ТYРМЕДЕГI ТYРIК ГЕНЕРАЛДАР

ТYРМЕДЕГI ТYРIК ГЕНЕРАЛДАР

ТYРМЕДЕГI ТYРIК ГЕНЕРАЛДАР
ашық дереккөзі
220

Адмиралдар мен генералдар, басқа да офицерлер жаппай тұтқынға алынған Түркиядағы саяси қақтығыстар 3 жылдан берi жалғасып келедi. Басты себеп – әскерилерге тағылған айып. Премьер Ердоғанның партиясы қоғамдағы әскерилердiң ықпалын әлсiрету үшiн Конституцияға өзгерiстер енгiзудi ұсынып отыр.

23 ӨЗГЕРIС ЖОБАСЫ САЛҒАН ЖIК

Түркия премьерi Реджеп Тайип Ердоған бастаған Министрлер кабинетi Әдiлет және даму партиясы Түркия Конституциясына 23 өзгерту енгiзу туралы ұсынысын Ұлттық Мәжiлiстiң талқысына салды. Билiктiң бұл бастамасына қарсы шыққандар тобы Үкiмет елдегi әскерилердiң елге ықпалын әлсiрету мақсатында әрекет етуде деп айыптады. Жалпы бұл ойды қазiргi түрiк билiгi терiске шығармайды. Түркиядағы бұқаралық ақпарат құралдарына мәлiмдеме жасаған вице-премьер Жемиль Чичек: "Конституциялық өзгертулердiң басты мақсаты – қоғам өмiрiнiң барлық саласында халықтың тәуелсiздiгiн бекiту, халықтың билiгiн күшейту. Бүгiн билiк басында – бiз, ертең басқа бiреулер келедi. Алайда, халықтың ерiк-жiгерi, дербестiгi еш өзгерiссiз қала бермек. Сондай-ақ, әскерилердiң ұртоқпағымен өмiр сүруге мәжбүр болмайды" дедi. Түркиялық партиялардың басым бөлiгi заң саласында реформаларды жүргiзуге қарсы болмағанмен, Ердоғанның конституциялық өзгертулерiне қырын қарап отыр. Мәселен, Түркия Парламентiндегi ӘДП-ден кейiнгi екiншi орында тұрған әрi Ердоғанның саяси қарсыласы Халықтық-республикалық партияның (Cumhuriyet Halk Partisi) көсемi Дениз Байкал "бiр партия ғана түзген өзгертулердi парламенттiк талқылауға шығару дұрыс еместiгiн" мәлiмдедi. Ал Ұлттық қозғалыс партиясының (Milliyetci Hareket Partisi) төрағасы Девлет Бахчели Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар мәселесiн елдегi барлық партиялардың мүдделерiн ескере отырып, 2011 жылғы парламенттiк сайлаудан кейiн қарауды ұсынды. Saadet партиясының көсемi Нуман Куртулмуш Конституцияның алдағы бiрнеше жыл iшiнде түбегейлi өзгертiлуi мүмкiндiгiн, алайда, Ердоғанның партиясы ұсынған өзгерiстерде әлi кемшiн тұстар барлығын жеткiздi. Конституцияға енгiзiлуi тиiс 23 өзгерiс Конституциялық сот пен Соттардың жоғарғы кеңесiн де реформалауды ұсынады. Сонымен қатар аталған құжат әскерилердi соттау iсiн азаматтық инстанцияларда өткiзу, саяси партияларды таратуға қатысты қылмыстық iс қозғау құқығын қазiргiдей Апелляциялық соттан алып, Парламенттiң құзырына берудi көздейдi.

"ЭРГЕНЕКОН", "БАЛҒА", "ҚОЛҒАП"…

Түрiктер жерiндегi саяси аласапыран неден басталды? Атазаңды өзгертуге билiк неге құлшынып отыр? Осыдан үш жыл бұрын басталған әскерилердi тұтқынға алу әрекеттерi неге әлi жалғасуда? Үстiмiздегi жылдың ақпаны аяқталуға жақындағанда Ердоған 50-ге жуық жоғары шендi түрiк әскерилерiн "7 жыл бұрын мемлекеттiк төңкерiс жасауға әрекеттендi" деп айыптады. Аталған әскерилердiң арасында отставкаға кеткендерiмен бiрге билiк басында жүргендерi де бар. "Үкiметтi тақтан тайдыру мақсатында түрлi арандатушылықтар мен диверсиялық әрекеттер ұйымдастыруға тырысты" деген айыппен тұтқынға алынғандар, қамалғандар мен бостандыққа қайта жiберiлгендер саны бүгiнде 200-ге жуық. Түрiк қоғамындағы исламдық құндылықтарға басымдық берген саяси билiк пен зайырлы қоғам қағидаларын ұстанатын әскерилер арасындағы текетiреске себеп болған да – әскери шараларға қатысты жоспарлар. Қапасқа қамалағандар арасында Бас штабтың бұрынғы бастығы әрi армия генералы Эргин Сайгүн, Әскери-әуе күштерiнiң бұрынғы басшысы Ибрагим Фыртына, Әскери-теңiз күштерiнiң экс-қолбасшысы Өзден Өрнек, отставкадағы генералдар Энгин Алан (1999 жылы Кениядан күрд жасақшыларының көсемi Абдулла Өжаланды ұстап алып, Түркияға әкелуге басшылық еткен генерал), Айхан Таш, Айхан Пойраз т.б. бiрнеше полковник бар. Стамбұл қаласының Бешикташ аудандық сотында iстерi қаралған, қазiр қызметте отырған екi адмирал, отставкадағы 3 адмирал мен екi полковникке "Түркия Республикасының үкiметiн күшпен басып алу мақсатында күш қолданды" деген айыппен тұтқынға алынды. Оларға Қылмыстық кодекстегi билiктi күштеп тартып алу, халықты көтерiлiске шығуға итермелеу, лаңкестiк ұйымдарды құру және оның құрамында әрекет ету, ұлтараздығын қоздыру, жарылғыш заттарды сақтау және пайдалану, құпия құжаттарды ұрлау, мемлекеттiк мекемелерге қарулы күш қолдану т.б. жалпы саны 11 бап бойынша айып тағылған.

Тергеу қызметтерiнiң деректерiне сүйенсек, "Балға" деген құпия атауға ие болған жоспар бойынша әрекет еткен әскерилер Стамбұл, Анкара, Измир қалаларында қолға түскен. Әзiр аталған жоспардың анық-қанығы құзырлы органдар тарапынан анықталу үстiнде. Түрiк бұқаралық ақпарат құралдары таратқан деректерге сүйенсек, 2003 жылы жоғары шендi әскерилер мешiттер мен басқа да қоғамдық орындарда қопарғыш заттарды жармақ болған көрiнедi. Сондай-ақ, Эге теңiзiнiң үстiнде түрiктердiң әскери ұшағын жарып жiберiп, Грекияны айыптауды немесе Грекия мен Түркия арасында соғыс өртiн тұтатуды көздеген. Қолдарына кiсен салынған әскерилердiң барлығы да өздерiне тағылған айыпты терiске шығарды. Түрiк әскери бас штабының бастығы Үлкер Башбұға "армияға шабуыл жасау – әдiлетсiздiк және сатқындық, тағылған айыптардың барлығы ақылға қонымсыз. Ал жоғары шендi офицерлердiң соңына шам алып түсу – белгiлi бiр саяси күштердiң арандатушылық әрекетi" деп мәлiмдедi. 2007 жылы "Эргенекон" деген атпен мәлiм болған әскерилердiң тағы бiр әрекетiн зерттеу барысында "Балға", "Қолғап", "Жасуша", "Сары шашты қыз" атты басқа да әскери шаралардың ұйымдастырылғаны белгiлi болды. Жауап алу барысында генералдар Фыртына мен Ялман, адмирал Орнек аталған әскери шараларға қатысты жауап алынғаннан кейiн қамаудан босатылған едi. Жақында түрiктердiң "Sabah" газетiнде тұтқыннан босатылған 22 әскери шендiнiң 21-i (араларында Четин Доған, Йүрдаер Олджан, Абдуллах Далай, Енгин Алан, Әли Семих Четин, Сүха Танйери, Бекир Мемиш, Иззет Оджак, Ихсан Балабанлы, Суат Айтин, Үмит Өзджан т.б. бар) қайта қамауға алынғанын жариялады.

Бастарына қара бұлт үйiрiлген түрiк әскерилерi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректердiң барлығы да iске асырылуы тиiс әскери жаттығулар болуы мүмкiндiгiн, оның астарында ешқандай құпия немесе жасырын әрекет жоқтығын көлденең тартуда. Бұрынғы әскери қолбасшылардың бiрi Четин Доған "тағылған айыптардың барлығы – қарулы күштерге күйе жағуды мақсат еткен арнайы шаралар" деп мәлiмдеп, артынша "көпшiлiкке аян болған жоспар ("Балға" – Н.Ж.) – Түркиядағы республиканың негiзiн қорғау және сақтауға бағытталған аса қажет әрi маңызды құрал" деп, оқиғаны одан сайын шиеленiстiре түстi. "Sabah" газетiнiң хабарлауынша, сараптамалық зертханалар қорытындысы әскерилерден тәркiленген "Балға" операциясы туралы деректер көрсетiлген құжаттардың түпнұсқа екендiгiн ендiгi растап отыр. Негiзi сарапшылардың басым бөлiгi Түркиядағы әскери төңкерiстiң орын алуы әбден мүмкiн екендiгiн жоққа шығармайды. Өйткенi, соңғы онжылдықта түрiктер жерiндегi әскерилердiң ықпалымен 1960, 1971, 1980, 1997 жылдары билiктi күшпен тартып алған. Әрине, "Ердоғанның үкiметi билiктiң күшiмен, зайырлы қоғамның кепiлi боп келген әскерилердiң беделiне нұқсан келтiрiп, олардың ықпалын әлсiретуге мүдделi. Сондықтан офицерлердi жаппай тұтқынға алуда" деген пiкiрдегi сарапшылар да баршылық. Оған себеп, ӘДП билiк басына келгелi берi Ердоғанның бiрнеше ұсынысы әскерилердiң кесiрiнен қабылданбай керi қайтуы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары