ГОЛОЩЕКИНМЕН ТIРЕСКЕН ХАЛЫҚ КОМИССАРЫ

ГОЛОЩЕКИНМЕН ТIРЕСКЕН ХАЛЫҚ КОМИССАРЫ

ГОЛОЩЕКИНМЕН ТIРЕСКЕН ХАЛЫҚ КОМИССАРЫ
ашық дереккөзі
415

Биылғы 2010 жылы, халқымыздың тарихында өзiндiк iз қалдырған iрi саяси оқиғалардың бiрi – Қазақ кеңестiк социалистiк республикасының құрылғанына – 90 жыл толды. Бұл оқиғаның құрылуы барысында пайда болған кеңестiк құрылыстың тарихы, тарихшыларымыз тарапынан әр алуан тұрғыдан бағаланғанымен де өз өмiрiн осы кеңестiк құрылыспен байланыстырып, халқының жарқын болашағы жолында күрескен қайраткерлердiң еңбегi әрдайым өзiнiң лайықты бағасын алуы ләзiм.

ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы халқымыздың тарихы Қазақ кеңестiк социалистiк автономиясының құрылуынан кейiнгi неше түрлi "эксперименттердi" басынан өткеруiмен, соның нәтижесiнде жартысына жуығы зұлымат аштықтың салдарынан қайғылы қазаға ұшырауымен және осы кеңестiк құрылыс барысында қазақтың ұлтжанды қайраткерлерiнiң ұлттық республика құру және ұлт мүддесi жолындағы табанды күрестерiнiң жарқын беттерiмен айрықша ерекшеленедi.

Өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы iрi мемлекет және қоғам қайраткерi Смағұл Сәдуақасовтың өмiр жолының бiр бел-белесi Республикадағы халқымыздың рухани-мәдени өмiрiнде ерекше орын алатын халық-ағарту комиссариатын басқарған кезеңi едi. С.Сәдуақасов бұл кезде бар болғаны жиырма бес жаста болатын. Жастығына қарамай осыған дейiн де республика көлемiнде өзiне тапсырылған жауапты қызметтердi атқарып, ұлттық кадрлардың алдыңғы шебiнен көрiне бiлген С.Сәдуақасовтың Халық ағарту комиссариатын басқару кезеңi де "не бел, не белбеу кетедi" сынды ұлтымыздың тағдыры үшiн жауапты кезеңмен тұспа-тұс келген болатын.

Қазақ ОАК-ның 1925 жылғы 12-ақпандағы қаулысы бойынша С.Сәдуақасов Халық ағарту халкомының төрағасы мiндетiн атқаруға кiрiстi.

С.Сәдуақасовтың Халық ағарту комиссариатының төрағасы ретiндегi қызметi жалпы Республика өмiрiндегi қиын да қарбалысты кезеңмен ұштасып, халқымыздың рухани-мәдени өмiрiндегi бел-белестi кезең болды. Астананың Орынбордан Қызылордаға көшiрiлуi халықтың рухани өмiрiнде оның алдына жаңа мiндеттер қойды. Ең бастысы, бәрiн де жаңадан бастау керек болатын. Оның үстiне республиканың негiзгi аудандарын қамтыған 1921-23 жылдардағы аштықтың салдарынан халықтың күйзелiске ұшырауы, Ресейлiк империя кезiндегi аймақтың отаршылдық саясаттың салдарынан экономикалық тұрғыдан барынша қаналуы, жаңадан орнаған кеңестiк билiктiң өз жұмысын дұрыс ұйымдастыра бiлмеуi, онсыз да қиюы қашқан тiрлiктi дұрыс жолға қоюуы мүмкiндiк бермедi.

Халық-ағарту саласындағы жұмыстарды ұйымдастыруда өлкенiң саяси-экономикалық тұрғыдан артта қалуымен қатар, үлкен территориядағы дұрыс жолға қойылған жол қатынасының болмауы, қазақ халқының арасынан шыққан педагог мамандардың өте аз болуы, оқулықтардың, оқу құралдарының жетiспеуi және оқу-ағарту саласына қаражаттың аз бөлiнуi қол байлау болды. Бұған қоса, отаршылдық саясаттың өктемдiгi кетпеген еуропалық басшылардың жергiлiктi халық арасында халық ағарту жұмыстарын жүргiзу барысындағы кедергi келтiрулерi де өз залалын тигiзген едi.

Халық ағарту комиссары С.Сәдуақасов өз халқының өсiп өркендеуiнiң басты жолдарының бiрi – оқу-ағарту саласын дұрыс жолға қою екенiн жақсы түсiндi. "Оқусыз – адам уықсыз тiгiлген үй секiлдi" – деген ол ең алдымен ауыл мектептерiнiң дамуына жете көңiл бөлдi. Өйткенi, 1926 жылғы санақ бойынша республикадағы халықтың саны 6.507.077 адамға жетiп, оның 57 пайызын қазақтар құраған болса да, қалалардағы қазақ халқының саны 14 пайызды ғана құрады. Сондықтан да, ауыл мектептерiн көбейту, ондағы бiлiм сапасын жақсарту қазақ халқын болашаққа жетелеудiң төте жолы екенiн айқын түсiнген С.Сәдуақасов: "Революцияға дейiн Қазақстанда шамамен 560 ауыл мектептерi болды, ондағы оқушылардың саны 16 мың болса, қазiргi уақытта бiзде 1600 ауыл мектептерi бар, онда 60 мың оқушы оқиды", – дей отырып, ауыл мектептерiндегi бiлiм берудi ұйымдастырудағы қиындықтарға тоқталды. Қазақ ауылдарындағы жағдайды, сол кезеңдегi халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiн жете түсiнiп бiлген ол, мүмкiндiгiнше ауылдарда төрт сыныптық мектептердi ұйымдастыруға қол жеткiзудi алға қойды. С.Сәдуақасов "Ауыл мектептерiнiң жағдайы туралы және оны нығайтудың жолдары" деген мақаласында қазақ ауылдарындағы мектептердiң жай-күйiн талдай отырып, ауылдардағы мектептерде дұрыс бiлiм берудi ұйымдастыруға кедергi келтiрiп отырған жағдайларды талдап көрсеттi. Олардың ең бастыларына халықтың шашыраңқы орналасуы, ауыл мұғалiмдерi бiлiмiнiң төмендiгi және жетiспеушiлiгi, оқу құралдарының жоқтығы, халықтың мектептерге тек сауатсыздықты жою ғана деп қарауы, халықтың көшiп-қону тұрмысынан оқу жылының қысқаруы жатты. (Сәдуақасов С. Ауыл мектептерiнiң жағдайы туралы және оны нығайтудың жолдары. Советская степь. 1926, 12-желтоқсан)

С. Сәдуақасов ауыл мектептерiндегi қалыптасып отырған жағдайларды басты назарда ұстай отырып, оны жақсартудың жолдарын ұсынды. Ең алдымен халқымыздың көшпелi тұрмысына ыңғайлы жылжымалы мектептердi ұйымдастыруды, республикадағы барлық қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттiк органдардың назарын ауыл мектептерiнiң құрылысына аудару, ауқаттылардан алынып отырған салықтардың бiр бөлiгiн ауыл мектептерiнiң құрылысына аударуды, ауыл мектептерiне құрылыс материалдарымен көмектесудi және жергiлiктi тұрғындардың өздерiн ауыл мектептерiнiң құрылыстарына қатыстыруды ұйымдастырудың бастамашысы болды.

Осындай ұйымдастыру жұмыстарынан кейiн көптеген жерлерде халықтың өзi-ақ асарлатып шағын мектептердiң құрылыстарын қолға алып жатты. 1924 жылға дейiнгi мәлiмет бойынша республикада мектептер санын кестеден байқауға болады: (Отчет правительства Киргизской Автономной ССР. Ак-Мечеть – Оренбург, 1925. с. 65)

С.Сәдуақасовтың мектептер санын көбейтудегi бiлек сыбана кiрiскен еңбегiнiң нәтижесiнде 1925-1927 жылдары аралығында республика бойынша 147 мектепке жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi және жаңадан 153 мектеп салынды. Республикамызда 1920 жылдары ғана қолға алынған мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемелерiнiң саны 1925-26 жылдары 14-ке жетсе, 1926-27 жылдары бала-бақшалардың саны 42-ге жетiп, онда 2440 бала тәрбиелендi. (ҚР ОММ. Қ. 81. т.1, iс-1305. п 11) Ендiгi кезекте баяу да болса қажырлы жұмыстардың арқасында саны жылдан-жылға өсiп келе жатқан мектептердегi мұғалiмдердiң жағдайын жақсарту, олардың бiлiктiлiгiн арттыру да кезек күттiрмес жұмыстардың бiрi болатын. С.Сәдуақасов халық ағарту комиссары болып тағайындалғанға дейiн бұл саладағы жағдай да өте күрделi күйiнде едi. Мектептерде мұғалiмдердiң жетiспеуi, олардың айлық жалақыларының төмендiгi және уақытында берiлмеуi мектептердегi бiлiм сапасына өзiнiң керi әсерiн тигiздi. Оның үстiне республикадағы мұғалiмдердiң 54%-на жуығының бiлiмi төмен болса, 28%-на жуығы өздерiнiң атқарып отырған жұмыстарына сәйкес келмедi. Республикадағы экономикалық қиыншылықтарға байланысты қаржыландырылмағандықтан 1924 жылы Семейдiң ПИНО-сы және Павлодар мен Қарқаралыдағы педагогикалық техникумдар жабылып қалған. Мiне осындай қалыптасқан жағдайды түзеу үшiн Халық ағарту коммиссариаты бiршама шараларды қолға алды. Мұғалiмдердi қайта даярлау курстары ұйымдастырылды. Қазақ өлкелiк партия және үкiмет басшылығының алдына педагогикалық техникумдарды, ауыл шаруашылық саласының мамандарын даярлайтын техникумдарды көптеп ашу мәселесiн батыл қойды. С.Сәдуақасов Республикадағы мектептерде мұғалiмдердiң жетiспеушiлiгiн халықтың сауаттылығын көтерудегi кедергi келтiрiп отырған басты мәселелердiң бiрi ретiнде қарастырды. Халық ағарту комиссарының жазуынша: "мектеп жасындағы 10096 баланы оқыту үшiн 80 мың мұғалiм қажет болса, республикада олардың саны бар болғаны 4000 ғана болған”. (Сәдуақасов С. Қазақстандағы халықтың бiлiмiнiң жағдайы мен болашағы. Советская степь. 1927 4-наурыз).

С.Сәдуақасов халыққа бiлiм беру iсiн жақсартудың негiзгi жолы мұғалiмнiң қолында екенiн баса көрсетiп, осы бiр қадiрлi де жауапты iсте мұғалiмдерге аса үлкен жауапкершiлiк жүктелетiнiн "Оқу iсiндегi кемшiлiктер" деген мақаласында талдап көрсетедi. Халық ағарту комиссары бұл мақаласында оқу iсiндегi кемшiлiктердiң бiрi мұғалiмдердiң өз iстерiне жауапкершiлiксiз қарап, сауда-саттықпен айналысуы, еңбек тәртiбiн бұзуында жатыр деп көрсетсе, екiншi кемшiлiк ауылдардағы атқамiнерлер сияқты мектептерде де өз атқамiнерлерi бар, мектептердегi керiтартпа атқамiнерлермен күресу қажет деп атап көрсеттi.

Ұлт жанды қайраткер С.Сәдуақасов Халық ағарту комиссары болып тағайындалғанға дейiн де ұлт мүддесi жолындағы табанды күрескер ретiнде өзiне сенiп тапсырылған жауапты қызметтердi атқара жүрiп, ұлттық теңсiздiктi жою жолында бiршама iстердi атқарған қайраткер болатын. Әсiресе ол, республика өмiрiнде маңызды жауапты қызметкерлердi дайындайтын аймақтық кеңестiк партия мектебi басшылығының жұмысын қатты сынға алды. Аймақтық кеңестiк партия мектебiнiң басшылығы қазақ тiлiндегi оқулықтардың, оқу құралдарының жоқтығын және сапалы бiлiм беретiн оқытушылардың жоқтығын алға тартып, қазақ бөлiмiндегi тыңдаушыларды орыс тiлiнде оқытуды ұсынды.

Ұлтжанды қайраткер С.Сәдуақасов бұл iстерге батыл қарсы шығып, "ауылға бетбұрыс" қадамында мұндай әрекеттердiң саяси қателiк екенiн, қазақ бөлiмдерiндегi кемшiлiктердiң және қазақ тiлiнде сабақ беру мүмкiн емес екендiгi оның болашағы жоқтығына байланысты болып отырған жоқ, бұл iсте мектеп әкiмшiлiгiнiң ерiк-жiгерiн көрсетiп, жұмыс iстей алмауынан деп атап көрсеттi. Ұлттық мектептердi ашып, онда жергiлiктi ұлттың тiлiнде сабақ берудi ұйымдастыру жөнiнде жазған "Ленин һәм ұлт мәселесi" деген мақаласында С.Сәдуақасов В.Лениннiң ұлттық мектептердi ұйымдастыру жөнiнде: "Бiздiң мектеп жалпыға бiрдей. Сондықтан ұсақ жұрттың тiлiнде оқытып не керек, орыс тiлi жетпей ме? – дейдi. Менiң ойымша, бұл секiлдiлер коммунист емес, нағыз орыстың жуан кеуде ұлтшылдары. Бұл – жаман ауру. Бұл аурудан көбiмiз сау емеспiз. Мiне осындаймен күресу керек. Бiз басқа ұлтты ерiксiз зорлықта ұстаймыз. Бiздiң негiз – еркiндiк, ризалық, бостаншылдық болу керек", – деген сөзiн ұтымды пайдаланып, РК(б)П партия басшылығының атына жазған хаттарында қазақ балаларын орыс тiлiнде оқыту ұлттық кадрларды дайындаудың тамырына балта шабу екендiгiн ашып айтты. Сондықтан да, С.Сәдуақасов марксистiк тұрғыдан ұлттық кадрларды дайындауға кеңестiк партия кадрларын көптеп тартып, партия мектептерiнде дәрiстер жүргiзуге шақырған болатын. Және оларды қиындықтан қашпай қазақ тiлiнде сабақ жүргiзуге мiндеттеу, ұлттық тiлде сабақ беруде қалыптасып отырған қиындықтарды жеңу барысындағы қадамдар екендiгiн көрсеттi.

Республикамыздағы ұлттық мектептердiң жұмысын жандандырудың басты жолы – сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға байланысты екенiн баса көрсеткен С.Сәдуақасов: "Бiз қанша айтсақ та, қанша жоспарласақ та қазақ мектептерiн жеткiлiктi оқулықтармен қамтамасыз етпей, ұлттық қазақ мектептерiн құрамыз деген тiрлiгiмiзден ештеңе шықпайды", – дей отырып, осы оқулықтар жазу iсiн кешегi алашорда қайраткерлерiне сенiп тапсырып, оларды батыл түрде тартты. С.Сәдуақасов Халық ағарту комиссары болып қызмет атқарған жылдары А.Байтұрсыновтың "Әлiпби", "Тiл құралы", "Әдебиет танытқыш", "Сауат ашқан" еңбектерi, М.Дулатовтың "Есеп құралы", "Оқу құралы", "Балаларға тарту" еңбектерi, М.Жұмабаевтың "Сауатты бол", "Тарту" еңбектерi, Х.Досмұхамедовтың "Табиғаттану", "Жануарлар" атты еңбектерi, Т.Шонановтың "Оқу құралы" еңбегi, М.Әуезовтың "Әдебиет тарихы" еңбегi, Шонанов пен Байтұрсынов бiрлесiп жазған "Оқу құралы" және Шонанов пен Жолдыбаев бiрлесiп жазған "Хрестоматия" еңбектерi, сондай-ақ Ж.Аймауытовтың "Психология" еңбегi Халық ағарту комиссариаты тарапынан мақұлданып жарыққа шықты. Және осы аталған авторлар орыс ғалымдарының еңбектерiн қазақшаға аудару жұмыстарына тартылып, мектептерге арналған көптеген еңбектер қазақшаға аударылған болатын. Оқулықтар шығарумен қатар, оның ғылыми-әдiстемелiк сапасын жақсарту жұмыстары да назардан тыс қалдырылмады. С.Сәдуақасовтың ұйымдастыруымен 1925 жылы тамыз айынан бастап, ғылыми-педагогикалық журнал айына бiр рет шыға бастады. Журналдың редакциялық алқасына М.Жолдыбаев, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Т.Шонанов, Б.Сүлеевтер кiрдi. Мектептер мен мұғалiмдер үшiн қажеттi құралға айналған журналда методика және педагогика саласындағы жетiстiктер, мұғалiмдердiң бiлiмiн көтеруге қажеттi жаңа материалдар және тәжiрибелермен таныстырып отыратын ғылыми зерттеулер жарияланды.

С.Сәдуақасовтың халқымыздың мәдени-рухани өмiрiне нәр берiп, қоғамдық-саяси өмiрiне зор ықпалын тигiзетiн осы бiр жауапты мәдени-ағарту саласына алаш қайраткерлерiн тартып, қамқорлық көрсетуi мұнымен шектелген жоқ. Қазақтың белгiлi қайраткер, ағартушы-жазушылары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, К.Кемеңгереев, Х.Досмұхамедов, Т.Шонанов және тағы басқалар С.Сәдуақасовтың қолдауымен Республикамыздағы газет-журналдарда, оқу орындарында, баспа саласында еңбек еттi. 1925 жылы бiреулердiң жалған жаласымен айыпталып, сотқа тартылған ағартушы-ғалым қазақтың көрнектi жазушысы Ж.Аймауытовтың сотына тiкелей қатысқан және соттан кейiн Шымкенттегi педагогикалық техникум директорлығына тағайындалуына өз жәрдемiн берген де С.Сәдуақасов болатын. Артынан С.Сәдуақасов Голощекинмен ашық айқасқа түскенде, Голощекин осы "Торғай iсi" деген атпен болған оқиғаны өз баяндамаларында қайта-қайта С.Сәдуақасовты айыптау ретiнде көтерiп, оның артынан топшылдықтың iзiн iздеумен болды. Осы iске байланысты арнайы сот процесi жүрiп, ашық сотта айыпталушылардың кiнәлары дәлелденбегенiне қарамастан: "Сiздер Сәдуақасовтың тарихын бiлесiздер ме? Аймауытовты және басқаларды соттағанда ол Крайком мүшесi және үкiмет мүшесi бола тұра Крайкомнан сұрамай-ақ жазалануын бүкiл Қазақстан күтiп отырған оларды ашық түрде қорғады", – деп айып тақты. Ашық соттың шешiмiн қаперiне де алмай, С.Сәдуақасовты қылмыскерлердi қорғаған қылып көрсетiп, iстiң мәнiн қасақана бұрмалады. (ҚР ПМ Қ.141, т.1., iс – 38. п 228)

Республикамыздағы театр өнерiнiң пайда болып қалыптасу тарихы Халық ағарту комиссары С.Сәдуақасовтың есiмiмен тығыз байланысты. Ол 1925 жылы 22-қазанда Қызылорда қаласында жазушылар мен өнер қайраткерлерiнiң басын қосып театр ашу жөнiнде кеңес өткiзедi. Республиканың әр аймағында шашырап жүрген таланттарды Қызылордаға шақырып, тұңғыш қазақ театрын құрудың бастамашысы болды. Әрi оны кеңiнен насихаттады. Осыған дейiн кейбiр қалаларда драмалық үйiрмелер жұмыс iстегенi болмаса, тұрақты кәсiби театрлар болмаған едi. С.Сәдуақасов қазақтың тұңғыш театрының ашылуына мұрындық бола отырып, оның одан әрi кәсiби түрде дамуына көңiл бөлiп "Ұлт театры" туралы, "Ұлт театрына бiр жыл" атты театр танудағы, оның өркендеп дамуы актерлық кәсiптiң шеберлiгi жөнiндегi алғашқы қарлығаштық еңбектер жазды. Ұлттық театрдың ашылуына байланысты драмалық шығармаларға сұраныс туғаннан кейiн С.Сәдуақасов алғашқы үздiк қойылымға бәйге жариялады. Бәйгенiң қорытындысы бойынша М.Әуезовтың "Қарагөз" пьесасы бiрiншi орынды алса, Ж.Аймауытовтың "Шернияз" пьесасы екiншi орынды иеленген.

С.Садуақосов Халық ағарту комиссары қызметiн атқара жүрiп, қазақ халқының бай ауыз әдебиетiн, оның өкiлдерiн және сол өкiлдердiң бай мұраларын қорғауға белсендi атсалысты. Мәселен, 20-жылдардың екiншi жартысынан бастап баспасөз бетiнде кеңестiк кезеңге дейiнгi әдеби шығармаларға байланысты пiкiр талас өрiстегенi мәлiм.

Қазақтың ұлы ақыны Абай мұраларын қорғап жалған тапшылдық саяси айыптаулардан арашалауға атсалысқан партия қайраткерлерi С.Қожанов, Ы.Мұстайбайұлы, Н.Төреқұлов ақын-жазушылар Ж.Аймауытов, I.Жансүгiров, К.Кемеңгерұлы, М.Әуезов, М.Жұмабаев және тағы басқалармен пiкiрлес болған С.Сәдуақасов "Әдебиет әңгiмелерi" деген мақаласында: "Абай да – ескi мұра, бiрақ Абайдан қалған мұра ескiрген жоқ. Әлi де қазақ ақындары Абайдан шеберлiкке үйренуi керек", – деп жазып, Абай еңбектерiне үлкен баға бердi. ("Еңбекшi қазақ". 1927, 15 ақпан) Халқымыздың өткен ғасырлардағы бай мұраларынан үйрене отырып, үлгi алуды және жаңа заманмен ұштастыра қарастыру жөнiндегi пiкiрiн ашып айтты.

1925 жылы қыркүйек айында Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң хатшысы болып Ф.Голощекин тағайындалғаннан кейiн, қазақ халқының саяси-экономикалық және рухани-мәдени өмiрiнде керi мағынадағы күрт бетбұрысты кезең басталды. Қазақстандағы әкiмшiлдiк-әмiршiлдiк тоталитаризмнiң тiкелей қолшоқпары болған Ф.Голощекин өзiнiң жаңа ұсыныстарымен Қазақ қоғамын түбегейлi өзгертуге тырысты. Өзiне қарсы шыққан қазақ қайраткерлерiн "топшылдық", "жiкшiлдiк", "ұлтшылдық" сияқты қолдан ойластырылған жалған саяси айыптаулармен айыптап, партия ұйымдарынан, мемлекеттiк қызметтерден шеттеттi. Республикадан кетуге мәжбүр еттi. Қазақстанға Ф.Голощекин келгенге дейiн де және одан кейiнгi жылдары ұлттық мүдденi жоғары қойған С.Сәдуақасов қазақ халқынан шыққан өкiлдердi партия және кеңес ұйымдарына көптеп тартумен, мекемелердегi iс-қағаздарын қазақшаландырумен, қазақтың оқыған азаматтарын қолдап, әртүрлi қызметтерге шақыруымен ұлтжандылық қызметтер атқарған едi. С.Сәдуақасовтың бұл iс-әрекеттерi Ф.Голощекинге ұнай қойған жоқ. Ол ең алдымен өзiнiң социализмдi дамыту жолындағы "табысты" еңбегiн С.Сәдуақасов сияқты қайраткерлерге қарсы күреспен бастады.

1926 жылы 27-қаңтарда болған Өлкелiк комитетпен жұмысшы – шаруа инспекциясы комиссариатының бiрiккен мәжiлiсiнде Өлкелiк комитеттiң ұсынысымен Халық ағарту комиссариатын тексеру жөнiнде шешiм қабылданды. Соған орай, 1926 жылы 17-қарашада Өлкелiк комитеттiң алқа мәжiлiсiнде Халық ағарту комиссариатындағы жағдайды тексеруге байланысты жұмысшы-шаруа инспекциясының өкiлi Смирнягиннiң баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Смирнягиннiң баяндамасымен мұқият танысқан оқырман, одан Халық ағарту комиссариатының жұмысына қатысты бiрде-бiр жылы лебiзiн таппайды. Баяндама басынан аяғына дейiн комиссариаттың жұмысын жоққа шығаруға бағытталған. Баяндамашы комиссариатттағы iс-қағаздарын жүргiзудiң бетiмен жiберiлгендiгiн, алты адамнан тұратын алқа құрамының бәрi бiрдей толық бiрде-бiр рет мәжiлiске жиылмағанын, комиссариаттың жергiлiктi бөлiмдерiмен байланысы қағаз жүзiнде екенiн және комиссариаттың жоспарлы жұмыстарының кемшiлiктерiне де тоқталып, жұмыс тәртiбiне байланысты: "… жауапты кейбiр қызметкерлер жұмысқа сағат 10-11-лерде келедi. Күнi бойы жұмысқа қызметкерлердiң келмейтiн оқиғалары бар" – деп, кемшiлiктiң бетiн одан әрi қоюлата түстi. Смирнягин одан әрi баяндамасында ағарту комиссариатындағы қаржылық жағдайға тоқталып, бөлiнген қаржының тиiмдi пайдаланылмай, шығынға жол берiлiп отырғандығына тоқталды. Мектеп оқулықтарына қатысты: "Ағарту комиссариатының мәлiметтерi бойынша еуропалық мектептер оқулықтармен 50% қамтамасыз етiлген, ал қазақ мектептерi 10% ғана. Қолда бар оқулықтардың өзi орталық ақпараттардың бағасы және жекелеген қазақ қызметкерлерiнiң пiкiрiнше әдiстемелiк және кейбiр жағдайларда идеологиялық жағынан қанағаттанғысыз",– деп атап көрсеттi.

Баяндамашыдан соң сөз алған С.Сәдуақасов тұтастай алғанда жұмысшы-шаруа инспекциясының қорытындысымен келiсетiндiгiн және бұл қорытынды қуанарлық жағдай емес екендiгiне тоқталып, алдағы уақытта ол кемшiлiктердi жою керектiгiн баса көрсеттi. Және бұл кемшiлiктер тек қана ағарту комиссариатының басында ғана бар жағдай еместiгiн, мұндай жағдайлар бүкiл Қазақстанды қамтып отырғандығын, ағарту комиссариатының басшылығына кемшiлiксiз адамдар отырса да бұл жағдайды түзей алмайтындығына тоқталды. Кемшiлiк ретiнде баса көтерiлiп отырған оқулық мәселесiнде: "Қазiргi уақытта ұлттық қазақ мектептерiнде оқулықтар бар. Бiрақ жеткiлiктi мөлшерде емес. Жағдай қалай қалыптасып отыр? Бұл iске партияда жоқ бiрнеше адамды тарттық, олар жаман болсын, жақсы болсын бiрнеше оқулықтарды жарыққа шығарды. Бұл жұмысқа тартылған коммунистер не iстедi? Жалпы бұл жұмыстың өте ауыр, өз ерекшелiгiмен қара жұмыс екенiн айтуымыз керек. Бiзде бұл жұмысқа коммунистер ықылассыз барады. Олар оны каторгаға жiберу деп есептейдi. Бұл бағытта коммунистер тарапынан iстелген ешқандай жұмыстар жоқ және олардың тарапынан жөнi түзу сын да жоқ. Кеше мен: “осы кiтаптарға байланысты сыни-пiкiрлердi кiм бердi?” деп сұрадым. Сөйтсем ешкiмге белгiсiз тұлғалар екен", – дей отырып, оқулық авторларының еңбектерiне лайықты баға берудi, қолдан келмейтiн iске сын айтудың орынсыздығын ашық айтты.

Мәжiлiсте сөйлеген Халық ағарту комиссарлар кеңесiнiң төрағасы Н.Нұрмақов Халық ағарту комиссариатындағы кемшiлiктер бүкiл Қазақстанға тән деп, өзiмiздi-өзiмiз жұбатуға болмайтындығын, көрсетiлген кемшiлiктердiң барлығын жоюға болатындығын, осы кемшiлiктердi жоюды ағарту комиссариатының өзi бiрiншi кезекте қолға алу керектiгiн айтты. Оқулықтарға қатысты өз ойын бiлдiрген Н.Нұрмақов оқулықтарға пiкiр бiлдiрушiлер жөнiндегi С.Сәдуақасовтың ойын қолдап: "Олар шала сауатты қазақтар. Оқулықтар идеологиялық жағынан ешқандай да сынға төтеп бере алмайды деп бос даурығып айтамыз. Мен ойлаймын, Өлкелiк комитет оқулықтар идеологиялық және тағы басқа талаптарға қаншалықты жауап беретiнiн тексеретiн арнайы комиссия құру керек. Барлық iстi сынаумен iстеуге болмайды. “Төменгi сыныптарға әлiппе жарамайды” дейдi. Қандай ақыл-оймен айтылған. Оны кiм айтты? Мен идеологиялық жағынан барлық оқулықтар жарамды дейiн деп тұрғаным жоқ, бiрақ олардың қаншалықты жарамсыз екенiн анықтау керек қой" – деп, сын айтушылар тарапынан айтылған оқулықтарға қатысты пiкiрлердiң орынсыз екендiгiне тоқталып өтедi. Мәжiлiсте сөз алған Ф.Голощекин де ұтымды сәттi пайдаланып қалуға тырысты. Халық ағарту комиссариаты тарапына айтылған сындарға қосылып, “С.Сәдуақасов жайбарақаттылыққа салынып, қол қусырып қарап отыр” деп кiнәлады. Оқулықтарға қатысты: "Жолдас Сәдуақасов бар мәселенi оқулықтарға және мұғалiмдерге әкеп тiреп қояды. Өте дұрыс. Бұл басты жағдай, бiрақ қалайша ештеңе iстеуге болмайды? Дегенмен де бiз қомақты қаржыға иемiз, баспамыз бар. Нелiктен бұл iс оқулықтар жазатын 3-4% партияда жоқтарға барып тiреледi. Сенбеймiн. Бiзде қазақ интелегенциясы бар", – деп оқулықтар жазу iсiнде кешегi алаш қайраткерлерiне сенiмсiздiк көрсеттi. Оқулықтардың мазмұнынан идеологиялық астар iздеп, қайткенде де бұл iстi партияның бақылауынан шығарғысы келмей, әйтеуiр бiрдеңе iстеу керектiгiн талап етумен болды.

1926 жылы 17-ақпан күнi Қазақ өлкелiк комитетiнiң алқасы өзiнiң бұдан арғы мәжiлiсiн жабық түрде жалғастырды. Алқа мәжiлiсiн ашқан Ф.Голощекин С.Сәдуақасовтың өз атына жұмыстан босату жөнiндегi жазған өтiнiшiмен көпшiлiктi таныстырып, арыздың 8-i күнi жазылғанын, С.Сәдуақасовты райынан қайтару жөнiнде әрекеттенгенiн, бiрақ одан ештеңе шықпағандықтан бұл мәселенiң талқылауға салынатынын айтты. Жұмыстан босату жөнiнде арыз жазуының себебiн айтқан С.Сәдуақасов: "Ағарту комиссариатының мәселесi бойынша айтылған ойлардағы бiздiң негiзгi кемшiлiгiмiз шығармашылық жұмыс. Осы шығармашылық қара жұмысқа тартылған барлық коммунистер өздерiнiң жағдайларын жер аудару және каторга деп есептейдi. … бiздегi оқулықтар шын мәнiсiнде қанағаттанғысыз. Ағарту комиссариаты қазiргi жағдайда қанағаттанарлық оқулықтар шығара ала ма? Әкiмшiлiк жұмысты менен қабiлетi жоғары, жоқ дегенде төмен емес басқа адамдарға берiп, менi әдеби жұмыстарда пайдалану тиiмдi болар едi, оның үстiне менiң кейбiр жазатын күнәларым бар", – деумен қатар, "Екiншiден, менiң арызым қандай да бiр жоғарғы саяси тәртiп тұрғысынан жазылмаған деп есептеймiн. Қандай болғанда да бұған саяси сипат берудi қаламаймын", – дедi. Өзiн ағарту комиссары қызметiнен және газет редакторлығынан босатуды өтiнiп сұраған ол: "шығармашылық қара жұмыспен айналысатын мезгiл жеттi" дей отырып, бұл салада өзiнiң қызметiн пайдалануды ұсынған болатын. С.Сәдуақасовтың арызын талқылау барысында оның арызы жөнiнде және жеке басына байланысты алқа мүшелерi тарапынан әртүрлi пiкiрлер айтылды. Алғашқылардың бiрi болып сөйлеген Тәтiмов: "Сәдуақасовтың бұл жұмыстан бас тартуы неге байланысты екенiн мен бiлмеймiн. Оның осы уақытқа дейiнгi Қазақстандағы жұмысын бiлемiн және оны бiздiң аймақтағы iскер қызметкерлердiң бiрi санаймын. С.Сәдуақасов өзiнiң қабiлеттiлiгi жөнiнен басқа қызметкерлерден әлдеқайда биiк тұр. Ол тек ағарту комиссариатында ғана емес, қаласа басқа да салаларға ауыса алады. …Жазатындар бар, партиядағылар және партияда жоқтар жазып жүр, бiрақ оларды басқару керек. Жолдас Сәдуақасов осы жұмысқа лайықты келетiн iрi масштабтағы қызметкер және көрегендiгi жағынан бәрiмiзден әлденеше рет жоғары тұр", – деп, оның қызметiне лайықты бағасын берсе, Н.Нұрмақов: "Жолдас Сәдуақасовтың iс-әрекетiнiң шынайлығына мен күдiктенбеймiн, ал бiрақ бұл арыздың берiлуi қазiргi уақытта кездейсоқ дей алмаймын. … Сәдуақасовты ағарту комиссариатында алмастыратын адам жоқ демесем де, бұл жұмысқа өзiнiң деңгейi жағынан, қабiлетi жағынан толықтай лайықты және сәттi кандидатура болып табылады. Ағарту комиссариаты басшылыққа тек жақсы әкiмдi қоя салатын орын емес. Мұнда ағарту комиссариатының алдында тұрған барлық мiндеттердi жете түсiнетiн, толықтай мәдениеттi адам керек" – деп, арызды қабылдамай, жұмыста қалдыруды ұсынды.

С.Сәдуақасовтың арызына байланысты талқылау барысында оның өтiнiшiнiң астарынан кiр iздеп, оның жеке басын кiнәлаушылар да қалыс қалмады. Мәселен, О.Исаев мәселенiң түпкi мәнi оқулықтардың бар-жоғында емес екендiгiне, оқулықтардың бұдан бұрын да жоқ болғандығына тоқталып, бiздiң аз да болса қиналып тұрған кезiмiздi пайдаланып, қыр көрсету "өзiн қауiпсiздендiру" деп бағалады. "Өзiн қауiпсiздендiру", "өзiнiң күшiн көрсету" әрекеттерi оқулықтармен ешқандай да байланыспайды дедi. О.Исаевтың пiкiрiн қолдаған I.Құрамысов болса: "Бұнда кейбiр қыр көрсетулер, өзiн-өзi көрсетiп қалу, өзiн көтермелеу бар", – деп жұмыстан босату жөнiндегi арызды қанағаттандыруды сұрады. Осы мәжiлiсте сөйлеген Ж.Мыңбаев, О.Жандосовтар С.Сәдуақасовтың еңбектерiне өздерiнiң лайықты бағасын берiп, мәселенi ушықтырмай, саясиландырмай, астарынан әлдебiр құйтырқылық iздеп әуре болмай және осы жағдайды әлдебiреулердiң өз пайдасына пайдаланбақшы әрекеттерiн сынап жұмыста қалдыру қажеттiгi жөнiнде өз ойларын айтқан болатын. Мәжiлiс соңында сөз алған С.Сәдуақасов өзiнiң өтiнiшiн қанағаттандыруды тағы да қайталап сұрап, кейбiр Исаев, Құрамысов сияқтылардың өзiн басқаша түсiнiп отырғандығын айтты. "Менiң тарапымнан ешқандай да қыр көрсету жоқ. Бiзде қалыптасып отырған жағдайларға байланысты мәселенi шын көңiлiммен қойдым", – дедi. (ҚР ПМ. Қ.141, т.1., iс-490 пп 119-127, 138-146) Мәжiлiс соңында талқыланған мәселе дауысқа салынып, С.Сәдуақасовтың өтiнiшi қанағаттандырылмады. Өйткенi бұл кездегi Қазақстан өмiрiнде әлi де болса Ф.Голощекиннiң күш алып кете алмаған кезi болатын. Ф.Голощекин Орталықтың көмегiмен Қазақстаннан ұлтжанды қайраткер тұлға Сұлтанбек Қожановты ығыстырғанымен де Республикадағы кеңес, партия және үкiмет аппараттарында ұлтжанды қайраткерлер бар едi. Ең өкiнiштiсi, бұдан кейiнгi жылдары әккi, жымысқылығымен Ф.Голощекин қазақ қайраткерлерiн бiрiне бiрiн айдап салу, жiкке бөлу және әртүрлi жалған саяси айыптар тағумен оларды бiрiнен соң бiрiн жауапты қызметтерден кетiрумен болды.

Партия тапсырмаларын, интернационализмдi, пролетарлық таптың жетекшiлiгiн алдына бет-перде еткен Ф.Голощекин шын мәнiсiнде қазақ жерiндегi орталықтың әдейi жiберiлген эмиссары қызметiн атқарып, қазақ тiлiн дамыту, қазақ қайраткерлерiн басшылық қызметтерге тарту, ұлттық республика құру сияқты халқымыздың алдағы өмiрi үшiн аса маңызды мәселелерге барынша тосқауылдар қоюмен болды. Ұлтының болашағы үшiн басын бәйгеге тiккен қазақ қайраткерлерiн "ұлтшылдық", "жiкшiлдiк", "топшылдық" секiлдi айыптаулармен қуғындап, қара күйе жаққанда, олардың өз ұлты алдындағы перзенттiк қызметтерiн таптық тар мағынадағы идеологияның өңi терiс айналдырылған социалистiк принциптерге қарсы қойып бағалады.

С.Сәдуақасовқа “ұлтшыл” деп айып таққанда оның Алаш қайраткерлерiмен байланысын, оларды қолдағанын үнемi алға тартумен болды.

Мәселен, С.Сәдуақасов қолдаған кешегi Алаш қайраткерлерiнiң оқу-ағарту саласында атқарған қызметтерiне Ф.Голощекин қандай баға бердi десеңiзшi. 1927 жылғы партияның 3 пленумында "Iшкi саяси жағдай туралы" жасаған баяндамасында С.Сәдуақасовты оңды-солды айыптай келе, өзiнiң қазақтың ұлттық интеллегенциясын оқу-ағарту саласына пайдалануға қарсы болмағанын, оларды қолдағанын айтып: "… бiрақ мен олардың бiздiң партиямызға әсер етуiне қарсымын, … олардың бiзге идеологиялық жағынан әсер етуiне қарсымын, олардың қолында мектеп, мөр болғанына қарсымын" деумен қатар, қазақ әрiпiне қатысты реформа мәселелерiн қозғап, өзiнiң латынға немесе араб әрпiне көшудi жақтамайтынын, бүкiл қазақ халқын сауаттандыруды жақтайтынын бұл партияның басшылығындағы мәселе екенiн айта келе: "Шын мәнiсiнде мәселе партиядан тыс Бөкейханов пен Байтұрсыновтар тарапынан шешiлiп жатыр, олар қазақтар атынан түрiкологтар съезiнде сөйледi", – дедi. Реформаны жүргiзу мәселесiне партия басшылығын алға тартып, “Қазақстанда 3-4 пайыз ғана сауатты адамдар бар, осы партияда жоқ интелегенция өздерi әлiппе жасап, реформаны өздерiнiң пайдасына шешкiсi келедi” деп iстiң мәнiсiн бұрмалап көрсеттi. "Зиялылардың түпкi ойы жақсы емес, олар өздерi үшiн, 3-4 пайыз үшiн бiзге қажет емес нәрсенi тануда. Бұл ауытқушылық, бұл ұлтшылдық ауытқушылыққа тұтастай жолдас Сәдуақасов кiнәлi", дедi. (ҚР ПМ. Қ-141, т. 1. iс – 38., п 151-152)

Латын алфавитiне көшу немесе қазақ халқы ғасырлар бойы қолданып келе жатқан араб алфавитiнде қалуға байланысты айтыс барысында Ф.Голощекин латынға көшудi жақтамайтынын, партия тәсiлiмен шешуге болмайтындығын, бұл iсте қазақ коммунистерi, интеллигенция өкiлдерi, Қазақстанның қоғамдық күштерiне қалдырғанын айтып, түлкi бұлаңға салғанымен де, “… бұл мәселеде 3% сауатты, 97% сауатсызды кешiктiруде және оларды жеңiл жазуға үйретуге болады, ал 3% араб жазуын бiлетiндер жалпы халықтың мәдени дамуын кешiктiруде", – деп өзiнiң бет-пердесiн ашып бердi. Ф.Голощекин сияқтылар халықты жаппай сауаттандыру жолында жаңа алфавит арқылы "жаңа мәдениет" орнатуға тырысып бақты. Басында А.Байтұрсынов тұрған қазақтың ұлттық интеллигенциясының араб алфавитiнде қалуды жақтағаны мәлiм. Өйткенi араб алфавитi қазақ халқының сонау орта ғасырлардан бергi рухани-мәдени дамуының ажырағысыз бөлiгi болды. Оны өзгерту ұрпақтар арасындағы мәдени жалғастыққа орасан зор зиянын алып келетiн едi. Және солай болды да.

С.Сәдуақасовты және ол қолдаған ұлттық интелегенция өкiлдерiн айыптағанда Голощекин асыра сiлтеп, барлығын Өлкелiк партия комитетiнiң аясына бақылауға алып, өктемдiгiн күшейттi. Әсiресе оқу-ағарту, мәдени-рухани саланы барынша идеологияландырып, өзiнiң жiтi бақылауында ұстады. С.Сәдуақасов басқарған ағарту комиссариатының жұмысынан жемiстi жұмысты көрмеген ол: "Бiз екi жылдың аралығында ағарту комиссариатының жұмысын көрдiк. Партия қарарларының өңiн айналдыруға қарсы Крайком тұтастай бiр жыл бойы күрестi. Бiзге Халық ағарту комиссариатын кiмнiң басқарып отырғаны түсiнiксiз болды. Крайком ба, жоқ әлде Байтұрсынов басшылық рөл атқарып отырған академиялық орталық па?", – деп, бүкiл ағарту комиссариаты ұлтшылдардың қолында дегендей зiлдене сөйледi. (ҚР ПМ. Қ 141, т.1, iс – 38., п 234)

Ақыр соңында неше түрлi жалалармен "байшыл, ұлтшыл идеологияның" негiзiн салған С.Сәдуақасов 1927 жылы 22-маусымда Халық ағарту комиссары қызметiнен босатылып, Ташкент қаласындағы педагогика институтының ректорлығына жiберiлдi. Сөйтiп, Ф.Голощекин өзiнiң тағы бiр басты қарсыласын ығыстырып, Қазақстандағы идеологиялық майданда кеңiнен шабуылға шығуға мүмкiндiк алды. Бұл шабуылдың арты бүкiл қазақтың ұлтжанды қайраткерлерiн қаралап, ақыр соңында оларды түрмеге тоғытумен, әртүрлi жазаларға тартумен ұласты.

С.Сәдуақасов қызметiнен алынғаннан кейiн, оның ағарту комиссары кезiнде атқарылған жұмыстарды жоққа шығару, қаралау науқандары Ф.Голощекиннiң басшылығымен қызу жүргiзiлдi.

Еңбектерi осы уақытқа дейiн бiрнеше рет өңделiп, қайта басылып келген А.Байтұрсыновтың, Т. Шонановтың, Х.Досмұхамедовтың, М.Әуезовтың және тағы басқа ұлттық зиялылардың еңбектерiне тыйым салынып, оқу жоспарларынан алынып тасталды. Авторлардың оқулықтары баспасөз беттерiнде "сын тезiне" алынып, қаралана бастады. Ф.Голощекиннiң әуенiне қосылған қазақтың кейбiр "пролетар әдебиетiнiң" өкiлдерi Ә.Байдiлдин, Ғ.Тоғжанов және басқалар да қалыспай С.Сәдуақасовты әшкерлеумен болды. С.Сәдуақасовтың Халық ағарту комиссариатын басқарған кезiнде оның көмегiмен реакциялық-контреволюциялық бағытта жазылған М.Әуезовтың "Қарагөз" пьесасының бiрiншi орын алғаны

Серіктес жаңалықтары