АҚНИЕТ ЖЫРДЫҢ АЛЫБЫ

АҚНИЕТ ЖЫРДЫҢ АЛЫБЫ

АҚНИЕТ ЖЫРДЫҢ АЛЫБЫ
ашық дереккөзі
320

Махаббат, жастық жыршысы Тұманбай ақын

Мен сонау 1958 жылы Алматыдағы "Жазушы" баспасына қызметке келгенiмде, есiмде мәңгi қалатындай екi жайға тап болдым. Оның бiрi — өзi талай шығармаларын оқып, таланттарына сырттай табынып жүретiн ақын-жазушы ағаларымның ортасына топ ете қалғаным болды да, екiншiсi солардың ортасында бiр аққұба жiгiттiң жер баспай ұшып жүргенi…

Бiрiншi ғажайып — ұлы Мұхтардың, яғни Мұхтар Әуезовтiң, шығармалары қазақтың әр баласына сәби күнiнен сәуле шашқан Сәбит Мұқановтың, әрбiр сөзiнiң мән-мағынасын ыңырана жеткiзетiн Ғабит Мүсiреповтiң, әрбiр жыры адамның жан-дүниесiн тебiрентетiн ақын Әбдiлдә Тәжiбаевтың, айналасын айналып-толғанып, жасыл жайлауға айналдырып отыратын Хакiмжанқызы Мариям апайдың, сұсты жүзiнен ақкөңiл жандарға арқа бiтiретiн, арамзалардың еңсесiн езiп жiберетiн батыр ағамыз Бауыржан Момышұлының және тағы басқа да қазақтың небiр марқасқа ұлдары мен қыздарын көргенде және олармен күнбе-күн сәлемдесiп, сөйлескенде менен бақытты жан болмаған шығар деп ойлаймын.

Екiншi ғажайып — жоғарыда айтып өткенiмдей, солардың ортасында бақыт құсындай еркiн самғап, еркелей жыр жазып жүрген, өзi менен бар болғаны үш-төрт жастай ғана үлкен болғанмен, самалға тербелген балаусадай үнемi толқып жүретiн осы Тұманбай ағамызды алғаш көргенiм. Ол кезде (кейiн бiлдiм) алғашқы жыр жинағы "Студент дәптерiнiң" баспадан шығып, екi езуi екi құлағына жетiп жүрген шағы екен. Дәл сол кезде бұл кiсi маған бүкiл әлемдi құшағына қондырып алғандай көрiнген. Иә, шындығында ол кездегi Тұманбай ақын бiр сөзбен айтқанда маған қанатты перiштедей болып елестеген-дi. Бұл ақынның алғаусыз өмiрiнiң алғашқы үнi "Студент дәптерiмен" төгiлген ғой. Сонда ақынның "Көл жағасында" деген өлеңi бар. Осы өлең Тұмағаңның жыр жолындағы алғашқы паспорттарының бiрi екенi анық.

“Ай қарады көгiлдiр көл бетiне,

Қыз қарады көлдегi келбетiне.

Қосылды да Қос сәуле құшақтасты

Мөлдiр толқын төсiнде тербетiле.

Шоршып жүрген ақ шабақ тұнықтағы,

Қыздың көркiн көрдi әлде, тынып қалды.

Бала толқын, ай нұры, ерке балық,

Бiрақ, ару аңсарын түк ұқпады.

Қыз қозғалмай қадалып тұра бердi,

Жылы сезiм кеудеде туа бердi.

Күттi ме екен, кiм бiлсiн, күтпедi ме,

Жеке қайық мүйiстен шыға келдi” – дейдi.

Осындай бала қиялдың жетегiне әлдиленген ақын арманы жан-жағындағы көп жәйттердi аңғартпағаны заңдылық қой бiр жағынан. Болмаса сонау ауылдағы орта мектептi бiтiргеннен кейiн Жарсудағы ағайындарын аралап келiп, Асыға құлайтын "Казаткомның" Белшабдар фермасындағы анасына келе жатып орта жолдағы бүкiл ел тағзым ететiн қасиеттi Ана бейiтiне сәл аялдап, алғашқы бiр шумақ өлеңiн жазып, өзiнiң анасына жетiсiмен балалық мұңын шаққаны әсте ұмытылмақ емес. Сол бейiт басындағы жазған бiр шумақ өлеңiнiң сыртына соңынан келе жатқан, өзi құралыптас тағы бiр азаматтың да бiр шумақ өлең жазып табысып, өзiмен бiрге оқуға талаптанған баланың, осы Тұмағаңа ақ тiлегiн бiлдiрiп, қолындағы азын-аулақ жол қаражатын қолына ұстатқаны, өзi анау-мынау жайларды сылтауратып бiр жетiден кейiн үйiне қайтуы да ақын жанының жадында мәңгi қалған болар. Әрине ондай жандарға арнайы жыр жазбағанмен, бүкiл жырындағы бауырмалдығы барша жанашырларының ойынан шығып, бүгiнгi таңда ел мақтанына айналып, осынша биiкке көтерiлгенi, сол елдiң өзiне деген ықылас-ниетi екендiгiнде сөз жоқ. Сол дүние бiздiң Тұмағаңды ерекше әлдилеп ақын еткен. Және айналасындағы жаратылыс, ондағы бiрiн ренжiтiп, бiрiн қуандырған жандар, Тұманбай ақынның өзiнен жырақ ұстайтын ортасы емес, керiсiнше нағыз шыңдалу ортасы екендiгi анық. Өз басым бiрыңғай тәттiмен немесе бiрыңғай ащымен қоректенiп адам болды дегендi әлi күнге естiгенiм де жоқ, оқығаным да жоқ. Бiрақ ол антұрған қанаттасып жүретiнi екi бастан. Өйткенi, “өмiрдiң бар есесi бiр есе” дегендей, ащы мен тұшысы бiрi асып, екiншiсi жасып жатпаған күнде өмiрдiң де өз қызығы, өзiнiң қанық бояуы болмақ емес. Олай болса Тұманбай ақынның маңдайына да сол жазылған. Әдетте “адам баласы өзiнiң туған жерiне, өскен ортасына ұқсап туады” деп жатамыз, оның да өзiндiк заңдылығы болуға тиiстi. Болмаса бiр кездегi ұлы ақынымыздың бiрi Жамбыл атамыздың аста-төк жырынан кейiн, ол тасқынның көзi мәңгi сарқылмаса керек қой және әр заманның өз Жамбылы болмаған күнде ол халық – халық болып та жарытпас деп ойлаймын. Сол сияқты бiздiң Тұмағаңның толастамай төгiндеген жыры бiр ғана ақынның жеке басына емес, бүкiл халықтың бойындағы көпшiлдiктiң көркiн беретiндей қасиет екенi тағы айқын. Бiрақ, өз заманында Абай мен Жамбылды, Мағжан мен Әбдiлдәны тағы басқа ақындарды қатар оқып сусындаған Тұмағаңның ой жүйесi де еркiн қанат қағады. Оған шындап келгенде ешкiмнiң де таласы бола қоймас.

Екiншi жағынан байқап отырсақ, ақын Түрген өзенiнiң бойында дүниеге келiптi. Ал Түрген өзенiнiң басы Алатаудың омырауынан жарып шығатынын өздерiңiз бiлесiздер. Сол өзеннiң жоғарғы жағындағы ағысы керек десе түйенi де аунатып алып кете бередi екен. Ал төменгi сонау етек жағы барып құмға сiңiп жоқ болатын да мiнезi бар көрiнедi. Бiздiң Тұманбай ағамыздың көкiрегiнен күмбiрлеп шыққан жыр бұлағының қарқыны да дәл сондай, сол Түрген өзенiнiң түйе аунатар күш-қуатына ие болғаны анық. Олай дейтiнiмiздiң жөнi бар, өйткенi Тұмағаңның ән самалына айналған жырлары ел жүрегiнiң тасқынына айналғалы қашан. Яғни, өзен аяғындағы құмға сiңетiн жерiн бiздiң Тұмағаң өз халқының көкiрек көмбесiне, сезiм сырбаздығына, сана сарабдалдығына апарып бiр-ақ құйып жатқаны ғажап. Өйткенi, Тұмағаң жырының бастауы өз жаратылысының омырауынан ақтарыла шықса, ол барып халқының қазынасына уақыт үнi болып құйылып жатса, ақынға одан артық қандай бақыт керек:

“Аспанға шықсам, тезiрек

Түссе екем жерге деп тұрам.

Мазалаған соң өзi кеп

Көз жұмып ойды көп қуам.

Әйнектен көздi ала алмай,

Сағатқа төнем бiр ұрлап.

Ең соңғы күнiме қарап

Барамын ағып дуылдап.

Қақ жарып келем аспанды,

Бұлттар да бұққан тым-тырыс.

Не деген тездiк, шапшаңдық

Не деген мынау ұмтылыс…”

Шыныда да не деген ұмтылыс. Ақын жырының таудан құлаған асау суындай дөңбекшiп тулап, жан-жағына шапши көпiршiк атып, көңiлiн әлдилеп жатады. Өйткенi, оның тiлiнiң қарапайымдылығы халық тiлiнiң құнарынан асыр салып шыққан құлындай әсер тастайтыны да ғажап. Бiр кезде Сәбең (Сәбит Мұқанов) өз-өзiнен: "Мен халыққа Мұқаңнан (Мұхтар Әуезовтен) көрi жақынмын және керегiрекпiн ғой" деген екен. Шындығында да бiздiң бала кезiмiзден шығарма атаулыны тез ұғындырып, санамызға алғаш сәуле шашқан туындылар да Сәбит Мұқановтай алыптың еңбегi едi. Ол – қарапайым күнделiктi күй кешкен халықтың тiлi едi. Өйткенi Мұқаңның толағай тұтас жатқан Абай әлемi бiзге есейе келе сiңгенi ақиқат. Сол сияқты бiзде Тұмағаң жырларын оқи отырып, қарапайым халық тiлiндегi қонымды жырларды көкiрегiмiзге құйып, содан құйындатып өлең жазуға ұмтылатынымызды да әсте жасыра алмаймыз. Қазiр ақындардың не бiр түрлерi бар. Кейбiреулерiн оқығанда тұншығып кетесiң де, ал ендi бiреулерiн оқығанда сұлулықтың құшағына елiткенмен, сезiм еркiндiгiн тұсап, жыр жолындағы қиыншылыққа онша ықыласың түлеп түсе алмайды. Ал кейбiреуiн тiптi түсiнбеуге де айналдық. Тұмағаң жырларын оқығанда өзiңнен-өзiң түлеп, көңiлiңдегi көрiктi ойыңа қанат бiтiп, алабұртып шыға келетiнiң бар. Бұл Тұмағаңның жолы тым жеңiл екен деген ұғымға саймаса керек. Бiрақ, барынша қарапайым ұғымның қанатты перiштесiндей өзiңдi әлдилеп ала жөнелетiнi, сөз жоқ, ұлы қасиет:

“Болмайды әр нәрсеге алданбасқа,

Бейне бiр күн шығардай алдан басқа.

Сусыным қана қояр ма екен менiң,

Әйелдiң жанарынан тамған жасқа.

Көп сөздi айтпайыншы көңiл қалар,

Бағым да, сорым да сол мөлдiр жанар.

Дүниеге әйел менi әкеп едi,

Дүниеден әкетер де әйел болар.

Қайтейiн бұл жүректi алып ұшқан,

Таудағы айнымайды-ау тағы құстан.

Мен осы өлер ме екем кiм бiледi…

Әйелге деген ыстық сағыныштан…”

Жалпы ақынды алып жүрген осы бiр алып сағыныш екенi рас. Ақын сағынышы әйел арқылы, ол өзiн тапқан анаға, оларды жаратқан Жер-Анаға да сарқылмас сағынышын паш еткенi ақиқат. Және осы жырды оқып, жалпы Тұмағаңның жырын оқи отырып, бар бақыттың түп тамыры өз от басында, қала бердi, елдiң бетке тұтар қаймағы бола бiлген жақсы адамдарда екендiгiне көзiңiз жетедi. Қысқасы, ақ көңiл қазағыңның бүкiл жаратылысын осы Тұманбай бойынан жаңылыспай табарың ақиқат.

Тұмағаң жырларында жиi кездесетiн тағы бiр арнасы — ол алдындағы қаламдас ағаларының, апаларының мiнезiн тап басып, буынынан ұстап жырға қосу машығы. Расында да құрғақ бөстектiң ағымын қуалағаннан гөрi, сол адамның жан дүниесiндегi қасiрет күйiнiшi мен қуаныш құбылысын тап баса отырып жыр жазу — ол алдындағы өзi меже тұтқан кейiпкердiң тұлғасын сызумен бiрдей. Олай болса бiздiң Тұмағаң да сол мол кейiпкерлердiң бейнесiн жасаудағы кәнiгi шебер суреткерлердiң бiрi десек, артық болмас. Болмаса Қалтай Мұхамеджанов ағасына арнаған жырын оқиық:

“Сөздiң шаштың жаһұт, маржанын да,

Сыйлап бақтың қымбатын, арзанын да.

Жас барын мен бiлемiн тығылып жатқан,

Сенiң анау күлкiңнiң ар жағында.

Алматыда ешкiм жоқ сенен "Кедей",

Келе жатсың оған да бәлен демей.

Күлiп тұрып жылаған, есiл ерiм,

Өтсең екен ер еңсең төмендемей.

Кiм сенедi өзiңдi аңғал десем,

Ылғи сөз ап жүрсiң ғой залдарда әсем.

Жұрттың бәрiн күлдiрiп өнерiңмен

Өзiң ғана жылайтын Алдар көсем…”

Мiне, нағыз бейнелеу. Бұдан кейiн Қалтай ағасы бiр жылауын жылап та алған шығар-ау. Өйткенi, адам болған соң оның iшқұсасы мен қуаныш қатпары да жетерлiк болуы абзал. Бiрақ дәл мына Қалағаңның арбасуы iшiнде, алдамшы-шешендiк сөзбен шер тарқатар бейнесiн сондай тамаша бергендiгiнде сөз жоқ. Олай болса ақын жасаған сан бояулы кейiпкерлерiнiң бiр-бiрiмен үндестiгi өзiнше жатқан әлем екендiгi ақиқат. Ақын мiнезiнiң, ақын жан дүниесiнiң тазалығын өзiнiң әсем жырлары бiлдiрсе, екiншi жағынан өзiнiң жан тазалығына қарай бағалану жолында, әр от басында шыр етiп дүниеге келген пәк сәбидiң атын қойғызу да қазақи мансап. Осыған мысал ретiнде, Тұмағаңның өткен өмiрiнен елес беретiн, алғаш атын қою құрметiне бөленген өзiнiң Сағи досының тұңғышы "Қарлығаш" болыпты. Бұл бiр жағынан Тұмағаңдардың өзiнiң де қазақтың алып поэзиясына алғашқы Қарлығаш болып келгендiгiн елестетсе керек. Иә, шыныда да осы жырлар, яғни "Жүректегi жазулардың" Мемлекеттiк сыйлық алуы да жәйдан жәй болмаса керек. Өйткенi бұл жинақта Тұмағаңның жыр жазудағы шеберлiгiнiң сан қырынан көрiнгендiгi айтпаса да түсiнiктi.

Ақынның тағы бiр қасиетi — яғни бүткiл жаратылысындағы негiзгi ерекшелiктi күй талғамай көсiлте сiлтеуде қалыптасқандығы. Мұндай жiгерлiлiк, өрлiк екiнiң бiрiнен кездесе бермейдi. Ол демек мына өмiрдiң төңiрегiнде болып жатқан болмысты тұтас қалпымен қағазға түсiруi, яғни күйiнiш-сүйнiш атаулыны тұтас қамтуы. Екiншi сөзбен айтқанда, ақынның өзi ғұмыр кешiп отырған ортаның, өз көкiрек көзiндегi сүзгiден шикiзат күйiнде шайқалып өтiп, жыр күйiнде құлпырып үздiксiз шығып отыруында десек, оғаштық жоқ. Байқап тұрсақ, ақын күйiнiшiнiң өзiнде көңiлiңдi тым құлазытпайтын жеңiл еркiндiк жатады да, шаттығының өзiнде тым шалқақтатпай шiдерлеп ұстайтын қасиет те баршылық сияқты. Бұл тек Тұманбай ақынға ғана тән қасиет. Бұл деген ақын жырларының егделенген сайын бiрте-бiрте күрделене түскендiгiн айғақтайды.

“Сынап маған қарамаңдар, сол көздердi ұнатпан,

Кiр iздеудiң керегi жоқ сыңғырлаған бұлақтан.

Еркелесем, сендер бар деп еркелеймiн, мен тегi,

Көкiрегiм сендерге арнап домбырасын шертедi.

Тасып барып өздерiңе, тасып қайтам, туғандар,

Жасып қалсам жамансың деп, босағадан қумаңдар…”

дейдi ақын, бұл күйiнiштен туған көңiлдiлiк емес пе, оның үстiне өзiнiң бала күнiнен еркiн қанат қаққан оқырмандары мен тыңдармандарына жасаған назы емес пе?! Қалай дегенде де ақын тағдырының айтқызары осы:

“Төтелеп мен тартып келем кедiр-бұдыр жолменен,

Тау да жатыр бұлт бүркенiп, тас та жатыр көлденең,

Жолаушымын жолда ешбiр ұйқы-күлкi көрмеген,

Келешектiң күндерiне, түндерiне шөлдеген,

Бүкiл барлық арманымды алып-ұшып мен келем.

Құласам да, жыласам да ағып барып құлайын,

Жүрегiмнiң соңғы нұрын жағып барып құлайын.

Жұлдыз болып жанып тұрып, жанып тұрып құлайын,

Не де болса барып, барып, барып, барып құлайын.”

"Сонда бұл кiсi қайда құлайды?" — деген сауал туындайды. Жоқ, бұл жерде ақ жүрегiнен ақтарылған ақ жiбек жырларын ақ самалға тербетiп барып, халқының аңсаған ақ көңiлiне құлайтыны екi бастан. Және ақынның өзi де жырмен көмкерген сөзi де айналасындағы жандарды сан қилы күйкi тiрлiктен арашалап, әр көкiректегi үмiт отын үрлеп, көңiлдерiн жай етуге ұмтылады. Егер сөз орайына келтiрiп айтар болсақ, бұл кiсiнiң ұланғайыр еңбегiн жеке-жеке атап өтудiң өзi бiр атан түйеге жүк болар едi, ал оған орыс және батыс классиктерiнiң, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарынан аударған жырларын қосар болсақ, сөз жоқ бiр кiтапхананың сәнiн келтiрерi хақ. Сол сияқты өзiнiң iстеген қызметтерiн де атар болсақ, ол да бiраз шежiренiң бетiн ашып жатар едi. Бiрақ солардың бәрiнен ақынның алғаусыз жан дүниесiне ең жақыны балалар әлемi екендiгi айдан анық. Содан да болар Тұмағаңның бүгiнгi таңға дейiн балалардың ең сүйiктi журналы "Балдырғанның" басында отырғаны. Маған егер бiреу Тұмағаңның мiнездемесiн бiр-ақ сөзбен айт десе, сол баяғы балаң мiнезiнен айнымаған бiр ақын болса, осы – Тұмағаң дер едiм. Оған, әрине, ағамыз ренжiмес. Содан да болар бұл кiсiнiң әрқашанда жаны жас қалпында перiште жыр жазып жүргенi. Әрине, үлкендердiң өрелi ордасынан да өз биiгiн ешкiмнен кем алып жүрмегенi ақиқат. Сөзiмiздi қысқарта айтқанда, ағамыз бұл өмiрге көйлегiмен туған деуге де әбден болады.

Сөз соңын, сонау 1958 жылғы баспада өткен жастық шағымыздың бiр елесiмен аяқтағым келiп тұр. Бiрде аңқылдап жүрiп сiз: "Мен бақыттымын, өйткенi өз сүйiктiм болған алтын құсымды қолыма қондырдым." — деген едiңiз. Сол алтын құсыңыз — Күлтәй жеңгемiзбен бүгiнгi таңда сегiзiншi ондыққа бет бұрғаныңыз белгiлi. Және осы жеңгемiздiң сiздiң ұрпағыңызды өргiзгенi былай тұрсын, поэзиядағы алтын тұғырыңызды да берiк ұсатып, биiкке көтерткенi ақиқат. Олай болса сiздiң қос қанатыңыз болған сүйген жарыңыз бен поэзиялық тұғырыңыздың шырқау биiгi мәңгi жасамақ. Тағы бiр еске алғым келгенi, сiздiң кәзiргi көкбазардың маңайындағы Красин көшесiнiң бойынан алғаш рет пәтер алып, тұңғышыңыз Құралайдың құрметiне қызыл-қоңыр күйсандық алып, және оны сол кездегi ең қымбат "Доила" деген коньякпен жуғанымыз. Сол тойда маңғаз Әнуар, сырбаз Сағи, қалжыңбас Шәмiл және тағы басқа да ағаларымыздың арқа-жарқа болып шаттанғаны күнi бүгiнгiдей көз алдымда. Жоғарғы айтқан "Қызыл-қоңыр" күйсандықты көтерiсiп, сол маңайдағы "Қызыл таң" дүкенiнен "Доила" коньягiн тасыған пақырыңыз мына мен едiм. Бiр жағынан бүгiнгi торқалы тойыңызда бұл жайтты да еске салғанды жөн көрдiм. Айып етпессiз. Ендi мен мақаламның аяғын өзiңiзге деген тiлек жырмен аяқтайын:

Сiз бүгiндер Қазақтың

Арайы да болдыңыз.

Қазақ тартқан азаптың

Абайы да болдыңыз.

Сiз бүгiндер Қазақтың

Жамбылы да болдыңыз.

Ел аңсаған азат күн

Тағдыры да болдыңыз.

Сiз бүгiндер Қазақтың

Алғыры да болдыңыз.

Қасiрет-мұңды сызаттың

Даңғылы да болдыңыз.

Көңiл пәрiн ашатын

Ән-жыры да болдыңыз.

Елге жұпар шашатын

Жалбызы да болдыңыз.

Қалпыңызмен осы бiр

Жүз жасаңыз ылайым.

Жақсы жанның досы нұр

Қолдап жүрсiн құдайым! — демекпiн.

Сейфолла ОСПАН

Серіктес жаңалықтары