ҮШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН
ҮШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН
СОНЫМЕН, тәуекел етiп тас жұтып, Кедендiк одаққа кiрдiк. Әзiрге үшеумiз: Ресей, Беларусь және Қазақстан. Украина қосыла ма, қосылмай ма белгiсiз. Әлiптiң артын бағатын секiлдi. Оның үстiне ел Үкiметi мен саяси партиялардың арасында келiспеушiлiктер көп. Янукович пен Медведевтiң келiсiмi бойынша, Қырым Ресейдiң Қара теңiз флотына жиырма бес жылға арендаға берiлетiн болған. Оппозиция жетекшiлерi Юлия Тимошенко, Виктор Ющенко, Арсений Яценюк және Анатолий Гриценко бұл келiсiмге үзiлдi-кесiлдi қарсы болды. "Бiз өз Отанымызды бiрге қорғаймыз! Украинаны отарлауға жол бермеймiз! Қазiр саяси келiсiм емес, бiзге Украинаның тағдыры маңызды!" Олар екi ел президенттерiнiң келiсiмiн ратификациялайтын күнi Раданың алдына осындай талаптармен шықты. Мұны Рада депутаттарының бiразы қолдады. Алаңға жиналған жастар үрiлген қара түстi резина қайықты көтерiп келген. Қайық қапталында "Путин, өз флотыңды алып кет және оған қуыршақ Януковичтi қосып ал!" деген жазу бар.
Спикер Владимир Литвин мемлекеттiк күзет басқармасының қызметкерлерiне оппозициядағы депутаттарды жұмыс орындарына жiбермеу туралы пәрмен берсе керек. Ал соған дейiн орындарына жайғасып алғандар келiсiмдi ратификациялауға барынша қарсылықтарын бiлдiрген. Тiптен айтыс-тартыстың арты спикерге жұмыртқа лақтырып, залды адамды қақалтып-шашалтатын көк түтiнге толтыруға дейiн барған. Сонда да Литвин қол шатырды тасаланып тұрып, мәселенi дауысқа салып, мақұлдатып жiбередi. ("Новая газета" 29 сәуiр. "Оборона Севастополя") Украинада оппозициядағы партияларды қолдайтындар аз емес. Елдiң батыс бөлiгi. Демек жартысына жуығы. Осы iшкi қарсылықтарына қарағанда Кеденге жуық арада қосылуы, әй, неғайбыл.
Ал Кедендiк одақ бiзге не бередi? Қандай пайдасы, не зияны бар? Тәуелсiздiгiмiзге нұқсан келтiрмей ме? Осы сұрақтар төңiрегiнде бiзде де ақпарат құралдарында бiраздан берi пiкiрталастар жүрiп жатыр. Бiрi жұртты үркiтсе, бiрi үмiттендiруде. ҚР Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанова: "Кеден одағы бiзге кедергi келтiрмейдi, қайта жаңа мүмкiндiктер туғызады. Ең қарапайым ұғыммен айтсам, Қазақстан өзiнiң 16 миллион адамдық нарығын 170 миллион нарыққа ұлғайтады. Бұл – басы ашық артықшылық" ("Егемен Қазақстан", 9 сәуiр 2010 жыл). Ал отандық кәсiпкерлердiң бiразы экономикамыздың әлi де бәсекеге қабiлетсiздiгiн айтып, Қазақстанға әкелетiн тауар бағасының 30 пайызға дейiн қымбаттайтынын алға тартуда. Оның үстiне бiрыңғай кедендiк импорт тариф және тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай жүйесi Кедендiк одақ комиссиясының құзырына берiлген. Онда 57 дауыс Ресейге, 21,5-тен дауыс Беларусь пен Қазақстан үлесiне тиiптi. Мұнда Ресейдiң ықпалы басым. Ресейдiң тарифтiк саясатты жүргiзу тiзгiнiн өз қолында ұстары анық. Бұл егемендiгiмiзге әсерiн тигiзбей қоймайды деген де пiкiрлер айтылуда. Кедендiк одақтың, Ресей мен Беларусь мемлекеттерiнiң хатшысы Павел Бородин: "Кеңестер Одағы 2017 жылы қайта өз қалпына келедi", – деген сәуегейлiгi отқа май құйғандай әсер етуде. Оның осы сөзi үмiттен гөрi күдiктi күшейтiп отырғаны рас. "Сонда көздеген мақсаттары осы ма?" – дейдi қарапайым адамдар. Әрине, олар мұны қауiп еткеннен айтады.
Жанар Айтжанова: "Кеден одағы комиссиясында шешiмдердiң барлық тараптарды қанағаттандырған жағдайда ғана қабылдауының тетiктерi толық ойластырылған. Егер тараптардың бiреуi Кеден одағының комиссиясының шешiмiмен келiспесе, онда мәселе Кеден одағының мемлекеттер басшылары деңгейiндегi жоғарғы органының қарауына шығарылады. Онда шешiм тек бiрауыздылық жағдайында ғана қабылданады. Бiрауыздан дауыс берiлмесе – шешiм қабылданбайды ", – дейдi. Лайым солай болғай.
Алыс-берiс бар жерде, қоян-қолтық аралас-құраластың болары анық. Бұл табиғи заңдылық. Еуроодақ елдерiн үлгi тұтып, "сiз", "бiз" десiп сыйлассақ жақсы-ау. Экономиканы қойшы. Аштан өлiп, көштен қалып жатқан жайымыз жоқ. Тұғырына қондыра алмай жатқан Ана тiлiмiздi айтсайшы. Ендi мiне тағы да он жылға шегерiп отырмыз. Ресей соған кедергi келтiрмесе, тәуелсiздiгiмiздi құрметтесе Кедендiк одаққа құба-құп дер едiк. Бәрiне мәртебелi уақыт төрешi. Соның төрелiгiне жүгiнейiк, ағайын. "Жақсының айтқаны емес, жаманның сандырағы келедi" – демекшi, Ресей Думасының депутаты Владимир Жириновскийдiң: "Қазақтар ел бола алмайды. Әлi-ақ Ресейге өздерi келедi. Жай келмейдi, еңбектеп келедi", – дегенi әлi күнге жұрттың құлағында. Соның сандырағы келiп, табасына қалмасақ деңiз.
ШЫНДЫҚ – ешқашанда өлмейдi. Бiрақ оған жету қиын. Жетпей кеткендер қаншама. Солардың бiрi Халық қаһарманы — Рахымжан Қошқарбаев. Белоруссия майданындағы 3-шi шабуылдаушы армияға қарасты 150-шi дивизияның аға лейтенанты.
1945 жылы 30 сәуiрде Совет Армиясы жауынгерлерi фашизмiнiң ордасы Рейхстагқа шабуыл жасады. Ара қашықтық небарi 360 метр. Рейхстагқа ту тiгуге ұмтылған қаншама солдат жау оғына ұшты. Рахымжан Қошқарбаев бораған оқ астынан осы қашықтықты 7 сағатта өтiп, кешкi сағат 18 сағат 30 минутта Қызыл туды Рейхстаг қабырғасына тiктi. Қошқарбаевтың бұл көзсiз ерлiгi жауынгерлерге рух бердi. Маршал Жуков осы шындықты бұрмалап, Сталинге «Рейхстагқа туды сержанттар Михаил Егоров пен Мелитон Кантария тiктi» деп жалған ақпар жiберген. Бiрi орыс, бiрi грузин. Сөйтiп Михаил мен Мелитон ойламаған жерден Советтер Одағының Батырлары болып шыға келдi. Ал Қошқарбаев маршалдың әдiлетсiздiгiнен тасада елеусiз қалды. Бұл шындықты армия, дивизия қолбасшылары, командирлерi, жауынгерлерi бiлдi. Бiрақ жоғарыдан тайсақтап, ауыздарын аша алмады. Мәскеуде өткен Жеңiстiң 30 жылдығы салтанатында Рахымжан Қошқарбаев сол Қызыл туды Кантарияның қолынан жұлып алып: "Бұл туды Рейхстагқа тiккен сен емес, мен" — дегенде анау үнiн де шығара алмаған. Өйткенi, Рахымжандiкi шындық. Ал оны жоққа шығару мүмкiн емес. Бұл жөнiнде кезiнде баспасөздерде жазылды да. Осыдан бiрер ай бұрын Мәскеудегi әскери мұрағаттағы құжаттар қайта қаралды. Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа бiрiншi болып ту тiккенi анықталып, Ресей армия басшыларының мойындамасқа амалдары қалмады. Жеңiстен кейiн 65 жылдан соң шындық салтанат құрды. Сол Қызыл тудың көшiрмесi Алматыға жiберiлдi. Әрине батырдың соны көзiнiң тiрiсiнде көре алмай кеткенi өкiнiштi. Алайда ол өзi болмаса да 65 жылдан соң қазақ халқының даңқын әлемге паш еттi.
Тағы бiр айта кететiн жай — жиырмасыншы ғасырда екi бiрдей Дүниежүзiлiк соғыс болды. Әсiресе, Екiншi дүниежүзiлiк соғыс қуатты техникалар соғысымен басталып, адамзатты жаппай қырып жоятын атом қаруын қолданумен аяқталды. Сол соғыста әскери әуе күштерi зор рөл атқарған едi. Кiмнiң әскери ұшақтары көп болса, кiмнiң ұшқыштары ұшақтарды шебер басқара бiлсе, соның жеңiске жетерi анық болатын. Ұшқыр техниканы игеру оңай емес, әрине. Бiз бертiнге дейiн Совет Одағының Батырлары, ұшқыштар — Нұркен Әбдiров пен Талғат Бигелдиновтi мақтан тұтып келдiк. Бiзге қазақтан шыққан ұшқыш батырлар сол екеуi ғана секiлдi көрiнетiн. Ендi мiне, солардың қатарын Хиуаз Доспанова, Плис Нұрпейiсов және Бақтыораз Бейсекбаевтың аттары толықтырып отыр. Бесеуi де жай ұшқыштар емес, Советтер Одағының Батырлары. Бұған Қажымұқанның қаржысына жасалынған ұшақтың ұшқышы, Қызыл Жұлдыз орденiнiң иегерi Қажытай Шалабаевты тағы қосыңыз. Олар әуе шайқасында ерлiктiң асқан үлгiсiн көрсеттi. Қазақтың қолынан тек қой бағу ғана емес, ұшқыр техниканы игерiп, сонымен соғыса алатынын басқаларға дәлелдеген тұлғалар, ұлттың мақтаныштары.
ФИЛОЛОГИЯ ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Iсiмақова "Айқын" газетiнiң тiлшiсi Төреғали Тәшеновке берген сұхбатында: "Алаштың тiлiн сақтап қалған бiз емес, осы шетелде жүрген қазақтар екен", — дейдi. Қандас бауырларымызды көтермелеу мақсатында айтқан болар, сiрә.
Ана тiлiмiздiң ту тiккен жерi осы Қазақстан. Керей мен Жәнiбек сұлтандар 1456 жылы Шу өзенiнiң бойына көшiп келiп, хандық құрған заманнан бастап таза қазақ тiлi қалыптасып, даму үстiнде болды. Керей мен Жәнiбектiң ақылшы биi болған Асан Қайғының ойшыл өлеңдерiнен берi қарай тартсақ Қазтуған, Доспанбет пен Шалкиiз, Жиембет иен Марғасқа, Ақтамбердi мен Үмбетей жыршы-жыраулар шығармалары осы жерде туған. Абылай ханның заманында шыққан Бұхар жырау, содан кейiнгi Шал мен Көтеш ақындардың отты жырлары осы топырақта өмiрге келдi. Солардан кейiнгi Махамбет Өтемiсұлының патриоттық жырлары, Дулаттың батыл өлеңдерi, Шортанбайдың байларды мiнеген өлеңдерi, Мұрат ақынның толғаулары, Абайдың лирикалық, философиялық өлеңдерi мен қара сөздерi, Сүйiнбай мен Жамбылдың өткiр тiлдерi, Майлықожа мен Кемпiрбайдың ұшқыр өлеңдерi, қала бердi Бiржан, Ақан өлеңдерi мен әндерi де осы атақоныста шырқалды емес пе.
Иә, Кеңес өкiметiнiң қысымымен бiраз халық таланттары алыс-жақын шетелдерге қоныс аударды. Қытайға, Моңғолияға, Иранға, Түркияға. Олардың ұлттық салт-дәстүрдi өздерiмен бiрге ала кетiп, сақтағаны рас. Әне, олар "Қаражорға" биiн атажұртқа қайта алып келдi. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал тiлге келер болсақ, сөз басқа. Алаштың тiлiн сақтаған тек солар ғана емес, осы атақоныста қалғандар да. Кеңес өкiметi кезiнде де әр облыста қазақы қаймағы бұзылмаған ауылдар болды. Және аз болған жоқ. Әсiресе, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Торғай облыстарында. Олар туған тiлiн дамытпаса да, ұмытқан емес. Кеңес өкiметi кезiнде де Бейiмбет Майлин, Iлияс Жансүгiров, Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсiрепов және т.б.ақын-жазушылардың тамаша туындылары жарық көрiп, қалың ел солардан сусындады. Олар осы топырақта тiлiмiздiң сөздiк қорын дамытып қана қойған жоқ, тiл мәдениетiнiң асқан үлгiсiн жасады. Кейiнгi жазушылар Әбiш Кекiлбаев, Шерхан Мұртаза, Қалихан Ысқақ, Тәкен Әлiмқұлов, Оралхан Бөкеев т.б. сөз өнерiнiң нәрiн солардан сiңiрiп, әдеби тiлдiң көркемдiк сапасын бұрынғыдан да жоғары көтерген жоқ па?! Демек, Алаштың тiлi сақталған жерi, көркейiп көктегенi осы атамекенiмiз — Қазақстан.
P.S. Сонымен Кеден одағын қалай деп түсiнемiз? Жанар Айтжанованың айтуына қарағанда одаққа мүше елдердiң арасындағы еркiн сауда аймағымен бiрге осы елдердiң тарапынан үшiншi елдерге қолданылатын бiрыңғай сауда саясатының комбинациясы екен. Министрдiң дерегiне сүйенсек, қазiр Дүниежүзiлiк сауда ұйымы аясында әлемде 12 Кеден одағы жұмыс iстейтiн көрiнедi. Үш мемлекеттiң Кедендiк одағы қалыптаса бастасымен Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк мәселесi алға тартылғалы тұр. Арғы жағынан бiрыңғай ақша мәселесi де қозғалып қалатын шығар. Несiн жасырамыз, «Ресей өз рублiн ортақ валюта етiп, ұлттық мүддемiзге, Тәуелсiздiгiмiзге нұқсан келтiре ме» деген iштей күдiгiмiз жоқ емес бар.
Орыс халқын ұлы санайтын саясаттың салқыны сол кезде де сезiлiп тұрды. Жуков Сталинге "Рейхстағқа ту тiккен орыс Егоров пен грузин Кантария", – деп хабарлайды. Көпке танымал кинорежиссер Петр Ефимович Тодоровский өз естелiгiнде: "Соғыста бәрi де болды. Батырлық, сатқындық, әдiлетсiздiк. Әдiлетсiздiктен асқан қиянат бар ма?" – деп жазыпты. Кезiнде Қошқарбаев сол әдiлетсiздiктiң құрбаны болды. "Ештен кеш жақсы" демекшi 65 жылдан соң шындықтың шырайы кiргенiне, Қошқарбаевтың ерлiгiнiң мойындалғанына мың да бiр шүкiр.
Алаштың тiлi, Ана тiлiмiздiң бiр-ақ отаны бар. Ол – Қазақстан. Тiлiмiз осы жерде сақталып, осы жерде дамыған. Сол тiлiмiздiң арқасында әлемдiк әдебиеттен ойып орын алдық.
Көлбай Адырбекұлы