ҚАЙДАСЫЗ, АЛПЫСБАЙ АҒА?!
ҚАЙДАСЫЗ, АЛПЫСБАЙ АҒА?!
Егер Жер-дүниенiң ең биiк шыңына шығып айғайласаң, дауысыңды жер бетiндегiлер мен жер астындағы адамдар түгел естiп, түсiнiп, үн қататын болса, мен:
"Алпысбай аға, қайдасыз?!" – деп, соңғы демiм қалғанша айғайлар едiм.
Шiркiн, осылай мүмкiн болсашы!
Адам кейде шарасыздықтан да сандырақтайды екен.
Нағашы анамыз Зөре (Зухра) өмiр бойы соғыстан қайтпаған үш қайнағасын күттi. Енесi Орыншаның аманаты бойынша өзi көрмеген қайнағаларының ұстаған заттары, хат, құжаттарына дейiн көзiнiң қарашығындай сақтап келдi. Тiптi, 2008 жылы бұл дүниеден көшерiнде де: "Олар келедi. Олар болмаса да балалары осы босағаға әйтеуiр бiр келедi" деумен көз жұмды.
Сол Зөре анамыз әншейiнде үлкен қайнаға, ортаншы қайнаға, кiшi қайнаға деп сызылтып әңгiме айтып отырып, аяқ астынан ашуланып қайнағаларын Алпысбай, Транай, Мәулен деп өз аттарымен заулатып ала жөнелетiн де: "Келмесеңдер келмей-ақ қойыңдар. Одан әрi немiстен асып кетiңдер", – деп ренжiп ештеңе де айтпай қоятын.
Кiмге ренжидi? Соғысқа ма? Қайнағаларының майданнан қайтпағанына ма? Жоқ, өлiп қалғандықтарына ма? Жоқ, әлде, үмiтiнiң ақталмағанына ма? Мүмкiн, дәл бүгiнгi күнгi мен сияқты шарасыздықтан сандырақтайтын болар.
Бұл жайлы бәрi түсiнедi, бiрақ ешкiм де нақты түсiндiрiп бере алмайды. Мен де.
Теледидарды ашып қалсаң Екiншi Дүниежүзiлiк соғыстан тек қана жөйт (еврей) халқы жапа шеккендей – әрбiр отбасы үшiн бiр-бiр көркем фильм, деректi фильм, тарихи фильм (фильмдердiң шегi жоқ) түсiрiлген секiлдi теледидардың бүкiл жанрын қамтитын ұлтын жоқтау, ұлтын ұлықтау, тарихы, азабы, қорлығы, тiптi өлiмi арқылы да ұлтын асқақтатып жатқанын көресiз. Бұл соғыстан азап шекпеген қазақтың бiр отбасы табылар ма екен? Көшедегi кезкелген баланы тоқтатып сұрасаңыз, оның әйтеуiр бiр етжақын аталарының бiрi соғысқа қатысқан, не болмаса iз-түзсiз жоғалған болып шығады. Ал жер бетiнде ұрпағы қалмай түп-тұқиянымен жоқ болып кеткен кiсiлердiң обалы кiмге? Немiс тұтқынында өлiп қалмағаны үшiн кеңестiк азаптау лагерiне айдалып, одан да тiрi қалғаны үшiн бетiне топырақ шашылған, қара күйе жағылған аталарымыздың жазығы не? Кiнәсi тек өлмегенi ме? Иә, олар өлуге тиiстi болатын. Тiптi олардың жақын-жуықтары да.
Әйтпесе Сталин көкем Бiрiншi Дүниежүзiлiк соғыстан кейiн жасалған Халықаралық Қызыл Крест қоғамының соғыс жағдайындағы қандай да бiр әскери тұтқындарға өз елi тамақ, киiммен көмектесуге тиiстi деген келiсiмге қол қоймай қояр ма едi? Соғыс бастала салып тұтқындалған Кеңес әскерiнiң санына дейiн айтып, Гитлер хабар жiбергенде Сталин: "Бiзде тұтқындар жоқ. Отанын сатқан опасыздар ғана бар!" деп қасарысар ма едi?! Егесi жоқ, қорғаушысы, қолдаушысы жоқ тұтқындарға онсыз да қандауыз Гитлер ойына келгенiн iстейдi. Екi оттың ортасында қалған олардың тек жан сауғалаудың ғана жолын iздегенi түсiнiктi. Азаптың түр-түрiн көрген бүгiнде көзi тiрi Төлепбай ата айтады: "Кейде немiстер бiздi тұтқындағы американ әскерлерiн көрсетуге арнайы апарып, көзiмiздi шұқып "сендердiң сұрауларың жоқ" дейтiн. Сонда американдықтар немiс лагерiнiң iшiнде курортта жүргендей футбол ойнап, темекi тартып, күлiп-ойнап жүретiн. “Неге?” десең, олардың жағдайын Америка елi жасауда. Ал бiз аштық пен аурудан құлап қалмаудың амалын ойлап, бiр жұтым суға зар болып тұратынбыз".
Алпысбай, Транай, Мәулен, Әбiлқайыр Тiлеубаевтар – менiң туған нағашыларым. Алпысбай 1939 жылы Финляндия соғысына кеткен. Финляндия соғысы 1940 жылдың наурыз айында тоқтағанымен, оларды елге қайтармай Белоруссияның Белосток облысының Бельск қаласында әскери борышын өтейдi. Iнiсi Транай 1940 жылы ақпан айында әскерге аттанып Белосток облысының Замбров қаласында болады. 1942 жылы өзi тiленiп Мәулен кетедi соғысқа. 1943 жылы, анасын жерлеген күнi Әбiлқайыр аттанады ағаларының соңынан. Бiр отбасынан Әбiлқайыр ғана елге оралады. Зөре анамыз өте бiлiмдi де сауатты, мiнездi де қайратты кiсi болатын. Сталин мен Молотовқа бiр отбасынан төрт боздақтың соғысқа аттанғанын, үш жетiм қызға жетпiстегi шал ғана қарап қалғанын, төрт азаматтың ең болмаса бiреуiн керi қайтаруын өтiнiп қайта-қайта хат жазып жургенде, Әбiлқайырды соғыс бiтпей 1945 жылы қайтарады. Мәуленнен сол кеткеннен ешбiр дерек жоқ. Ал Транайдың тағдырын Алпысбай ғана бiледi. Соғыстан бұрын жиi хат жазысып, хабарласып тұрған ағайынды екеуi немiс тұтқынында да бiрге болады.
Өздерiңiзге белгiлi – соғыстан бұрын әскерге шақырылған қазақ азаматтарының сауатсызы жоқ. Бұл жөнiнде "Соғыстың алғашқы тұтқындары" ("Жас Алаш" газетi, 29 сәуiр, 2010 ж) мақаламда жазғанмын. Олар елiмiздiң 1937-38 жылғы репрессиядан кейiнгi бетке ұстар, ел тiзгiнiне, мәдениетi мен өнерiне ие болар атпал азаматтарымыз едi. 1939-40 жылдары әскер қатарына арнайы iрiктелiп шақырылып, соғыс оты тұтануы мүмкiн Батыс шекараға орналастырылған қазақ азаматтарының өмiр-деректерiне үңiлсеңiз түгелге дерлiк ең кемi техникум бiтiрiп, қызмет етiп жүрген, алды жоғары оқу орнын бiтiрiп, саяси мәселелерге араласа бастаған боздақтарымыз. Кремльдiң қитұрқы саясатының соғыс сылтауымен жабулы қазан күйiнде осы күнге дейiн айтылмай келген ащы шындығын заман екшелеп-екшелеп жарыққа алып шықты. Олар бiздiң ұлттық қаймағымыздың екiншi қабаттары едi. Қаймағымыздың алғашқы маңызды қабатын репрессия жоғалтты. Ал үшiншi қабат қаймағымызды соғыс жұтты. Сонымен күбiнiң түбiнде сылдыр су – бiздер ғана қалдық. Қазақ халқын бiржолата тұралатудың сан айлалы жоспарына Кремль үшiн соғыс таптырмас олжа болды.
Алпысбай мен Транай да өз қатарластарындай соғыстан бұрын Қызылорда қаласындағы педагогикалық техникумды бiтiрген. Алпысбай Шиелi аудандық оқу-ағарту бөлiмiн басқарып тұрғанда, Транай осы ауданға қарасты Жаңатұрмыс колхозының 7 жылдық мектебiнде тарих пәнiнен мұғалiм болып жүргенiнде әскерге алынады. 1941 жылдың 22-маусымы – соғыстың алғашқы күнi-ақ, бүкiл Батыс Беларуссия әскери округi қоршауда қалғанда олар да немiс тұтқыны болып шыға келедi. Алғашқы бомбалаудан аман қалып, Құдай айдап ағайынды екеуi немiс тұтқынында кездеседi. Осы бiр ауыз ғана деректi ести алмай олардың кiшi iнiсi Әбiлқайыр да, оның әйелi Зөре анамыз да, өз анам Мәдина да дүниеден өттi. Яғни, бiр әулеттiң бiр буыны түгел о дүниелiк болғанда екiншi буын бiздерге бұл шындықты бiлу бұйырыпты. Соғыс басталған күннен олар жайлы хат-хабар, ешбiр дерек болмаған. Тек арада 70 жыл уақыт өткенде олардың хабарын бiлiп, олармен тұтқында азапты күндердi бiрге өткiзген кiсiмен тiлдесемiз деп кiм ойлаған. Қазалылық Төлепбай қарттың бiзбен әңгiмесiнен үзiндi:
"Шетте жүрген, әсiресе тұтқын жағдайындағы адамдарда отаншылдық, бауырмалдық, сағыныш сезiмi күштi болады. Немiс лагерiнде кездескен қазақ балалары тобымызды жазбай бiр отбасына айналдық. Қай жерде қандай жағдайда болса да тәртiп пен ауызбiршiлiксiз өмiр сүрудiң қиын екенiн осы кездерi жақсы түсiндiк.
Мәжит Айтбаев пен Қараман деген жiгiттердi немiстер бiр түнде алып кеттi. Қазалылық Ескермесов Досжан мен аралдық Бигелдиев Байжiгiттер лагерьдегi "русское руководство" деген орыс полковнигi Сергеевтiң басшылығындағы қорлыққа шыдамай төбелесiп, соққыға жығылып, оларды орыстар сүйреп кеттi.
Бiз немiстерге орманнан ағаш кесуге жұмысқа шыққанда Транай аурулы едi, ұзақ жүруге жарамайтын. Оны қиып кете алмаған ағасы Алпысбай амалсыз қалып қойды. Бес-алты айдан соң сол лагерьге қайтып келгенде Манақбаев Айтқожаны, Алданов Сәлiмдi және Огонян Бабкендi ғана көрдiм. Алпысбай мен Транайды таба алмадым. Бұл азаматтардың бәрiнiң тағдыры әлi күнге дейiн маған белгiсiз. Адам төзбес аштықта лагерьдiң беретiн бiр жапырақ нанын қиқымына дейiн жерге түсiрмей қылдай бөлiп жедiк. Бәрi де "сен тұр, мен атайын" деген келiскен жiгiттер едi. Тiрi болғанда, әттең соғыс болмағанда ел бастайтын немесе бiр-бiр мекеменi басқарып отыратын бiлiмдi жiгiттер едi".
Бұл Польшаның Бела-Подлядск қаласының маңындағы №103 тұтқын лагерiнде (немiс құжаттарында бұл лагерь "Шталаг-316/А" деп аталады) болып, "Түркiстан легионына" қатысып, одан қашып шығып Кеңес әскерiнiң қатарына қосылған, бүгiндерi 94 жастағы Меңеев Төлепбай атаның естелiгi. Ол кiсiнiң немiс тұтқынынан аман келгеннен кейiнгi 10 жыл өмiрi Қиыр Солтүстiктегi Кеңес тұтқынында жалғасады. 1954 жылдың соңында ғана елге оралған Төлепбай атаның қалған ғұмыры да қуғын-сүргiнмен, күдiк-сенiмсiздiкпен бүгiнге жеттi. Сенсеңiздер, тиесiлi зейнетақысының өзiн 2003 жылдан бастап толық ала бастаған. Қаншама азап пен тозақтың өзiнен өтiп келген кiсiнi "шолақ" саясат 1993 жылдың сәуiр айына дейiн, Қазақстан Президентiнiң жаппай қуғын-сүргiнге ұшырағандарды ақтау жөнiндегi Жарлығы жарық көргенше, соғысқа қатысушылар қатарына жатқызбаған. Зейнеткерлiк жасына жеткенше өзiнiң ұстаздық мамандығына жолатпай, қара жұмысқа жегiлген. Ал зейнетке жасы жеткен соң немiс тұтқынындағы, одан Кеңестiк азаптау лагерiндегi жылдары зейнетақыға қосылмаған. Күнi кешегi Жеңiстiң 65 жылдығы мерекесiнде атаның жанында едiм, аудандық әкiмшiлiк тарапынан бiр тал гүл шоғын берiп, елеп-ескерген тiрi жан көрмедiм.
Төлепбай атаның жанында отырып соғыстан соң елге қайта алмаған Алпысбай нағашымды ойладым… Немiс лагерiнен "Түркiстан легионына" өтiп, тұтқынға түскен қазақ бауырларына тамақ, киiм әкелiп, аудармашылық жасап жүргенiн көрген ауылдастарының аман оралғандары соғыстың соңына дейiн оның тiрi болғандығын елге айтып келген. "Оның тiрi екендiгiн НКВД-ның бiздi аңдуынан бiлетiнмiн" дейтiн Зөре анамыз.
Тiлеубайдың кiшi ұлы Әбiлқайыр, келiнi Зөре де оқыған, бiлiмдi кiсiлер едi. СССР Қорғаныс Наркомы Тимошенконың 1941 жылдың 16-тамызындағы бұйрығымен тұтқынға түскен Кеңес солдатының ең жақындары ретiнде қудаланып келдi. Қызметтерiн өсiрмедi. Партия қатарына қабылдамады. НКВД үйiн тiнтiп, жиi-жиi жауапқа тартатын. 1967 жылы Әбiлқайыр ағамыз қайтыс болғанша НКВД-ның аңдуы толастамады. Әбiлқайыр қайтыс болған соң барлық ауыртпашылықты Зөре анамыз жалғыз көтердi. Алпысбайдан қалған жалғыз ұрпағы Нағима, қарындастары Кәмила, Мәдина, атасының кейiнгi әйелiнен туған Әбдiқадыр, Досқадыр – осы бес жетiмдi жалғыз өзi өсiрiп, жетiлдiрдi. Ұзақ жылдар Шиелi ауданы Жақаев колхозында ұстаздық етiп, бас есепшi қызметтерiн атқара жүрiп қайнағаларының фотосурет, құжаттарын iннен-iнге тығып, осы күнге аман жеткiздi.
Алпысбай нағашым жайлы алғаш рет 12-13 жасымда анамнан естiп едiм. Сол күннен бастап менiң жүрегiмде адам түсiнiп болмас дерт пен сағыныш қоса жабысты. Неге iздей беремiн? Неге таба алмаймын? Оны тапсам не болады, таппасам не болады? Сағымға айналып елден осынша безетiндей оның не күнәсi бар едi? Ол үшiн азап шегетiндей елдегiлердiң жазығы не едi? Мен ештеңе түсiнбей ержеттiм. Алғашында мен де көптеген кеңес балаларындай оны сатқындар қатарына қосқанмын. Тарихты тереңiрек таразылай келе Алпысбай ағамды өте жақсы түсiнетiн халге жеттiм. Алпысбай нағашымның жандүниеме дендеп енiп алғаны сонша, (Алпысбайды мен түгiлi анам Мәдина да көрмеген) ғаламтордағы немiс сайттарын ақтарып жүрiп Белостокта немiстерге тұтқынға айдалып бара жатқан суретiн жазбай таныдым. Сондағы қуанғанымды көрсеңiз. Ол суреттi Алпысбайдың көзiн көрген Төлепбай ата мен Арғынбай нағашымызға көрсетiп анықтаттым. Алпысбайдың бала күнi ат теуiп, оң жақ сүйегi сынады екен. Оны әкесi Тiлеубай Қызылордаға апарып емдетедi. Осы операциядан қалған оң жақ бетiнде тыртық пен қара қоңыр дақ бар. Мына екi суретте де ол анық көрiнедi.
Алпысбайдың елге жiберген соңғы хабарында: "Түркияда тұрамын, аты-жөнiмдi өзгерткенмiн" деген. Бұл – 1978 жылдар шамасы. Ал мен 1989 жылдан берi iздеп келемiн. Әзiрге көрдiм-бiлдiм деген Төлепбай қарттан басқа ешкiм жоқ. Әрине өзгерткен аты-жөнi де бiзге белгiсiз. Немiс тұтқынынан кейiнгi тағдыры да беймәлiм. Қайда? Қай елдiң суын iшiп, дәмiн татты? Дүниенiң қай бұрышында сүйегi қалды? Кiм жауап бередi. Гитлер ме? Сталин бе?
Мiнеки, келмеске кеткен Кеңестiң соғысы мен қуғын-сүргiнiне тап болған қазақтың бiлiмдi де мәдениеттi, өнерлi бiр әулетi осылай күйредi. Тiлеубаевтардың артында қалған аз ғана ұрпағының жан жарасы әлi жазылған жоқ. Олардың бiр тамшы қаны бойымда зырылдай ағып жатқан менiң де өз дертiм өзiмде.
Қайдасыз, Алпысбай аға?!
Гүлзат ШОЙБЕКОВА