ҚАЙДА БАЯҒЫ "ТАҚИЯЛЫ ПЕРIШТЕ"?!.

ҚАЙДА БАЯҒЫ "ТАҚИЯЛЫ ПЕРIШТЕ"?!.

ҚАЙДА БАЯҒЫ "ТАҚИЯЛЫ ПЕРIШТЕ"?!.
ашық дереккөзі
269

Бүгiнгi қазақ жастарының киноға талғамы шынымен өзгердi ме?

"Қазақфильм" киностудиясы сан жағынан бұрынғыға қарағанда, көш iлгерi. Ай сайын болмаса да, жылына бiрнеше фильмнiң тұсауын кесiп, көрерменiне ұсынып жатады. Соның бiрi — күнi кеше ғана тұсауын кескен "Махаббат тәлкегi" фильмi. ("Ирония любви"— Г.Б.) Жарнамасы көз сүрiндiретiн "Махаббат тәлкегi" фильмiн көруге бiз де құмарттық. Кинотеатрдың алды ығы-жығы халық. Көпшiлiгi — жастар. Алдыңғы буын өкiлдерiнен бiрлi-жарым ғана жүр.

"Махаббат тәлкегiне" түсiрiлiмi жағынан кiнә арта алмайсың. Бұл фильмнiң өн бойында сұлулық та, көркемдiк те, әжуа да, күлкi де жатыр. Ең бастысы, әлемдiк киногерлер түсiрiп жатқан фильмдерден аумайды. Голливудтың немесе Ресейдiң түсiрiп жатқан соңғы өнiмдерiндегi кейбiр ньюанстарды бұл фильмнен де кездестiруге болады. Голливудтың арзанқол өнiмiн ұнататын кейбiр жастарымыз үшiн фильмдi сапалы дүние деп айтуға болады. Атының өзi көрермендi өзiне тартып тұрған "Махаббат тәлкегi" комедиялық фильм ретiнде өзiн-өзi ақтап отырған туынды деп айтуға негiз бар. Ал, ұлт мүддесi жағынан алғанда, бұл фильмдi қазақ киносы деп айта аламыз ба? Әй, қайдам?!

Осыған орай, өткен аптада Парламентте депутат Бекболат Тiлеухан Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммедке депутаттық сауалнама жасады. Депутаттың бұл жолғы сауалы қазақ киносының бүгiнгi хал-ахуалына қатысты өрiлген екен. Депутаттың "Махаббат тәлкегiне" қатысты айтылған тұстарын қаз-қалпында берудi жөн көрдiк.

"…Ендi Наурыз мерекесi қарсаңында Алматы мен Астана көшелерiнде аттың артына мiнгескен қазақ қызының бөтен ұлттың еркегiнiң құшағында балқып отырған суретi — "Ирония любви" киносының жарнамасы әр қадам сайын iлiнiп тұрды. Тәуелсiздiк күнi мен Наурыз мерекесi тап осындай жарнамаланған жоқ. Ал ендi сiз бен бiздiң салыққа төлеген ақшамызға, яғни мемлекеттiк бюджеттiң қаражатына түсiрiлген әлгi киноны көрсеңiз, жаныңыз тағы шыжғырылады. Қазақ қызы еуропалық жiгiттiң көмейiн тiлiмен қоса суыра жаздап жабысады. Анауысы қашады. Қазақ қызы қандасына қарамай бөтендi қалап, еуропалық жiгiтке жабысады. Оған парықсыз көрермен күледi. Кино залында намысы бар бауырлар жыларман болды. Кездейсоқ дейдi бiреуiсi. Неге кездейсоқ болады, неге басқа бiр ұлттың қызы қазақ жiгiтiне жабыса салмайды. Осы орайда, Абай сөзi еске түседi:

"Сатып алма, сөз сатса

Ол асылды таңдамас.

Бiләткенiң байы ақша

Ер жақсысын таңдамас" деген. Осы күнi гонарарын берсе, кiм көрiнген киноға түсе бередi. Бiрақ соны түсiрiп отырған азаматтар қайда қарап отыр? "Кино ғой, өнер ғой" деп ақталады. Ұлттың намысы дейтiн ұғым бар емес пе?! Анекдот та өнер. Алайда сол анекдоттар легiнiң кесiрiнен ғұлама-чукча, академик, профессор, данышпан-чукча деген сөз қабылданбай қалды. Мына түрiмен арлы, ибалы, асқақ қазақ қызы деген ұғым да қабылданбайтын болады. Қанағаттанбаған қатын қауқарсыз еркектiң қасынан шығады. Мауыққан қыз маубас еркектiң жанынан келедi деген бабаларымыз.

Бәрiмiзге белгiлi бiр тарихи жәйттi естерiңiзге салғым келедi. Кезiнде фашистiк Германияның идеологтарының бiрi Гитлерге жолдаған хатында, орыстарды жеңу мүмкiн еместiгiн жазады. Оның дәлелi ретiнде тұтқынға түскен славян қыздарының бәрi дерлiк абыройы аман, арлары берiктiгiн айтқан. Яғни қызының арын қорғаған, болашақ ананы аялаған ұлт — рухы асқақ ел. Сондықтанда бақайшағына дейiн қаруланған фашистер жұпыны ғана совет әскерiнен ойсырай жеңiлдi деп жазады ғалымдар.

Мына суреттегi БТА банк пен Центр кредит банктiң жарнамасына көз салсаңыз, қандай әдемi қазақ қыздары еуропалық еркектiң құшағында тұрғанын көресiз. Бұл заңға қайшы деген сөз емес. Ұлт танымына томпақ, санасына ауыр көрiнiс. Бүгiнгi жаңа фильмдер де осы жарнамалардың жалғасы секiлдi.

Бала демей, шал демей, әйел демей, ер демей елдi жосадай қырған жауына қаны қатқан қазақтың ескi жыраулары жау жаққа қарап, көкбөрiше ұлып, кекке шөлдеп шамырқанғанда:

“Атаңа нәлет ата жау!

Айғайлап майдан ашпасам,

Қаныкейдей көрiктiңдi,

Тiнiкейдей тектiңдi!

Аямай төс астына баспасам

Жер басып тiрi жүрмен-дi.”

Немесе, Ақтамбердi арман жырында:

“…Атасы басқа қалмақты,

Жұртынан шауып бостырып,

Түйедегi наршасын

Әлпештеген ханшасын

Аялаған аруын

Ат көтiне мiндiрiп

Тегiнен тегiн олжа қылар ма екенбiз…” деп ашына шамырқанады.

Яғни, қазақ танымында, көшпелiлер ұғымында қорлаудың шыңы, кек алудың масқаралаудың түрi — қызын қорлау болатын. Қазақ қызы бүгiнде қорлаудың объектiсiне айналғандай. Жырау айтқандай жарнамадағы қазақ аруының бөтеннiң құшағында ат артына мiнгесуi кездейсоқ құбылыс емес секiлдi. Ұлт намысын таптаған осындай сорақы туындылар легiне кiм жауапты?! ҚР Мәдениет министрi Құл-Мұхаммед мырзадан осы сауалдарыма Парламент қабырғасына келiп, жауап беруiн талап етемiн" делiнген.

Депутаттың жоғарыдағы сауалнамасынан кейiн, бiр жылдары "Қазақфильм" киностудиясында редакторлық қызмет атқарған жазушы Смағұл Елубайға телефон шалғанбыз. Смағұл аға:

— "Махаббат тәлкегi" дейтiн фильмнiң кезiнде сценарийiн оқып едiм, — деп бастады әңгiмесiн. — Осыдан екi жыл бұрын. Сценарийi осы алматылық қазақ жастарының басынан өткен оқиға болатын. Жанры — комедия. Юморға негiзделiп құрылған сюжет маған ұнап едi кезiнде. Қазiр киноға, қазақ кино өнерiне Үкiмет қаржы бөле бастады. Бұны киногерлер үшiн жасалған үлкен еңбек деп қарауымызға болады. Ал ендi үкiметтен алынған ондаған миллиондаған қаржыны қалай қайтару керек деген әңгiме туды басшылық алдында. Қаржыны қайтару үшiн рынок керек, прокат керек. Рынок болу үшiн, ең болмағанда, республиканың халқы елу миллион болуымыз қажет. Бiзде киноның жағдайы өте қиын. Ол өзiн-өзi ақтай алмайды. Киностудияға жаңа келген басшылық осы жағдайды өлшеп-пiшкеннен кейiн рынок iздей бастады. Рынок қайда? Ол үлкен елдерде… Алғаш сценарийдi оқығанымда фильмнiң бас кейiпкерi басқа болатын. Кейiн оның орнына орыстың бiр актерiн алып келiптi. Киноны көретiн негiзiнен жасөспiрiмдер ғой, солар жақсы бiлетiн бiр жұлдызды алған ғой. Фильмдi көруге әлi үлгермей жатырмын. Бiрақ, естiгенiм, сол фильмге билет жоқ дейдi. Аншлагпен өтiп жатыр екен. Қазiрдiң өзiнде төрт-бес елде қатарынан премьерасы жүрiп жатыр. Өйткенi, бұл фильм екi елдiң бiрiгiп шығарған туындысы болып саналады. Премьерасы басталғалы берi, қате айтпасам, 2 миллион доллардай пайда тауыпты. Бұған киностудия не үшiн барып отыр. Қаржыны ақтай алмаса, киностудияға үкiмет терiс бұрылатын болады. Масыл студия болады. Ақша берген адамдар, сол ақшасын есептейдi. Егер берiлген ақшаның қайтарымы болмайтын болса, не үшiн ақша берiледi? Бiздiң елiмiзде прокаттың жоқ екендiгiн, олар қайдан бiлсiн?!

Содан кейiн тағы бiр нәрсе, "Бiржан сал" фильмiнiң де сценарийi кезiнде мен қатысқанмын. "Нағыз қазақ баруға тиiс фильм осы болатын шығар. Екiншi "Қыз Жiбек" болуға тиiс" деп ойлағанбыз. Қазiргi кино өнерiне қарайлас шыққан фильм болып қалды. Ұлттық сезiмi бар адамдар, ұлттық өнердi құрметтейтiн көрермен баруға тиiс едi, өкiнiшке қарай, "Бiржан сал" көрермендi жинай алмады. Баяғы "Қыз Жiбектi" көретiн дәстүрлi қазақ көрерменiнен айрылып қалған сияқтымыз. Олар менiңше, о дүниеге кетiп қалған сияқты. Қазiргi көрермендер, жастар осы "Махаббат тәлкегiн" көретiндер. Оларға "Бiржан салдың" керегi болмады. Бұл бiздiң үлкен трагедиямыз. Жастарымыз дәстүрлi өнерден алшақтап кетiптi. Басқасын былай қойғанда, дәстүрлi қазақ көрерменi емес сияқты жастарымыз. Осындай жағдайда, не iстейдi? Әрбiр шыққан фильмнiң дискуссия тудырып жатқаны, заңды құбылыс. Мұны мен киноға деген жұрттың мүддесiнiң, жанашырлығының артуы деп ойлаймын. Осындай жағдайда, жаңағыдай көрермен, яғни, дәстүрлi емес, бүгiнгi көрермен өзiнiң талғамын таңады. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да… Өйткенi, сол көрерменге ұсынып отырсыз ғой. Киноны түсiрiп алып, сөреге жинап алып отырсақ, тағы болмайды. "Бiржан салдың" тағдыры не болды? Прокатсыз болғаннан кейiн, сөреде жатып қалады. Мiнеки, айналайын, көрерменнiң сұранысы осы. 17-25 -тiң арасындағы жастарымызға арналған фильм түсiруге киностудия мәжбүр, өкiнiшке қарай. Ол деген сөз, ұлттық тақырыптан алыстау деген сөз емес. Жалпы, кино төрт аяғынан тұрса, ойдағыдай болып отырса, ұлттық тақырып, ұлттық мүдде сыртта қалмайды. Мiндеттi түрде киностудияның сценарлық жоспарында болып отырады, болады да. "Қазақфильм" деген киностудияның бар екенiн бiлдiру үшiн, кеткен ақшаның шығынын өтеу үшiн осындай фильмдердi түсiру керек. Бүгiнгi күннiң ойын тәртiбiмен ойнау арқылы өзге елдер киностудиясын байытып отыр. Бiзге де осындай қажет сияқты.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

— Жақында ғана мемлекеттiк қаржының арқасында жарыққа шыққан "Ирония любви" фильмiнiң төңiрегiндегi дау-дамай жалпы елде болып жатқан саяси-әлеуметтiк процестердiң көрiнiсi мен жалғасы болып табылатын сияқты. Жалпы ұлттық киноның ұлттық нақыштардан гөрi мультикультуралистiк пиғылда жасалуы, оның ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан гөрi бiркүндiк нарықтық, одан асса кешегi кеңестiк немесе бүгiнгi кедендiк идеологияда жасалуы үлкен күдiк туғызады. Әрине, Қазақстанның кинонарығы кiшкентай, өзiн-өзi ақтай алмайтыны хақ. Алайда өзiмiздiң жартыкеш фильмдерiмiзбен Ресейдiң нарығына шығып, оларды таң қалдырамыз деп санау ақымақтық. Есесiне осындай кинотуындылар елiмiздiң көпшiлiгiнiң рухани, ұлттық құндылықтарына қайшы келедi, кейбiр кездерi оны қорлайтыны да анық. Сондықтан депутаттарымыздың сұрауларының үлкен саяси астары бар дер едiм. Бiз ең алдымен киноөнер арқылы Ресей мен Қазақстан достығын емес, өзiмiздiң iшкi бiрлiгiмiздi, мемлекетiмiз бен ұлтымыздың баянды болуын қамтамасыз етуiмiз керек. Бюджеттiң қаржысы, ең алдымен осы мәселелерге құйылуы тиiс. Одан асып-артып жатса киногерлерiмiз бiлгенiн iстесiн, онда жұмысымыз жоқ. Тағы бiр алаңдатып отырған нәрсе, киногерлердiң арасында мынадай сыбыс таралып жүр: жоғарғы жақтан кез келген киножобалар Ресеймен бiрiгiп жасалуы тиiс, онда Астана мен Мәскеудiң болуы абзал, қазақ пен орыстың "мәңгi достығы" көрiнiс алуы қажет деген мәртебелi "ұсыныстар" бар-мыс. Сонда ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар қайда қалмақ? 1981 жылғыдай Қазақстанның "өз еркiмен Ресейге қосылуының 280 жылдығы" науқанын бастап кеткен жоқпыз ба осы?

Осы фильмге қатысты пiкiрлерiн бiлмекке бiрқатар кино мамандарына да телефон шалғанбыз. Кино түсiрiп жүрген кейбiр режиссерлерiмiз де, кино саласында жүрген майталман актерлерiмiз де "Махаббат тәлкегiн" әлi көре қоймапты. Демек, жарнамасы жар салып тұрған аталмыш фильмдi көрiп жатқандар әзiрге қалалық жастарымыз ғана.

P.S. Өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдары дүниеге келген "Тақиялы перiште" фильмi қазақы қалжыңның, әдемi әзiлдiң көрiнiсiнiң қандай болатындығын кино арқылы қазаққа дәлелдеген жоқ па едi. Содан берi қаншама жыл өтсе де, "Тақиялы перiште" фильмi өзiнiң шыққан биiгiнен төмендей қойған жоқ. Талғамы өзгерген бүгiнгi көрерменнiң де сүйiктi фильмiне айналған бұл туынды. Ендеше неге "Қазақфильм" комедиялық жанрда фильм түсiруде ресейлiк әрiптестерiмiзден үйренудi өздерiне басты мақсат тұтты екен?! Әлде қазақтың сұлу қызына лайықты қазақтың сырбаз да, сымбатты жiгiтiн табу мүмкiн болмады ма екен. Чадовтың кейiпкерiн бейнелейтiн актер қазақтан да шығатын едi-ау! Әлде, қазақ киносы әлемдiк кино рыногына өзге елдiң актерлерiнсiз шыға алмай ма екен?!

Қазақы қалжың мен қазақы әзiлдi көркемдеп кестелеуде қазақтың алдына түсетiн жан жоқ шығар, сiрә! Юморы басым бұл фильмдi өзiмiздiң төл туындымыз ретiнде түсiрсек те, талғамы өзгерген бүгiнгi жас көрермен қабылдайтын едi-ау деген ой қалды көкейiмiзде…

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары