiзге iшiм ашиды. Бiрақ, амал нешiк…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары