«...мүмкiн "ӘНШI МАЙРА АУЫЛЫ" болар,
«...мүмкiн "ӘНШI МАЙРА АУЫЛЫ" болар,
Шынымды айтсам, Майраның соңғы кездерi демалыс концерттерiмен бiрге талай қайырымдылық шараларды қатар жүргiзiп келе жатқанына сырттай қуанып жүрушi едiм. Қазақ қыздарының қайсарлығы туралы ойға ала қалсақ, өнер емес қоғамның басқа бiр саласында қызмет етiп жүргендер ауызға бiрiншi алынары сөзсiз. Ал, өнер, қазақ өнерiнiң тарихында мәңгiлiк өзiнiң көркем көшiн бастап келе жатқан осынау әншiмен әңгiме барысында табиғатынан алғыр, қайсарлығына да көз жеткiзiп, тiптi қуандық. Оның бойындағы кiсiге деген мейiрiмдiлiк, бауырмалдық, әрiптестерiне деген тiлектерi, жас әншiлерге, таланттыларға деген шексiз iлтипаты, тiптi бүгiнде сирек кездесетiн осындай адами қасиеттерi өзiнiң таланты мен қабiлетiн одан сайын ажарландырып тұрғандай күй кештiк.
– Майра, сiз белгiлi әншiсiз. Бiрақ соңғы кездерi сiздi өзгеше қырыңыздан көрiп жүрмiз. Мұның сыры неде болды екен?
– Сахнада жүргенiме отыз жылдай болып қалды ғой. Оның үстiне ұстаздықты қатар алып келе жатырмын, "Майра" бастауыш ән айту продюсерлiк орталығы бар. Ал адам есейе келе өмiрден түйгендерiн артынан ергендерге үйретуге саналы түрде барып, ұрпақтар жалғастығын жолға қойып отыруы заңдылық. Осындай ойлардан бiрнеше бағдарлама-жоспар қатар келдi де, әуелi "Жан анам" жобасын қолға алдым.
"Жан анам" дегенде, мен – ана мейiрiмiн аз көрген қыздардың бiрiмiн. Үш жасымда анам қайтыс болыпты. Менiң есiмде емiс-емiс қана бейнесi қалғаны болмаса, өзiн де, даусын да бiлмеймiн. Бiрақ сұңғақ бойлы қараторы, керемет ән салады екен. Оны өзiмнен үлкен әпкемнен еститiнмiн. "Түрi де саған ұқсайтын, әдемi ән салушы едi" деп үнемi айтып отыратын. Аса шебер, iсмер кiсi болса керек. Асты да дәмдi дайындайтын, сабырлы, ақылды болған деседi. Үшiншi мүшелiнде өмiрден қайтады, бiрақ жетi-сегiз баланы өмiрге әкелген. Менен кейiн де екi перзент өмiрге келген екен, шетiнеп кетiптi. Сол ұрпақтан қалған төртеудiң кенжесi менмiн. Есейе келе, жетiншi сыныпта жүргенде әкемiзден айырылдық. Әкем марқұм "менiң Майрам керемет әншi болады" деп үнемi мақтаныш сезiммен, үмiтпен айтып отыратын. Расында да бес жасымнан ән салдым. Тыңдап отырғандар түгел көрсiн дей ме екенмiн, аяғымның астына орындық қойып алады екенмiн. Ата-ананың мейiрiмi мен махаббатына тоймай қалған соң, олардың алдындағы перзенттiк борышымды қалай, қайтiп өтесем екен деген ой қай кезде де көңiл түкпiрiнен кеткен емес. Дәл бүгiнге дейiн осы бiр балалық арман-мақсат осындай бiр жобалардың өмiрге келуiне түрткi болғандай. Өзiмнiң анамның ғана емес, бүкiл Жер бетiне тiршiлiк нәрiн сеуiп келе жатқан аналарға арнап "Жан анамды" тыңдармандарға ұсындым. Биыл алтыншы рет Республика сарайында ән сүйер қауыммен қауышты. Нәтижесi жаман емес, халық жақсы қабылдады.
– Не көп, концерт көп. Сол көптiң ортасында өз жобаларыңыздың өзгеше болуы үшiн не iстейсiз?
– Жоқ, әр кезеңнiң әндерi, оны халыққа жеткiзушi орындаушылары болады. Және олар әннiң табиғатына, тарихына, орындалу шеберлiгiне қарай әртүрлi болып келедi. Сол сияқты тыңдаушылары да әрқилы. Қазақта ақын көп. Сол көп ақынның жырларының бәрi демей-ақ қояйық, көбiсi аналарымызға арналған. Ақынның адуынды өткiр жырларына сазды әсерлi әуен жазған сазгерлерiмiз де, Құдайға шүкiр, баршылық. Олай болса, жобалар бiр-бiрiн қайталаудан алыс.
– "Жан анам" жобаңызда қоларбаға таңылған мүгедек баланың тағдырына араша болғаныңызды көрдiк. Ананың көзiнен тамған жасқа сарай теңселiп кеттi десек, әсiрелеу болып шығар, дегенмен жанымыз күйзелдi. Ананың жанын Ана түсiнедi. Дегенмен, осындай қайырымдылық шара концерт барысында ғана ойыңызға келдi ме, әлде…
– Бiрде, "Жан анамның" үшiншi концертiне дайындалып жүрiп, теледидарда "Аялы алақан" бағдарламасынан жиырма жасар, он саусағы жоқ баланың анасының көмегiне ғана сүйенген шарасыз халiн көрiп жүрегiм сыздады. Дәретханаға да сүйемелдеп бара жатқан анасының жанарындағы мұңды көрiп одан сайын жан-дүнием күйзелдi. "Менiң баламның әр саусағы екi жарым евро тұрады, көмектесiңiздер, егер екi-үш саусақ болса, алпамсадай азаматым құрығанда шалбарының түймесiн сала алатын жағдайға жетер едi. Өзiм де денсаулығым жоқ, өлiп қалсам балама кiм қарайды?",– деп экраннан ботадай боздаған анасының даусы көпке дейiн құлағымнан кетпей қойды. Телеарнаға хабарласып: "Маған осы баланы берiңдер, өзiм көмектесейiн" деп мекен-жайын сұрап алдым. Кезектi концертке анасы екеуiн шақырдым. Арасында әлгi теледидардан өзiм көрген сюжет көрсетiлдi. Залдағыларға "Егер мына жандарыңызда отырған балаға көмек көрсеткiлерiңiз келсе, мына жәшiктерге мүмкiндiктерiңiзге қарай қаражат жинайық" дедiм де, залға үш жерге жәшiк қойдым. Сонда бiздiң қандастарымыздың мейiрiмдiлiгiне таң қалдым, жәшiкке қарай ағылған халық… 5 мың доллар жиналыпты, мен өз қалтамнан 2 мың, Мақпал 500 доллар бердi де, 7500 доллар ақшаны баланың анасына тапсырдық. Бiр жылдан кейiн әлгi Қуандық баламыз қолына операция жасатып қана қоймай, астында су жаңа мәшине, әп-әдемi келiншегiмен бiрге концертке келiп, келесi бiр балаға жәшiкке ақша тастап жатқанын көрiп, бiздiң де мерейiмiз өсiп қалды. Бұл жолы екi бүйрегi семiп, Қытайда екi жарым жыл төсек тартып жатып қалған он жасар кiшкентай қызға көмектескiмiз келген, 6 мың доллар жинап бердiк. Кәсiпкерлерге үмiт арттық, 50 мың доллар керек екен, аннан-мыннан қаржы жиналды-ау, бiрақ үлгере алмадық, бүлдiршiн қайтыс болып кеттi. Одан кейiн семейлiк бүлдiршiн– күнделiктi уыс-уыс дәрiмен ғана қалт-құлт етiп отырған Мақсат деген балаға көмектестiк. Осы жолғы "Жан анамда" шөп жинап жүрген комбайнға екi аяғын шайнатып алған Нұргелдi деген балаға жәрдемдестiк. Көзiнiң оты бар, болашақта тiс дәрiгерi болғысы келетiнiн айтып, жанып тұрған бала. Протез салса да аяғының сүйегi өсе бередi. Сондықтан жиырма бес жасқа дейiн екi-үш ай сайын сүйекке операция жасап отыру керек екен, ол дегенiңiз қыруар ақша ғой. Бұл жолы 4 мың доллар жинап бердiк. Өз басым компьютер сыйлағым келiп едi, бар екен. Алғыр ойлы, компьютердiң құлағында ойнайды. Жасып отырған жоқ, өмiрге құштарлығында шек жоқ, қайсар. Содан берi осындай қайырымдық шараға көп көңiл бөле бастадым. Төрт сәбиге көмек көрсеттiк. "Жан анамның" негiзгi мақсаты да осы.
– Қазақ эстрадасындағы жас жiгiттердiң қайғылы жағдайлардан көз жұмуына да бей-жай қарай алмадыңыз. Бауыржанның, Нәбидiң, Русланның аналарының көзiндегi мұңды бүкiл қазақ елiне көрсете бiлгенiңiзге де куә болдық…
– Иә, бұл бiр қайғылы жағдай болды. Қазақ эстрадасының нағыз жұлдыздары болатын-ақ жiгiттер едi. Жасындай болып келдi де, жарқ етiп жоқ болды. Руслан менi туған анасындай сыйлайтын, мен де туған баламдай керемет жақсы көрдiм. «Алматыдағы мамамсыз» дейтiн-дi. Жап-жас азаматтарды өткен шақпен еске алудың өзi сондай ауыр маған, қыршын кеттi ғой. Үнемi жанымда болды, "Сағындырған әндер-айдың" бiрiншi концертiн өзi жүргiздi, сценарийiн де өзi жасады. Қуанғанда да, ренжiген сәттерiнде де маған жүгiрiп келетiн. "Қазақстанның" бас продюсерi Алтынбек (Рахметов) екеуi керемет дос болды.
Қайтқандарына бiр жыл толып қалды ғой. Ананың қайғысы орны толмас қайғы. Сол балапандарын жоқтап, көз жастары көл болған аналарға: "Е, балаларымыз аз ғұмыр кешсе де ел есiнде қалатындай саналы ғұмыр сүрген екен ғой, ұмытпайтын халқы бар екен" деген, демеу болсын деген мақсаттан туған шара болды… Концертке шақырып, тыңдармандарға орындарынан тұрғызып көрсетiп, сый-сыяпат жасап, көңiлдерiн сәл-пәл болса да көтерейiк деген ниет. Қазақ айтады ғой: "Көңiл көңiлден су iшедi" деп, ол қасiрет бiздi де бей-жай қалдырмағанын бiлдiрейiк деген ой ғой. Нәби мен Бауыржан да қандай азаматтар едi?! "Жазмыштан озмыш жоқ" дегендi де сол қазекең айтқан. Өнерде де, өмiрде де туған анасындай жанына жақын тартқандықтан, өнер десе жанып тұрған Русландай азаматтарды еске алу, тiптi менiң ғана емес, кез келген қазақ өнерiн сүйген азаматтың парызы десе де артық болмас. Бүгiнде қатыгездеу қоғам болып тұр ғой,қалтасындағы қаржысына мастанып, жеке бiр барлықтың-байлықтың қызығынан басқа қызық жоқ деп санайтын мейiрiмсiз ұрпақ көбейген заман. Өзiңiз де бiлесiз, ата-анасын Қарттар үйiне тапсырған, анасы мен қызы, ағасы мен қарындасы араласпай қалған жағдайлар айналамызда көп-ақ. Қарттар үйi мен Балалар үйiнiң тұрақты тұрғындарының 80 пайызы өзiмiздiң бауырларымыз екенiн көрiп те, бiлiп те жүрмiз. Ал, мұндай қайырымдылық шаралары өмiр мен өлiмнiң арасының тым-тым жақын екенiн еске түсiрiп қана қоймай, бiр-бiрiмiздi тiрлiгiмiзде сыйлай бiлуге, қанымызда бар бауырмалдықты қандай жағдайда да сақтауға тырысайық дегендi меңзейдi. Өйткенi, өмiрдiң өзi қуаныш пен қайғыдан тұратынын түйсiгi бар пеңде жанымен түсiнуге тиiс.
– "Сағындырған әндер" жобасы да "Сағыныштан" ерекшелеу шығыпты. Әншiлердi топтау арқылы халықтың рухани дүниесiне жаңаша қарағыңыз келе ме?
– "Жан анамға" бес жыл толған кезде мен ретро әндерге көштiм. Алғашында әртүрлi "Сағынтқан әндер", "Сағынтқан әнiң", "Қазағымның әндерi-ай", "Халық әнi– халық қазынасы" сияқты айдар таққымыз келiп, содан "Сағындырған әндерге" тоқтадым. Мұның бәрiне ой салып, ойтүрткi болған "Ел" продюсерлiк орталығының жақсы төрт жобасы бар: "Ән мен әншi", "Iнжу-маржан", "Сағыныш" атты ән кештерiне арналған. Өте жақсы жоба. Бұл екi жобаның аттары ұқсас болғанмен, екеуi екi бөлек дүние. Бiрақ, мақсат ортақ: екеуi де еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейiн уiлдеп, гуiлдеп, сызылта салатын, ел есiнде мәңгi сақталған, ұрпақтан ұрпаққа сол күйi еш өзгерiссiз жетiп, жалғасып келе жатқан шығармалар. Кезектi кешi ұйымдастырылды. Кеш өте жақсы өттi. Бiрақ, белгiлi бiр топ қана әндер орындайды. Белгiлi танымал әншiлер, бас-аяғы жиырмаға жуық. Көбi жастар. Өз басым сол ретро әндерден сусындап қана қоймай, мөлдiр бұлағынан қанып су iшкен адаммын. Ата-анам да сол әндермен өстi. Қай композитордың кез келген әнiн айта аламын. Қазақ әндерiнiң күмiс көмей әншiлерi Бибiгүл апамыздан бастап, киелi сахнаға ендi ғана шығып жүрген жас толқынмен бiрiгiп неге ән орындамасқа деген ой санаға кiрiп алған соң, оны жүзеге асырмауға болмады. Ән өнерiне бейiмi бар, талаптанып жүрген кез келген жас әншi өздерiнiң алдындағы танымал әншiлермен бiрiгiп ән айтуды армандамаушы ма едi?! Алғашқы екi жарым сағатқа созылған кеште 65 әншi қатысып, 32 ән орындалып, кештiң көшiн Бибiгүл Ахметқызы өзiнiң шәкiртi Толқынмен ән айтып бастады. Нұрғали ағамен бiрге ән салсам деп армандаған бiрнеше тенор балаларды сахнаға шығардық, Розамен, Мақпалмен бiрге сахнада ән айтуды армандайтын жас әншiлер көп қой, «ұрпақтар жалғастығы» деген де осы. Оның үстiне аға буын, орта, кiшi буын өкiлдерiмен бiрiгiп ән айтудың пайдасы да көп. Бүгiнгi жастардың көбi ән текстерiн, әуенiн бұзып айтатыны жасырын емес. Жаңа заманның ағымымен әндердi орындаймыз деп әуендi батыстық бiр сарынға бұрмалап жатады. Оның үстiне қалай, қайтiп орындаумен қатар сахна мәдениетiне де үйренедi. Бұл жобаны халық жақсы қабылдады. Бiздiң де белгiлi тыңдармандарымыз қалыптасты, қатары көбейдi. Тiптi, бiр жоба аздық ететiн болды да, кейiнгi екi жоба тiптi, халықтың сұранысымен жүзеге асты десек те болғандай. Содан кейiн бiз мүмкiндiгiнше сапалы дүние жасауға тырыстық. Тапқан-таянғанымызды сол жобаның келесi концертiне дайындыққа жұмсаймыз. Сондықтан да "Сағындырған әндер-ай" – алдыңғы орындағы, халық өте жақсы қабылдаған жоба болды.Ал, үшiншi жоба ретiнде "Жұлдызға 77 сұрақ" деп шағын бағдарлама алып едiм, әлi шикiлеу көрiндi. Мүмкiн, басқаша бiр қырынан келу, әлде телешоу сияқты ұйымдастыру керек пе едi, ойланып қалдым. Уақыт көрсетедi. Ал, ендi "Алтын домбыра" атты ауқымды жоба дәстүрлi әндерге арналған. Осындай ниеттен "Алтын домбыра" дүниеге келдi. Сөйтiп, өнер кешiне құрметпен шақырылған Астанадан Қайрат Байбосынов, Оралдан Хатимолла,Түркiстаннан Қажыбек Бекбосынов, қызылордалық Алмас Алматов, семейлiк Гүлдана Ноғайбаева, атыраулық Қайрат Кәкiмов, алматылық Сәуле Жанпейiсова, Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқалилар қатысып, тыңдарманның көз қуанышына айналды. Тiрi дауыспен айтар әндi, оның үстiне домбыраны сағынған халық екi жарым сағатқа жуық тапжылмай отырып, риза болып тарасты. «Залда ине шаншыр орын қалмады» десем, мақтанғандық емес. Бiраз уақытқа дейiн жер-жерден ризашылығын бiлдiрiп, рахмет айтқан халықтың санында шек болмады. Тек, бiр қиналғаным, ұйымдастырушылық шара дегенiңiз жаныңызды жеп қоятын тiрлiк. Сондықтан шаршағаным бiлiндi. Майраның әнi "Майраны" айтқанда тiптi тамағым кеуiп, даусым жөндеп шықпады ғой деймiн, өзiме ұнамадым. Ең басты мәселе – залды толтыру, билет сатылуын қадағалау. Бұл орындалмады ма, еңбегiңнiң бәрi құмға сiңгенi дей бер. Менiң жобаларымды ел мақтайды, ал шын мәнiнде оның бәрi маған оңайға соғып жатқан жоқ. Бұл ретте, маған үлкен демеу болып, көмек көрсетiп келе жатқан "Қазақстан" телерадио корпорациясына рахметiм шексiз. Менiң барлық бағдарламам бойынша жүрген концерттерiмдi тегiн түсiрiп, телеэкраннан республикамызға көрсетiп келе жатыр. Осы жолы он күн қатарынан "Алтын домбыраны" тегiн жарнамалап бердi. Қазақ радиосы да тегiн жарнамалады. Осындай iрi ақпарат құралдары үнемi бiр жағымнан демеп жатқанына қуанамын. Қалалық әкiмдiк, сондай-ақ, депутат-кәсiпкер Нұртай Сабильянов мырзаның көмегiн де айтпасқа болмас. "Жалғыздың үнi шықпас" дегендей, әрине, менiң жалғыз өзiм бұларсыз не тындыра алар едiм, Алладан қайтсын. Ешкiм де бiреу үшiн емес, ортақ қазына, қазақтың ортақ мәдениетi мен өнерiне қызмет етiп жатқанымызды түсiнетiн осындай ұжым, азаматтардың арқасында аяғымыздан тiк тұрып келемiз. Егер Өнер академиясын бiтiрмегенде не режиссер, не журналист болар едiм деп қиялдап қоятын кездерiм де болады.
Мен кез келген тiрлiкке ойланып-толғанып кiрiсетiн, әбден толғағы жеткен соң ғана жүзеге асыратын, шынымды айтсам ұзақ "толғататын" адаммын. Ойды жүзеге асырғаннан кейiн де, ұзақ уақыт келесi дүниелерге ойша сапар шегiп жүремiн деп бiраз идеяларымнан айырылып та қалатын жағдайларым бар.
Бес ай болды, "Сақ" этнотобын құрып жұмыс жасап жатырмын. Жалпы, ойға алған мақсатты дер кезiнде ештеңеге қарамай, алаңдамай өз бетiңше тiрлiк жасап, жүзеге асырып жiберу керек екен. Сәл кешiктiң бе, қайталау сияқты қабылданады. Аты тарихи ат болған соң, тiптi киiмдерiмiзден де сол заманғы сән үлгiлерiн көрсетуге тырыстық. Сәнгерлермен де жұмыс жақсы жүрiп жатыр. Тұмар ханшайымның киiм үлгiлерiн көрсетiп, жалпы Сақ заманына сапар шекпекпiз. Сосын жоғарыда айтқанымдай, жеке студия аштым, бұл да ұзақ жылдардан арман болған тiрлiк едi. Бiрақ мұның бәрi қиындықсыз болмайтын дүние, өйткенi қыруар қаржы қажет. Ал қаржы табу, үнемдеп жеткiзу дегенiңiздiң әбден қажытатыны тағы бар. Мұның бәрiн жинап қойғанда, өзiмiздiң ұлттық бояуы қанық, мәңгi өлмейтiн қазақ әндерiн насихаттауға деген махаббат бәрiн де жеңiп тұр. Республикалық байқауларда жүлделi орындар алған жастарды шақырдық. Өйткенi, облыс көлемiнен аса алмай, насихатталуы жетпей жатқан таланттар қаншама? "Алтын домбырада" да Жүсiпбек Елебеков, Әмiре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Кенен Әзiрбаев, Дәнеш Рақышов атындағы байқауларда бас жүлдеге ие болған әншiлердi көпшiлiк жақсы бiле бермейдi ғой, өйткенi, ол концерттер теледидардан толық көрсетiлмейдi де. Мiне, соларды көпшiлiкпен бiр-екiлi табыстырдық. Болашақта бәрiн де қамтысақ па деген ой бар.
– Осы шаралардың бәрiне, құпия болмаса, қаржыны қайдан тауып жатырсыз? Әншi Майра байып кетiптi дегендi жиi естимiз…
– "Сағындырған әндер-айға" белгiлi бiр азамат көмектескен, алғашқы концерт болған соң елдiң көңiлiнен шықсын, дұрыс болсын деп залға да, жарыққа да жоғары деңгейде қаржы төлегенбiз. Ал, негiзгi демеушiлерiм – халықтың өзi. Қазақта байшыкеш жiгiттер көп болғанымен, өнерге, қазақ сахнасына, мәдениетiне жаны ашитындар жоқтыңқасы. "Алтын домбыраны" қоятын шығармын, шаршадым, басқа басқа емес, қаржы мәселесi шаршатты деп ойлағанмын. Қазақтың меценат жiгiттерiнiң бiрi– Нұртай Сәбильянов уәде берiп отыр, сондықтан "Алтын домбырамен" қоштаспайтын сияқтымыз.
"Жақсы сөз – жарым ырыс" демекшi, әлгi " байып кетiптi" деген сыбыс болса да жүрекке жылы естiледi екен. Мүмкiн, концерттi жиi өткiзiп тұрғандықтан айтылған болар, ал «концерт өткiзiп байиды» деген, тiптi бос сөз. Оны ұйымдастырып жүргендер жақсы бiледi. Мен үшiн ең бастысы, ұйымдастырған шараның өзiн-өзi ақтауы ғана. Ал ендi артылып жатқан жағдайда киiм үлгiлерi мен сапа жағына жұмсар едiм. Сондықтан тағы да айтқым келедi, менiң демеушiлерiм – тыңдармандарым. Қолдаушым да, жебеушiм де – халық! Халық аман болса, қазақ әндерi де өмiршең!
– Осы күнi билеттi қолдан үстемелеп сатушыларды тоқтауға болмай ма?
– Ол ендi айтыла-айтыла жауыр болған мәселе. Тоқтамайды, оны тоқтатса тек сарай әкiмшiлiгi ғана тоқтатуы мүмкiн. Менiң ойымша, бұл "жең ұшынан жалғасқан" тiрлiк. Ең сорақысы өткiзе алмағандарын концерт басталатын кезде қайтадан кассаға өткiзiп тастайды екен.
Бұрын темiржол бойында да осындай тәртiпсiздiктер болды да, қазiр тыйылды ғой. Қолға алса нендей жағдайды да реттеуге болады, тек құнттамаймыз. Мамыр айында Республика сарайында күрделi жөндеу жұмыстары жүредi де, екi жылға жабылады. Осы аралықта басқа залдарға ауысамыз, мүмкiн жағдай басқаша болатын шығар.
– Қазiргi қазақ эстрадасында ортақ бiр байланыс жоқ сияқты, әншiлерге ортақ ұйым, ортақ мекеме керек-ау. Бұған қалай қарайсыз?
– Шын мәнiнде, бiртұтастық, бiрауыздылық, ұйымшылдық жоқ. Бiзде театр қоғамы бар, Композиторлар қоғамы бар, Жазушылар одағы бар, «неге Әншiлер қоғамын құрмаймыз?» деп айтып жүрмiз. Зейнетке шығып кеткендерге қамқорлық жасап, аға буын әншiлерге өзiмiзге iшiнара көмек көрсетiп, бiр жағынан сауапты iс жасап, қажетiн өтеп отырсақ болмас па? Бiздiң елiмiзде тек спортшыларға ғана аса көңiл бөлiнедi де, жүлделi орын алып келсе тiптi, бiр-екi бөлмелi пәтер берiп жатады да, өнер адамдары үнемi сырт қалып қояды. Қаламыздың түкпiр-түкпiрiнде пәтер жалдап жүрген жас әншiлерiмiз қаншама? Егер Әншiлер қоғамы болса, солардың жоғын жоқтап, барын қадағалап отырар едiк. Тағы бiр жаныңды ауыртатын мәселе, "Ұлытаудай" әлемге әйгiлi топты өмiрге әкелген, қазақтың термесiн алғаш эстрадамен орындаған Қыдырәлi Болмановтың ешқандай атағы жоқ. Талайдан елдi тамсандырып келе жатқан Сәуле Жанпейiсованың өзi осы таяуда ғана алды. Ал осылардан кейiн, қаншама жыл кейiн сахнаға шыққандар атақ алып, еңбек сiңiрген әншiлер атануда. Егер Әншiлер қоғамы болса, өз рет-ретiмен ұсынылып, бағаларына қарай сый-сыяпатын, атағын алып жатар едi ғой. Бiздiң алдымыздағы толқын, кейiнгi буын, одан жас буынның басын бiрiктiрiп ақылдастар алқасын құрып, тиянақты жұмыс жасауға болады, әрине.
Ал қазiрше шашырап жүргенiмiз рас. Қазақ эстрадасы мен Қазақстан эстрадасы болып жүргенiмiз де рас. Одан да " шала" қазақ эстрадасы мен "таза" қазақ эстрадасы деген жөн болар едi. Қазақша таза ән айта алмайтын, шала қазақтар өздерiне Қазақстан эстрадасы деп айдар тағып алған тәрiздi. Оның iшiнде аты-жөнi белгiлi, танымал бiрен-саран әншiлерiмiз де бар, сол "шалалықты" мәдениеттiң асқан түрi санап, өздерiне риза. "Сағындырған әндер-айда" осындай бөлiну болмасын деп, "Перцы", "Кеш-Ю", "Мечта", "Орда", "Ринго", "ВиаНегри" топтары шақырылды. Сондықтан одақ құру туралы ойды жүзеге асыру керек, бiр бастасақ бiраз шаруа тындыруға болар едi.
– Майра, сiздiң бос уақтыңыздың жоқ екенiн жақсы бiлемiз. Дегенмен, босай қалсаңыз немен шұғылданасыз?
– Бiр жасқа толып қалған Сұлтан-Әлi атты немерем бар. Аптаның жексенбiсi қандай кезек күттiрмес
тiрлiк болса да тоқтайды. Балапаныммен қала аралаймын, қызым мен күйеу баламды ертiп тауға серуендеймiн. Бүкiл шаршағанымды сол ғана ұмыттыра алады. Сосын кiтапқұмармын.– Сiз әншi ретiнде, продюсер ретiнде жақсы танылдыңыз. Ұстаздығыңыз тағы бар. "Жан анам" атты қоғамдық-қайырымдылық қор да құрыпсыз. Дегенмен, неге жалғыз бала тудыңыз?
– Жанды ауыртатын сұрақ. Осы сұрақ алдымнан жиi шығады. Бiрақ мен сұраққа ашық жауап беремiн. Өмiрiмдегi үлкен бiр қателiгiм де осы болды. Ол кезде пәтер мәселесi қиын, өзiм студентпiн, жолдасымның жалақысы аз. Балалар бақшасына орналастыру қиямет. Жетектеп жүрiп сабаққа апаратынмын. Осының бәрi жүрекке тиiп қалды ма, пәтер алған соң деп жүргенде, менiң атағым да бiраз жерге барып қалды. Ел бiле бастаған кезде шетелден-шетел асқан өнерсапарлары басталып кеттi. Танымал бола бастаған соң, шақыру да көбейедi. Қойшы әйтеуiр, қартаймайтындай жүре берiппiз ғой. Араға он үш жыл салып көтерген сәбиiм шетiнеп кеттi.
Қазiр өзiмнiң әншi қыздарыма жиi айтатын болдым. Қыз баланың өмiрге келгеннен кейiнгi ең негiзгi мақсат-мүддесi, ол – асыл жар, ардақты ана болу, дүниеге ұрпақ әкелу. Ол мейлi кiм болса да, әншi бола ма, қандай мамандық иесi болса да, алдында осы бiр мақсатты жүзеге асыру мiндетi тұру керек.
Қызым бойжетiп, бойтүзей бастағаннан осындай бiр қағидаларды құлағына құйып келемiн. Тұрмысқа шыққаннан соң жұмыстан да шықты. Құдай бергенiнше, нәрестелi болғанын қалаймын. Менiң қателiгiмдi қайталамаса екен деп тiлеймiн. Барым-байлығым – Тоғжаным аман болсын!
Осы бiр олқылықтың орнын толтыру мақсатымен "Жан анам" деген қор аштым. Қордың тiрлiгi жақсы жүрiп, жолға қойылса, көздерi мөлдiреп жетiмханада өсiп жатқан 15 баланы үкiметтiң рұқсатымен алып, асырап, соларға мейiрiмдi ана болғым келедi. Оны "Балалар үйi" немесе "Жетiмдер үйi" деп атағым келмейдi. Ол мүмкiн "Қуаныш үйi" не болмаса "Әншi Майра ауылы" бола ма, қалай атайтынымды бiлмеймiн, бiрақ балалардың жүрегiне, көңiлiне кiрбiң ұялатпайтын әдемi бiр отау құрмақпын. Жазда гастрольдiк жоспарланған жолсапарларым бар, күзге салым осы бiр шараны қолға алсам деген үлкен ниет үстiндемiн. Менiң ол балаларым әрi өнерлi, бiлiмдi, шымыр да мықты болып шығатындай салауатты өмiр сүретiн болады. Саны бар, сапасы жоқ балалар үйi емес, төрт құбыласы түгел, бар отбасында өсiп жатқан сәбилермен бiрдей өмiр сүретiн балалар үйiн құрып, кәмелеттiк жасқа жеткiзгiм келедi.
Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНОВА