1050
МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ ТӨРТ ЕРЛIГI
МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ ТӨРТ ЕРЛIГI
Өткен жексенбiде, Алматыда Республика сарайында көрнектi ақын, мемлекет және қоғам қайраткерi Мұхтар Шахановтың шығармашылық кешi болып өттi. Кеште Мұхтар Шахановтың әр жылдардағы тыңдаушы жүрегiн жаулап алған әндерi орындалып, оның қайраткерлiк тұлғасы сомдалды.
Үш мың кiсiлiк залда ине шаншар жер болған жоқ. Бұның өзi халықтың ақынның лебiздерiне сусап жүргендiгiн танытса керек. Жұрт көкiрегiнде жатталып қалған сонау "Гүлдәурен" әнiнен бастап, бүгiнгi азаматтық, патриоттық сарындағы туындыларын көбiне-көп жас әншiлер орындады. Ақын өзiнiң жiгерлi де, патриоттық өлеңдерiмен жиналған жұртты сусындатты. Кеш барысында Мұхтар Шахановтың азаматтық тұлғасы айшықталып, оның қазақ халқы үшiн жасаған төрт ерлiгi жайында баяндалды. Бiрiншi ерлiгi – бүкiл әлем назарын, тартылып бара жатқан Арал мәселесiне аударуы. 1988 жылы Американың Атланта қаласында сөз алған Мұхтар Шаханов Арал проблемасын дүниежүзiлiк деңгейге көтерiп, тартылған теңiздi ғана емес, өмiрге жыл сайын мыңдап келiп жатқан мүгедек сәбилердi де құтқару керектiгiн сөз етедi. Екiншi ерлiгi – 1989 жылы Бүкiлодақтық пленумда Кремль төрiне көтерiлiп, 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiне бiр жақты баға берiлгендiгiн айта келiп, алаңда бейбiт шеруге шыққан жастарға қарсы сапер күректерi мен темiр күрзелердiң қолданылғанын әрi бұл оқиғаға жан-жақты сарабдал баға беру үшiн тәуелсiз комиссияның құрылуын талап етуi болатын. Бұған дейiн қазақ жастарына "ұлтшыл" деген қара күйе жағылып, қоғамдық пiкiрдi оларға қарсы қою шарасы жүргiзiлiп келген едi. Бұдан кейiн Желтоқсан оқиғасын зерттеу жөнiнде бүкiлодақтық комиссия құрылып, М. Шаханов соның мүшесi болады. "Желтоқсан оқиғасына" берiлген бiр жақты баға тоқтатылып, оған жан-жақты сараптама жасалына бастайды. Сөйтiп, Одақ қазақ елiмен санасуға мәжбүр болады. Үшiншi ерлiгi – ұлт санасынан өшiрiлiп, дiни таңба басылып, 70 жыл бойы айтылмай келген "Наурыз" мейрамының халықпен қайта қауышуына мұрындық болуы. Сол кездегi Қазақ КСР Коммунистiк партияның Орталық комитетiнiң басшысы Геннадий Колбинге арнайы бас сұғып, Наурыз мейрамының маңызы мен мәнi жөнiнде терең талдаулар жасап, оның сол жылы тойланып кетуiне бiрден-бiр себепкер болады. Төртiншi ерлiгi – қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл дәрежесiне қол жеткiзуi. 1989 жылы Қаз КСР Жоғары Кеңес депутаттары мемлекеттiк тiл ретiнде – орыс тiлi мен қазақ тiлiн қатар қабылдап жiберудiң алдында тұрғанда, мiнберге көтерiлген Мұхтар Шаханов: "Егер, орыс тiлi мен қазақ тiлiнiң мемлекеттiк статусы тең дәрежеде болатын болса, қазақ тiлi орыс тiлiнiң көлеңкесiнде қалып қояды. Сондықтан да, мен бiр ғана тiлдiң – қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл болуын құптаймын. Және қайта дауысқа салуыңызды өтiнемiн" деген екен төрағаға. Сөйтiп, қайта дауысқа салу нәтижесiнде қазақ тiлi мемлекеттiк тiл статусына ие болыпты. Мiне, бұл Шахановтың соңғы 25 жыл iшiндегi жасаған ұлттық қайраткерлiк сипаты. Бүгiнде сөз жүзiнде төрге озған, iс жүзiнде есiктен сығалаған мемлекеттiк тiлiмiздiң ертеңi үшiн шырылдап күресiп жүрген де – Мұхтар Шаханов. Зал толы көрермен сұлу сөздiң, сырбаз сөздiң қадiрiн түсiнiп қана қоймайтындығын, сондай-ақ, Шахановты осындай көзсiз ерлiгi үшiн құрметтейтiндiгiн танытты.Есенгүл Кәпқызы