ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ҚАРАКӨЛЕҢКЕ ТҰСТАРЫ

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ҚАРАКӨЛЕҢКЕ ТҰСТАРЫ

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ҚАРАКӨЛЕҢКЕ ТҰСТАРЫ
ашық дереккөзі
143

ТАРИХПЕН ТӘРБИЕЛЕУ – ҰЛТТЫҢ КЕЛЕШЕГI

Қалың халық, әрбiр практикалық қызметкер халқымыздың ұлттық бiрлiгiн қалыптастыру, негiзгi ұлт пен өзге этностық топтар, түрлi конфессиялар араларында жарасымды қатынастарды сақтау және дамыту орайындағы алда тұрған мiндеттердi айқын ажырата алуы тиiс. Мұны ұлт бiрлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жоспарында мұқият ойластырып, басшылыққа алынар құжатта тұжырымдап көрсету аса қажет. Ал ұлттық бiрлiкпен өрнектелетiн ел тұтастығын нығайтуды қамтамасыз ету үшiн – Қазақстанның қазiргi кезеңдегi полиэтностық келбетiнiң қалыптасу тарихын жақсы бiлген жөн. Өзiңдi де, өзгенi де тарихпен тәрбиелеу содан басталады. Сонда мәселенiң бүгiнгi таңдағы өзектiлiгi ешқандай бұрмалаусыз, дәл түсiнiледi.

Құр бос сөз болмас үшiн, нақты ұсыныс айта кетейiк. Бұдан жиырма жыл iлгерiде қабылданған Егемендiк жайындағы декларацияда қазақ ұлты мен өзге ұлт өкiлдерiнiң бiрлесiп қазақтың ұлттық мемлекеттiлiгiн жаңғырту, нығайту жоспары ұлы мұрат ретiнде атап айтылғаны мәлiм. Одан бергi кезеңдердегi ел тұтастығын баянды етудi көздейтiн құжаттарда Декларацияда белгiленген тәуелсiз ұлттық мемлекет құру бағытындағы дәйектемелер орын ала қалса, онда төмендегi секiлдi деректердi қамтитын жолдар көпшiлiкке ой салатындай, әркiмдi мәселенi терең ұғуға жетелейтiндей дәрежеде кiргенi мақұл болар едi.

Дербес ұлттық мемлекеттiлiк жайынан аз сөз. Қазақтардың ұлттық мемлекеттiгiнiң iргесi өз атамекенiнде, Алтын Орда ыдырағаннан кейiнгi тарихи жағдайда, тұңғыш рет өз атымен 1456 жылы қаланды. Аз уақытта Қазақ хандығы аталып, осы күнгi аумағында тарих сахнасына шықты. Халқымыз 17 жүзжылдықтың алғашқы жартысынан бастап екi ғасыр бойы өз жер-суын қорғау үшiн, шығыстан дүркiн-дүркiн килiккен Жоңғар хандығының апатты шапқыншылығына, терiстiгi мен батысынан кимелеген орыс империясы казактарының, башқұрттар мен қалмақтардың қанды жорықтарына қарсы ұдайы соғысуға мәжбүр болды. Ұлттық бiрлiктi терең сезiнудiң арқасында, ғасырлар бойы аттан түспей, елiнiң алып аумағын найзаның ұшымен, бiлектiң күшiмен қорғап, сақтап қала алды.

Патша өкiметi тұсындағы тәуелдiлiк пен бодандық хақында. Үздiксiз соғыстан қажып, титықтаған елдiң басшылығын Ресей империясының үкiметi 18 ғасырдың 30-жылдары айла мен арбау әдiстерiн оңтайлы қолдана отырып, батыс өлкенi протектораттыққа алуға көндiрдi де, сол ғасырдың аяғына қарай қазақ жерiн өз құрамына күшпен қосып алуға кiрiстi.

Империя 19-ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың мемлекеттiлiгiн толығымен жойды. Отарлаушыларға қарсы көтерiлген қозғалыстардың бәрiн қан-жоса етiп тұншықтырды. 19-ғасырдың екiншi жартысында оңтүстiк өлкенi жаулап алды. Осылай, қазақ жер-суын Ресейге қосып алу аяқталды.

Мұстафа Шоқай кезiнде тура атап айтқандай, орыс солдатының артында ұдайы орыс мұжығы iлесiп жүретiн: сөйтiп, iшкi губерниялардан қоныс аударушыларды көшiрiп әкелiп орнықтыру арқылы, Патша өкiметi басып алған аумақтарын орыс жерiне айналдырып жiберуге тырысты. Осылай, Ресей империясы отарлаудың ең қатыгез де арсыз, мейлiнше зымиян түрiмен шұғылданды. Бұл жұмыс 1891 жылғы "Дала ережесi" деп аталған заңнамалық құжаттан соң мүлдем қарқындата жүргiзiлдi. Күллi қазақ жер-суы мемлекет меншiгi деп жарияланды. Соның негiзiнде қазақтардың шұрайлы қоныстары орыс қоныс аударушылары үшiн озбырлықпен тартып алына бастады. Халықты рухани қыспаққа түсiрiп, мешiттер салуға тыйым салынды, шiркеулердi көбейту және жергiлiктi халықты шоқындыру әрекеттерi орын алды, империяның отардағы болашақ сенiмдi орындаушы-қызметшiлерiн әзiрлеу үшiн балаларды орыс мектептерiнде оқытуға мәжбүрледi.

Кеңес өкiметi тұсында жер мен сананың жаңаша отарлануы. Әйгiлi орыс революциялары нәтижесiнде қазақ жұрты мемлекеттiлiгiмiздi қалпына келтiрiп жаңғырттық деп қуанды, алайда, империяның жаңа кейпiн киген Кеңес өкiметi оны 20-жылдардан бастап жаңаша ауыздықтады. "Большевиктердiң аштық саясаты" (М.Шоқай) көшпендi жұртты ұлттық апатқа ұрындырды: қазақ 1917-19 жж. жалпы мөлшерiнiң бiр ширегiн, 1921-23 жж. сол кезгi мөлшерiнiң тағы бiр ширегiн, ал 1931-33 жылдары – аштан қырылғаны бар, шамасы жеткендердiң шет елдерге асып кеткенi бар, сол қарсаңдағы санының жартысын жоғалтты.

Ашаршылық зобалаңы мен оған астастыра басталған репрессиялар ұлттық сананы ойсырата деформациялады.

Жер-суы мен халқы Орта Азиядағы 1924 жылғы ұлттық-аумақтық межелеуден соң бiр шаңырақ астына топтастырылған кезеңде қазақ республика тұрғындарының үштен екi бөлiгiнен астамын құрайтын. Сол кезде билiктегi қазақ азаматтары 1920 жылы жарияланғанмен, шынайы келбетiне ие бола алмаған ұлттық республика үшiн ұдайы күресiп келгендерiн, ендi, екi өлке жер-суы барша жұртымен бiрiгiп, халықтың алпыс сегiз пайызы қазақ болуы – бұл күрестiң аяқталуын көрсетiп тұрғанын, сонымен бiрге осы сәттiң оны (ұлттық республиканы) жасау жолындағы жасампаз жұмыстың басталуын бiлдiретiнiн айтқан едi. Алайда жаңа тұрпатты отаршылдар ондайды (шын мәнiндегi ұлттық республиканың орнауын) қаламайтын, сондықтан да орталық өзiндiк ой-пiкiрi бар қазақ азаматтарын билiктен тез тайдырды…

Республика азаматтарын жазықсыз саяси қуғын-сүргiнге ұшыратты. Тәркiлеу, отырықшыландыру, ұжымдастыру сынды күшпен жүргiзiлген солақай реформаларға қарсылық ереуiлдерiн қарулы әскери жасақтармен қисапсыз қырғын жасай отырып басты (Кеңес билiгi тұсында саяси жазалаулардың нахақ құрбаны болған 340 мыңнан астам адам, соның iшiнде тек 1937-38 жылдары сотталғандардың 120 мыңдайы және атылғандардың 25 мыңдайы жеке басқа табыну әшкереленгеннен бергi уақытта және Тәуелсiздiк жылдары ақталды).

Фашизммен соғысқа халқымыз жарты миллионға жуық ұл-қызын аттандырды (олардың төрттен үш бөлiгi майдан далаларында қаза тапты), әскери-өндiрiс кәсiпорындарымен бiрге орталықтан қоныс аударғандарды, өз тарихи отандарынан сенiмсiздiк танытылып күшпен көшiрiлiп әкелiнген түрлi ұлт пен ұлыс өкiлдерiн – үлкендi-кiшiлi диаспораларды – құшақ жая қарсы алып, баспана, нан-суымен риясыз бөлiстi.

Өкiметтiң тартымды уәделермен бүркелген алдамшы саясаты ашаршылық апаты салдарынан босап қалған кеңiстiкке Одақтың еуропалық бөлiгiнен, Сiбiрден көшiп келушiлерге есiктi айқара ашып қойды. Алып қазақ даласы концентрациялық лагерьге айналдырылып, Кеңес Одағының шартарабынан тасымалданған сотталғандар күшiмен казармалық социализм көрiгi қыздырылды. Индустрияландыру, тың игеру ұрандарымен қазақ жерiне жаңа өмiр құрушыларды топырлата төгу арқылы ел аумағын жаңаша отарлап, "Патша өкiметiнiң ғасырлар бойы қолынан келмеген iстi Кеңес өкiметi бiр-екi-ақ жылда жүзеге асырды" (Н.Хрущев).

Республика картасында Кеңес Одағының шартарабынан өзге жұрт өкiлдерi өздерiмен ала келген бөтен географиялық атаулар жыпырлап, қазақ ауылдары олардың ара-арасында ұсақ аралдай шашылып қалды. Қазақтың дәстүрлi экономикасы тұралатылды, санасы шегенделдi, ұлттық мектептерi жаппай жабылды. Билiк күшiмен осылай қалыптастырылған жағдай қазақ балаларын орыс мектептерiне беруге мәжбүрледi. Мемлекеттiк, шаруашылық және қоғамдық тыныс-тiршiлiктен қазақ тiлi түгелге жуық дерлiк дәрежеде ығыстырылып шығарылды, "Коммунизмге бiр ғана орыс тiлiмен бару!" ұраны көтерiлдi, "орыс тiлi – екiншi ана тiлi" ұғымы өмiрге енгiзiлдi.

Қазақтың өз жерiнде халықтың үштен бiрiне де жетпейтiн деңгейге түскен мүсәпiр қалпын, тiлiн, тарихын, мәдениетiн, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрiн ұмытудың аз-ақ алдында қалған қасiреттi ахуалын өзге жұрт бiлген жоқ. Оны өзге түгiл, қазақтың өзiне де бiлгiзбеу, оның осы халiн биiк өркениетке апарар сара жол ретiнде ұғындыру саясаты жүргiзiлдi.

Орыстандыру мен отарлау саясаты жеңiстi шыңына шыққан елуiншi жылдардың ортасында қазақ республика тұрғындарының үштен бiрiне де жетпей қалды. Тек содан берi халқымыздың бастан кешкен демографиялық дүмпу үдерiсi нәтижесiнде ғана қазақ халқы 70-80-жылдары ес жиып, қатарын көбейттi, "Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы" деп әспеттелген саясат ауқымында мүмкiндiк берiлген деңгейге дейiн, сапалық тұрғыда да iлгерiлей бастады.

Ұлттық сана-сезiмi оянған қазақ жастарының 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда орталықтың империялық озбырлығына қарсылық бiлдiрген демократиялық қозғалысына төзбеген астамшылы билiк әскери күш қолданып, отар құлдарының метрополияға қарсы шыққан ақтық ұлт-азаттық көтерiлiсiн тұтандырды. Желтоқсан ереуiлi аяусыз басып-жаншылды, оның себеп-салдары жұртшылықтан жасырылып, мыңдаған азаматқа – жұмыстан, оқудан шығарудан және партиялық, комсомолдық жазалар беруден бастап, қисынсыз жалған айыптармен соттауға дейiн – түрлi репрессиялық шаралар қолданылды.

Мемлекеттiк тәуелсiздiк тұсындағы ахуал. Бұл орайда қолдағы iрi жетiстiктерiмiз жайындағы көпке мәлiм деректердi қайталамай-ақ, оған қосымша, кейбiр кемiстiктерiмiздi еске сала кеткен дұрыс болатын тәрiздi. Мәселен, 1991 жылы Мемлекеттiк тәуелсiздiк актiсi қабылданғанда, жоғарғы билiкте қазақ мүддесiн көздеуден негiзiнен бойын аулақ салатындар мол болғандықтан, сол кезгi парламент – содан бiр жыл бұрын жария етiлген Декларация тұжырымдарын нақты орындаудан аулақтап, "Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы" тiркесiнен тек идеологиялық анықтауыш сөздердi алып тастаумен шектелуге батылдық ете алмады. Соның салдарынан "Қазақстан Республикасы", яғни "Қазақелi Республикасы" – халықтың емес, географиялық ұғымның республикасы деген мағына беретiн тiркеске тоқталды. Бұл ел мен жер иесi болып табылатын қазақ халқына қатысты тарихи әдiлеттiлiктi қалпына келтiрудi парыз ретiнде сезiнбеудiң, шындап келгенде, оны сыйламаушылық пен менсiнбеушiлiктiң нақты көрiнiсi едi.

Титулды ұлт пен этностық топтар, ұлыстар өкiлдерi арасындағы, дiндер араларындағы мақтанышпен айтылатын төзiмдiлiктi, тұрақтылық пен тыныштықты сақтау мақсатында бар салада да қазақтың ұлттық мүддесi екiншi қатарға ысырылумен келедi. Мәселен, қазақ тiлi мемлекеттiк тiл ретiнде Тәуелсiздiктен екi жыл бұрын жарияланғанмен, содан берi жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, әлi тиiстi тұғырына қондырылған жоқ. Конституциялық талапты бiрiншi кезекте билiк тармақтары, мемлекеттiк аппараттар, бюджеттiк мекемелер, оның iшiнде қаржы-қаражат, салық орындары орындамай отыр. Тиiсiнше, мемлекеттiк тiлге қажеттiлiк ахуалы жасалар емес.

Соның салдарынан, iскерлiк мақсатпен Қазақстанға келген шетелдiк компаниялардан, шағын және орта бизнестен, шетелмен бiрлескен кәсiпорындардан мемлекеттiк тiлде қатынас жасау талап етiлмейдi. Көруге қолайлы уақытта жекеменшiк түгiл, мемлекеттiк телеарналардың өзi қазақ тiлiнде бағдарламалар көрсетпейдi. Телеарналардан хабар тарату уақытының ең кемi жартысын мемлекеттiк тiлде беру – тiлдiк ортаны қалыптастырып-дамыту үшiн талап етiледi, бұл жәйт заңдарда анық жазылған. Алайда заңдарды қадағалайтын министрлiк пен соттардың өзi оны бұрмалап, "елу пайыздық талап орындалып отыр, заң бұзылған жоқ" деп, сауатсыздықпен үндескен бейпатриоттық ұйғарым жасаудан танбай келедi.

2009 жылы қазақтың үлес салмағы мемлекеттегi халықтың үштен екiсiнен асып, 1924 жылы орын алған жағдайға сексен бес жылдан кейiн қайта жеттi, тиiсiнше, тағы да шын мәнiндегi ұлттық мемлекет жасауға қолайлы тарихи сәт туды. Осы орайда Қазақстандағы диаспоралардың баршасы қазақ халқын шын құрметтейтiнiн iс жүзiнде көрсетiп, оны мемлекет ұйыстырушы ұлт ретiндегi тарихи орнына көтеру үшiн, төңiрегiне тығыз топтасуға тиiс. Әр кезгi билiктiң солақай саясаты салдарынан қазақ халқының кемсiтiлуiне, тарихи құқтарының шектелуiне өз ерiктерiнен тыс, жанама түрде болса да, қатысты болғандықтарын iрiлi-ұсақты этностық топтар бiлгенi жөн. Соны сезiну арқылы саналы түрде қазақ ұлтының қасына топтасып, ұлттық мемлекет құрылысына бiр кiсiдей атсалысуды мұрат етуi керек.

Мұндай ерiк-жiгер шын мәнiндегi ел тұтастығына қызмет ететiн ұлттық мемлекет орнатуға қажет келiсiм мен тұрақтылықтың iргетасы болып қаланады. Ал бұл – қазақ ұлты мен қазақ жерiнде тұратын күллi ұлыс азшылықтары бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, бiрлескен ахуалда ұлттық мемлекеттi тиянақтап орнату – болашақта кемел азаматтық қоғам құруға бекем кепiлдiк беретiн жәйт. Мұны қош көрмейтiндердiң, "нелiктен қазақтар мемлекет ұйыстырушы деп саналу керек, қазақтан өзгелер де салық төлеушiлер ғой" деп көлгiрситiндердiң нағыз арандатушылар, тәуелсiздiктiң мысық тiлеулi жолбикелерi екенiн ашып айтатын уақыт келдi.

1990 жылғы Декларацияда жария етiлген ұлттық мемлекет құру мақсатын жүзеге асыру жолында Қазақстан Республикасы халқының ұлттық бiрлiгiн қамтамасыз ету, қалыптастыру және нығайту – мемлекеттiң қауiпсiздiгi мен тәуелсiздiгiн баянды етудiң, оның әлеуметтiк-экономикалық және саяси дамуындағы стратегиялық басымдықтарды iске асырудың негiзгi шарты болып табылады.

Ел алдына индустрияландырудың жаңа жобалары тартылған, инновациялық-технологиялық серпiлiстi қамтамасыз ету мiндетi қойылған қазiргi таңдағы жағдайда ұлттық мемлекет құрылысын саналы түрде жүргiзудiң, халықтың ұлттық бiрлiгiн арттырып, қоғамды тұтастыру мен ұйыстырудың өзектiлiгi арта түседi.

Ал осы мақсатқа апарар шаралар жүйесiне, айтылып жүрген мәселелермен қатар, елiмiздiң барлық азаматтары өздерiнiң қазақтың ұлттық мемлекеттiгiне қатыстылығын терең сезiнетiндей құндылықтар жүйесiн қалыптастыруды қосқан жөн болар едi. Тарих арқылы тәрбиелеуге ерекше мән беру ләзiм. Әсiресе империялық Ресейдiң қазақ халқын мемлекеттiлiгiнен айыруына, елiн отарлауына, одан, Кеңес империясы жол берген алапат ашаршылықтарға, үнемi жүргiзiлген саяси қуғын-сүргiндерге, қарсылық қозғалыстарға, жасырын ұйымдарға, 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiне саяси және құқықтық баға беру қажет.

Кеңес өкiметi тұсында көшпендi қазақ халқы үш дүркiн ашаршылыққа ұшырап, бұрын-соңды болмаған қасiреттi бастан кештi. Ұлттық апат салдарынан тiкелей 4 милионнан астам адам ажал тырнағына iлiктi. Ал ықтимал табиғи өсiмдi есепке алғанда, жалпы шығын – 10 миллион жаннан асты. Қазақ халқы өз елiнде ұлттық азшылыққа айналып, өткен ғасырдың елуiншi жылдары барлық тұрғындардың үштен бiрiне де жетпей қалды. Ұлттық сананың кембағалдануына апарып соққан мұндай азалы кезеңдердi өскелең ұрпақ бiлуге тиiс.

Қасiреттi өткенiмiздi ұмытпау және оны болашақ ұрпақ зердесiне құйып отыру – бiздiң парызымыз. Сталинизм мүмкiн еткен сорақылықтарды әр жылғы 31-мамырда айыптап, саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске аламыз. Бiрақ, репрессияларды әшкерелеу кезiнде, халқымызды ұлттық апатқа ұрындырған басқа бiр мемлекеттiк қылмыс соның тасасында қалып кетiп жүр. Большевиктiк билiк көз жұмған жасанды ашаршылықты, кемеңгер "халықтар көсемiнiң" қашанғысынша салқынқандылықпен "бұл сары пәлекеттен тек солай құтылуға болады" деп, шыбынша қырылған халықты құтқаруға асықпауын бiзге еш ұмытуға болмайды.

Қасiреттi өткенiмiздi ұмытпау және оны болашақ ұрпақ зердесiне құйып отыру – бiздiң адами, тарихи парызымыз. Тарихтың көмескi беттерiн зерттеудi жалғастырып, жер-жердегi өлкетану мұражайларынан сталинизм келеңсiздiктерiн әшкерелейтiн бұрыштар ашу, жазықсыз жазаланғандар мен ашаршылық құрбандары көмiлген орындарды анықтап, бастарына белгi қою iсiн жалғастыра беру керек.

Ашаршылық пен репрессиялар құрбандары жерленген орындарды анықтап, бастарына белгiлер, ескерткiштер қою жұмыстарын жалғастыру, мемлекеттiк мұражайларда арнайы бөлiмдер ашу, шежiрешiлердi аштық құрбандары тiзiмiн жасауға жұмылдыру керектiгi айқын. Жыл сайынғы Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi және оның қарсаңындағы жұмада жер-жерде, оқу орындарында, мекемелер мен кәсiпорындарда ұлттық апатта опат болғандарды еске алу шараларын өткiзу, мешiттерде, шiркеулерде, ғибадатханаларда арнайы дұғалар оқуды ел көлемiнде ұйымдастырып, дәстүрге айналдыру қажет. Бiздiң елiмiзде тәуелсiздiк қарсаңындағы демократиялық өзгерiстер ең алдымен Алматыдан басталғаны белгiлi. Бұдан 20 жылдай iлгерiде, "Әдiлеттiң" бастамасымен, қаладағы қарағайлы бақ iшiне ашаршылық құрбандарын еске алатын ескерткiш орнатылатын орын белгiленiп, естелiк тас қойылған-ды, алайда ойдағы монумент әзiрге тұрғызылған жоқ.

Сондай-ақ, ұлтымыздың шетелде жатқан ардақты азаматтарын елге әкелiп қайта жерлеу, яки, сүйектерiн тасымалдау мүмкiн болмаған жағдайда, бейiттерiнен топырақ алып, символдық түрде арнайы рәсiммен Тәуелсiздiк күрескерлерi пантеонына қою мәселесiн мемлекеттiк деңгейде қолға алып, iске асыру орынды деп бiлемiз. Бұл тұрғыда қазақ мемлекеттiгiн алпауыт жаулаушылардан он жыл бойы қорғап, сол жолда мерт болған Кенесары ханның, азаттық үшiн жан берген өзге де батырлардың, мәселен, Кейкiнiң бассүйегiн Ресей мұражайы қорынан елге қайтару мәселесiн шешудi парыз деп ұққан жөн.

Тағы бiр мұқият ескеретiн мәселе – мемлекеттiк тiлден ресми қолданылуы ықтимал тiлге, өзге де қажеттiлiк туатын тiлдерге тәржiмә жасайтын аудармашылар қатарын дайындауды мемлекеттiк деңгейде қолға алу. Сондай жаңа тұрпатты аудармашылардың мемлекеттiк билiк тармақтарында мемлекеттiк тiлдi әлi де жете бiлмейтiн азаматтарға қажеттi қызмет көрсетуiн, түрлi ресми жиналыстарда мемлекеттiк тiлден өзге тiлдерге iлеспе аударма жасап отыруын орнықтыру керек.

Керек жәйт көп. Әр салада. Жоғарыдағы сөздер соған үлес қосу мақсатында жазылды. Болашағымыз баянды болсын десек, қазақ ұлтының мемлекет құрушы ұлт ретiндегi тарихи тұғырына қондырылуына бүкiл халық болып көмектесейiк!

Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ

Серіктес жаңалықтары