ШЕНГЕНДIК ВИЗАДА ШЕКТЕУ АЗ

ШЕНГЕНДIК ВИЗАДА ШЕКТЕУ АЗ

ШЕНГЕНДIК ВИЗАДА ШЕКТЕУ АЗ
ашық дереккөзі
264

Өткен аптадан бастап, шенгендiк визаның талаптары өзгердi. Еуропадағы бiрқатар ел қол қойған Шенгендiк келiсiмнiң шетелдiктер үшiн ұтымды тұсы көп.

2009 жылдың шiлдесiнде Шенгендiк келiсiмге қол қойған елдер арасында қабылданған Кодекстiң талаптарына сәйкес, 2010 жылдың 5-сәуiрiнен бастап, шенгендiк визаның «транзиттiк» деп аталатын «Б» категориясы алынып тасталды. Жаңа заңда визалық құжаттарды беру мен дайындау тәртiбiне де бiрқатар өзгерiстер енгiзiлдi. Мысалы, анкетадағы сурет соңғы алты ай iшiнде түсiрiлген болуы тиiс, ал шетелдiк төлқұжат 10 жылдық мерзiммен шектелуi шарт. Айтпақшы, бұл визаның құны қазақстандықтар үшiн бұрынғы деңгейде, яғни, 60 еуро көлемiнде қалды. Бұдан былай, шенгендiк аймаққа бiрнеше рет сапар шеккен шетелдiктер мiндеттi сақтандыру декларациясын әрбiр сапар үшiн жеке толтырмайтын болды. Өйткенi, ол құжат визалық анкетаға бөлек бөлiм ретiнде тiркелмек. Сонымен қатар кәрi құрлықта қаржылық тұрғыда ешқандай қиындықтар туындамайтынын ресми түрде растауы тиiс. Жаңа визалық кодекс 90 күнге созылатын қысқа мерзiмдiк визаны 180 күннiң iшiнде бередi.

Былтыр Еуропалық Одаққа тиесiлi аймақтағы әуе кеңiстiгiнде төлқұжатсыз, яғни, визасыз жүру тәртiбiнiң ауқымы кеңiгенi белгiлi. Осының арқасында Мальта, Венгрия, Эстония, Литва, Латвия, Польша, Словакия, Словения, Чехия азаматтары өзге еуропалықтармен сияқты визасыз жүру құқығына ие болған. Бүгiнде 24 елдi қамтитын Шенгендiк аймақта 400 миллионға жуық адам тұрады. Исландия, Норвегия мен Швейцария Еуроодаққа мүшелiкке өтпесе де, Шенгендiк аймақтың құрамында. Есесiне, Ұлыбритания мен Ирландия ЕО-ның белсендi мүшелерi бола тұра, шенгендiк келiсiмге қол қоймаған. Олардың шекаралық бақылау ережелерi бөлек. Ал ЕО құрамына былтыр өткен Болгария мен Румынияның қауiпсiздiк жүйесi еуропалық стандартқа сәйкестендiрiлгеннен кейiн ғана Шенгендiк аймаққа енгiзiлмек. Жоспарланған мерзiм – 2011 жыл. Сондай-ақ, Ватикан, Кипр мен Швейцария да шенгендiк визаны қабылдауға қарсы емес. Дания 1997 жылы Шенгендiк хаттамаға бекiтiлген Амстердамдық келiсiмге сәйкес, ерекше мәртебеге ие. Бұл құжат Дания аймаққа мүшелiкке өтпесе де, шенгендiк серiктестiк ауқымында кеңiрек әрi еркiн әрекет етуге мүмкiндiк бередi. Өткен жексенбiде АҚШ пен Еуропалық Одақ арасындағы «Ашық аспан» туралы келiсiм де күшiне ендi. Американдық және еуропалық ұшақтар Батыс пен АҚШ-тың кез келген қаласынан тiкелей жол тартуға құқылы.

ШЕНГЕНДIК АЙМАҚТЫҢ ТАРИХЫ

Еуропаның батыс бөлiгiндегi елдердiң ынтымақтастығы Еуропалық Одаққа мүше елдердiң арасында кедендiк кедергiсiз, еркiн қозғалу ережелерiн түзу туралы бастамаға негiз болды. Екiншi Дүниежүзiлiк соғыс аяқталғаннан кейiн бiрiгуге ұмтылған кәрi құрлықтағы шекаралық мәселелердi мемлекетаралық келiсiмдер арқылы шешу тәжiрибесi мол болатын. Мысалы, Солтүстiктiк төлқұжаттық одақ. Одаққа 1949 жылы Ұлыбритания мен Ирландия, 1954 жылы Исландия, Норвегия, Дания мен Швеция, ал 1955 жылы Финляндия мүше болған. Бiрақ бүкiл еуропалық деңгейдегi төлқұжаттық келiсiм бiрнеше жыл бойы шешiмiн таппай келдi. Оған ағылшындар мен ЕО-ға мүше басқа мемлекеттер арасындағы шетелдiк саяхатшыларға қойылатын талаптарға, кедендiк жеңiлдiктердiң шеңберiн нақтылауға қатысты мәселелер төңiрегiнде өрбiген пiкiр қайшылығы себеп болған. Осындай пiкiрталастар мен келiссөздер нәтижесiнде Шенгендiк келiсiм пайда болды. 1985 жылдың 14 шiлдесiнде Люксембургтiң Шенген қаласында еуропалық 5 мемлекет – Люксембург, Франция, Германия, Бельгия мен Нидерланд ортақ келiсiмге қол қойды. Аталған құжат 5 мемлекеттiң арасындағы төлқұжаттық кедендiк бақылаудан бас тартуға қатысты болатын. Келiсiм толық жүзеге асырылған сәттен бастап, 5 елдiң азаматтарына кедендегi кедергiлер мен тексерулерден құтылған. 1995 жылы осы келiсiмге Испания мен Португалия қол қойды. 1997 жылы Италия, 2000 жылы Греция мен Австрия, 2001 жылдың 25 наурызында Дания, Финляндия, Норвегия, Швеция мен Исландия қосылды. Еуропаның қақ ортасындағы адамдардың емiн-еркiн жүрiп-тұруға мүмкiндiк беретiн кеңiстiк осылайша түзiлген едi. Ынтымақтастық барысында туындаған көптеген техникалық мәселелердi шешу үшiн мемлекеттер 1990 жылы шенгендiк келiсiмге қосымша Конвенцияны қабылдады. Ресми түрде «Екiншi шенгендiк келiсiм» деп аталған құжат адамдардың еркiн жүрiп-тұруына қатысты ережелердi бекiткен. Конвенцияға Италия (1990), Испания мен Португалия (1991), Греция (1992) қосылды. Ирландия мен Ұлыбритания миграциялық ағынға тосқауыл қоя алмай қалуымыз мүмкiн деген қауiппен, екiншi шенгендiк конвенцияны мойындаудан бас тартты. 2006 жылы шенгендiк конвенцияға өзгерiс енгiзiлгендiктен, Шенгендiк кодекс қабылданды. 2009 жылы жаңа талаптарға сәйкес, аталған құжатқа өзгертулер енгiзiлдi.

* Шенгендiк келiсiмге қол қойған 24 мемлекеттiң арасында кедендiк және шекаралық бақылау жоқ;

* Шенген аймағындағы кез келген елге кiру және шығу ережелерi ортақ;

* Құқық қорғау органдары қызметкерлерi шекараралық қылмыстарға қарсы күресте ынтымақтаса отырып, әрекет етедi;

* Бiртұтас экстрадициялық ережелер енгiзiп, визалар мен шекаралардан өту туралы деректер (SISNET) құрылды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары