МҰХИТ ТҮБI МҰНАЙҒА ТОЛҒАНДА...

МҰХИТ ТҮБI МҰНАЙҒА ТОЛҒАНДА...

МҰХИТ ТҮБI МҰНАЙҒА ТОЛҒАНДА...
ашық дереккөзі
477

Сәуiрдiң 20-жұлдызында Мексика шығанағындағы Deeрwater Horizon платформасында аяқ астынан жарылыс болды.

Дүниежүзiнде жүздеген платформа мен құрлықтағы мұнай ошақтары бар Вritish Рetroleum Мексика шығанағының экожүйесiне зор қауiп төндiрдi. Бұл оқиғадан кейiн беделi биiк алпауыт компанияның қателiктерi өзгелерге де ой сала бастаған тәрiздi. Каспийде де мұнай скважиналары бар екенiн ескерсек, бұрғылау құрылғылары бар компаниялар қандай кепiлдiк бере алады? Әрине, бiзден аулақ демекпiз, бiрақ Мексика шығанағын лайлаған мұнай апаттары қайталанбасына кiм кепiл?

СҰЛУ АЙДЫН ҚАРА ШЫҒАНАҚҚА АЙНАЛДЫ…

Оңтүстiккореялық Hyundai Heavy Industries компаниясы құрастырған станция телеметрия жүйесiмен жасақталған, сондықтан да мәлiмет жағалауға нақты уақытта жетiп отырған. Алайда, жағалаудан келiп жеткен құтқарушы және өрт сөндiрушi кемелер өрттiң жолын бөгей алмады. Өрт өршiген күннен бастап 36 сағат iшiнде ВР-нiң платформасы түгелдей күлге айналып, бұрғылау құрылғысындағы мұнай мұхит бетiне бiртiндеп жайыла бастады. Жарылыс кезiнде Deeрwater Horizon-да 126 адам болған. Құтқару жұмыстары кезiнде 115 адамның өмiрiн сақтауға мүмкiндiк болды, ал қалған 11 адам iс-түссiз жоғалғандардың қатарына жатқызылды. Ал үш жерден зақым келген скважинадан күнiне 5 мың баррель мұнай сыртқа шапшып, мыңдаған шаршы шақырымды ластап үлгерген. Күн өткен сайын мұнай дағы үлкейiп, АҚШ-тың бiрқатар штаттары жағалауына жақындап та қалды.

Жартылай суға орнатылған платформа 2001 жылы қолданысқа берiлген. Осы уақтан берi бұл платформа Вritish Рetroleum-нiң бұрғылау жұмыстарын дүниежүзi мұхиттарында атқарып келдi. 2009 жылы Мексика шығанағынан миллиардтаған тонна қоры бар Тайбер ошағы табылып, тап сол жылы Deeрwater Horizon платформасы орнатылды. Айтқандай, мұхит бетiне қойылғаннан-ақ бұл платформа 10,6 шақырым тереңдiкте вертикальды бұрғылауды iске асырып, рекордтық көрсеткiшке жеткен. Айта кететiн бiр жайт, жер бетiнiң ең терең нүктесi ретiнде Тынық мұхитындағы Мариан шұңғымасы анықталған. Ал оның тереңдiгi – 11 шақырым. Олай болса бұл платформа жердiң түбiне де жеткен болып отыр. Бұдан кейiн платформа Луизиана штатынан 80 шақырым жердегi Миссисипи суасты каньонының 225-шi блогына қойылды. Дәл осы ошақта жарылыс орын алды.

Қазiргi таңда мұхитты мұнайдан арылтудың жолдары қарастырылып жатыр. Кейбiр жерлерде жағу арқылы, тiптi сүзу арқылы тазалап жатыр. Бiрақ мұхит фаунасы мен флорасын түгелдей жойып жiберуi мүмкiн тонналаған дақты бiржола тазалаудың жолдары табыла қойған жоқ. Әзiрге Шаштан, қаптан, гольф торларынан қажеттi тазартқыштар жасалуда. Шаш – ең мықты тазалағыш көрiнедi, сондықтан АҚШ-та жаппай шаш жиналып жатыр. Бұл мәселеде АҚШ президентi Барак Обама да қарап қалған жоқ. Мұнай қалдықтарын жою үшiн ол Конгрестен 12l миллион сұрап отыр. Әрбiр американдыққа келген залал үшiн Вritish Рetroleum-нiң жауап беруiн талап етуде. Расында, бұл жарылыс АҚШ-тың бiр емес, Луизиана, Алабама және Флорида штаттарына қатер төндiрiп отыр. Бүкiл шығынды ВР өз мойнына алды. Мұнайды тазарту үшiн компания күнiне 6 миллион доллар жұмсауда. Әуелдегi АҚШ-тың талабы бойынша ВР 9 млрд. доллар төлеуге мәжбүр. Сондай-ақ Deeрwater Horizon станциясын ауыстыруға 700 миллион доллар қажет болмақ. Жалпы алғанда, ВР-нiң тазалау жұмыстарын атқаруға кететiн шығыны 450 миллион долларға бағаланып отыр.

Шығанақтың лайлануы алдымен жағажай бизнесiне кедергi келтiрдi. Биыл маусымның ашылу тұсында айлақты қалалардың барлығында дерлiк туристер саны кемiген. Мәселен, Мексиканың Кампече, Веракрус, Тампико, Флорида штатының Пенсакола, Алабама штатының Мобил, Луизиана штатының Жаңа Орлеан, Хьюстон, Галвестон және Корпус-Кристи, Маями сияқты жағалау қалалары жағажайға бола келетiн демалушылардан биыл ада қалмақ.

МҰХИТҚА ҚАНША МҰНАЙ ТӨГIЛДI?

Әдетте мұнайдың қолданысқа енуi — өркениеттiң пайда болуымен байланыстырылады. Бiрақ технология дамуына себепкер мұнайдың пайдасы мен зияны таразы басын теңестiредi. Сарапшылар Мексика шығанағында орын алған апатты дүниежүзiндегi ең iрi апаттардың қатарына қосып отыр. Бiрақ бұл тарихтағы жалғыз оқиға ма? Мәселен, 1979 жылы тап осы Мексика шығанағының оңтүстiгiнде "Иксток-1" мұнай платформасы суға кеттi. Сөйтiп, 600 мың тонна мұнай шығанақты жайлады. Сондықтан Мексика шығанағы көп жылдардан берi ерекше экологиялық қорғауға алынып келдi.

Әлемдегi ең iрi жарылыстарды санамалап көрелiк. 1978 жылдың наурыз айында Франция жағалауында бортында 280 мың тонна мұнайы бар "Амоко Кадиз" танкерi апатқа ұшырады. Нәтижесiнде, суға төгiлген мұнай жағалауды тегiс ластап, экологияға айтарлықтай зиянын тигiздi. Тарихтағы әлемет апаттың бiрiне – Солтүстiк теңiздегi апатты жатқызуға болады. 1988 жылы газдың сыртқа шығуы нәтижесiнде үлкен жарылыс болып, британдық "Пайпер Альфа" мұнай платформасы түгелдей жойылып кеткен болатын. Бұл кезде тәулiгiне 20 тонна мұнай теңiзге төгiлiп отырды, ал өрт 23 күнге созылып, 167 адамның өмiрiн қиды.

Сондай-ақ, 1989 жылы Аляска жағалауында американдық "Экссон Валдиз" танкерi рифке соғылып, 240 мың баррель мұнай қоршаған ортаға төгiлдi. Бұл кезде мұнай дағы 2 мың 640 шаршы шақырым аумаққа жайылып, тазарту жұмыстарына 3 миллиард доллар қаржы жұмсалды. Ал 1997 жылы Сингапур жағалауларында кипрлық және таиландтық танкерлердiң соқтығысуы нәтижесiнде 25 мың тонна мұнай бүкiл Малакка бұғазын лайлады.

Мұнайға тiкелей қатысты соңғы апаттардың бiрi 2001 жылы орын алды. 250 мың тонна мұнай тиелген эквадорлық "Джессика" кемесi Сан-Кристобаль айлағына кiреберiсте қайраңға отырып қалады. Үш күннен соң танкер қайраңнан шығу әрекетiн жасап бағады, бiрақ бүлдiргеннiң көкесi осы кезде болды. Тынық мұхитындағы Галапагосс архипелагына танкерден 150 тонна мұнай төгiлдi.

Мұндай апаттар бiздiң елiмiздi де айналып өткен жоқ. 1985 жылы Атырау облысындағы Жылой ауданына қарасты Балықшы кен орнындағы №37 бұрғылау қондырмасынан өрт шығып, нәтижесiнде бұрғылау мұнарасы тегiс жанып, өрттi тоқтатуға шетелдiк "Камерон" және "Отис" компанияларының кiрiсуiне тура келдi. Бұл апат кезiнде 5 миллион тонна мұнай, 3,3 миллиард текше метр табиғи газ ысырап болды.

Ал Мексика шығанағындағы жағдайдан кейiн мұхитқа 1,6 миллион галлон (6 мың куб метр) көмiрсутек суға тарады. Бұл өз кезегiнде әлемдегi мұнай бағасына әсерiн тигiзбей қоймады.

ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАРТ КАСПИЙ?

Соңғы кездерi Каспий жағалауы мен шельфiндегi мұнай барлау, өндiру жұмыстары жиi атқарылып келедi. Батыс мұнай концерндерiмен жасалған келiссөздер (1994 жж.) "ғасыр келiсiмi" деп те аталды.

Осы мәселеге орай жуырда үкiмет басы Кәрiм Мәсiмов Каспийдегi бұрғылау құрылғыларын тексеруге қатысты комиссия құруға екi министрлiкке дереу тапсырма бердi. Министрлiктерге шұғыл түрде арнайы жұмыс тобын құрып, қазiргi кездегi проблемаларды ескере отырып, Каспийдегi мұнай өндiру жұмыстарының қауiпсiздiгiн қадағалайтын комиссия жұмысын ұйымдастыруды жүктеген Үкiмет басшысы аталған екi ведомствоның басшыларына қандай ұсыныстар жасайтынын және бұл комиссияны қалай құрылымдау қажеттiгi туралы баяндауды тапсырған болатын. Мұндай қауiпке негiз де жоқ емес. Әлемдiк сарапшылардың айтуынша, Каспий теңiзiнiң түбiнде көмiрсутектiң өте үлкен қоры бар. Ал ең қауiптiсi, оның мөлшерi бақылауға көнбейдi. Нағыз апат осы кезде болуы ықтимал.

Жалпы, қарт Каспий деп бекер айтылмаса керек. Көлемiне қарай теңiз аталған көлден кеңес тұсында-ақ мұнай өндiрiле бастаған. Сол кездегi мұнай скважиналары әлi күнге дейiн су астында тұр. Бүгiнгi таңда Атырау және Маңғыстау облыстарына қарасты аумақта 1900 скважина жарамсыз деп табылып, су түбiнде қала берген. Олардың 148-i қоршаған ортаға өте қауiптi деген тiзiмге iлiнiптi. Осы орайда өткен аптада Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов iстен шыққан скважиналарды залалсыздандыруды тапсырды. 2004 жылы суға батырылған скважиналарды жою туралы заң қабылданған. Соның нәтижесiнде 48-i жойылып, ал өте қауiптi деген санатқа жататындарын бақылауға алған. Ал Каспийдiң Қазақстанға қарасты аумағында биыл 2000-ға жуық скважинаны тексеруден өткiзедi.

Негiзiнен Каспий теңiзiнiң тереңдiгi мен су деңгейi бойынша бөлетiн болсақ, Каспийдiң солтүстiгi таяз болып келедi. Бұл жерлер бұрынғы су астында қалған жағалаулар. Ал орта және Оңтүстiк Каспийдiң тереңдiгi 700-1000 метрден асады. Әлбетте, мұндағы бұрғылау қондырғыларының жағдайын Мексика шығанағымен салыстыруға келмейдi. Себебi, Deeрwater Horizon мыңдаған метр тереңдiкте орналасқан.

Әзiрге толыққанды бұрғылау жұмыстары Қашаған, Ақтоты және Қайран мұнай ошақтарында жүргiзiлiп жатыр. Каспий шельфiнде күнiне 1,5 миллион баррель мұнай өндiретiн 240 ошақ бар екен. "Аджип" ККО бұрғылау жұмыстарына заманауи технологияның жұмылдырылғанын айтып бағуда. Бiрақ, Мексика шығанағында да ескi техниканың болмағаны анық. Сондықтан қауiпсiздiк шаралары мен экологияға келтiрер залалдың алдын алған әлдеқайда дұрыс. Десе де жыл басынан берi "Аджип" ККО мен Қарашығанақ мұнай компаниялары қоршаған ортаға елеулi зиян келтiрiп, қомақты айып төлеуiне тура келдi.

Бүгiн Ақтауда Каспий теңiзiнiң Қазақстандық секторының жағалаулық инфрақұрылымын дамыту мәселесi талқыланды. Осы апта iшiнде Каспий мұнайын игерудегi технологияларға байланысты ҚР мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев семинар өткiздi. Батыс облыстарда жағалау инфрақұрылымын дамытуға негiзделген бұрғылау қалдықтарын қайта өңдеу зауыты және солтүстiк Каспийдегi мұнай құю базасы мен кеме жасайтын верфь секiлдi iрi жобалар жеткiлiктi. Бiрақ мәселе мұнда емес. Бұл зауыттардың Қашаған кен орнын игеруге арналған құрылғыларды дайындауға қуаты жетпейдi. Сондықтан зауыт өнiмдерiне сұраныс жоқ. Инвесторлар әуелi қажеттi құрал-жабдықтардың тiзiмiн де бермей отыр. Солтүстiк Каспийдiң қорық аймағына жататын ауыр климаттық жағдайы мен кен орнын игеру кезiндегi техникалық қиындықтар апаттың орын алуына әкеп соқтыруы мүмкiн. Сондықтан министр инвесторларға iрi сақтандыру компанияларын тартып, теңiздiң жағдайына мониторинг жүргiзу үшiн халықаралық экологиялық ұйымдардың көмегiне жүгiнуге кеңес бердi. Бұл ұңғымаларды толық су бетiне шығару көзделiп отыр.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары