ҚАСИЕТТI ҚАРА ШАНАҚ
ҚАСИЕТТI ҚАРА ШАНАҚ
Қазақтың төл өнерiнен бренд жасау мәселесi айтылғалы бiраз жыл болды. Бiрақ, оған ненiң лайық екенiн атаған әлi ешкiм жоқ. Ұлттық рухты ұлықтап, ұлттың жоғын жоқтауды неден бастау керек екендiгiн бiлмей аңырып жүргенiмiзде, Қытайдағы екi миллиондай қазақ бiздiң алдымызды орап кеттi. Олар бiр емес, қазақтың екi бiрдей дара туындысын Гиннестер кiтабына жазғызып үлгердi. Оның бiрi — бiр жолда он үш мыңнан астам адам билеп, әсемдiгiне көз тойғызған — "Қара жорға" биi болса, екiншiсi "Кеңес" күйiн күмбiрлеткен қасиеттi қара шанақ — домбыра.
Екеуi де қазақтың ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан төл мұрасы. Бiр өкiнiштiсi сол – бұл мұралардың Гиннестер кiтабына ресми Қытай елiнiң атынан енуi. Бәлкiм онда "Қара жорға" мен қара шанақтың қазақ мұрасы екендiгi айтылған шығар. Дегенмен, Қытай қоластындағы қазақ жерi – Қытайдың бiр провинциясы деп аталатыны анық қой. Демек, бiздiң домбыраның да өзгелердiң қанжығасына кетуiне көз жұма қарағанымыз ба?
Қазақтың төл өнерi Қазақтың қара шаңырағында неге ұлықталмайды? Қытай қазақтарындағы өнерге, ұлтқа деген сүйiспеншiлiк неге өзiмiзден табылмайды? Ұлттың ұлылығын айғақтайтын маңызды атрибуттарының бiрi – өнер, мәдениет. Ұлттық мәдениетiн ұлықтай бiлген ел ғана озады. Бұл орайда бiздiң iстеп жатқан әрекеттерiмiздiң берекесi неге қаша беретiндiгi түсiнiксiз.
"ҚАРА ЖОРҒАҒА" КӨҢIЛ ЕНДI БӨЛIНЕ БАСТАДЫ
Былтыр күзде Қытайда 13 мыңнан астам адам бiр жолда "Қара жорға" биiн билеп, айды аспанға бiр-ақ шығарды. Осыдан кейiн ғана, "Қара жорға" биiне деген ынта-ықылас оянды. "Қара жорғаны" Қазақстанға алғаш әкелушiлердiң бiрi Арыстан қажы Тосын мырза бұған дейiн талай жерде өнер көрсетiп, қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлы өнерi бар екенiн паш етiп жүрсе де, дәл қазiргiдей ықыласқа ие болмаған едi. Әлем мойындағаннан кейiн ғана, қазiр "Қара жорғасыз" тойдың да, бидiң де сәнi келмейтiндей деңгейге жеттiк. Арыстан атамыз Азиада ойындарының осы "Қара жорға" биiмен ашылуын көрудi армандайды.
ҚАРШЫҒАНЫҢ АРМАНЫН КIМ ЖАЛҒАСТЫРАР?
Дәл осы Азиада ойындарында 2500 домбырашының басын қосып, "Адай" күйiн күмбiрлетудi армандап жүретiн дәулескер күйшi, Қазақстанның Халық әртiсi Қаршыға Ахмедияров күнi кеше дүниеден озды. Бұған дейiн, Қаршыға ағамыз 600 күйшiнiң басын қосып, Оқушылар сарайында Құрманғазының "Балбырауынын" балбыратып, Тәттiмбеттiң "Сарыжайлауын" шалқытып, Дәулеткерейдiң "Қос алқасын" күмбiрлетiп, Құрманғазының "Адайы" мен "Сарыарқасын" төгiлткенде ұлттық рухы шымырлап, бойындағы қазақы қаны тасымаған жан болмаған шығар. Бiрақ, өкiнiштiсi сол, осы бiр айтулы өнер мейрамының насихаты тым сараң болды. Бiр-екi телеарнада жай ақпарат ретiнде берiлгенi болмаса, қазақ өнерiндегi ерекше құбылыс атаусыз қалды. Сол кезде "Дала мен қала" газетiне сұхбат берген Қаршыға Ахмедияров ағамыз қазақ тарихында Атырау облысында мың жарым адамның бiр жолда домбыра тартқанын айтқан екен. Ол 1957 жылы Нұрғиса Тiлендиев пен Сейiлхан Құсайыновтың жетекшiлiгiмен жүзеге асыпты. Қаршыға ағамыз сол кезде 600 күйшi сиятын үлкен сахнаның жоқтығын айтып қынжылған екен: "Бiзде қазiр 600 адам сиятын үлкен сахна жоқ. Ел тiзгiнiн ұстап отырған ағайын осы жайлы ойлануы керек. Алғашында циркте болады деп едi, бiрақ, оның акустикасы 600 адамға ойластырылмаған екен. Ал, Студенттер сарайында жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр. Одан кейiн Республика сарайына көшiп едi, онда да бiр жұмыс шығып қалды. Сонымен, ендi бастап қойған шаруаны аяқтауға тура келдi" деген ол келешекте Гиннестер кiтабына қазақтың қара домбырасын енгiзетiндiгiне сенiмдi екендiгiн жеткiзiптi. Ол кiсiнiң арманында 20 мың домбырашыны бiр мезетте күй тарттыру болған екен. Өкiнiшке қарай, әлемдiк рекордтар кiтабына қазақ өнерiн қазақтың қара шаңырағы емес, Қытайдағы қандастарымыз енгiздi. Бiр жолда он мыңнан астам адам "Кеңес" күйiн тартып, Гиннес кiтабына домбыра аспабын енгiздi. Ендi бұл рекордты жеңу үшiн, Қаршыға ағамыздың арманын орындап 20 мың орындаушысы бар оркестр құру керек. Бiрақ, оны кiм қолға алады? Қаршыға ағамыздың орындалмаған арманын кiм жүзеге асырады? Осы жағы бұлыңғыр.
P.S. Биыл мамырдың 30-ында Қытайдың не бәрi 93 мың тұрғыны бар Толы ауданында 10450 домбырашы бiр мезетте "Кеңес" күйiн ерекше бiр сезiммен, ерекше бiр тебiренiспен орындап шыққан. Гиннестiң рекордтар кiтабына тiркеуге келген өкiлдердiң өзi бұл құбылысқа ерекше таң қалған екен. Аудандағы 93 мың адамның 73 пайызы қазақтар.
Есенгүл Кәпқызы