ЕУРОПАҒА ЖОЛ — ӨРКЕНИЕТКЕ ЖОЛ
ЕУРОПАҒА ЖОЛ — ӨРКЕНИЕТКЕ ЖОЛ
Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаевтың бастамасымен "Еуропаға жол: 2009-2011" Мемлекеттiк бағдарламасы қабылданғаны белгiлi. Жақында, яғни, Халықаралық кiтап күнiне орай аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру аясында Ұлттық кiтапхана "Еуропаға жол – өркениетке жол" атты кiтап көрмесiн ұйымдастырды. Әрине, көрме Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуiне арналып отырғаны айтпаса да түсiнiктi.
"Көрменiң мақсаты – кiтапхана оқырмандарын Еуропа елдерiнiң Ұлттық кiтапхана қорындағы бай зияткерлiк мұрасымен кеңiнен таныстыру. Бүгiнде Ұлттық кiтахана қорында мерзiмдiк шегi 1523-2010 жылдар аралығын қамтитын әлемнiң 114 тiлiндегi бiлiмнiң түрлi салаларына қатысты басылымдар сақталып келедi", – дейдi ұлттық кiтапхананың бас директоры Орынбасар Исахов. "Еуропаға жол" көрмесiнiң ашылу салтанатына шет мемлекеттердiң елiмiздегi өкiлдерi мен отандық баспагерлер қатысып, жүрекжарды ойларын ортаға салып жатты. Бiр өкiнiштiсi, сөз алған жергiлiктi ресми органнан келген азаматтар сәлемдесудi қазақша бастап, әңгiменiң әлһиссасын орысша гәпiрiп жатқанда, Қазақстандағы Француз елшiлiгiндегi француз тiлi саласындағы ынтымақтастық жөнiндегi Кеңесшiсiнiң орынбасары Йоан Шеттерер мырза қазақша амандасып және әрi қарайғы сөзiн қазақ тiлiнде жеткiзе алмайтыны үшiн жиналған қауымнан кешiрiм сұрады. Бұған iшi жылып қалған көпшiлiк жұрт: "Бiздiң шенеунiктерде кешiрiм сұрау да жоқ қой" деп ренiшiн бiлдiрiп жатты. Бiз ретi келгенде, қазақ тiлiн құрметтеудiң үлгiсiн көрсеткен Йоан Шеттерер мырзамен аз-кем тiлдесiп едiк.
– Йоан Шеттерер мырза, "Еуропаға жол" шарасы қай елдiң тарапынан ұйымдастырылып отыр?
– Бұл ауқымды шараны Ұлттық кiтапхана Алматы қаласы әкiмшiлiгiнiң көмегiмен ұйымдастырып отыр. Көрменiң "Еуропаға жол" аталып отырған себебi, биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете бастады. Әрине, бұл тұрғыда басқа еуропалық мемлекеттердiң әдебиетi мен мәдениетiн көрсетудiң үлгiсi зор. Әр елдiң ұлттық кiтапханасы кiтап көрмесi арқылы рухани мол байлығын паш ете алады. Мәселен, Франция өзiнiң кiтап қорынан француз, орыс тiлiндегi әдеби кiтаптарды әкелдi.
– Негiзгi мақсатыңыз – Қазақстанда француз тiлiн дамыту ғой.
– Бұл менiң тiкелей жұмысым. Француз тiлiн Қазақстан мен Қырғызстанда дамытуды қолға алдық. Әлемдегi тiлдердiң қолдану аясын қарасақ, француз тiлi де үлкен сұранысқа ие. Тiптi, қазiр бұл тiл ағылшын тiлiмен пара-пар қолданылатындықтан, екiншi халықаралық тiл дәрежесiне ие. Бiз Қазақстандағы ЖОО-мен байланыс жасап, екi елдiң бiрiккен дипломын берудi жоспарға қойып отырмыз. Және мектеп оқушыларын да тартып, француз мәдени орталығында оқытуға тырысамыз. Бүгiнде француз мәдени орталығы әлемнiң барлық елдерiнде бар және ол басқа елдердiң орталығымен салыстырғанда саны өте көп. Алматы қаласында былтырғы жылы шамамен 1 мың студенттi оқыттық. Бұл көрсеткiш жыл сайын 30-40 пайызға артып келедi. Сұраныс көп. Адамдар дағдарыс кезiнде жұмыс табу үшiн шет тiлдерiн, әсiресе, француз тiлiн үйренуге құлықты болып отыр. Студенттер жұмысқа орналасу үшiн, кейбiреулер француз қалаларын аралау үшiн үйренiп жатыр. Бiздiң мәдени орталық арқылы жаз мезгiлiнде Алматы қаласының шамамен 70-тей тұрғыны (қазақ) Францияның қалаларына барып, француз тiлiн үйренiп қайтады. Бұл олар үшiн Қазақстанды, қазақ елiн танытып қайтатын әдемi мүмкiндiк.
– Франция жұрты қарапайым халық Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға екенiн қаншалықты бiледi?
– Саясат туралы айтпай-ақ қойсам. Менiң жұмысым – елшiлiктiң тiл жағын дамытумен ғана шектеледi. Әрине, француз халқы Қазақстан жайлы көп бiледi. Неге десең, екi елдiң президенттерi кездесiп, өзара ынтымақтастықты дамытуға келiсiм жасады. Сондай-ақ, француздық БАҚ Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы рөлi мен болашағы туралы саяси сараптамалық материалдар жариялап жатыр.
– Қазақстанда қашаннан берi қызмет етiп келесiз?
– 1,5 жарым жыл болды. Отбасыммен Алматыда тұрамын. Өзiмiздi өз үйiмiздегiдей сезiнемiз. Маған бәрi ұнады.
– Өзiңiз қазақ тiлiн үйренiп жатқан сияқтысыз ғой. Бет-алысыңыз жаман емес көрiнедi.
– Әрине, қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл болғандықтан, үйренiп жатырмын. Қазiр базалық деңгейде тәп-тәуiр бiлiп қалдым. Қазақстанда жүргендiктен қазақ тiлiнде сөйлеуге тиiспiн. Неге десеңiз, бұл бiр жағынан осы елге деген құрмет, екiншiден, серiктесiңе соның тiлiнде бiрауыз сөз айтсаң да жақсы емес пе?! Қазiр қазақша-французша сөздiктер мен оқулықтың арқасында үйренуге тырысып жатырмын. Бұл оқу құралдарын елшiлiк өзi шығарды. Ендi француздарға қазақ тiлiнен дәрiс беруге болады. Демек, француздарға қазақ тiлiнде сөйлеуге мүмкiндiк мол.
– Сiзге бiздiң шенеунiктердiң, мемлекеттiк қызметкерлердiң орыс тiлiнде сөйлегенi қалай әсер етедi?
– Қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл делiнсе де, ресми тiл – орыс тiлi де қолданыста қатар келедi. Ал, бiз басқа елшiлiктермен кездескенде не ағылшынша, не французша өткiземiз. Әрине, көбiнесе француз тiлiнде сөйлеуге талпынамыз. Мысалы, бiз жақында семинар өткiзiп, оған ЮСАЙД-тың елшiсiн шақырдық. Алқалы отырыста французша сөйлеп, франуз тiлiнiң де халықаралық деңгейдегi орны мен беделiн дәлелдегендей болдық. Және бұл қазақстандық студенттер мен оқушылардың француз тiлiн үйренуге деген құлшынысын оятады.
– Қазiр Қазақстанда француз тiлiн үйренуге деген құлшыныс жоғары демекшiсiз бе?
– Қазiр жағдай сондай жақсы емес. Көпшiлiк жұрт ағылшын және немiс тiлiн үйренуге құлықты. Бiз мектеп оқушыларымен, жоғары оқу орны студенттерiмен бiрге жұмыс iстеудi дұрыс жолға қойдық. Себебi, тұрғындар арасында француз тiлiн бiлуге деген қызығушылық бар. Бiз соңғы 3 жыл iшiнде ата-аналардың сұрауы бойынша жаңа 20 шақты мектепке француз тiлiн енгiздiк. Ағылшын тiлi мен француз тiлi өте ұқсас. Егер кез келген адам ағылшын тiлiнде жетiк сөйлесе, оның француз тiлiн де жедел меңгерiп алуы ғажап емес. Француз тiлi – ғылым-бiлiм мен мәдениеттiң ғана емес, сауда мен өнеркәсiптiң тiлi. Әлем бойынша сауданың 20 пайызы француз тiлiн туған тiлiндей көретiн мемлекеттер арасында жүредi.
– Демек, Францияда ағылшын тiлi Қазақстандағы орыс тiлi сияқты тең дәрежеде қолданыла ма?
– Француз тiлi – ресми тiл. Францияда бәрi өз тiлiнде сөйлейдi. Ағылшын тiлi шет тiлi ретiнде оқытылады. Бiрақ бiзде француз тiлi мен немiс тiлi қатар жүредi. Себебi, Франция мен Германияның экономикасы өте тығыз қарым-қатынаста.
– Француз ұлты қазақ ұлтын қай қырынан бiледi? Бәзбiреулер қазақ халқын Саша Коэнның "Борат" фильмi арқылы таныдық деп салды. Сiз қалай қабылдадыңыз?
– Бұл фильмдi талқыға салғым да келмейдi. Киноны көрдiм. Тiптi, дүниежүзi халқы, еуропалық көрермен бәрi көрдi. Бұл кино Қазақстанның өмiрiн шынайы көрсетпеген. Сондықтан да ол туралы айтқым келмейдi. Француздарда Қазақстан жайлы көзқарас мүлдем басқа. Былтыр екi ел президентi кездескелi берi Франция жұрты Қазақстан жайлы көбiрек бiле бастады. Бүгiнде әр түрлi бағдарламамен Францияда оқып жатқан қазақ студенттерi көп. Жақында мәдени орталықта бiлiм алып жатқан студенттер Францияға барып қайтты. Олар жергiлiктi жастармен тез тiл табысып кеттi. Өзiмнiң Франциядағы дос-жарандарым Қазақстанға келiп, мәз боп кетедi. Қазақ халқының қонақжайлылығын, пейiлiнiң ақ екендiгiн сезiндi. Ал, әлгi киноның көздеген мақсаты басқа шығар.
– Баспасөз беттерiнде Алматы қаласындағы көшеге Луи Пастера мен инженер Гурдэ атауын қайтару керек депсiз. Мұны қандай негiзге сүйенiп айттыңыз?
– Иә, ақпарат құралдары осылай жазды. Бiрақ журналист менiң сөзiмдi бұрмалап жiберiптi. Негiзiнде мен: "ХIХ ғасырдың аяғында Верный қаласының тұрғындары Париж қаласындағы Пастердiң ескерткiшi құрылысына ақша жинап, қаржылай көмек көрсеткен. Сөйтiп, Луи Пастердiң ескерткiшi Верный қаласының тұрғындарының көмегiмен салынды" деген едiм. Ал, Алматы қаласына көше атауын қайтару туралы әңгiменi мен айтқан жоқпын.
– Есiңiзде болса, Ұлы Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейiнде, Парижде аталып өтiлдi. Және Абай шығармаларының француз тiлiне де аударылғанын бiлемiз. Жалпы, қазақ халқының ақыны Абайды француздар оқи ма?
– Абай шығармалары қазақ тiлiнен француз тiлiне аударылды. Бұл Франциядағы бiр компанияның демеушiлiгiмен көптеп жарық көрдi. Оны Абайдың мол мұрасымен француз тiлiнде танысқысы келген азаматтарға тарту еттiк. Бiз Абайдай ойшыл, философты құрметтеймiз! Абай арқылы қазақ халқын қадiрлеймiз! Тағы бiр айта кетейiн дегенiм, бiз мұнымен қоса француз жазушыларының да шығармасын қазақ тiлiне аудардық.
Әңгiмелескен Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ