ЖЕРДЕ ЖЕТIМ НАЛЫСА, КӨКТЕ ПЕРIШТЕ ҚАЙҒЫРАР
ЖЕРДЕ ЖЕТIМ НАЛЫСА, КӨКТЕ ПЕРIШТЕ ҚАЙҒЫРАР
Қазақ "жетiмiн жылатпаған, жесiрiн жоқтатпаған" халық едi бiр кезде. Бұрын-соңды қазақ даласында "Жетiмдер үйi", "Қарттар үйi" деген ұғым да болмаған деседi тарих парақтары. Қазiр ше? Ақпарат көздерiне жүгiнсек, бүгiнде Қазақстандағы жетiм балаларға арналған мекемелерде 42 мыңнан астам бала тәрбиеленiп жатқан көрiнедi. Бұл көрсеткiш ресми түрде азайып жатса да, жағдай мәз емес.
Әсiресе, ауылдан қалаға жұмыс iздеп келген қаракөз бойжеткендердiң кейбiрi ойнап жүрiп от басқандарын бiлмей, бармақ тiстеп жатады. Тiптi, жалғызiлiктi отбасы мен жалғызбасты қыз-келiншектер өмiрге әкелген бейкүнә сәбиiн даладағы күл-қоқыс салатын жәшiкке тастап кеткен жан түршiгерлiк оқиғалар да жоқ емес. Ал, бәзбiр безбүйрек аналардың нәрестесiн уақытша Балалар үйiнiң тәрбиесiне берiп, iзiм-ғайым жоғалып кететiнiн қайда қоясыз. Бұған кiнәлi заман ба, әлде заманды жасайтын адам ба?
Осыған дейiн Парламентке екi мәрте жолданып, екi мәрте жолы болмаған Гаага конвенциясы аталып кеткен "Балаларды қорғау және баланы шетелдiк асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялауы туралы" Заң жобасы мақұлданған-тұғын. Бiлiм және ғылым министрi Ж. Түймебаев: "Гаага конвенциясын ратификациялау — шетелдiктердi балаларымызды асырап алуға белсендi түрде тарту емес" десе де, депутатттар "Үкiмет балаларды шетелге бергенше, өз жетiмдерiне жағдай жасауы тиiс" деген мәселе көтерiп, Гаага конвенциясын қабылдаудан бас тартуды ұсынды. Оған түрткi болған себеп — аталған халықаралық конвенцияға АҚШ қол қойғанымен де, оны ратификацияламапты. Ал, шетелдiктердiң асырауына кетiп жатқан сәбилердiң басым бөлiгi мұхиттың арғы жағындағы американдықтардың үлесiне тигенi белгiлi. Ендеше, Қазақстан сол жақтағы өз сәбилерiнiң құқығын қорғауы үшiн алдымен бұл құжатты АҚШ қабылдауы шарт.
Екiншiден, халық қалаулылары Үкiметке Гаага конвенциясымен қатар "Неке және отбасы" кодексiне де өзгерiстер енгiзу қажеттiгiн алға тартып, ұлттық заңнамада шетелдiктерге берiлетiн балалардың құқын қамтумен қоса, заң арқылы бала берiлмеуi тиiс азаматтарды да ажырату қажеттiгi ашық айтылды. Алайда, Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев: "Бiрiншiден, азаматтық қоғам шетелдiк азаматтар асырап алған қазақстандық балалардың тағдырына алаңдаушылық бiлдiрiп отыр. Екiншiден, Гаага конвенциясына қосылу және оны ратификациялау бiзге шетелдiк азаматтар асырап алған балалар құқықтарын қорғау мәселелерiнде анағұрлым кең өкiлеттiк бередi. Конвенция бала қабылдаушы мемлекеттерге жауапкершiлiк жүктейдi, оған қол қойған және ратификациялаған басқа мемлекеттердегi балалардың тағдырын қадағалауға құқық бередi. Гаага конвенциясына сәйкес, бала шыққан мемлекетте бала асырап алу мүмкiн болмаған жағдайда ғана шетелдiк бала асырап алуға жол берiледi", — деп түсiндiрген-дi.
Рас, жетiмдердi асырауға елiмiздiң толық жағдайы бар. Мейлiнше нәресте иiсiне зар болып жүрген жергiлiктi қандастардың бала асырап алуына оңтайлы жеңiлдiк қарастыру керек. Олар әуелгi кезекте бала асырап алудың машақатын азайту керек дегенге екпiн түсiредi. Бiрiншiден, бiздегi жетiм балалар үйлерiндегi тәрбиеленушiлердiң денi — денсаулығында ақауы бар балалар. Екiншiден, Заңымыз бойынша, егер жетiм баланың бiрге туған бауырлары бар болса, оны бөлек асырап алуға рұқсат жоқ. Үшiншiден, баяғы қағазбастылық мәселесi. Құжат жинап, мекемелердiң табалдырығын тоздыру да көңiлдi су сепкендей басады. Төртiншiден, ата-ана жетiмдер үйiнде қандай бала бар екенiн, олар туралы толық ақпаратты алдын ала бiле алмайды. Яғни, бiзде оны ақпарат құралдары арқылы көрсетуге рұқсат жоқ. Тағы бiр ескерiлмеген тұсы, бiзде жасы келiп, тұрмысқа шыға алмай қалған қыздардың бала асырап алуына да шектеу қойылған.
Алайда, министрлiк Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бала асырап алуда басымдық елiмiздiң азаматтарына берiледi және өз азаматтарымыз үшiн бала асырап алу рәсiмi өте оңай дегендi алға тартады. Бала асырап алушы азамат бар болғаны: өзiнiң қаржылық жағдайын; баспанасының бар екендiгiн; өзiнiң денi сау және психикалық жағдайы дұрыс екендiгiн; өзiнiң маскүнем не болмаса нашақор еместiгiн; қылмыстық жауаптылыққа тартылмағандығын; өзiнiң шешiмiне оның жұбайы не жолдасы келiсiм бергендiгiн растайтын анықтамаларды ұсынуы қажет екен. Егер бала асырап алу жолы дәл осылай жеңiл болса, елiмiзде бiр балаға зәрулiк танытқан ата-ана қандай кедергiге кезiгiп отыр? Мұның сыртында бiз бiлмейтiн қитұрқы айла-амалдар бар ма, жоқ па, бұл жағы да бұлыңғыр.
Ресейде 2001 жылы Балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi жайында ақпараттар қорын құру туралы заң қабылдағалы берi Балалар үйi де бiртiндеп жабыла бастаған. Өйткенi, мұндағы БАҚ жетiм балалар туралы мәлiметпен қоғамды күн сайын құлақтандырып отырады. Ал, бiзде қай жерде қанша жетiм баланың тәрбиеленiп жатқаны, бала асырауды рәсiмдеумен қандай агенттiктердiң шұғылданатыны, олардың бұл жолмен қанша пайда табатыны да қоғам үшiн құпия.
Жалпы, тәуелсiздiктен берi шетелдiктерге баланы асырауға бергенде кәмелеттiк жасқа келгеннен кейiн Отанын, яғни, азаматтығын таңдау баланың өз еркiне берiледi делiнген-тұғын. Қазiр сонау 1991-92 жылдары мұхит асқан балалардың жасы да 18-19-ға толды. Осы уақыт iшiнде Қазақстанның азаматтығын алып, Отанына оралып жатқандар бар ма? 18 жастан кейiн баланы қайтарып алу жөнiнде заңнамалық құжат қабылданған ба, жоқ па? Бұл тұрғыдағы ақпарат неге ашық жарияланбайды?
Көкейдегi көп сауалға жауап алу үшiн Бiлiм және ғылым министрiнiң көмегiне жүгiнген едiк. Балалар құқықтарын қорғау комитетiнiң төрайымы Раиса Шер ханымнан тұщымды мәлiмет ала алмадық. Сонымен… "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабында шетелдiк азаматтар асырап алған балалар 18 жасқа дейiн бiздiң де азаматтарымыз болып табылады және бұл балаларға қатысты қос азаматтық мойындалады. Мұндай түсiнiктеменi Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiне берген болатын. Бұл шетелдiк азамат асырап алған бала есейген соң тұрғылықты мемлекеттi таңдау құқығын иеленедi деген сөз. Асырап алған ата-ана бала кәмелетке толғанға дейiн оның өмiрi, тәрбиесi және денсаулығы туралы баланың бұрын тұрған қамқоршы мекемесiне жыл сайын ақпарат жiберiп отырады ("Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды шетелдiк азаматтарға бала (қыз) асырап алуға беру ережелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 12 қарашадағы № 1197 қаулысы). Ал, 18 жастан кейiн баланы қайтарып алу жөнiнде бағдарлама жоқ" деген заңнамалық тұрғыдағы жауаптан нақты дәйек таппадық. Бәлкiм, төрайым бiздiң сұрағымыздың астарын түсiнбедi ме, әлде қандай да бiр ақпаратты ашық жариялаудан бас тартты ма, ол жағы белгiсiз. Бiрақ, министрлiк статистикалық мәлiмет беруге келгенде тартынып қалмаған. Көз жүгiртiп көрелiк. Бүгiнде республикада бiлiм беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтiк қорғау жүйелерiнде жетiм балаларға (ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар) арналған 213 мекеме жұмыс iстесе, онда 15116 бала тәрбиеленуде (2008 жылы бұл көрсеткiш 16 008 бала едi). Яғни, бұдан жетiм балалар санының азаюы байқалады. Соңғы он жылда елiмiзден 37 мың 450 бала асырап алынса, оның iшiнде қазақстандық азаматтар 28 мыңнан астам баланы (77 пайыз) асыраса, шетелдiк азаматтармен 8 169 бала шетел асқан. Оның 4 057-i (49,7%) орыстар, 3 752-i (45,9%) қазақтар, 360-ы (4,4%) басқа ұлт өкiлдерi.
Негiзi шетелдiк бала асырап алушылардың 90 пайыздан астамы әл-ауқаты жоғары азаматтар көрiнедi. Кейбiр ресми емес ақпарат көздерiнiң мәлiметiнше, бiр жетiм баланың құны 50-70 мың доллардың шамасында екен. Ал олар бiр баланы асырауға жылына кем дегенде 30 мың доллар жұмсайды. Ал, американдықтар Қазақстаннан бала асырап алу үшiн қанша төлейдi? "The Economist" басылымының хабарлауынша, Гватемала елiмен қатар Қазақстанда да бала асырап алу қызметiн ұсынатын агенттiктер көп. Бала асырап алу iсiн зерттеп жүрген маман, Еуропалық комиссияның ресми өкiлi Роэль Пост өзiнiң соңғы кiтабын әлсiз әрi кедей елдерден бала асырап алушылардың мүддесiн көздеп жүргендерге арнаған екен. Осы тақырыпта зерттеу жүргiзген Уолф Муррей де: "Румыниядан асырап алынған 30 мың баланың 20 мыңы қазiр ұшты-күйлi жоғалған. Әдетте соғыс немесе табиғи апаттардан соң, бала асырап алушы агенттiктер құзғындай қаптап кетедi" дептi. Ал дүниежүзi бойынша, балаларын Халықаралық асырауға ұсынатын елдердiң iшiне Қытай, Вьетнам, Қазақстан және соңғы уақытта Гватемала қосылған. "Бұл елдердiң барлығында бала асырап алуға қатысты заңдылықтар қатаң емес", — дейдi Уолф Муррей "The Economist" басылымына берген түсiнiктемесiнде. "Children in families" бала асырап алудың халықаралық бағдарламасын құру жөнiндегi жобаның мүшесi Рене Уоллис: "АҚШ-та жыл сайын 70-80 мың жетiм бала пайда болса, оларды асырап алуға 150 мың отбасы кезекке тұрып, 10 жылдай күтедi. Сондықтан олар 20 мың баланы басқа елден алуға тура келедi" дейдi.
Америкада да бала асырап алу қызметiн ұсынатын компаниялар жетерлiк. Солардың бiрi — For This Child деп аталады. Аталған ұйымның ресми сайтында Қазақстаннан бала асырап алуға ұсынылатын бағалар белгiленген. Ұсынылған қызмет түрiне баланың күллi құжаттарын реттестiру, кеңес беру, Қазақстандағы бала асырап алу iсiн жәрдемдесетiн арнайы ұжымның қызметi, үй жалдау, Бiлiм министрлiгiмен және Балалар үйiнiң өкiлдерiмен кездесу, Алматы мен аймақта бала асырап алудың барлық қадамын түсiндiру және Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жұмысымен таныстыру шаралары кiредi. Осы қызметтерi үшiн компания 21 000 АҚШ долларын алмақ. Бұдан бөлек, есептелмеген тағы басқа да шығындар бар екен. Мұның iшiне Балалар үйлерiне, ондағы тәрбиешiлер мен тәрбиеленушiлерге сыйлық беру де бар. Ол шамамен 500 доллар маңайында. Сонда шамамен 30 мың АҚШ долларына Қазақстаннан бала асырап алуға болады екен.
АҚШ-тың Орегон штатындағы американдықтың өзi асырап алған 10 жастағы қазақ қызын зорлап, айуандыққа барғаны туралы осыдан бiраз жыл бұрын алаңдаушылық бiлдiрiлдi. Одан кейiн жат жұрт бауырына басқан қазақ қаракөздерi туралы жақ ашылмады. Неге?
Бiз елiмiздегi Балалар үйiнiң жағдайымен таныспақ боп, арнаулы "Жанұя" кешенiне барғанбыз. Аулада әрi-берi жүгiрген балалар көзге оттай басылды. Бәрi мәз-мейрам. Ойын баласы болса да, көңiлi әлденеге алаңдайтын сияқты. Бiрi жүгiрiп кеп, туысым ба екен дегендей шұқшия қарап амандасады. Екiншiсi — үмiтiн үзген баладай селқос күйде жүр. Бiзге жақындай келген балаларды сөзге тартқанымызда, екi көзi жәутеңдеген олар да iштегi шерiн тарқата кеттi. Өзiн "домашникпiн" деп таныстырған Шынардың әке-шешесi бар. Бiрақ ата-анасының жұмыс iстеуге денсаулығы мүмкiндiк бермегендiктен осында өткiзген. Әр сенбi сайын үйiне барып тұратын қыз бала Балалар үйiндегi мерекелiк кештердiң көркiн келтiрiп, ән салады екен. Келешекте әншi апаларының жолын қуамын деген ол бұл үйдiң өзiне ұнайтындығын айтып қалды.
Ал, 13 жасар Мұрат бұл мекемеге №1 Балалар үйiнен келген. Бұған дейiн №8, №3 мектеп-интернатында тәрбиеленген ол қазақ тiлiнде бiлiм алады. Тәрбиешi апайының айтуынша, Мұрат басқа жетiм балаларға қарағанда жақсы оқитын, алғыр бала. Бiз Мұраттың жүрегiн ауыртсақ та, бiр-екi сұрақты қоюға мәжбүр болдық.
— Мұрат, келешекте кiм болғың келедi?
— Дүкеншi болғым келедi.
— Әке-шешеңдi сағынасың ба?
— Иә, оларды көрмесем де, қатты сағынамын.
— Егер ата-анаң iздеп келсе, кешiресiң бе?
— Әрине, үйге барғым келедi. Мен оларды кешiремiн.
Мұрат екеумiздiң әңгiмемiз тез аяқталды. Әрi қарай сұрақ қоюға дәтiм бармады. Әр сөзiн ерекше дiрiлмен айтқан құйттай баланың жүрек лүпiлi маған да сезiлгендей болды. Оның досы — Асқар да тұл жетiм. Жасөспiрiм бұл мекеменi 10 жасынан берi паналап келедi. Қазiр 13-те. Асқар әке-шешесi туралы сұрағанымызда басын төмен ұстап, үнсiз қалды. Екi көзi боталай бастаған бала әп-сәтте бойын тiктеп алып, өзiн еркiн сезiнiп сала бердi.
— Әке-шешеңнiң бар екенiн сезесiң бе?
— Иә, сеземiн.
— Бiр күнi кездесем деп ойлайсың ба?
— Иә.
— Олар туралы бiлесiң бе?
— Бiлмеймiн. Олар менi тастап кетiп қалған.
Ата-ананың қамқорлығынсыз өсiп жатқан жүрегi жаралы балалармен бұдан артық сөйлесу мүмкiн емес. Қысқа ғана жауапты алудың өзi балаға да, бiзге де оңай тимедi. Әп-әдемi, өрiмдей қаракөздерiмiздiң жаутаңдаған қас-қабақтарына тiке қарауға шыдай алмайсың. Көздерiнде ерекше мұң, қасiреттiң дертi жатқан сияқты. Ащы қоғам оларды қатыгездiкке, бойкүйездiкке баулып жатқандай әсер қалдырды.
Бұдан кейiнгi әңгiмемiз "Жанұя" арнаулы кешенiнiң балалар құқығы мен әлеуметтiк жағынан қорғау жөнiндегi директордың орынбасары Сақып Шапиқызымен жалғасты. Оның айтуынша, қазiр мекемеде 5 жастан 18-20 жасқа дейiнгi 353 бала бар. Олардың кейбiрi кәмелеттiк жасқа толғанмен, осында жатып бiрi колледжде оқиды, бiрi жұмыс iстейдi. "Қазiр Жастар үйiнде орын жоқ. Бiз оларды далаға лақтырып тастамаймыз ғой. Жастар үйiне кезекке тұрып, орын сұрап жатырмыз. Орын берсе, сонда орналастырамыз" деген Сақып Шапиқызы Балалар үйi туралы кеңiнен айтып бердi.
— Бiзде қазақ және орыс бөлiмi бар. Өзiмiздiң балабақшамыз бар. Бұл бұрын әке-шешесi құқығынан айрылған балаларға арналған мектеп-интернаты едi. 2005 жылдан бастап мамандандырылған "Жанұя" кешенi деп атадық. Олай деуге себеп, балалардың iшiнде ағайындылар да бар. Әрқайсысы әртүрлi Балалар үйiнде. Туысқан бауырлар бiрi-бiрiне жат болып кетпес үшiн осындай кешен аштық. Тым болмаса, өздерiнiң бауырларымен бiрге болсын дедiк.
— Қанша қазақ баласы бар?
— Қазiр бiзде 135 қазақ баласы бар.
— Бүгiнде сiздерге түсiп жатқан жетiм балалар көп пе?
— Көп. Бiр отбасыдан үш бала бар. Екеуi ұл, бiреуi қыз. Әке-шешесiне iздеу салып, хат жiбердiк. Бұл балалардың келгенiне 6 жыл болды. Не туысқаны, не әке-шешесi хабарласқан жоқ. Әп әдемi, алтын асықтай балалар. Одан бөлек әке-шешесi қайтыс болған 14 жетiм бала бар. Көбiсi тастанды және әке-шешесi құқынан айрылған балалар.
— Мұнда мүмкiндiгi шектеулi балалар да бар ма?
— 20 бала орта мектепте оқиды, ал мүмкiндiгi шектеулi балалар осы жерде бiлiм алады. Сол сияқты ата-анасы барлар да, жағдайы төмен отбасының балалары да бар. Оның бәрi қалалық оқу бөлiмiнiң жолдамасымен ғана қабылданады.
— Бүгiнде осы Балалар үйiнен қанша бала шетел асып кеттi?
— Осы күнге дейiн 48 баланы асырауға бердiк. Оның 44-i АҚШ-та, қалғаны Италия, Бельгия, Испанияда. Ал 3 бала өз мемлекетiмiзде қалды.
— АҚШ Гаага конвенциясына күнi бүгiнге дейiн қол қоймағаны белгiлi. Яғни, бұған дейiн бiз өз балаларымыздың қандай жағдайда жүргендiгiн бiле алмаған едiк. Сiздер шетелге кеткен балалардың жағдайымен таныссыздар ма?
— 2000 жылдан берi осы мекемеде қызмет атқарып келемiн. Содан берi бала асырып алуға ешқандай қарсылық көрмедiм. Бiздiң мемлекеттiң азаматтары ақыл-есi түзу, жағдайы жақсы балаларды ғана алғысы келедi. Ал шет мемлекеттiң азаматтары бұл жағына қарамайды. Өйткенi, олардың баланы емдетуге мүмкiндiгi бар. Баламен қарым-қатынас жасай алады. Олар бiзге жағдайларын жазып, хат жiберiп тұрады. Бiз қайта сол балалар үшiн қуанамыз. Оларды мұнда ешкiм алмайды. Керегi жоқ та. Жаңа ғана бiр әйел келiп: "Маған денi сау бала керек" деп тұр. Оған ондай баланы қайдан тауып беремiн? Қазiр денi сау балаларға сұраныс көп. Тiптi, арнайы тiзiмге тұрған адамдар жетедi.
— Ал ол балалар қай елдiң азаматтығымен жүр?
— Бұл баланың өзiне байланысты. Ол жаққа барғаннан кейiн баланы өз фамилиясына ауыстырады. Бiрақ Алматыда туды делiнсе де, ол бала сол мемлекеттiң адамы. Келешекте Отаныма қайтып келетiн шығармын деген екi-ақ бала бар.
— Естуiмiзше, елiмiзде бала асырап алудың жыры көп сияқты. Қағазбастылық да кедергi келтiредi дейдi.
— Бұлай деп айтпас едiм. Әуелi олардың отбасы жағдайын, материалдық жағдайын, денсаулығын тексередi. Көп болса бiр апта уақыт кетедi. Ал анау шетелдiктер алыс елден келiп, осында екi аптадай жүредi. Олар баланы көрмейдi де. Әуелi қалалық оқу бөлiмiне барып, жолдама алған соң ғана Балалар үйiне келедi. Бiр баланы өздерi таңдайды да, осында 2-3 аптадай бiздiң көз алдымызда үйренiскенше жүредi. Содан кейiн ғана сот болады, бәлкiм, ата-анасы табылып қалар деген оймен тағы да 2 апта күтедi. Тек сот күшiне енгеннен кейiн ғана баланы алып кетедi.
— Шетелдiктер қазақтың баласын асырап алуға неге құмар? Бұған бәлкiм, бiздiң жетi атаға дейiн қанымызды таза ұстайтындығымыз себеп болар…
— Мүмкiн, бiрақ олар не үшiн асырап алатындығын айтпайды ғой. Бiр жақсысы, олар ұлтына қарамайды. Тiптi, қалалық оқу бөлiмiнен жолдама алып келсе де, баланың ұлтына көңiл аудармайды. Қандай ұлт болса да, бала өздерiне ұнаса болғаны.
— Егер де бала асырап алған отбасыға сiңiсiп кете алмаса ше, қайтаруға бола ма?
— Ондай болған жоқ. Бiрақ баланы бiздiң қазақтар ғана қайтарып жатады. Өйткенi, оларға балалар сайрап тұруы керек, денi сау болу керек. Бiзде екi құлағы жабысып қалған бала бар. Оған квота алып операция жасаттық. Мiне, соны туған әке-шешесi тастап кеткен. Қазiр анасы ол баладан соң екi бала туып алған. Олар осыдан екi-үш жыл бұрын баласын көрiп кеттi. Жарайды, тұңғыш баласы өмiрге жарымжан болып келгенде шошыған шығар. Қазiр ендi есейдi, тағы да екi баланы өмiрге әкелдi ғой. Егер алып кетемiз десе, өз ата-анасына қуана-қуана беретiн едiк.
— Жалпы, шетелдiктер бала асырап алған мемлекетке белгiлi бiр сомада ақша құя ма?
— Оны бiлмеймiн. Мұнымен айналысатын арнайы агенттiктер бар ғой. Бiзге тек жолдама алып келсе болды.
— Көз алдыңызда жүрген бала шетелге кетiп бара жатқанда қандай сезiмде боласыз?
— Әрине, қимаймыз. Жақында Бельгияға бiр қызымды алып кетiп едi, жүрегiм қатты ауырды. Бiрақ балалардың өздерi қуанады. Ойлап көршi, бұл жерде жүре берсе келешегi не болады? Әйтеуiр, ол жақта таршылық көрмей, барлық мүмкiндiктi алады ғой. Емделедi, бiлiм алады.
— Кейбiр ақпарат көздерiне сенсек, Қазақстаннан асырап алынған балалардың iшкi орган мүшелерiн сатады екен деген әңгiмелер бар.
— Бiздiң жағдайымызда мұндай оқиға болған емес. Бiрлi-екiлi мемлекетте болған шығар. Өткенде Ресейден бiр бала жалғыз өзi ұшақпен келiптi ғой. Оны да қазiр қарап жатыр.
— Мүмкiндiгi шектеулi балаларды асырауда, оларды оқытуда қандай қиыншылықтар кездеседi?
— Балалар үйiнiң материалдық жағы қиындау. Үкiмет тарапынан ақша, азық-түлiк берiлгенмен, бiр бала бiр шұлықты 3 ай киiп жүре алмайды ғой. Қазiр әйтеуiр ақшасы бар азаматтар баршылық. Солардың арқасында жағдайымыз жаман емес.
— Парламент депутаттары Балалар үйiнде балаларды 18 жасқа дейiн емес, 20-24 жасқа дейiн қалдырсақ дегендi айтып жүр. Сiз не дейсiз?
— Ол үшiн Балалар үйiнен сондай балаларға, яғни, мектеп бiтiрiп, колледжге, кәсiби мектепке немесе жоғары оқу орнына түскендерге арнап Жастар үйiн ашу керек. Бiзде Жастар үйi бар болғанмен, онда бар болған 5-6 бала ғана тұра алады. Бұл аз. Орын жетпейдi. Қазiр кейбiр балалар бiзден кетiп қалса да, құжаттарын жоғалтып алады да, қайта келедi. Бiз жанымыз ашып жасап беруге тырысамыз.
P.S. Кейбiр азаматтар: «Қаракөздерiмiз шетелден отбасын тауып жатса, оған қуану керек» дегендi айтып жүр. Әрине, кемтар баланы қамқорлығына алған ата-ананың қолынан қағу азаматтық тұрғыдан дұрыс емес. Мәселе — шетел асқан балалардың бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiгi туралы ақпараттың кемшiн екендiгi. Олардың денi-басы сау ма, асырап алған әке-шешесi қай дiнмен тәрбиелеп жатыр, қаракөздер зорлық-зомбылық көрiп жүрген жоқ па, мiне осы сияқты жайттар ашық жарияланбайды. Қазақ: "Жерде жетiм налыса, көкте перiште қайғырар" дейдi. Әйтеуiр, жатжұрттағы перiште-сәбилердiң обалына қалмасақ игi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ