«АУДАРМАШЫ – ТҮРЛI МӘДЕНИЕТ АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР»

«АУДАРМАШЫ – ТҮРЛI МӘДЕНИЕТ АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР»

«АУДАРМАШЫ – ТҮРЛI МӘДЕНИЕТ АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР»
ашық дереккөзі

Жақында Алматы қаласы әкiмшiлiгiнiң ғимаратында, Алматы қаласы әкiмдiгiнiң Тiлдердi дамыту басқармасының ұйымдастыруымен, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзумен айналысатын аудармашы мамандардың қатысуымен "Аударма iсi және мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу" деген тақырыпта семинар болып өттi.

Аталмыш шараны Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетов ашып, аударманың өзектi мәселелерiн тiлге тиек етiп, жарнамалардағы қателiктердi бiр түйреп өттi. "Банктердiң келiсiм шарттарында мәселе туындаған жағдайда орыс тiлiндегi нұсқасына сүйенедi де, қазақ тiлiн жарамсыз қылып тастаған. Осыны жоғары деңгейде көтеруiмiз керек. Аударманы бекiтiп беретiн бiрде-бiр орталық жоқ. Аударма кеңесiн құруымыз керек" дегендi алға тартты. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигi Бақытжан Хасанұлы "Iс жүргiзу аясын жетiлдiру әдiстерiнiң теориясы" атты баяндама жасады. Сөздiң мәнiне қарай сапалы аудармалар жасауды айта келе, шенеунiктерге бiраз сын айтты. "Алдағы он жылда бүкiл iс-қағаздар қазақ тiлiнде жүредi" – дейдi. Ол өткен жиырма жылда да солай айтылған. Бұлай халықты алдауды қою керек. Бүгiннен нақты iске көшкен жөн", – дедi академик.

Шет тiлдер және iскерлiк мансап университетiнiң ұстазы, доцент Ақбота Қоңырова қазақ тiлiнен орыс тiлiне iлеспе аударма жасау заңдылықтарының кейбiр тұстарына тоқталды. ҚызПУ-дың ұстазы Ғибадат Аманжолқызы көркем аударма тұрғысында ой айтты. Ал, С. Демирел атындағы университеттiң ұстазы Н. Рсалиева көркем аударманың мәдениетаралық қарым-қатынас құралы ретiндегi өзектi мәселелерiне тоқталды. Ол кiсi өз сөзiнде: "Көшпендiлердiң" ағылшынша нұсқасында, қазақтың көкпарын "ешкi союдан фестиваль өткiзедi деп" көрсеткен. Мұндай олқылықтар болмас үшiн, ұлттық дүниелерiмiздi өзiмiз аударып, бiр жүйеге түсiрiп қоюымыз керек, – дегендi баса айтты.

Үздiк аудармашы байқауының жүлдегерi, Гүлмира Серiкбайқызы аударма iсiнiң кейбiр ерекшелiктерi туралы айта келе, заң саласындағы аудармаларға тоқталды. Алмалы ауданы, салық комитетiнiң аудармашысы Оралжан Масатбаев: "Үздiк аудармашы байқауы жылына төрт рет өткiзiлсе", деген ұсынысын жеткiздi. Өнер саласындағы аударма шеберлiгi төңiрегiнде Шолпан Әдiлшинова, аударма iсi жөнiнде Назым Әдiлбекқызы өз ойларын ортаға салды.

"Аудармашы – түрлi мәдениет арасындағы дәнекер" – дептi Альферд Курунила. Ал, Герольд Бельгер: "Аударма лингвистика мен әдебиеттанудың тоғысында тұрған жанды өнер. Ол этнографиямен, тарихпен, адам мәдениетiнiң бар болмысымен өте тығыз байланыста болатын өнердiң нақ өзi" деген екен. Сондықтан, аударма iсiне көп көңiл бөлiнсе, мемлекеттiк тiлде жанданар едi-ау. Қазiргi таңда көбiмiздi толғандырып жүрген мәселе – тiл тағдыры екенi бәрiмiзге де аян. Ұлттық болмыстың негiзгi белгiлерiнiң бiрi – мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу мәселелерi төңiрегiнде шешiлмеген проблемалар көп. Кеңсе iсiн сауатты түрде мемлекеттiк тiлде жүргiзудi қолға алуымыз қажет.

"Тiл туралы" Заңның 4-бабында "Мемлекеттiк тiл – мемлекетiмiздiң бүкiл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекет басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарының тiлi" делiнген. Сондықтан, мемлекеттiк қызмет бабында тiлдi ауызекi сөйлеу деңгейiнде ғана бiлу жеткiлiксiз, жеке тұлғалармен, заңды тұлғалармен ресми iскерлiк қатынасты, қызметтiк хаттар және тағы да басқа ақпараттармен алмасу құжаттарын тек қазақ тiлiнде жүргiзудi игеру әрбiр мемлекеттiк қызметкердiң мiндетi болуы тиiс. Яғни мемлекеттiк iстiң барлық салаларында қазақ тiлi өз мәртебесiне лайық қолданылуы керек. Игi iстерге ұйытқы болатын осындай шаралар есептiк деңгейде қалып қоймай, жүзеге асып жатса игi едi.

Бауыржан ӘЛIҚОЖА