ЖЕМҚОРЛЫҚ "БIТЕУ ЖАРАҒА" АЙНАЛЫПТЫ

ЖЕМҚОРЛЫҚ "БIТЕУ ЖАРАҒА" АЙНАЛЫПТЫ

ЖЕМҚОРЛЫҚ "БIТЕУ ЖАРАҒА" АЙНАЛЫПТЫ
ашық дереккөзі
443

Жемқорлыққа қарсы күресте белсендiлiк танытуға мiндеттi Кедендiк бақылау комитетi, Салық комиететi, Мемлекеттiк меншiк пен жекешелендiру комитетi, Қаржылық бақылау мен мемлекеттiк сатып алу комитетi, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкiн арнайы жүргiзiлген сауалнамаға қатысқан 2500 респондент жемқорлыққа белшеден батқан құрылымдар ретiнде таныпты.

Саяси шешiмдер институты мен "Нұр Отан" ХДП бiрiгiп өткiзген әлеуметтiк сауалнама қорытындысына сәйкес ұйымдастырылған "Қаржы министрлiгiндегi жемқорлық" атты дөңгелек үстелде қаржы министрлiгiн дендеп алған жемқорлық мәселесi талқыға салынды.

СШИ жетекшiсi Бақытжамал Бектұрғанова ханымның айтуынша, өзге құрылымдармен бiрге қаржы министрлiгi де коррупция белең алған аса қауiптi құрылымдар қатарында. Жемқорлар тiзiмiнiң алғашқы легiнде Кедендiк бақылау комитетi, Салық комитетi, Мемлекеттiк меншiк пен жекешелендiру комитетi, Қаржылық бақылау мен мемлекеттiк сатып алу комитетi тұр. Сауалнамаға жауап бергендердiң 50-60 пайызы аталған мекемелердi "толық немесе жартылай жемқорлық дендеген" сала ретiнде таныған. Қаржы министрлiгi жанынан құрылған акционерлiк қоғамдардағы коррупция деңгейi әлдеқайда төмен. Сонымен қатар жемқорлыққа белшеден батқандар тiзiмiнен Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi табылған. Ал кедендiк органдарға келсек, салықтық төлемдердiң тым жоғары болуы жемқорлықтың нышаны ретiнде көрсетiлген. Кәсiпкерлер қауымы көбiнесе ресми түрде кедендiк салықты төлегеннен гөрi шенеунiктерге пара беру арқылы шаруасын тып-тыныш тындырғанды жөн көредi. Бiр қызығы, қазақстандықтардың басым бөлiгi "шенеунiктердiң жалақысын көбейту елдегi жемқорлық деңгейiн төмендетуге ықпал етедi" деген ұстанымда. Ал бизнесмендер болса, коррупцияның "гүлденуiне" елдегi мемлекеттiк құрылымдарда етек алған шектен тыс бюрократия мен мемлекеттiк органдар жұмысын қадағалау, ашықтық пен жариялылықтың жоқтығынан көредi.

Сауалнамаға қатысушылар арасында "Қазақстанда заңды "айналып өту" жолдары мен солқылдақтығын шебер меңгерген шенеунiктердiң кейбiрi жемқорлықтың артуына жол берiп отыр" деген пiкiрлер де кездеседi. Кейбiр заңнамалық құжаттардағы бiр-бiрiне қарама-қайшы баптар мен құқықтық базаның тұрақсыздығы да жемқорлыққа қарсы күрестi мандытпай отыр. Респонденттердiң айтуынша, қаржылық салаға қатысты органдардағы бiр рет берiлетiн пара көлемi 1000-2000 АҚШ долларына жуық. Аталған көрсеткiш пен нақты берiлетiн пара арасын салмақтасақ, сәл ғана өзгерiс бар. Адамдардың кiмге не үшiн қай көлемде пара беру керектiгiн жобалап болса да бiлуi – осының дәлелi.

Сауалға жауап берушiлердiң 73,6 пайызы бүгiнде жүргiзiлiп жатқан қаржы саласындағы жемқорлыққа қарсы күрес жеткiлiксiз және оны төмендетуге ықпал ете алмайды деген сенiмде. Сондай-ақ, 30,3 пайыз респондент коррупцияға қарсы күрестi қолдағанмен, небары 18,7 пайызы ғана тiзе қоса отырып, әрекет етуге құлықты. Өйткенi, олардың 52,6 пайызында "жемқорлармен күресем деп жүргенде, құқық қорғау органдарының қызметкерлерiнiң қырына iлiгiп қалам" деген қорқыныш бар.

Сауалнамаға Қазақстанның 16 қаласында тұратын шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi, қарапайым халық пен Қаржы министрлiгiнiң қарамағындағы қызметкер саналатын 2500 адам қатысқан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары