ҚАСИЕТТI ҚАРА ДОМБЫРА ИЕСIН ЖОҒАЛТҚАНДАЙ...
ҚАСИЕТТI ҚАРА ДОМБЫРА ИЕСIН ЖОҒАЛТҚАНДАЙ...
Апта басында, Атырауда сапарда жүрген шағында дәулескер күйшi, композитор, шебер орындаушы Қаршыға Ахмедияров о дүниелiк сапарға аттанды.
Сейсенбiде Алматыда марқұммен қоштасқан қала жұрты қазақ өнерiнiң орны толмас қазаға ұшырағанын айтып, марқұмды о дүниелiк сапарға қимай аттандырды. Күйшi 65 жасқа қараған шағында пәниден бақиға озды. Артында өшпес мұрасы, ерекше қолтаңбасы қалды. Қазақтың қасиеттi қара шанағын әлемдiк аренаға шығаруды армандаған күйшi Алматыда 500 күйшiнiң басын қосып, ерекше өнер көрсеткен едi. Алда болатын Азиада ойындарында қазақ даласын 2500 күйшiмен күмбiрлетiп, олимпиадаға қатысушыларды қарсы алуды армандап жүрген шағында, кенеттен көз жұмды. "Түркiстан" газетiнiң ұжымы қайталанбас дара таланттың елiне, туған туысқандарына қайғысына ортақтасып, қамығып көңiл айтады.
Сейсенбi күнi қазақтың бiртуар ұлы, өнер тарланы, жампоз домбырашысы Қаршыға Ахмедияровты халқы қимас сапарға шығарып салды. М.Әуезов атындағы драма театрында өткен атақты күйшiмен қоштасу рәсiмiне әрiптестерi және зиялы қауыммен қатар билiк өкiлдерi де келдi.
Қаралы жиында Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз алып, ұлы күйшiнiң отбасына, жалпы қазақ өнерiне көңiл айтты. Министр, сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың көңiл айту хатын оқып берiп, оған қос палаталы Парламенттiң төрағалары, Үкiмет басшысы, Үкiмет мүшелерi түгелдей қосылатынын жеткiздi. Елордадан қазақ өнерiнiң майталман домбырашысы Қаршыға Ахмедияровпен қоштасу шарасына арнайы келген Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов көпшiлiк алдында былайша тебiрендi:
— Қадiрлi жамағат, құрметтi ағайын! Қазақ халқының, қазақ өнерiнiң бiр қабырғасы құлады деуге болады. Қазақ деген халықтың өзге елден ерекше еншiлес өнерi болатын болса, ол – күй өнерi едi. Сол өнердiң сонау Құрманғазы, Тәттiмбет, Дәулеткерей, Қазанғап пен Динаның өмiрдегi өзiндей, өнердегi көзiндей болған Қаршыға өмiрден өттi. Ұлы домбырашы өмiрден өттi. Бүгiн қасиеттi қара домбыра өзiнiң иесiн жоғалтқандай… Ұлы өнер киесiн жоғалтқандай… Күй — құдiрет, өнер — қасиет. Осы бiр бақыт Қаршыға ағамыздың маңдайына жазылған едi. Әр ұрпақтың өмiрде де, өнерде де өзiнiң орны бар. Олардың уақыт алдында атқарар мiндетi бар. Жиырмасыншы ғасырда қазақтың күй өнерi жойыла жаздап, тiлi мен дiлi талан-таражға түскен шақта Қаршыға қанатымен су сепкендей қазақтың күй өнерiн сақтап қалды. Едiл мен Жайықтай қос iшектi домбыраны кешеден бүгiнге аман табыстап, бүгiнгi ұрпаққа аманат еттi. "Өлдi деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған" деп Ұлы Абай айтпақшы, Қаршыкеңдi өлдi деуге дәтiмiз бармайды. Өйткенi, артында бай-рухани мұрасы қалды. Артынан ерген, өзi тәрбиелеген талантты шәкiрттерi бар. Сондықтан да Қаршыға ағамыздың нұрлы бейнесi әр қазақтың жүрегiнде мәңгi сақталары анық. Хош бол, асыл аға! Жатқан жерiңiз жарық, топырағың торқа болғай…
Абдулхамит РАЙЫМБЕРГЕНОВ, "Көкiл" мектебiнiң директоры, Қазақстанның Мәдениет қайраткерi:
— Қаршыға Ахмедияров — халық күйшiсi. Менiң топшылауымша, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейлер Қаршығаның күйлерiн орындағанын көрiп, тыңдайтын болса, сөзсiз батасын берер едi. Өйткенi, Қаршыға Ахмедияров заманның ұлы күйшiсi. Махамбет күйлерiнiң жарыққа шығуына бiрден-бiр себепкер болған адам да — осы Қаршыға ағамыз едi. Ескi үнтаспада жазылған күйлердiң бәрiн тауып, оны қаттап, сол күйiнде жеткiзiп қана қойған жоқ, ол күйлердi өңдеп, өзiндiк интерпретация қосып, күйлердi толықтырып, жаңа мазмұнмен байытып, орындаушылық деңгейге дейiн жеткiзiп, халыққа насихаттады. Махамбет күйлерiн бүгiнге жеткiзген адамдар көп. Әркiм өзiнiң орындаушылық қабiлетiне орай орындай бiлдi. Ал, Қаршыға ағамыз оны сахналық деңгейге көтердi. Қазiр Махамбет күйлерi Қаршыға ағамыздың арқасында конкурстарда, барлық концерттерде орындалып жүр. Динаның күйлерiн қайтадан қолға алып, үнтаспадан жаңғыртып, қайтадан айналымға енгiзуге ерекше еңбек сiңiрдi. Оған да өзгеше иiрiм мен бояулар қосып, қайта жан бiтiрдi. Сондай-ақ, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттiмбет күйлерi, Әбiкеннiң "Қоңыры" Қаршығаның орындауында өзiндiк бiр қырынан танылды.
Қаршыға ағамыз тек қана орындаушы емес, сондай-ақ, күй зерттеушiсi, өнер зерттеушiсi. Ол кiсi ел арасында гастрольдерге шыққанда қазыналы қарттарымызбен арнайы кездесiп, олардың әңгiмелерiн таңды-таңға ұрып тыңдайтын. Сөйтiп, жаңа деректер iздейтiн, күйлердiң шығу тарихын, олардың бiзге жету хикаясын бiлуге ынтығатын. Мәселен, Капустин Ярға барған сапармызда ондағы Дәулеткерейдiң бейiтiнiң қасындағы төре-сұлтандардың бейiтiн аралап, суретке түсiрiп келген едi. Елiмiзде күйге, домбыраға қатысты iс-шара өтетiн болса, Қаршыға соның басы-қасында болушы едi. Әрi күйге қатысты көптеген жинақтарды жарыққа шығарды.
Қаршыға ағамыз дирижер де болды. Қазiр бiзде күйдiң қыр-сырына қанықпай, әртүрлi орындаушылық мектептердi бойына сiңiрiп алмай жатып, күй шығаратындар болады. Бiр-екi күйдi өмiрге алып келiп, оны эстрадалық жанрға айналдырып, “композитормын” деп кеуде керетiндер көп. Ал, Қаршыға ағамыздың жүзден астам күйi бар. Ол күйлерiнiң көпшiлiгi барлық конкурстарда орындалады. Әрi көне дәстүр мен жаңа дәстүрдi араластырып, өзiне ғана тән орындаушылық шеберлiкпен дүниеге келген күйлер. Менiңше, қазақтың ұлы күйшiлерi — Құрманғазы, Дәулеткерей, Диналардың қатарынан ХХ ғасырда Қаршыға ағамыз орын алар едi. Ол кiсi ел есiнде тек орындаушы ретiнде ғана емес, дара дарын ретiнде де қалатын болады. Қазiргi Республикаға танымал белдi-белдi күйшiлердiң барлығы осы Қаршыға ағамыздың қолынан тәлiм алған шебер орындаушылар.
Ел болған соң, әлi талай күйшi өмiр есiгiн ашар, бiрақ — Қаршыға қайтып келмейдi. Қазiргi күйшiлер оқыған-тоқыған күйшiлер. Қаршыға ағамыз дала консерваториясы мен осы заманғы консерваторияны бiтiрiп, көне заман мен бүгiнгiнiң таразысын тең ұстап келе жатқан адам едi. Сол себептi де, ендi дүниеге Қаршығадай күйшi келуi екiталай деп ойлаймын. Ол кiсi көне күйшiлердiң көзiн көрдi, олардың күй тарту мәнерiн, шеберлiгiн үйрендi. Үйренуден, iзденуден жалықпайтын едi.
Ол кiсi кез келген iс-шараның басында, кез келген бастаманың жанынан табылатын. Қаршыға ағамыз 500 домбырашыны жинап, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттiмбеттiң және өз күйлерiнiң бiразын орындатты. Арманы алдағы Азиадада 2500 күйшiге күңiрентiп, қазақтың кең сахарасын қазақ күйiмен тербеу болған едi. Өкiнiшке қарай, ол кiсiнiң осы ұлы арманы жүзеге аспай қала ма деп қорқам. Өйткенi, өнердi тұлғалар жасайды. Мысалы, Нұрғиса Тiлендиев "Отырар сазы" оркестрiне өзгеше бiр серпiнмен, қайталанбас рух дарытқан едi. Ол кiсi өмiрден озғаннан кейiн, "Отырар сазы" сол деңгейiне жете алды ма? Сол секiлдi Қаршыға ағамыз армандаған рухты жаңғырту мәселесiн қолға алатын тұлға ендi табыла қоя ма екен…
Жазып алған Есенгүл КӘПҚЫЗЫ