60 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ИГЕРIЛМЕЙ ҚАЛДЫ
60 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ИГЕРIЛМЕЙ ҚАЛДЫ
Өткен жылға тиесiлi бюджеттен халықтың әлеуетiн жақсартуға бөлiнген қаражаттың қомақты бөлiгi iске асырылмады. Жоспарда бар, iсте жоқ 60 миллиардтан астам теңгеге сәйкестендiрiлген жұмыстар атқарылмаған. Тәуелсiз Қазақстан тарихында республикалық қазынада бұрын-соңды мұндай көлемдегi сарқыншақ қалып көрмептi. Бұл туралы осы аптада Үкiмет және Есеп комитетi мәлiм еттi.
Елiмiзде жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларға республикалық бюджеттен арнайы бөлiнген қаржы көзiнiң 90 пайызы дерлiк орындалған. Десе де 60 млрд. теңге мүлде санаттан тыс, ешқайда жұмсалмаған. Жұмсалмаған дегенiмiз – жоспарға iлiккен iстiң жайын ешкiм бақыламаған, нәтижесiнде ұмыт қалдырған.
Бiлiм және ғылым министрлiгiнде бiлiм ошақтарын салу және жөндеу жұмыстары бойынша 12 миллиардқа жуық теңге пайдаланылмаған. Бұл санатқа Көлiк және коммуникация, тiптi Қаржы министрлiгi де кiрiп отыр. "Бұл олқылықтарды жылдың аяғына дейiн шешемiз" дедi Есеп комитетiнiң басшысы Омархан Өксiкбаев. Бас есепшi соңыра бұл қаржыны мақсатсыз және маңызды емес салаларға бөлiнген деп жуып-шайған болды.
Бас есепшi бұдан өзге де келеңсiздiктердi жайып салды. Мәселен, былтыр "Жол картасына" байланысты көптеген заң бұзушылықтар орын алған. Атап айтар болсақ, жұмысқа қабылдау барысында көрсеткiш үшiн жұмыс күшiн көбейтiп отырғандар анықталды. Оның үстiне бұл бағдарлама өте қысқа мерзiмге негiзделген. Жергiлiктi халықты жұмыспен қамту және оқыту бағдарламалары уақытша сипатта болды.
Есеп комитетi есептi кезеңде 53 бақылау iс-шарасын өткiзу барысында 27 мемлекеттiк орган мен 18 квазимемлекеттiк сектор субъектiсiн бақылауға алған. Нәтижесiнде 254,3 млрд. теңгенiң қаржылық бұзушылықтары анықталды. "Сондай-ақ тексерiстер барысында қаржылық заң бұзушылықтар ретiнде анықталған 254,3 млрд. теңгенiң 31. млрд. теңгесi қалпына келтiрiлдi. Бұл өткен жылғы көрсеткiштен 13 есе көп болып отыр", – дедi Есеп комитетiнiң төрағасы.
Мәжiлiс депутаты Қабиболла Жақыпов мемлекеттiк сатып алуларға қатысты өз ойын ашық айтты. "Менiң ойымша қаржы саясатын түбегейлi өзгерту керек. Аймақтардың әлеуетi оңғарылса, мемлекеттiң жағдайы да жақсы болмақ. Ал бiз унитарлы мемлекетке айналғанымыз соншалық, швабра алу үшiн де Астанамен келiсу керек" деп салды. Жалпы логикасын қолдаса да, қаржы министрi Болат Жәмiшов бұл оймен келiсе алмайтындығын жеткiздi. Десе де, отырыс соңында Болат Жәмiшовтiң есебiне "қанағаттанарлық" деген баға қойылды.
2009-жылғы бюджеттен бөлiнген қаражаттың жұмсалуына депутаттардың көңiлдерi толмады.
Ақниет ОСПАНБАЙ