ШАХМАТ ТАҚТАСЫ МЕН СПОРТ ТӨРЕЛЕРI

ШАХМАТ ТАҚТАСЫ МЕН СПОРТ ТӨРЕЛЕРI

ШАХМАТ ТАҚТАСЫ МЕН СПОРТ ТӨРЕЛЕРI
ашық дереккөзі
420

Қазақстан шахмат спорты кезiнде бiршама үлкен жетiстiктерге жеткен. Тiптi, әжептәуiр дүркiреген. Ал қазiр жетiм баланың күйiн кешiп, әлсiреп тұр. Оған не себеп? Iстiң ретiн тауып, нәтижелi жұмыс жасамай отырған федерацияны да сынға алушылар көбейдi. Қалай десек те, қазақ шахматының ертеңгi болашағын ойластырудан қашпауымыз керек.

Әңгiменi алдымен өзiмiздiң iшкi бiрiншiлiктен бастасақ. Ел iшiнде шахматтың кеңiнен от алып, қарыштап дамымай жатқанына бұл жайттың тiкелей қатысы бар. Дәл осы таңда Қазақстан чемпионатына жеткiлiктi деңгейде көңiл бөлiнiп жатқан жоқ. Ұйымдастыру шаралары онша сын көтермейтiн сияқты. Жүлде қоры өте төмен. Тiптi, жоқтың қасы.

Қазақстан бiрiншiлiктерiне халыққа танымал кәсiпқой шахматшылар қатыспайды. Федерациядағылар оларды патриоттық сезiмдерi төмен, ел спортына немқұрайлы қарайды деп айыптап та жатады. Халықаралық деңгейдегi спортшыларды қомақты жүлде қорын тағайындап, ұйымдастыру мәселелерiн оңтайлы қарастырып, барлық түйткiлдердi шешiп барып шақыру керек турнирге. Өйткенi, олардың негiзгi кәсiбi – шахмат ойнау. Бiздiң спорт тiзгiнiн ұстағандардың әрекетi осы айтқандарымызға керi пропорционал. Соның салдарынан шахматтың насихатталуы төмен, чемпионат деңгейi қарын аштырады. Шахматқа қызығатын қарапайым әуесқойлардың өзi бәсекеден ат-тонын ала қашатын болған. Осыдан кейiн бұл спортты дамыту туралы қандай әңгiме айтуға бет шыдайды?

Ұлттық құрама жағдайыда алаңдаушылық туғызатын сөзсiз. Басты команда сапына жоғары деңгейдегi турнирлерде жақсы өнер көрсетiп, рейтингi жоғары тұрғандар ғана алынады екен. Қалыптасқан жағдай жөнiнде бас бапкер Евгений Владимировпен сөйлесуге талпынсақ, бас бапкер бұл iске толығымен жауап бере алатын жағдайдан алыс боп шықты. Ұлттық құрамаға кiмдi алу мәселесi көп жағдайда бұл кiсiнi айналып өте бередi екен. Бапкер iсiне федерация араласатын сыңайлы.

2006-жылғы Әлемдiк шахмат Олимпиадасына Қазақстан атынан көбiне ортаңқол спортшылар барған. “Талантты спортшыларымыз бола тұра бұл турнирге неге жастар әкелiндi?” деген сауал әлi күнге айтылып келедi. Жаттықтырушылардың наразы болатыны федерацияның ұлттық команда сапына өз билiктерiн жүргiзгiсi келетiнi болып отыр. Дәл сол 2006 жылы Дохадағы Азия ойындарында Мұртас Қажығалиев алтыннан алқа тағынды. Ел абыройын асқақтатқан Мұртас Катардағы сол байрақты бәсекеге бармай қалуы да ықтимал едi. Федерация оны ұлттық құрамаға алуды негiзсiз деп тауып, шетке ысырған. Өйткенi, ол сол жылғы iшкi бiрiншiлiкте 4-орынды иеленген едi. Тек соңғы сәтте ғана бапкерлер болашағынан үмiт күттiретiн Қажығалиевтi команда сапына қосқан. Мiне, сол турнирде жарқ етiп көрiнген қандасымыз, осы күндерi гроссмейстер атағына дейiн жетiп отыр.

Осыған қарап кейбiреулердiң қазақ шахматы ешқашан ел қуантпаған, мүшкiл халде болған деп қалуыңыз ықтимал. Мүлдем олай емес. Кеңес Одағы ыдыраған тұста Қазақстандағы бұрынғы мектептер өз жұмыстарын жалғастырып, жиi-жиi турнирлер өткiзiп отырған. Тәуелсiздiк алған соң қазақ спортшылары шет елдегi халықаралық iрi жарыстарға шығу мүмкiндiгiне ие болды. Бұл ел шахматшылары үшiн үлкен мүмкiндiк әрi жетiстiк едi. Сол кезеңдерде бiздiң басты командамыз Азия бiрiншiлiктерiн ұтып, Қытай секiлдi азулы команданың өзiн тiзерлеткен күндердi де бастан өткерген. Әлем, Азия рейтингтерiнде Үндiстан, Қытай секiлдi командалардан биiк тұратын. Ал қазiр ше? Қазiр шахматы қарыштап дамыған Үндiстан емес, әлемдiк гроссмейстерлер шыққан Қытай емес, кеше ғана шахмат әлемiне танылған Вьетнамнан төмен деңгейдемiз.

Алдағы жазда өтетiн Азия ойындарының өткiзiлу тәртiбiне өзгертулер енiп отыр. Бұрын командалық бәсекеде команда аралас құраммен, яғни ерлер мен әйелдер аралас ойнайтын. Бiздiң әйелдер командасының өте қауқарсыз екенiн ескерсек, жаңа ереже Қазақстан үшiн қол болмақ. Гуанчжоудағы ойындарда әйелдер бiр бөлек, ерлер бiр бөлек команда болып жүлдеге таласпақшы. Бiздiң басты үмiтiмiз де осы ерлер жасағы. Онда танымал әрi тәжiрибелi деген Мұртас Қажығалиев, Дәрмен Сәдуақасов, Павел Коцур, сондай-ақ соңғы ел чемпионы, ақтөбелiк Кирилл Кудеринов және павлодарлық Ринат Жұмабаев бар. Ал қыздар арасында бiздiң ертеңгi үмiтiмiз Жансая Әбдiмәлiк бар. Осы жас талантқа ерекше үмiт артылуда.

Өйткенi, шахмат тақтасына телмiрген тарландарымыз ел намысын асқақтатып, халық абыройын көтерсе деймiз.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары