ЖАҺАНДЫҚ ДАҒДАРЫСТАН САБАҚ АЛУ

ЖАҺАНДЫҚ ДАҒДАРЫСТАН САБАҚ АЛУ

ЖАҺАНДЫҚ ДАҒДАРЫСТАН САБАҚ АЛУ
ашық дереккөзі
430

Кедендiк одақ төңiрегiндегi болжамдар

"Ресейдi ақыл-оймен түсiну мүмкiн емес!.."

Әлемдiк саяси танымда қалыптасқан осындай қағида бар. Марқұм Борис Ельциннiң заманында американдық стратегиялық зерттеу институттарының бiрi "2008 жылға қарай Ресей сегiз аймаққа бөлiнiп, күш-құдiретiнен айырылады" деген болжам жасағаны есiмiзде. Iзiнше Ельциннiң орнын В.Путин басты. Оны Д.Медведев алмастырды. Дегенмен Владимир Путиндi әлi күнге дейiн Кремль тағының нақты қожайыны есебiнде бағамдайтын пиғылдар да байқалып қалады. Түрлi сараптарға қарағанда, Путиннiң өзi де түбi Кремльге қайта оралатын сияқты ма-ау…

Премьер-министр орынтағында отырған В.Путиндi Батыс сарапшылары бұрынғы Кеңестер Одағын қалпына келтiрудi көксейтiн саяси тұлға есебiнде пайымдайды. Кезiнде оның коммунистiк мемлекеттiң құлауын "дәуiрдiң ең ұлы геосаяси апаты" есебiнде атап өткенi де белгiлi. Оның үстiне Кедендiк одақтың құрылуын кейбiр Батыс сарапшылары Кеңестер Одағын қалпына келтiрудiң әрекетi деп байбалам салып жатыр. Ал ол қаншалықты рас? Қаншалықты өтiрiк?

ХХI ғасыр қарсаңында жегесi кейiн кеткен Ресейдi алға сүйреген бiр адам болса, ол – Владмир Путин. Өз заманында дәуiрлеп келiп, ХIV ғасырға қарай әлсiреген құдiреттi Алтын Орданы күшейткен Ноғай атты қолбасшыны тарих жақсы бiледi. Өз билiгi кезiнде Ноғай әлсiреген Алтын Орданы отыз жыл бойы бұрынғысынан да құдiреттi ел ете бiлдi. Бiрақ құлдыраудың диалектикаға негiзделген өзiндiк тарихи инерциясы болуға тиiс. Ноғай өлген соң Алтын Орда баяғы таз қалпына қайта оралып, ақыры құрып тынған. Демек саясаттағы "құлдырау инерциясымен" ойнауға болмайды деген сөз…

* * *

Iшкi саяси, экономикалық әлеуметтiк-тұрмыстық проблемалары әбден қордаланған Ресейдiң, оның iшiнде орыс ұлтының дегредациясын жалпақ жаһан бiлiп те отыр. Оған бiздiң де осыдан сәл-пәл бұрынғы Омбы сапарында көзiмiз жеттi. Бiрiншiден, елдегi демографиялық ахуал нашар. Екiншiден, жаппай маскүнемдiк дертi айқын байқалады. Айдың-күннiң аманында орыс патриоты (ақиқатында ұлтшылы) В.Путиннiң ел президентi есебiнде осы мәселеге орай жан-далбаса амалдар қарастыруы да тегiн емес. Ресей – болашағы бұлдыр ел. Алайда әлi күнге әскери-саяси, энергоресурстық һәм шикiзаттық потенциалға ие. Этнопатриотизмнiң әлi де болса "бiр тулап қалуына" мүмкiндiгi бар.

Сарапшылар Мәскеу басиесi болып отырған жаңа одақтағы ықтимал құбылыстардың бiрi есебiнде ортақ валютаның енгiзiлуiн тiлге тиек етуде. Таяуда Ресей Премьер-министрiнiң орынбасары Шувалов Ресейдiң рубльден бас тартып (!), Қазақстанмен және Беларусьпен бiрiгiп, ортақ валюта жасауының ықтималдылығы туралы ресми түрде атап та өттi. Аталмыш үштiк 2012 жылға қарай бiрыңғай экономикалық рынок қалыптастырмақ. Соған сай, валюталық одақтың құрылуы басталған iстiң кезектi қисынды қадамы болмақ сияқты. Шувалов мырза жаңа валюталық одақтың Еуроаймақ үлгiсiнде жасалуы мүмкiн екенiн де атап көрсеттi. Бiз бiрдеңе бiлсек, Еуроаймағыңыз кәдiмгi өзiмiз бiлетiн Еуроқаржы-экономикалық бiрлiгi түрiндегi нысан болуға тиiс.

Алайда бiр ақиқат бар. Бұған дейiн "ортақ валюта" түрiнде нық тұрған Еуроодақ ақшасы биылғы көктемнiң басында күш-қуатын бiршама жоғалтқаны да белгiлi. Соған сай еуроға байланысты күмәндi болжамдар да айтыла бастады. Еуроодақ құрылып, оның ортақ валютасы кiргiзiлер тұста Маргарет Тэтчер сынды көреген саясаткерлердiң ортақ валютаға күмәнмен қарағаны да есте. Ал Британиядағы экономикалық дағдарыстың алдын алған Маргарет Тэтчердi әлсiз, бiлiксiз саясаткер деп кiм айтар?!

* * *

Тарихи тұрғыда бұрынғы Кеңестер Одағын Еуразиялық құдiрет – Алтын Орда мемлекетiнiң заңды жалғасы есебiнде қарастыру үрдiсi бар. Сөйткен Алтын Орданың ақша бiрлiгi "теңге" деп аталған. Содан орыстың "деньги" сөзi шыққан. Кедендiк одақтың жаңа валютасы енгiзiлген жағдайда да оның аты қандай болуы керек деген сауалдың туындауы да заңды.

Украинадағы соңғы өзгерiстерге орай осы мемлекеттi де кедендiк одаққа тарту әрекетi байқалып қалды. Украина оған қосылған жағдайда кеден аймағына қарасты халықтың саны бiрден 213 миллионға жетпек. Сондай-ақ 2012 жылға қарай Ресей билiгi Владимир Путиннiң қолына көшуi ықтимал деген болжамдар да айтылады. Сол рас болса, ортақ валютаның жетекшi мемлекет тiзгiнiн қолында ұстауға тиiс адамның сенiмдi тетiгi болары да анық. Ресей экономистерi соңғы кездерi қаржылық саясатта "резервтiк валюта" анықтамасын жиi қолданып жүр. Ол да Кремль ықпалындағы ықтимал ортақ ақша бiрлiгiн ишаралайтын сияқты.

Ресей қаржы министрi Алексей Кудрин таяудағы бiр сөзiнде елдiң сыртқа мұнай шығару операциялары рубль арқылы жасалуы ықтимал екенiн айтып қалды. Демек, мәселе белгiлi. Болашақта аймақтағы ең басты макроэкономикалық байлық – мұнай мен энергоресурстар тек Ресей рублiмен бағамдалып, саудаланбақ секiлдi.

Қандай жағдайда да, жаңа саяси одақтың алдымен Ресей үшiн пайдалы болары белгiлi. Еуроодақ пен Қытай сынды қос алыптың ортасында жатқан Ресей әлi де ежелгi саяси амбициясынан тайған емес, таймайды да.

* * *

Ал ендi "ықтимал одақтың қазiргi жағдайы қалай?" дегенге келейiк. Бұрынғы кеңестiк республикалар iшiнде саяси-экономикалық күш-қауқар тек бүгiнде ЕҚЫҰ төрiнде отырған Қазақстан мен халқы көп Украинада ғана бар. Армения сияқты шағын республикалардың бүкiл экономикасы қазiрдiң өзiнде ресейлiк компаниялардың қолында. Ал мұнайлы Әзiрбайжан осы Армениямен арадағы Таулы Қарабаққа байланысты дауға орай әлiптiң артын бақпақ. Бұрынғы Одақ республикаларының iшiндегi ең сорлап отырған ел – Қырғызстан. Байырғы үстемдiктi көксеген Мәскеу таяуда қырғыз елiне 2,15 миллиард доллар көлемiнде көмек жасады. Ол да көп нәрседен хабар бергендей. Қырғызстанға қатысты тұста мына бiр жайтты айта кету де парыз. Қырғыздың саяси элитасы арасында алдыңғы жылдары Қазақстанға қосылу туралы ниеттер байқалған сияқты. Бәрiнен де бұрын өткен жылғы италяндық бiр зерттеу агенттiгiнiң деректерi Қырғызстанды болашақта Ресейдiң бiр провинциясына айналады деген қазiргi ахуалда қисынға келетiн болжамдар да айтқан.

Ал ендi ықтимал ортақ билiктен дәмелi Ресейдiң өз жағдайы қандай, дегенге келейiк. Әлемдiк сарапшылар "орыс елiнiң тиiстi реформалар жүргiзiп, әлемдiк еңбек бөлiнiсiнде өзiндiк орнын алуына тарихи уақыты аз" деп есептейдi. Жақында Заманауи Даму институты деп аталатын мекеме таяудағы бес-он жылда шикiзат қоры қанша мол болса да Ресей елiнiң елеулi дағдарысты бастан кешетiнi туралы болжам жасады. Оған сенсек, таяудағы бес жылдың iшiнде ресурстарға бай Ресейдiң өзi ешкiмге қажетсiз ел болып қалуы мүмкiн-мыс. Аталмыш институттың басшысы Е.Гондмахер: "Әрине мұнай мен газға сұраныс сақталады. Бiрақ ол сұраным – басқа сұраным. Ондағы шикiзат бағасын өндiрушi емес, аларман белгiлейдi" деп атап көрсеттi. Соңғы мұнай баррелiнiң нарқына қарағанда оған да сенбеске лажымыз жоқ.

Бұл Кедендiк одақтың болашақтағы ықтимал жетекшi елiнiң жағдайы. Қысқасы, болашақта Кедендiк одақтың да еуроүлгiсiндегi өз ортақ валютасының болатындығы анық сияқты. Еуроға келсек, тәуелсiз мемлекеттердiң ортақ валюталық кеңiстiк ауқымында дербес жағдайда өмiр сүре алатынын қазiргi ахуал айқын көрсетiп те отыр. Сондықтан аталмыш әрекеттiң бұрынғы одақтас республикалардың тәуелсiздiгiне қауiп төндiруi де екiталай. Алайда экономикалық тұрғыдағы iшiнара тәуелдiлiктiң болып қалуы да қисынға келедi.

Бұрынғы одақты саяси тұрғыда қайта қалыптастырудан түк шықпайтынын Ресей басшылығы да түсiнген сияқты. Премьер-министр болса да ресейлiк саясатқа ерекше ықпал етiп отырған Путиннiң Украинадағы "түрлi-түстi революциядан" өзiндiк тәлiм алғаны туралы болжамдар да айтылып жүр. Мәселен, Украинада өткен кешегi президент сайлауында Януковичке ашық қолдау көрсетiлген жоқ. Алайда Мәскеудiң Беларусьпен және Қазақстанмен саяси-экономикалық ынтымағы күшейе түседi деген болжамдар айтылады. Түптiң түбiнде ортақ валютаның енгiзiлуi де ықтимал деген қисындар бар. Әрi одан үрейленудiң де қисыны жоқ.

* * *

Мәскеулiк ұлы державалық амбициялар ешкiмге таңсық та, жаңалық та емес. Кедендiк одақ түрiндегi жаңа саяси серiктестiкке байланысты небiр болжамдар, қарама-қайшы сантүрлi гипотезалар көрiнiс беруде. Соның ең маңыздысы – жаңадан пайда болған, энергоресурстарға бай еуроазиялық экономикалық серiктестiктiң ықтимал ортақ валюта төңiрегiндегi ниеттерi мен мүдделерi. Әрi осы тұрғыдан қарастырғанда, Кремльдiң мақсаты белгiлi. Әрине, валюталық бағам бойынша теңгенiң де мүмкiндiгi баршылық. Мұндайда алдымен Еуроодақтың ортақ валютасы еуроның тарихы мен бүгiнгi жағдайының үлгi аларлық тәлiмi бар. Алдымен соңғы жарты айда бағамы төмендей бастаған еуроға о баста Маргарет Тэтчер сынды әлемдiк деңгейдегi саясаткерлердiң қарсы болғанын да ұмытпауымыз керек.

Сонымен, бiр нәрсенi қаперде ұстаудың еш артықтығы жоқ тәрiздi. Мәскеулiк тарихи амбициялардың белгiлi болып қалған жәйi бар. Қазiргi ТМД ғана емес, байтақ әлемдi ойлантып отырған басты сауалдың бiрi де – осы. Арты не болар екен? О баста ұлыларымызды әспеттеп, суретiн салған ұлттық валютамыз не болмақ? Ел көкейiнде осындай да сауалдар бар…

Дегенмен, әлем тегiс көрiп отырған баламалы жағдай да көз алдымызда. Еуроодақ түрiндегi қаржылық-экономикалық серiктестiк бүгiнде қауқарлы күшке айналды. Ортақ валюта – евро да қаржылық бағамның төрiнде тұр. Демек, саяси-экономикалық тұрақтылығы дәлелденген Қазақстанның Кеден одағынан да, ықтимал ортақ валютаның енгiзiлуiнен де қорқатын жағдайы жоқ. Керiсiнше, жаңа өзгерiстерден жақсылық қана күтуiмiз керек. Ылайым солай болғай…

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары