ҚАЗАҚ ҚЫРҒЫЗДАРДЫ ҚОЛТЫҒЫНАН ДЕМЕЙДI
ҚАЗАҚ ҚЫРҒЫЗДАРДЫ ҚОЛТЫҒЫНАН ДЕМЕЙДI
Онсыз да iлдәлдәлап тұрған Қырғыз елiнiң экономикалық-әлеуметтiк жағдайы төңкерiстен кейiн күрт төмендеген. Жергiлiктi халықтың құты қашып, жан сауғалауға мәжбүр болды. Елде бей-берекетсiздiк жалғасып, жұмыссыздық белең алды. Әрине, «Қазақ-қырғыз бiр туған» дегендi ежелден есiнде сақтаған қазақ ағайынның басына күн туғанда қол қусырып қалсын ба?
Жақында тығырыққа тiрелген Қырғыз Республикасының Уақытша үкiметi Қазақстаннан көмек сұрады. Уақытша үкiметтiң төрайымы Роза Отунбаева Қазақстан Республикасының президентiне Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға атсалысқаны үшiн алғысын бiлдiре отырып, елдегi экономикалық қиындықты түзеу үшiн көмек сұрап, арнайы хат жолдады. Ресми хатта: «Аса мәртебелi Нұрсұлтан Әбiшұлы! Қырғызстандағы жағдайдың тұрақтануы үшiн жасаған еңбегiңiзге көп рахмет. Бiздiң елдiң басына iс түскенде, алғаш көмекке келген де осы қазақ елi. Еуропадағы Қауiпсiздiк және Ынтымақтастық Ұйымын басқарушы ел ретiнде қырғыз халқына үлкен көмек көрсеттiңiз. Уақытша Үкiмет халықтың жағдайын оңалтуға қолдан келгеннiң бәрiн жасайды. Алайда кейбiр мәселелердiң шешiмiн таба алар емеспiз» делiнген. Қазiр елге мұнай өнiмiнiң келмей жатқанына байланысты, Қырғызстанның қоймалары бос қалды. Қырғыз жерiнде жаңа құқықтық бағыт қалыптасып келсе де, экономикалық қиындықтарға өз бетiнше төтеп бере алмайтын қалде. Роза Отунбаева сондай-ақ, ресейлiк мұнай өңдеу зауыттарының өнiмдерi келмей жатқанын және елдегi отын қорының таусылуға шақ қалғанын баса айтқан. Уақытша үкiметтiң төрайымы Қазақстаннан көктемгi егiс жұмыстарына несие және гуманитарлық көмек ретiнде 25 мың тонна жанармай және тыңайтқыш, тұқым сұрап отыр. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елге көмек көрсету жөнiндегi тапсырманы тiкелей Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовке жүктедi.
Қазақстан бұдан бұрын көршi елдегi ушыққан ахуалға көмек қолын созуда белсендiлiк танытып, ЕҚЫҰ-ның арнаулы өкiлi ретiнде Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасының орынбасары Ж.Кәрiбжановты жiберген-тұғын. Ал, осы аптада Қырғыз Республикасы Уақытша үкiметi төрайымының орынбасары Алмазбек Атамбаев Астанаға келiп, Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовпен кездесiп, түйткiлдi мәселелердi бiрлесе отырып талқылады. Қырғыз тарапы екi ел арасындағы шекара мәселесiн оңтайландыруды өтiндi. Яғни, қырғыз тауарын Қазақстан аумағы арқылы емiн-еркiн өткiзудi сұраған Алмазбек Атамбаев бiздiң елдiң қаржылай қолдауына зәру екенiн астармен жеткiздi.
Уақытша үкiмет жетекшiсiнiң орынбасары Алмазбек Атамбаев бiзге дейiн Ресей мен Түркияға барып қайтқан. Ондағы мақсаты сол, бүлiктен кейiнгi Бiшкектiң босап қалған бюджетi мен ел билiгiн реформалауға және сайлауға қомақты қаражат қажет.
Ендiгi мәселе – бүлiктен бүлiнiп шыққан қырғыз елiнiң ахуалын аяқтан тұрғызу. Елбасы бұл бағытта қырғыз халқына мүмкiндiгiнше көмек берiлетiнiн жеткiздi. «Бiз қолдан келгенше ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мен басқа да мемлекеттер тарапынан қаражат жинап, көмек көрсету iсiне жәрдем беретiн боламыз. Жалпы жағдайдың, көктемгi егiн егу науқаны мен өзге де iшкi жағдайдың оңалуы үшiн барынша демеу көрсетемiз», – дедi Елбасы. Ал осы аптада Мемлекеттiк хатшы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев көршi қырғыз елiне барып, Уақытша үкiмет басшысы Роза Отунбаевамен кездестi. Екiжақты келiссөздерден кейiн Қанат Саудабаев: «Президент бауырлас қырғыз халқына осы қиын кездерде сiздермен бiрге екенiмiздi жеткiзуiмдi сұрады. Бiз сiздерге гуманитарлық көмек көрсетуге әзiрмiз. Қазiр сiздерге қандай заттар қажет екендiгiн зерттеп жатырмыз, алдымен жанар-жағар май, тыңайтқыштар, тұқым жеткiзбекпiз, себебi қазiр егiн себу науқаны басталды ғой. Бүгiнде ең бастысы, елдiң бейбiт өмiрге көшуi және тұрақты даму жолына түсуi маңызды» деп атап өттi.
Қалай десек те, Қырғызстан қазiргi саяси және экономикалық дағдарыстан өз күшiмен шыға алмайтын түрi бар. Елдiң қайтадан қалыпты жұмысына кiрiсуi үшiн әлемдiк қауымдастықтың қолдауы қажет. Бұл ретте елiмiз тарапынан бiрiккен экономикалық жобалар ұсынылуы керек. Мамандардың пiкiрiнше, ұсыныстың негiзгi бағыттары су ресурстарын екiжақты тиiмдi пайдалану төңiрегiнде болуы тиiс. Себебi, Қырғызстандағы қақтығыстан кейiнгi негiзгi залал Қазақстанға дәл осы бағыт бойынша келуi мүмкiн. Бұл елден жұмыс iздеп ағылған жұрт пен сауда саласындағы қиындықтар да елiмiз үшiн едәуiр кедергi болары анық. Алайда, саясаттанушылар парламенттiк Республика жолын таңдаған қырғыз елiнде бiр-екi айдан кейiн билiкке талас тағы өршуi мүмкiн деген қауiптi жасырмайды.
Өткен аптаның соңында Алматыға ат басын бұрған Қырғызстанның «Ар-Намыс» партиясының жетекшiсi, белгiлi саясаткер Феликс Кулов «АйтPark» пiкiрлесу клубының кезектi отырысына қатысып, журналистердiң сұрақтарына жауап берген едi. Ол өз пiкiрiнде: «Бiздiң елде «АҚШ-қа соғыс ашып, ертеңiнде берiле салу керек» деген қалжың сөз бар. Мұндай ұсыныстарды айтатындар мәселенiң мәнiсiн мемлекет құрып отырған халықтан емес, сол халықты билеп отырған билеушiден iздеуi керек сияқты. Билеушiлер халықты тоздырып жiберсе, қай мемлекетте болсын Қырғызстандағы оқиға қайталанатыны сөзсiз. Сырт көз осы оқиғаларды көпе-көрiнеу тонаушылық, жабайылық деп суреттеп, елiмiздiң тарихындағы дақ ретiнде көруi мүмкiн. Бiрақ бұған әбден ашынған халықтың iсi деп қарау керек. Бұқара халық ешқашан мұндай сипаттағы қалжыңды көтермейдi» дегендi қадап айтқан болатын. Феликс Кулов Роза Отунбаева басқаратын Қырғызстанның уақытша үкiметiнiң iс-әрекетiне қандай да бiр сын айтудан бас тартып, «Оларға онсыз да қиын. Сондықтан бiз оларға тiлектес екенiмiздi бiлдiремiз және көмектесуге тырысамыз», – дей келе, ол уақытша үкiмет мүшелерiн оларға дейiнгi билiктiң қателiктерiн қайталаудан сақтандыра кетудi де ұмытпады.
P.S. Бiшкектiң маңындағы Маевка ауылында қақтығыс болды. Азаматтарға жер телiмдерiн таратудан шыққан шеруде 5 адам қаза тауып, бiрнеше адам жараланды. Елiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгiнiң мәлiметiне қарағанда, ауыр соққыдан бiр қазақстандық азамат мерт болған.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ