КӨКТЕМ КӨШIП БАРАДЫ

КӨКТЕМ КӨШIП БАРАДЫ

КӨКТЕМ КӨШIП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
281

"Өз дәуiрiнiң суретiн салу арқылы адамның сезiм, ой әлемiн тәрбиелер ақын-жыраулар да тарихымызда бар. Есенбай творчествосы сол қатарға қосылады. Есенбай ақынның қай шумағын алсаңыз да, маңдай терiн сыпырып, жүрегi тыпыршыған тiршiлiктi көресiз. Есенбайдың өлеңмен салған жанды суреттерi алпыс екi тамырыңды бүлкiлдетiп, сезiм әлемiңдi оятады" (Фариза Оңғарсынова).

"Мейiр қандыратын кәусар жырға шөлдеген кезiмде, яки шеберлiкке таңырқағым келген кезде, мен Есенбай көкемнiң кiтабын iздей бастаймын" (Жүрсiн Ерман).

Қазақ поэзиясының бiрегей тұлғалары берген мұндай баға бүгiнде Жетiасқардың биiгiне аяқ басқан Есенбай Дүйсенбайұлының шығармашылығына деген шынайы жыр сүйер қауымның да ортақ ойын бiлдiредi десек, ешқандай артық болмайды.

ТАНУ

Алау атып бақ гүлi — теңдiк, есе…

Азаттығым көктемi келдi кеше.

Әр үкiмет, әр жүрек танып оны,

Мен қуанам әдiлет жеңдi десе.

Қаңтар етпек болып та мамыр айды,

Қасарысар жаманат жаны қайғы.

Танымайды жалғандық ақиқатты,

Аз халықты астам жұрт танымайды.

Қастық жатыр қап-қара ойында жау,

Есiл-дертi тәрк ету тойыңды анау.

Yкiметтi үкiмет, адамды адам

Танымаудың бәрi де — мойындамау!

Ризасың кiсiлiк анықталса,

Сол үшiн де маздайсың жанып қанша.

Кейде аздық етедi бiр-ақ ғұмыр

Адам өзiн адамға танытқанша.

Өмiр, өмiр, жатса да жағылып бақ,

Сынатұғын сәттер бар сағы мықтап —

Жақсылығы жағынан таныла алмай,

Жамандығы жағынан танылып қап.

Көштi өмiрден қанша арман танылмастан,

Көкiрегiнен ақтарып жалын-дастан?!

Қара бұлттар шығады жалт қаратып,

Ақша бұлттар көзге онша шалынбастан.

ТҮЗУЛЕНУ

Ой, мекен, ойһай, мекен, ойдай, мекен,

Мың келiп, қызығыңа тоймай кетем.

Алыста жүрген сайын адам, сiрә,

Ауыл деп алаңдауын қоймайды екен.

Ол үшiн әлi сәби балдырғанмын,

Мен сонда жорға дәурен салдырғанмын.

Борпылдақ құмдарында борбайлатып,

Құйғытқан бiр құлыншақ қалдырғанмын.

Оу, шiркiн, желектi Жем, қияқты құм,

Ат iзiн аулақ салып ұяттымын.

Ен байтақ ел деген бұл елшiлiкте

Өзiңдiк тұрақты өкiл сияқтымын.

Осынау ақ үмiтi үзiлмеген

Кiнәмшiл дүниенiң жүзiнде мен,

Саған сөз келтiрмеуге, туған далам,

Саптағы жауынгердей түзуленем!

ҚҰРАҚ ЖЫРЫ

Мен — құрақпын. Көлге бiттiм,

Салған әнiм — сай тасыған.

Шалғы орағы пенделiктiң

Шауып алса, қайта шығам!

КЕРЕМЕТ

I

Теңiздiң буырқанған телегейiн

Жарып шыққан сүңгуiр кемедейiн

Күн шықты қақ айырып қара бұлтты!

Желек бер шөптерiме, жебе дейiн.

Сұрынан айрылып сұр тас тұман,

Күн шықты аңыратып бұлт астынан!

Күйiне жаңа келдi жаратылыс,

Күмбiрлеп дүниеде нұр тасқын ән.

Ой-қырда гулей ұшқан гүл көбелек

Ойлайсың үлде менен бүлде ме деп.

Күнге шық, Күнекей қыз,үйде отырма,

Керемет: күн керемет, күн керемет!

Жел естi салқын сайдан жүлге жебеп,

Жұтуға жусан иiсiн үлгере жет.

Армансыз көк шалғында аунап-қуна,

Керемет: күн керемет, күн керемет!

Аунап-қунау аржағын ескере кеп,

Тепсең белге сенiмiң тексере жет…

Келедi жаңа Ай жүзiп кемедейiн,

Керемет: кеш керемет, кеш керемет!

Бейсауыт жолаушы жоқ жүрген ерек,

Ит те жоқ әупiлдеген үнге бөлеп.

Сүйiскен,сыбырласқан ауыл маңы…

Керемет: түн керемет,түн керемет!

II

Ескi ауру төсегiнде жатып бүгiн,

Қарсы алдым жақсы үмiттiң ақық күнiн.

Бұл түннен,өмiр демi үзiлген бар,

Аман-сау шыққаныма бақыттымын.

Сәрiден тiршiлiктi сәндеп ерек,

Бозторғай бозаң белдi әнге бөлеп,

Тағы бiр арай-арай аспан көрдiм,

Керемет: таң керемет, таң керемет!

Ажалдың сезiнгендей анық табын –

Ендi ұмыт ұзақ түнде тарыққаным.

Керемет: таң керемет, таң керемет!

Көзiмнен жоғалмашы, жарық таңым!

ДҮНИЕ КЕЗЕК

Келсем деп ем жасарып қырға барып,

Қол тимей жүр есiл-дерт жырда қалып.

Түнгi-ойлардың туннелiн дүңкiлдетiп,

Өмiр-поезд өтедi зырлап ағып.

Жер — отаудың көк аспан — терезесi

Жанып, сөнiп, қайтадан нұрға малып…

Бұлжымастан заңдылық бұрмаланып,

Жаратылыс жас күйi тұр жаңарып —

Әкелер мен әжiмдi әжелердiң

Жастық шағын ұл-қызы ұрлап алып.

Ұрлап алып жаңадан ашылған Бүр,

Қайта гүлдер қызығы басылған қыр.

Қарлы қыс кеп ағартқан Төбелердi

Қызғалдақты көктем кеп жасылдап жүр.

Жасылдап жүр жайнатып бақ-ортаны!

…Салқын жақтан саз берсе хабар-таңы,

Сарғайтады соңынан сары күз кеп,

Ақ қыс келiп оны да ағартады.

Ағартады…

Қайтадан асылдайды

Жазғытұрым жамылып жасыл майды!

Жаратылыс жас күйi тұр жаңарып,

Оттай жанған құмары басылмайды.

Басылмайды, лаулайды, гүл ашады

Бұл өмiрдiң жас шағы, бұла шағы.

Көктем зулап қарлы қыс жаққа қарай,

Қарлы қыс тек көктемге ұласады!

АҒЫНАН ЖАРЫЛУ

Төмен қарап үндемейсiң тiлi жоқ бiр пендеше,

Айтпай-ақ қой сүйемiн деп, айтпай-ақ қой ендеше.

Мен айтайын жан сырымды, жасырмайын, алтыным,

Мен әкемнiң жiгiтiмiн, жалғызымын, жалқымын.

Арман деген асыл тектi тұлпарымда жал бардай,

Қанжығалы болмасам да Қарақасқа атты Қамбардай!

Жұдырықтай жүрегiм бар, бұдан басқа түгiм жоқ,

Сенi көрiп қапелiмде байып кеттiм бүгiн көп.

Yйiп-төгiп айтар едiм асылым деп, жаным деп,

Шамадан тыс бақыттымын, уа, қыз Назым, әлiм жоқ.

Бiреу маған: "Дон Кихоттай ақымақ", — деп қоймайды,

Бiреу менi "Дидродай данышпан" деп ойлайды.

Екеуi де дұрыс шығар, дұрыс шығар, ақ еркем,

Не болса да, Жарқамыстан шығарып сал таңертең.

Қалқам, өзiң бiлесiң ғой, алыс сапар тұр алда,

Шығарып сал Жарқамыстан! Жүрегiңнен шығарма!

Ризамын, шөлдегенде сенi бердi тiршiлiк,

Жөнелейiн жайма шуақ көздерiңнен бiр сүйiп!

Кете барсын көңiлiмде шаттық, бақыт, қаяу-мұң,

Айтпай-ақ қой сүйемiн деп, айтпай-ақ қой, аяулым.

… Жарық жерден бiр тұршы, үркек едi ой неткен,

Жаңа бiздi көрiп қалды көршi үйдегi бойжеткен.

“Бiрiн бiрi сүйедi” деп сол-ақ айтар таңертең,

Айтпай-ақ қой сүйемiн деп, айтпай-ақ қой, ақ еркем!

ТАҢ КЕРУЕНI

Жел бiтiрiп желектi май маған да,

Қанбазары көктемнiң қайнағанда —

Өз тағына қайтадан көңiл мiнiп,

Өмiр қызып жөнелдi айналамда!

Құйқылжытып құс бiткен бау-бағында,

Жұпар жауын жырлап тұр тау жағында —

Өсiп-өнiп,

Жаңа дән өркен жайып

Дүниенiң көз жетер аумағында…

Қоңыр салқын алмайын төске неге,

Ортаймаған сияқты ештеңе де.

Ортасында мұхиттың дөңгеле Жер,

Жүгiңдi артып бес құрылық — бес кемеге!

Қарлы шыңдар жақындап аулақтағы,

Қызыл алау —

Қызғалдақ қаулап тағы…

Керiледi аспалы көпiр сынды

Кемпiрқосақ доға боп тау жақтағы.

Ақ арай таң көкке күн — ұршық iлiп,

Гүл бiтiрiп құмға да, жыршы қылып…

Түйелерiн бақытқа теңдеп алып,

Керуен-керуен келедi нұр шұбырып!

ЖАРҚАМЫСҚА ЖАҚЫНДАҒАНДА

Жиiледi бозаң қырда

Бозторғайым лүпiлi,

Тудай шалқып көз алдымда

Туған ауыл түтiнi!

Көтерiлген тепсең белден

Көгiлдiр ән, ақ алау —

Ошағында от сөнбеген

Өмiр-тiрлiк хабары-ау.

Өрiп-шұбап барады асып,

Өрiстен мал қайырып,

Қаз-бұлттарға араласып,

Қанаттары жайылып.

Той боп талай бұл ауылда,

Өз ошағын құт етiп —

Анау қыз да, мынау ұл да

Бiр-бiр түтiн түтетiп,

Айтты-ау, шырқап мамыр әнiн,

Ақ сүт-парыз өтелiп:

Арманының шаңырағын —

Ақ желкенiн көтерiп!

Бәрiнiң де,

Таласып көк,

Талқы-сыннан бөгелмей,

Түтiндерi жарасып тек,

Түтiндерi көбейгей! —

Деп сайрады бозаң қырда

Бозторғайым лүпiлi,

Тудай шалқып көз алдымда

Туған ауыл түтiнi!

Ауыл осы —

Жас бала ғып,

Жусанымен емделер,

Жер түбiнен

Астаналық

Ақынына жел берер.

Туым тiккен тепсең мекен,

Талына тай қаңтарған,

Айхай, жата кетсем бе екен

Ай астында шалқамнан!

Жалқын көлден нұр iштiм де,

Жанған бұлтқа ұсап қап,

Кеш боп тұрдым қыр үстiнде

Қызыл шұғыла құшақтап.

Өртiменен iзгi күйдiң

Өзекке кеп сыр тұнар,

Бiр кездегi бiздiң үйдiң

Өзi жоқ та, жұрты бар.

Сызда, жүрек,

Алқын, кеуде,

Сыңсы, бақша-бау гүлiм!

Жатыр әжем жалқын белде

Желпiп құрақ жаулығын.

Әжем менiң қара шайға

Ақ тiлеуiн сүт етiп,

Отырушы ек ана сайда

Бiз де түтiн түтетiп.

Ақыл-сабыр тоқтатпаған

Аяп менi ол сонда,

Ой тербейтiн: "От жақ, балам,

Қорықсаң да, тоңсаң да!"

Маздау-арман мазаға сап,

Өлмес, сөнбес шоқ таптым:

Жыр-ошақ һәм қазан-ошақ —

Егiз-екi от жақтым.

Бақытымның ұлы таңы,

Тiршiлiгiм тiреуi:

Бiрi тоңсам — жылытады,

Қуат берiп бiреуi.

Бозторғайым лүпiлi де,

Боз отауым, ошағым

Осы елдiкi…

Түтiнiне

Түтiнiмдi қосамын!

ЯЛТА

Қош, Ялта, тастап барам мен сенi!

Тартты өзiне туған дала – жер шегi.

Қонағына қол бұлғай ма, қайтедi,

Ақ қалпақты Ай Петри еңселi?

Қош, Ялта, тастап барам мен сенi!

Никитск бағы деп һәм теңiз деп,

Өзiң жайлы көкiрегiмде лебiз көп.

Жер бетiнде Жарқамысым болмаса,

Құшағыңда қалар едiм егiз боп,

Никитск бағы деп һәм теңiз деп.

Бiреудiң көл, бiреудiң шөл құмары,

Қош, Ялта, жасыл орман мұнары.

Жағалай тал, жақпар тастар сенiкi,

Тұмса дала — мендiк сезiм тұмары,

Бiреудiң көл, бiреудiң шөл құмары.

Есен-сау бол, Қара теңiз, лағыл күн!

Кеудем толы жұпар иiсi бағыңның.

Шаң бораған Жем бойын мен сағындым,

Сағындырды шалғайдағы шағыл құм.

Есен-сау бол, Қара теңiз, лағыл күн!

АР МЕН НАМЫС

Рудакиге

…Күн көредi бiреулерге жағынып,

Күн көредi бiреулерге табынып…

Керегi жоқ бiзге ондай "күндердiң",

Тарықсақ та тағдырдан тау шағылып.

Жан-адамға жағынба да табынба!

Аштан өлiп, көштен қалар шағың ба –

Жарық күнге маңдай тiреп тарта бер,

Жалғыз Тәңiр – өз Арыңа бағын да!

Озар сонда Ардың сөзiн тыңдаған,

Тыңда-дағы Намысыңа мiн, балам!

Намысына мiнген кезде нар ұлдар

Адам түгiл, Құдайдан да қыңбаған.

Құл-құтаны қу Құлқынның, қарынның

Дұшпаны ғой адалдар мен дарынның…

Намысыңды қорлатпа сен,

Қорлатсаң –

Айрандайын төгiлгенi Арыңның!

Ар мен Намыс,

Намыс пен Ар – намыс-ар,

Қайрау сайын қара тастай қарысар…

Естi адамдар есеп берiп Арына,

Ар алдында Күдiк, Сенiм жарысар…

Өмiр де бiр көптi көрген "кәрi шал",

Көптi көрген кәрi шалдан дәрiс ал:

Ала жiптен адымыңды берi сал!

Арамдықтан аттың басын әрi сал!

Бұл өмiрдiң осындай да шарты бар,

Қабындаған қара суық арты – қар…

Тас жауса да тағдырға ешбiр жалынба,

Намысыңа найза бер де – тартып ал!

Қояндарды өлтiредi қамыс та,

Қоян болып – бара алмайсың алысқа.

"Екi аяқты құдайларға" име бас,

Еркексiң бе –

Құл бол жалғыз Намысқа!

Намыс пен Ар,

Ар мен Намыс – ар-намыс,

Бұдан асар қасиеттi бар ма күш?!

Арманыма байлап сонда қос қанат,

Балапанын ұшырған-ды Жарқамыс.

Шыңға шырқап шығар деп ем Шын ғана,

Шыңырауларға лақтырды мың жала…

Құрметте сен –

Ар-намысы бар болса,

Жоқ болса егер –

әкеңдi де тыңдама,

шешеңдi де тыңдама!

ОСЫ МЕН ҒАШЫҚ ШЫҒАРМЫН

Тып-тыныш өмiр төсегi

Несiбем едi бұйырған.

…Тез гүлдеп кеттi нөсерi,

Кезгiм кеп кеттi көшенi!

Мен жайлы жұрттың өсегi

"Жүдеп те қалған" деседi,

Жүрегiм мынау жиi ұрған.

Осы мен ғашық шығармын!

Бiр демде көңiл, бақ қонып,

Көл-көсiр күйге сыйынған.

Лезде күлкiм сап болып,

Су сепкендей тыйылған.

Арман боп маған биылдан,

"Аға" деп… көзi қиылған

Шықпай жүр сол қыз миымнан.

Осы мен ғашық шығармын!

Өзгерiс көп-ау жас жанда,

Өзiмдi қалай ұғармын?

Әлде әсем қарындастан ба —

Iңiрдiң өртi басқанда

Алаулап тұрған аспанға

Арнауға өлең құмармын.

Осы мен ғашық шығармын!

КӨКТЕМ КӨШIП БАРАДЫ

Ақ нөсерге жерiк боп алмалы бау,

Солғын тартты солқылдақ тал да мынау.

Шырын шағым шынымен аяқталып,

Шыжғыратын күндер кеп қалғаның-ау.

Бөртiп тұрған осынау бөрте кеште

Аспан жанып жатқандай жер-тегеште.

Көргендер де арманда, көрмеген де,

Көктем көшiп барады…

Ерте емес пе?

Жалын атқан нұр сөнiп келбетiнен,

Көктем көшiп барады жер бетiнен.

Қызғалдағым, қылтиып қар астынан,

Қызылшақа аязда ержетiп ең!

Бұл әлемнiң бiр сәттiк бұла шағы

Ұзағырақ қайткенде гүл ашады?

Өзi қысқа дәуреннiң басы қыс та,

Ұлы соңы шiлдеге ұласады.

Құмарың бiр қанбаған, басылмаған

Көктем көшiп барады, жасыл далам.

Бұтағында өмiрдiң жәутең қағып,

Бүршiк қалды әлi де ашылмаған.

Көктесiн деп құс елi, гүлдер елi,

Көктем, көктем қанша күн түрленедi?

Ағып өткен сәуледей аралықта

Адамзатты ырза қып үлгередi!

"НЕ ЖАҢАЛЫҚ БАР?"

Әйнектi аппақ толқын қаққанда

Почтальон-таңның өлеңiн ақтар.

Көшенi теңiз солқылдатқанда

Көшедi лебiз: "Не жаңалық бар?"

Тынышы кеткен, мазасы қашқан

Телефондар мен телеграфтар,

Радио-толқын, сазы ашық аспан

Сұрайды шулап: "Не жаңалық бар?"

Сағыныш бұлтын қайта тұмшаған

Серпiлтiп тағы келедi хаттар.

Амандықтан соң айтатын саған

Алғашқы сөйлем: "Не жаңалық бар?"

Ауылға барсаң ат арнап, шырақ,

Мұнда да сол меженi анықтар.

Қаумалап алар қатарлап сұрап:

"Қалада, қарғам, не жаңалық бар?"

Шаһарларда да тек осы ғұрып,

Тоғыса қалса тез аралықтар,

Сұрайды сенен емесi құрып:

"Ауылдарыңда не жаңалық бар?"

Сол кезде тегiс хорға тұрғандай,

Батыстық, яки шығыстық мейлi…

Бейбiт күн бүгiн орнатылғандай,

Бiр ауыз сөзбен: "Тыныштық!" — дейдi.

Сөзiңе құлдық, асыл адамдар!

Өз тағдырына қожа халықтар!

Тынышы кеткен осы ғаламда

Тыныштықтан артық не жаңалық бар?!

ТӘУЕКЕЛ МЕН ӘЗӘЗIЛ

"Өлеңмен, — дедi Тәуекел, — өмiрдi жаулап аламын!"

"Өлерсiң, — дедi Әзәзiл, — шайқалып барып шалабың!"

"Аламын, — дедi Тәуекел, — бермей-ақ Алла Тағала!"

"Қарай көр, — дедi Әзәзiл, — қарамай тiптi шамаңа!"

"Аламын, — дедi Тәуекел, — тәуекел — талант тас жарған!"

"Жатарсың, — дедi Әзәзiл, — әлегiң келiп аспаннан!"

"Көкке де, — дедi Тәуекел, — самғаймын, онсыз бағам жоқ!"

"Мерт болған, — дедi Әзәзiл, — арыстан айға шабам деп!"

"Тағдырдың, — дедi Тәуекел, — бермесiн тартып аламын!"

"Қарағым, – дедi Әзәзiл, — айтасың сөзiн баланың!"

"Аламын, — дедi Тәуекел, — болмасын оған таласың!"

"Аласың, — дедi Әзәзiл, — атаңның басын аласың!"

САРЫ БОЯУЛАР

Кешқұрым келiншектер құраулаған

Құлын-жаз қоштасқалы тұр-ау, далам!

Сары ағаш сазға бiткен сағадағы

Сары тұман сағыныштан бiр аумаған.

Сары жел сай қуалап қарсы жақтан

Сары уыз ақ жұмыртқа аршып аққан.

Биыл да сары аязды қыс бола ма,

Сары күз, сары жапырақ,

Сары шуақ таң?!

Аулақта тостағанын шайқай қалып,

Сабылды сарыала қаз, айхай, нағып —

Аңқылдап бiраз жерге ұшып барып,

Қаңқылдап және артына қайта айналып…

ЖАЛТ ОЙНАЙДЫ

Iлiнiп құзда тұрған

Iңiрдiң жалқын қары,

Су суып, мұз қатырған

Сүмбiле салқындары,

Қаласы көп ойлардың —

Қара орман сары жамылған,

Қайыңды тоғайлардың,

Өлкенiң ар жағынан

Тұр естiлiп,

Тұр естiлiп аққудың алқынғаны!

Шалқар сулар жүгiрiп шарқ ұрмады.

Қар аралас жаңбырым жауар ма екен,

Қара қарға не бiлiп қарқылдады?!

Сарыарқа бiр түнiнде

Сары күз бола қалып,

Жас қайың кiрпiгiнде

Жапырақ домаланып,

Су суық сүмбiле мен

Таң салқын таразыда

Жаз дәурен, күмбiр өлең

Жалтылдап барады ма —

Көк жағалап кешкiлiк ала тұман,

Жалт ойнайды найзағай қанатынан.

Жалт ойнайды — қас қағым жалғыз сәтке

Бiр жарқ етiп өтуге жаратылған!

Серіктес жаңалықтары