ИНВЕСТОРЛАРҒА ЕСIК АШЫҚ
ИНВЕСТОРЛАРҒА ЕСIК АШЫҚ
Бүгiнде елiмiзге инвестиция тарту мәселесi басты мiндеттердiң бiрiне айналған. Ел экономикасы шетелдiк қаржыландыру үшiн өте қолайлы үштiктiң қатарынан көрiнiп жүр. Саяси тұрақтылық, iшкi экономикалық ахуал мен индустриялды-инновациялы дамуға бет бұрған мемлекетiмiзге қаржы құю кiмге де болса оңтайлы. Маусымның 3-4 аралығында өткен IV Инвестициялық саммит iрi компаниялар мен инвесторлардың басын бiрiктiрдi, ортақ мүдделер мен мақсаттарды анықтады. Ал ең бастысы, жаңа инвестициялық жобалар бойынша меморандумға қол қойылды, бұл өз кезегiнде елiмiздегi инвестициялық салымдардың санын арттырары даусыз. Ал саммитке арнайы келген шолушылар мен сарапшылар экономиканың қай саласы қаржыландырусыз, яғни босаңсып тұрғанын анықтаған.
"Бұл жолғы инвестициялық саммит Президент жанындағы Шетелдiк инвесторлар кеңесiнiң кезектi 23 мәжiлiсi қарсаңында өтуде. Жиын аясында өтетiн пiкiрталас пен жүздесулер өз жемiсiн бередi деген сенiмдемiн. Мен шетелдiк инвесторлармен қоян-қолтық жұмыс iстеуге, инвестициялық ахуалды жақсартуға қатысты барлық мәселелердi ашық талқылауға үнемi көңiл бөлiп келемiн", — деп IV Инвестициялық саммиттiң ашылу салтанатында ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев қонақтарды бiр серпiлтiп қойды. Сондай-ақ, Елбасы елiмiздегi экономиканы жақсартуға, өндiрiс мүмкiншiлiктерiн дамытуға бағытталған бағдарламаларды атап өтудi жөн көрдi. Себебi, нақты осы бағдарламалар негiзiнде инвестиция тарту қажеттiлiктерi туындап отыр. Ал елiмiзде инвестициялық саммиттi төртiншi рет өткiзiп отырса да, "Интернэшнл Геральд Трибьюн" басылымының шығарушысы Стивен Данбар-Джонсон мырза: "Мен Қазақстанға алғаш келерде ескi посткеңестiк елдi көрем деп ойладым" деп бастады сөзiнiң бiссiмилләсiн.
Тәуелсiздiк алған жылдардан берi елiмiзге 108 миллард доллар инвестиция салынған. Бұл Орталық Азия елдерiне құйылған капиталдың 80 пайызын құрайды. Қазiр шетелдiк капиталы бар 20 мың кәсiпорын ел экономикасына өз үлесiн тигiзуде. "Жақын арада "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры инвесторлар үшiн аса iрi жобаларды жариялайды. Үкiмет тарапынан мақұлданған Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы жобалардың жартысын қазiргi таңда Ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландыруда. Бұл 32 жобадағы қаражаттың жалпы сомасы 20 миллиард доллардан астам" дедi осы орайда "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келiмбетов.
Басымдық қосымша құны жоғары өнiм өндiрудi қамтамасыз ететiн жобаларға берiледi. Инвестицияны тартуда өндiрiстiң 12 саласы ерекше айқындалып отыр. Атап айтар болсақ, металлургия, мұнай-химия өнеркәсiбi, құрылыс, агроөнеркәсiп пен көлiк және телекоммуникация саласы әлемде желiлiк кәсiпке қол жеткiзген қаржыгерлердi қызықтырса керек. Қазақстан тiкелей инвестицияларға, әсiресе, экономикамыздағы шикiзаттан тыс салаларға қолайлы жағдайды орнықтыруды алға қойып келедi. Бүгiнгi таңда шикiзаттан тыс салада — 7 мыңнан астам жоба жұмыс iстеуде. Бұл топқа "Женерал Электрик", "Арселор Миттал", "Метро", "Шеврон" компанияларын шоғырландыруға болады. Шикiзаттан тыс инвестиция салуға SETCO компаниясының бас директоры Ибрахим Аль-Турки (Сауд Арабиясы) құлшыныс бiлдiрiп отыр. "Әзiрге Қазақстанға инвестиция салғаным жоқ. Бiрақ мұндағы жайлы мүмкiншiлiктер ерiксiз көңiл аудартты, ендi осы мәселенi мен секциялық бөлiмшелерде қарастырамын. Болашақта тамақ өнеркәсiбi, жеңiл өнеркәсiп бойынша қаржы салғым келедi, әзiрге шолу ретiнде келiп отырмын", — деп қалды.
Бiр ескеретiнi, 2020 жылға дейiнгi елдiң стратегиялық даму жоспарына Орталық Азиядағы шетелдiк инвестицияға ең тартымды мемлекетке айналу мiндетi кiргiзiлген. Бұл мәселенiң жүзеге асу мүмкiндiгi артып келедi. Оған дәлел, соңғы кездерi шеттен келген инвестицияны жан басына шаққанда елiмiз 10 жыл бойы дүниежүзiндегi алғашқы үштiкке тұрақты түрде енiп жүр. Лозаннадағы Халықаралық менеджмент дамуы институтының бағалауы бойынша, Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгi 2008 жылы 3 сатыға, 2009 жылы тағы да 3 сатыға жоғарылаған. Бұл дегенiмiз, Қазақстанның 33-шi орыннан көрiнгенiн аңғартады.
Сонымен қатар инвесторлар мен отандық кәсiпкерлерге Қазақстан, Ресей және Белорусь Кеден одағы импорт және экспорт бойынша мүмкiндiктер қамтамасыз етуде. “Жалпы iшкi өнiмi 2 триллион долларды құрайтын 170 миллион халқы бар тауар нарығынан тек ұтуға болады” дейдi сарапшылар. "Алстом" компаниясының президентi Филипп Меллье кедендiк одақтың пайдаға шаш-етектен батыратынын болжап отыр: "Бүгiнгi таңда "Қазақстан темiржолы" компаниясымен бiрлесiп экспортқа шығаратын тауар дайындаймыз. Бұл үшiн 66 миллион АҚШ долларын инвестиция ретiнде салып отырмыз. Ал кедендiк одақ бiз үшiн тиiмдi болмақ" деп атап көрсеттi.
“Инвестиция негiзiнде ашылған компанияларда жергiлiктi халық жұмыс iстей ме?” деген сұрақ туындайды. Сарапшылар назарына бұл тақырып та салынды. Билiк инвесторлардан отандық мамандардың тек осындағы зауыттар қабырғасында жұмыс iстеуiмен қатар шетелдерде бiлiм алуын ұсынды. "Шеврон" корпорациясы вице-президентi Джордж Киркланд:
— "1993-жылы ТШО қызметкерлерiнiң 50 пайызы ғана қазақстандықтар болса, қазiр ол 84 пайыздан асты. Ал, басшылық қызметтердiң 75 пайызын жергiлiктi мамандар иеленiп отыр" дедi, "Лукойл Оверсиз холдингiнiң" перзидентi Андрей Кузяев "Лукойл" операторлық ететiн барлық жобалардағы қазақстандықтардың үлесi 90 пайыздан асатынын айтты.
ИНВЕСТИЦИЯҒА ҚОЛАЙЛЫ ЭКОНОМИКА ҚАЙДА?
Инвестициялық салымдар жөнiнен елiмiз ТМД мемлекеттерiне шаң қаптырып кеттi. Себебi барлық өндiрiс саласы бойынша арнайы жобалар рет-ретiмен iске асып жатыр. Ал шикiзат саласы өндiрудi, өңдеудi талап ететiнi белгiлi. Инвестициялық саммитте Вице-премьер Әсет Исекешов осы мәселелердi айта келе, "инвесторлар үшiн барлық жағдайдың жасалып жатқанын" естен шығармады. Ал Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бұл мәселенi нақты цифрлармен дәлелдей түстi. "Қаржы дағдарысының шарықтау кезеңiнде банктердiң сыртқы берешегi 46 миллиард долларды құрады, бұл ЖIӨ-нiң 50 пайызы. Қазiр банктердiң сыртқы қарызы 25 миллиард доллар шамасында. Ол биыл 16-17 миллиардқа азайып, ЖIӨ-нiң 15 пайызын құрамақ. Бұл үлкен жетiстiк". Ал-Хилаль және Азия Даму банкiмен келiссөздер жүргiзiп жатқанын да жасырмады. Сондай-ақ, биыл инфляция көлемi 6-8 пайыз болады деп болжанып отыр. Осындай көрсеткiшке тұрақтаған экономика кiм-кiмнiң де көзiн қыздырары анық.
Бүгiнде банк активтерiнiң 3-тен бiр бөлiгi шетелдiк инвесторлардiкi. Әлемдiк тәжiрибедегi макропруденсиалды басқару елiмiздiң экономикасына бейiмделiп барып қолданылу қажет. Дағдарыс кезiнде банктердiң бiразы тоқырап қалғаны рас. Есесiне осы дағдарыстың арқасында қаржы саласында көптеген түзетулер енгiзiлдi. Ал инвесторлар үшiн құнды қағаздар мен құжаттарды рәсiмдеуде жеңiлдiктер қарастырылды. ҚР Қаржы министрлiгiнiң жауапты хатшысы Наталья Коржова табыс көзiне қарай қойылатын салық төмендетiлгенiн ескерттi.
МИЛЛИАРДТЫҚ ЖОБАЛАР ЖЫМЫҢДАЙДЫ
IV инвестициялық саммит барысында бекiтiлетiн жаңа инвестициялық жобалар жұртшылық назарына ұсынылды. Бас-аяғы 9 жобаның барлығы дерлiк шикiзаттық өндiрiс саласына бағытталып отыр. Саммит қарсаңында екiжақты келiссөздер жасалып, компания өкiлдерi қол қою рәсiмiне қатысты. Сонымен, 2010-2014 жылдар аралығында "Самұрық" әл-ауқат қоры мен Еуропа Даму банкi (EBRD) келiссөздерге қол қойды. "Берiлiп отырған жоба Еуропа даму банкiнiң дағдарысқа қарсы шаралар пакетiнiң бөлiгi ретiнде қазақстандық тұрақты компанияларға дағдарыс салдарларын жеңiп шығып, өсу жолына тезiрек оралуына көмектесуге шақырған Банктiң жаңа қадамы болып табылады" дедi ЕҚДБ президентi Томас Мироу.
"ҚазМұнай Газ" ұлттық компаниясы "толық аяқтап тапсыру" шартында битум зауытының объектiсiн салу бойынша сатып алу туралы келiсiм жасады. "Каспий Битум корпарейшн" ЖШС және "ҚазҚұрылысСервис" МГҚК мен СИТИК Констаркшн арасындағы келiсiмшарт негiзiнде, 2011 жылы құрылыс аяқталғаннан кейiн Қазақстан БНД 60/90, БНД 90/130 маркалы жол битумдарын және жылына кемiнде 400 мың тонна көлемiнде полимер түрлендiрiлген битумдар шығара бастайды. Бастапқы шикiзат ретiнде 1 миллион тонна Қаражанбас орнының мұнайын пайдалану жоспарланып отыр.
Инвестициялық саммитте дүниеге келген жаңа жоба ретiнде "ҚазМұнайГаз" бен Статойл АСА арасындағы шартты атауға болады. Бұл жобаға сәйкес тараптар елiмiздегi және басқа да шет мемлекеттердегi көмiрсутегi шикiзатын өндiру әлеуетiн бағалауды жоспарлап отыр. Ал бастапқы нәтиже ретiнде "Абай" учаскесi қолға алынады. Бұдан өзге де ел экономикасының өзектi өндiрiс салалары бойынша импорт және экспорт тауарларына қатысты келiссөздер жасалды.
Жалпы, инвестициялық саммит алғаш ұйымдастырылып отырған жоқ. Алыс-жақын шетелден құйылатын инвестицияға есiк ашық. Өндiрiстiң қай саласы болмасын бүгiнде бәсекелестiктi, әлемдiк деңгейде дамуды көздеп отыр. Сондықтан инвесторлар мен жергiлiктi билiктiң басын бiр жерге қосып, осы төңiректе туындаған проблемаларды, сондай-ақ заңнамалық өзгерiстер мен өндiрiстiк мүмкiндiктердi ортаға салып, ортақ пiкiрге келдi.
Ақниет ОСПАНБАЙ