ҰЛЫ ЖЕҢIСТЕГI БАЛАЛАР YЛЕСI
ҰЛЫ ЖЕҢIСТЕГI БАЛАЛАР YЛЕСI
Соғыстың сұмдығын тек алғы шеп, қан майдандағы атыс-шабыс деуге болмайды. Бұл алғы шеп — майданда жауынгерлер, командирлер асқан төзiмдiлiк пен көзсiз ерлiк көрсеткен сұрапыл шайқас болса, тылда да жас-кәрi жаппай қатысқан өлшеусiз ауыр еңбектiң нәтижесi. Бiз, сол кездегi ауыл балалары, соғыс зардабын қалай тарттық, еңбекке қалай араластық. Мұның бәрi де естен кетпес азап жылдары едi.
… 1941 жылғы маусым айының 11 жұлдызы күнi Қарағанды облысы, қазiргi Бұқар жырау ауданы, Ақжар орталау мектебiнiң 7-сыныбын бiтiрдiм. Куәлiк қағазымды алған соң Қарағандыға келдiм. Ойым бiраз кино көрiп, радио тыңдап, мәдениеттi демалу.
Маусымның 21 күнi қаладағы көршi балалармен таңғы үшке дейiн ойнап, әбден шаршап жатып қалдық. Ертеңiне түске жақын даңғыр-дүңгiр шу, оркестр даусынан оянып далаға жүгiре шықсақ, көше толған халық, ерсiлi-қарсылы жүгiрген әскери киiмдегi адамдар. Саптың артында қаптап тұрған жылаған әйелдер, қарттар, балалар. Сұрастырып бiлсек — Германия фашистерi Кеңес Одағына қарсы соғыс ашыпты. Содан өкiмет әскерге мiндеттi жастағы адамдарды жаппай шақырту, майданға алуды ұйымдастырған. Сондағы сапта тұрған адамдардың тұнжыраған қату түрлерi, аңыраған ана, жылаған баланың дауысы, басқарып жүрген кiсiлердiң ашулы, қатқыл сөздерi құлағыма әлi естiлiп тұрғандай… Адамдар асығыста үстiне барын киiп, дорба, қапшыққа тамағын салып, жаяу-жалпы шақырған орынға жеткен. Соғыс басталғанын, майданға дереу жүру керек екендiгiн сонда келгенде бiрақ бiлген. Сондағы жас қазақ жiгiттiң кескiн-кейпi, үстiндегi киiмi әлi есiмнен кетпейдi…
… Басында көне қазақы тақия, жұқа майка, жұқа кенеп шалбар, жалаң аяғына жазғы ашық сандал киген. Қолтығында шүберекке оралған бiр таба нан. Шақырылған көп адам осылай жеңiл-желпi киiнiп, қапшық, түйiншектерiн қолтығына қысып, тиiстi нұсқауларын алып, әскери адамдардың басқаруымен вокзалға лек-лек болып кетiп жатты. Азаматтарды құшақтап, дауыстап жылап, әрең деп айырылысып, лекке iлесе жүгiрген әйелдер, қарт ата-аналар бiрте-бiрте топ-топ болып қала бердi. Ол кезде бiздiң ауылда әскерге шақыруды көрген адам болмаған сықылды едi. Тек бiрен-саран егде адамдар: "баяғыда 16-шы "прием" жылы патшаның қара жұмысқа деп үлкендердi шақырғанын көрiп едiк", — деп қана отыратын…
Ауылымыз Каганович атындағы колхоз. Басқарма бастығы Жанәсiлов Бiләл деген 50-ге келiп қалған кiсi. Ол кездегi адамдар ерте есейедi ғой, бiзге қарт болып көрiнетiн. Сол кiсi ауылдағы барлық оқушы балаларды жинап алып: «Ал шырақтарым, естiп жатырсыңдар, бiздiң Отанымызға қарсы үлкен соғыс басталды. Ағаларың, әкелерiң әскерге шақырылып жатыр. Екi күнде 30-дан аса адамға шақыру келдi. Бұрынғыдай мал бағу, пiшен шабу, егiн орудың бәрiн елде қалған қарттар, әйелдермен бiрге сендер атқаратын боласыңдар. Ендi соғыс бiткенше оқушыларда жазғы каникул деген болмайды. Майданға астық, ет, киiм керек. Оларды колхоз өндiредi. Сондықтан жағдайды түсiнiп, бәрiң жұмыс iстеңдер. Мектеп мұғалiмдерi, бригадирлер әрқайсысыңды жұмысқа бөледi, соны атқарыңдар, — дедi.
Тiл қатпастан әрқайсымыз бригадирлер айтқан жұмысқа бөлiне бастадық. Мектептi өткен жылы бiтiрген, ересектеу балалар ауыр жұмыстарға жiберiлдi. Олар кейiн әскерге шақырылып кеттi, соғысқа қатысты. Бiз бiр топ бала мұғалiмiмiзбен бiрге егiннiң арам шөбiн жұлуға бөлiндiк… Солардың кейбiреулерi мыналар: Баймағамбетов Қали, Баймағамбетов Қамар, Сыздықов Көзберген, Имашева Қамаш, Есжанова Күмiсжан, Нағымаев Мәжит, Есжанов Мүлiк, Мейiрманов Нұрпейiс, Хасенов Таумай, Тiлекбаев Қуат, Айтбеков Смағұл т.б.
Осы уақыттан бастап 1944 жылдың март айына дейiн колхоздағы жұмыстардың барлық түрiнде жұмыс iстеуге тура келдi. Және қандай еңбек, өлшеулi уақыт жоқ, таң атқаннан ел жатқанша. Егер көктемде, жазда жер жыртып, пiшен шауып жүрсең, қас қарайып, көз байланғанша жұмыс iстейсiң.
Арқада күн мезгiлiмен батқанмен қараңғылық кеш түседi. Сағат өлшемi бойынша ол түнгi он бiрдiң шамасы. Малдың кешкi сауымы да түнгi 11-12-сiз аяқталмайды.
Ал, жұмыс күн шығар алдында басталады. Күндiз жұмыс басында жарты сағат қана тамақ iшуге үзiлiс. Тамағың — негiзiнен жарты шөлмек айран, не сүт, дөңгелек таба нанның төрттен бiр бөлiгi, шамамен 200 грамға жетер-жетпес. Кешкi асқа шешең не дайындап қоя алды, сол ғана талғажау. Ол көбiнесе сүт кеспе, тары көже, ұн көже. Ет жеу, сорпа iшу, ет араласқан тамақ өте сирек. Бүкiл халық осылай жұмыс iстедi, осылай күн көрдi.
Балалық ойын, бос жүру мүлде тоқтады. Осылайша күн артынан күн, ай артынан ай өтiп, соғыс жылдары өтiп жатты. Үстiмiздегi киiм мүлдем тозып бiттi: әр жерi жыртылған көйлек, шалбар, қолдан тiккен пиджак бәрi жамаулы. Тез тозатын аяқ киiмдер. Ауылдық жерде ол жетiмсiз. Көпшiлiк адам жазда да, қыста да киетiнi бәтеңке. Қысқы пима, былғары етiк тек ауыл бастықтарында ғана.
Осындай тойып ас iшпеген, бүтiн киiм кимеген, демалысы жоқ ауыр тұрмысқа да барлық колхозшылар қабақ шытпай шыдады ғой. Көңiлдегi бар арман — майдандағы жақын-жуық аман-есен келе ме, соғыс қашан бiтедi?
Соғыс бiтсе бәрi жақсы болады деп ойлайтынбыз. Балалығы тарқамаған, бiр күн ұйқысы қанбаған, бала болып алаңсыз ойынға берiле алмаған, ертелi кеш уайымнан арылмаған жас көңiл қатуланып, әр нәрсеге көз қарасы суи бастағандай едi.
Осындай жағдайда соғыстың алғашқы үш жылы өттi. Ауылдағы ауыр жұмыс бiтпейдi. Бұлай жүре беруге болмайтын болды. Содан Қарағандыда ашылып жатқан алты айлық мұғалiмдiк курсқа барып түстiм. Оқу озаты, құжаттарым жақсы. Курста 6 ай оқып, өзiм бiтiрген мектепке физика, химия, биология пәндерiнен сабақ беруге куәлiк алып келдiм. Бiрақ мұғалiмдiк қызметтi маған ересек адамдар бермедi. Неше жыл мұғалiм болып жүрген әйелдер, әскерден қайтқан жаралы жауынгерлер (әрқайсысы 1,5-2 ставкадан iстейдi) менiмен оқу сағатын, еңбекақыларын бөлiскiсi келмейдi. Сөйтiп мектеп және ауыл кеңсе орталығындағы кiтапханаға ие болып 4-5 ай уақыт өткiздiм. Ешқандай еңбекақы жоқ. Таңертең үш шақырым жерден жаяу келiп, оқу залын ашып, бiраз кiтап, газеттердi столға жайып қойып отырамын. Залға от жағылмайды, бөлме суық. Күнiне екi-үш адам келсе келедi, көбiнесе ешкiм кiрмейдi. Осындай ортадан әбден түңiлiп, көңiл құлазып жүргенде аудандық военкомат шақырып бiр айлық әскери дайындық курсына жiбердi. Соны өтеп келген соң, Қарағандыға барып, өз өтiнiшiммен шахтаға жұмысқа кiрдiм. Ол жұмыс ауыр болса да ауылдағы жағдайдан көп жақсы. Мысалы, шахтерлiк карточка бойынша жұмысшыға күнiне 1 кг. нан, айына 1 кг. май, 1 кг. қант, 4,5 кг. макарон, не ақтаған тары, болмаса жарма бередi. Еңбекақы табысына қарай. Сөйтiп, ауылда туып өскен қыр баласы 17 жасқа толмай, соғыс зардабының арқасында жетi қабат жер астына түсiп, көмiр өндiретiн жұмыскер болып шыға келдiм. Алғашқы күнi жұмыс лавасына бiздi, 2 жас жiгiттi Асанбай деген кiсi алып түстi. Төменгi лаваға түсерде менен ересектеу 18-ден асқан жiгiт құлап, иығын шығарып алды. Сонымен 17 күн бюллетеньде жүрдi.
Лавада бiр ауысымда 21 кiсi жұмыс iстейдi, 16 көмiр өндiрушi (навалоотбойник) слесарь, көмiр атушы бiр көмекшi және ауысым бастығы. Ересек шахтердiң бiр ауысымдағы көмiр өндiру нормасы — 25 тонна, маған 23 тонна белгiледi.
Ең ауыр жұмыс көмiр өндiрушiде. Көмiр атушыға шикi балшық керек. Оны кiрпiш формасына келтiрiп, бiр қолтығына қыстырып жер астына алып түсетiн көмiр өндiрушi. Бiр қолтығында үлкен күрегi. Қайласының сабын төмен қаратып мойнына асып алады. Сонда жүрер жолына жарық түсiретiн шахтер шамын сырт киiмнiң түйме салатын iлмешегiне iлiп қояды. Оның түтiнi тура мұрнына келедi, ал шамын қолына ұстауға қолы бос емес.
Майданнан қалып, елде отбасының қасында қалуы үшiн көп адам шахтаға жұмысқа кiрген, еңбек армиясына деп алынғандар өз алдына. Сол кезде Қарағанды көмiр комбинаты 18-бис шахтасында, бiзбен бiрге Иса атты ересек кiсi iстедi. Бойшаң, кең иықты, тарамыс болатын. Сол кiсiнiң қайратын, көмiр өндiргендегi көрсеткiшiн көп шахтерлер аңыздай қылып әңгiме етiп отыратын. Мысалы, үйiлген көмiрдi етектей күрегiмен бұрқыратып рештаққа салғанда, жылдамдығына көз iлеспейдi, бұрқыраған қара тозаң, кiсi жақындай алмайды. Сонда бiр өзi, егер көмiр атқыштар үзбей көмiрдi атып түсiрiп берiп отырған болса, бiр ауысымда 75-80 тонна көмiр салады екен. Сол шахтада 2-шi учаскiде Шоманов деген шахтер туралы да осындай әңгiмелер айтылып жүретiн…
Ол уақытта, “жұмыстың бәрi майданға көмек, жеңiстi тездету үшiн!” деп үлкен ұранмен берiле атқарылатын. Ешбiр ренiш, бiрдеңеге риза болмаушылық, жұмысқа кешiгу, бас тарту деген мүлде болмайтын. Мысалы, кейде бiр адамдар ауырып, жұмысқа шыға алмай қалады. Мұндай жағдайда оның үй iшi, көршiсi мiндеттi түрде шахта басшыларына хабар бередi. Көмiр өндiрудi азайтуға, ауысым нормасын кемiтуге болмайды. Сонда ендi сыртқа шығамын деп отырған шахтерге ауысым бастығы тағы бiр ауысымға қалуды ескертедi. Ана кiсi қарсы ештеңе айта алмайды, үндемей ғана басын изеп қала бередi. Бiр бұрышта кеспекте су тұрады, содан бiр кружка су iшiп, тағы да 8 сағаттық ауыр жұмысқа (ол таза жұмыс уақыты) көмiр өндiруге кiрiседi.
Үйдегi зайыбы, балалары асыраушысының жұмыстан бүгiн үйге неге оралмағанын бiлмей алас ұрады. Хабарласа қоятын телефон жоқ. Жүрiп тұрған автобус жоқ. Содан зайыбы жан ұшырып шахтаға келiп, сұрай-сұрай жүрiп, күйеуiнiң екiншi ауысымға жұмыста қалғанын бiледi. Аман екенiне көзi жеткен соң жүгiрiп үйiне барып, бiр ширек шөлмек арақ, бiр ас қасық май, 200 грамм нан, жарты литр сүт не айран алып, жер астынан жұмыскерлер шығатын ауызға келiп, күйеуiнiң шығуын күтiп отырады. Екi ауысым ауыр жұмыстан кейiн қандай мықты адам болса да құр сүлдерi шығады. Бiр кезде көршiсiне сүйенген, болмаса лавада ағаш таситын аттың (ауысым бiткенде ол жануарда адамдармен бiрге қырға шығады) құйрығын ұстаған жұбайы аяғын әзер басып шығып келе жатады. Әйелi дауыстап жылап барып, күйеуiн демеп екi-үш аттам жерге апарып отырғызады да, дереу аузына бiр қасық майын салып жiбередi. Оны толғап жұтысымен әкелген ширек шөлмек арағын iшкiзедi. Содан кейiн әкелген сүтiмен нанын жегiзедi. Оны жеп тауысар тауыспастан шахтер әлсiреп қалғып кетедi…
Осы көрiнiстi шахтада iстеген уақыттың iшiнде талай көрiп, ғажаптанып жүрдiм.
1944 жылдың жазында аяғынан жараланып әскерден Жабағин Қарабек келдi. Салиха деген шешесi, Тiлеукен атты қарындасы болатын. Қарабек, Тiлеукен бәрiмiз бiр класта оқығанбыз. Сол Қарабекпен бiрге Байсекеев Бәжен де (ол да бiрге оқыған) әскерге шақырылған. Шешесi Күлжамал апай өте қайратты адам едi. Ерлер атқаратын ауыр жұмыстың бәрiне араласты. Қарабек ауылға келгенде бiр топ адам колхоз конторының қасында, түскi демалыстан кейiнгi жұмысқа шығуға жиналып тұрғанбыз. Контор алдына ат арба келiп тоқтай қалды. Одан қолына таяқ ұстаған бiр әскери адам, қасындағы кiсiнiң сүйемелдеуiмен түсiп, дауыстап жылап жиналған жұртқа келе жатты. Дереу бiр топ әйел дауыс қойып жауынгердi бас салды. Байқасақ Күлжамал апай!
— Қарабек-ау, менiң Бәженiм қайда, бiрге кетiп едiңдер ғой, оны қайда тастап кеттiң, жылдан асты, хат-хабар жоқ. Қайда менiң жалғызым, не бiлесiң, қайда қалдырдың? Не керек қайдағы бiр жоқтауларды айтып жылап, Күлжекең Қарабектi құшағынан босатпай қойды. Жиналған жұрт әрең босатып, жүгiре келген шешесi Салихамен әрең көрiстiрдi. Өте бiр аянышты, ауыр сәт болды. Жыламаған адам болмады. Осы сәт есiме түскенде күнi бүгiнге дейiн көзге жас келедi.
Баласынан сарғая, сағына хат-хабар күтiп, жылай-жылай Күлжамал апай өмiрден озды. Ол кiсiден кейiн екi қызы — Бақтыбала, Бақтылы (Бәженнiң екi қарындасы) ағасын көре алмай, олар да о дүниелiк болды. Мiне тағдыр! Ауылда, қалада осындай қанша отбасы, қанша тағдыр өмiрден өттi!
Сол кезде шахтада бiзбен бiрге бiр топ болгар азаматтары жұмыс iстедi. Аздап орысша бiлетiн, ашық-жарқын жақсы адамдар едi. Болгария немiс оккупациясынан босағаннан кейiн олар елiне қайтты. Өзiмiздiң адамдардай жақсы түсiнiсiп, сыйласып жүрген адамдармен қоштасу да әжептәуiр жүрек қозғап бiраз толқытты. Ересек шахтерлер олармен 100 грамм қағысып iшiп, көздерiне жас алып құшақтасып, тебiрене қоштасып шығарып салады.
Олардың орнына немiс тұтқындары келдi. Оларға байырғы, өзiмiздiң шахтерлерден де артық жағдай жасалды. Мысалы, бiрден арнайы шахтерлiк киiм, азық-түлiк карточкасы бойынша күнiне 1-2 кг нан. Жер астына арнайы конвойлар көлiкпен әкеп түсiредi, солай қырға шығарады.
Шахта жұмысында үнемi жұмыскерлер жетiспейдi. Бұрынғы, тәжiрибелi шахтерлердi жаңадан ашылып жатқан шахталарға ауыстырып, бiз 5-6 адам сол немiс тұтқындарымен қалдық. Көмiр өндiру көрсеткiшi бiрден төмендеп кеттi. Немiстер көмiр салу сықылды ауыр жұмысқа мүлде жоқ болып шықты. Бәрi дерлiк таза, алтындай жалтылдаған көзiлдiрiктi, қолдарында сағат, сақина, бiлегiнен жiбек iш көйлектiң жеңi көз тартып тұрады. Бiздерге бiртүрлi салқын, жат көзбен, тәкаппарлықпен қарайды. Қалай болғанда да олармен де ыммен түсiнiсiп, бiраз уақыт жұмыс iстедiк… Осылай жүрiп соғыс аяқталып, жеңiс күнiне де жеттiк…
… Мамырдың 9 күнi әдеттегiдей таңғы, бiрiншi ауысымға жұмысқа келдiк. Содан бұрынғы ауысымда жұмыс нормаларын аздап асыра орындағаным үшiн маған ынталандыру сыйлығын — 30 грамм сары май, 30 грамм қант, 200 грамм нанның талонын берген болатын. Соны алып, тамақтанып болған соң бәрiмiз наряд-тапсырма беретiн бөлмеге келдiк. Тапсырманы участке бастығы Наконачиков пен орынбасары Балтабеков Сәкен деген қазақ жiгiтi бере бастаған… Таңғы елең-алаңда бөлмеге шахта бастығы Николаев пен парторг (соғыс мүгедегi атын ұмыттым), екеуi кiрiп келдi де: «Бiр минут тоқтаңдар, маңызды хабар бар», — дедi.
Парторг: "Құрметтi шахтерлер, бүгiн ең ұлы, қуанышты күн, соғыс аяқталды. Жауды жеңдiк! Кеше олар толық жеңiлгенiн мойындап, актiге қол қойды. Сiздердi осы қуанышпен құттықтаймыз! Ендi Жеңiс күнi құрметiне бүгiн көмiр өндiрудi еселеп арттыруымыз керек. Сiздердi осыған шақырамыз", — дедi.
Парторгтiң сөзiн аяқтатпастан шағын бөлменi басымызға көтерiп, жаңғыртып уралай жөнелдiк. Отырған адамдар бiрi жылап, бiрi айқайлап, бiрiн-бiрi құттықтап, сүйiсiп жығыла-сүрiне далаға лап қойды.
Лезде бөлме босап, басшылар ғана қалды. Олар күбiрлесiп бiраз отырды да учаскi бастықтарын алып шығып кеттi. Бөлмеде ауысым бастығы (десятник), тағы бiр кiсi және мен қалдым. Бiр кезде учаске бастықтары келiп, ауысым жетекшiсiне: «Сiз төменге лаваға барыңыз, түгел техниканы жалпы жағдайды тексер, қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз етiңiз! Ал, мына бала қайта берсiн», — дедi.
Мен тез үйге келдiм. Үй маңында көршi-қолаң жүрегi жарыла қуанып, соғыстың аяқталғанын естiп жүгiрiсiп жүр. Бiраз мосқал әйелдер шашу шашып жатыр. Ол кезде көпшiлiк халықтың жиналатын жерi қалалық үлкен базар. Мен де жұртқа iлесiп базарға кеттiм.
Базар ығы-жығы халық. Қоршаудың сыртына, көшеге толып кеткен, желдi күнгi толқындай теңселген адамдар тобы. Күндегiдей сауда iстеп жүрген жұрт аз. Қызып тұрған арақ саудасы. Жарты литр арақ 800-1000 сомнан, үш-төрт адамнан қосылып ән салып, арақты кезектесiп алып, жыласып, дуылдасып, гуiлдеген жұрт.
Бәрiнiң аузында бiр ғана сөз: "Соғыс бiттi, жауды жеңдiк, ендi тойлаймыз!" Қуанған адам, оның үстiне арақ iшiп қызынған адам қызық болады екен, бiр жылайды, бiр күледi.
Сол дуылдаған топтың бiрiне қосылып мен де бiраз қызсам керек. Мiне, 1945 жылғы 9 май — Жеңiс күнi менiң көз алдымда осылай болды!!!
Ол кезде тәртiп күштi. Сол дуылдаған жұрт 10-шы май күнi әдеттегiдей жұмысқа келдiк. Екi ауысымдай жұмыс тоқтап, аласарып қалған лаваны қайтадан жаңғыртып, техниканы iске қосып, жұмысты бұрынғы қарқынмен жүргiзе бастадық…
Жаз шыға бұрын еңбек армиясы бойынша шахтадағы жұмысқа тартылған, бронь алып майданнан қалған көп ересек шахтерлар бiрте-бiрте шахтаны тастап, қатарымыз сирей бастады. Мен де мұндай ауыр жұмыста жүре бергенше, бейбiт заманда оқу iздеп, басқа тiршiлiк етудi ойлай бастадым. Сөйтiп, қазан айының басында шахтадан босадым. Ол оңай болған жоқ. Шахта бастығы босатпаған соң, сотқа жүгiнуге тура келдi. Тек сот шешiмi шыққан соң ғана шахта директоры арызыма қол қойды. Оның өзi үлкен хикая… Мен ауылда қайтадан екi жыл жұмыс iстеп, оқу жолына түстiм. Оларды бiтiрiп, ғылыми қызметкер болдым… Мiне, сол 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыс аяқталған күнге 65 жыл толғалы тұр.
Сол соғысқа қатынасып, елге оралған соғыс ардагерлерiнен бiздiң ауылымызда бұл күндерi бiреуi де қалған жоқ. Ол кiсiлердi былай қойғанда тылда, ауылдағы барлық жұмысты қарттар, әйелдермен бiрге атқарған 13-17 арасындағы менiң құрдастарымнан қалғаны бiр ғана адам — мен.
Ендiгi бiздiң тiлек — бiздiң халыққа, жалпы адамзатқа Алла Тағала соғыс қиындығын көрсетпесiн. Ендi ғана тәуелсiз ел болып, өз құқығымызға, елiмiзге, жерiмiзге ие бола бастаған заманымызды баянды қылсын. Ұрпақтарымыз бұла, еркiн өсiп, егемендi елiнiң ұланы, азаматы, қайраткерi болсын!
Бұл жеңiс күнiнiң бiздер үшiн — оның басталуы мен аяқталуын көрген ұрпақ үшiн бағасы зор, қымбаттылығы да өлшеусiз! Бұл күнге жеткендер — өте бақытты адамдар! Өкiнiшке қарай көп адам жете алмай кеттi. Солар ұмытылмасын!
Қарпық Құсайынов, профессор, еңбек ардагерi