ТIЛ БIЛIМIН ТҮРЛЕНДIРГЕН ҒАЛЫМ-ӘЙЕЛ

ТIЛ БIЛIМIН ТҮРЛЕНДIРГЕН ҒАЛЫМ-ӘЙЕЛ

ТIЛ БIЛIМIН ТҮРЛЕНДIРГЕН ҒАЛЫМ-ӘЙЕЛ
ашық дереккөзі
287

Қазақ тiл бiлiмi ғылымында кездейсоқ адамдар сирек. Қазақ тiл бiлiмiн таңдағанның, әйтеуiр, ең нашары деген ғылым кандидатының өзi жоғары не арнаулы оқу орнында жұмыс iстейдi. Кезiнде Ахаң түрлеген қазақ тiлiне титiмдей болса да өз еңбегiн сiңiрiп, кiшкене болса да өз үлесiн берiп жатады. Оған да шүкiр дейсiң.

Ал әйел адамның қазақ тiл бiлiмiнiң жоғын күйттеуi тек ғылымға деген құштарлықтың көрiнiсi болса керек-тi. Кеңес дәуiрiнде саусақпен санарлық тiлшi-әйелдер қауымы бүгiнде күрт көбейгенi жасырын емес. Тәуелсiздiк таңында нарықтық қатынастардан нәпақа табам деп еркеккiндiктi бизнес қуып кеткенде, жырым-жырым болған қасиеттi тiлiмiздiң жыртығын жамап, қайта түлету табиғатынан еңбекқор болып келетiн қазақ қыздарына бұйырды. Академик Рабиға Ғалиқызы Сыздық iспеттi тұтас мектеп құрып, өз саласының iргесiн бекiтiп жатқан әйел қауымынан ауыз толтырып айтуға болатын ғалымдарымыз бiрқатар. Солардың iшiнде бiрегейi, қазақ тiл бiлiмi ғылымының шолпан жұлдызы – Жамал Айтқалиқызы Манкеева.

Кез келген ғылым бiр күнде жасалмайды, ол бiр тоқтаусыз жүрiп жатқан қарама-қайшылыққа толы үдерiс. Осы бiр тоқтаусыз ағымның тамырын басып, отандық ғылымды басқалардан кейiн қалдыруға жол бермей отырған көптеген ғалымдардың басында профессор Жамал Айтқалиқызы тұрады.

Шетелде ендi ғана қолға алынып, орыс тiл бiлiмiнде алғаш қарастырыла бастаған тiл бiлiмiнiң кез келген тың саласы Жамал Айтқалиқызының зерделi назарынан тыс қалмайды. Жамал Айтқалиқызы – қазақ тiл бiлiмi осы саладан артта қалып қоймаса екен, немесе осы бiр тiл ағымы бiзде де зерттелсе екен деген тiлекпен дамыл көрмейтiн ғалым.

Ол – кеңестiк дәуiрдегi ғылымның қатаң тәрбiнен өткен, шұқшиып таңнан кешке дейiн сөздiк түзген қара еңбектiң иесi. Сол кездiң өзiнде-ақ, академик Әбдуәли Қайдаридың жетекшiлiгiмен түркiтану саласындағы көне түбiрлердiң мәнiн зерделеп, қазақ тiл бiлiмiне өзiндiк үлесiн қоса келдi. Сонымен қатар, түркiтану саласы Ж. Айтқалиқызының басты зерттеу саласы бола тұра, ол этнолингвистика ғылымының қарыштап дамуына ат салысты, iргелi зерттеулер жазды, шәкiрттер даярлады.

Бүгiнде қазақ лингвомәдениеттану және қазақ когнитивтi тiл бiлiмi мектептерiнiң негiзiн қалаған Ж. Айтқалиқызы деп толық айта аламыз. Осы саладағы ғылыми зерттеулердi ұйымдастырып, көптеген дарынды жастардың бағын ашқан да Жамал апамыз деп бiлемiз. Оның қашанда ғылымға қадам басқан дарынды жастың жолын ашып, мiнiн түзеп, керектi пiкiрiн бiлдiрiп, бәйек болып жүргенiн көресiң. Ал ерiнбей-жалықпай шәкiрттерiнiң тырнақалды туындыларын түзеп отыратын қасиетiн айтсаңшы! Бейнебiр ғылымдағы қатеге жол жоқ ұстанымын өзiнiң дәстүрiне айналдырғандай. Мәселен, дәрiгердiң қатесi бiр адамдың денсаулығын бүлдiрсе, бiр ауылдық мектепте жиырма жыл жұмыс iстеген бiр мұғалiмнiң бiлiмсiздiгi не қатесi сол ауыл ұрпағын iшкi жан дүниесi жағынан бүлдiредi, бiлiмсiз етедi, рухани жағынан жетiмсiз етуi де мүмкiн. Ал ғалымның қатесi орасан, яғни тұтас бiр елдiң ұрпағын бүлдiредi, сондықтан ғылымға келген адам тек қана адал болуы қажет. Ғылым адалдықты сүйедi. Өмiрiн ана тiлiмiздiң өркендеуiне арнаған Жамал апамыз арамдықтың ауылынан алыс жүретiн, тумысынан адал адам. Бұл, әрине, қан майданда қан кешкен әкенiң насихаты мен көргендi ананың тәрбиесiмен адам бойына қаланатын iзгi қасиет. Бұл қасиет – адам бойындағы барлық жақсы құлықтардың басталуына негiз болатын үлкен iргетас.

Домбыраның екi шегiндей жарасымдылықтың үлгiсi, жүздерiнен ұстаздың мейiрiмi төгiлген Жамал апамыз бен отбасы иесi, профессор Зейнол-Ғабиден Бисенғалиев ағамыз – тiл мен әдебиеттiң жаңа ғасырда жаңаша дамуына қомақты үлесiн қосып келе жатқан, өзiндiк мектеп қалаған ғалымдар. Сонау жетпiсiншi жылдардың жылымығында бiлiм мен ғылымға қатарласа қадам басқан ағамыз бен апамыз алпыстың асқарына шығып келедi. Қазақ ғылымымен қатар жасасып келедi, ендеше немере-жиендерiнiң қызығы мен ғылымдағы ауыр бейнетiнiң зейнетiн бiрге көрсiн деймiз.

Ғабит ХАСАНОВ

Серіктес жаңалықтары