АЙТАДЫ ДА ҚОЯДЫ...

АЙТАДЫ ДА ҚОЯДЫ...

АЙТАДЫ ДА ҚОЯДЫ...
ашық дереккөзі
251

Заң жобасының 10 бабындағы 120 қате

Қазанның iшiнде бүлкiлдеп жатқан ащы шындықты жасыра алмайтынымыз бесенеден белгiлi. Себебi, биыл «Тiл туралы» Заңның қабылданғанына да – 21 жыл. Одан өзге «2001-2010 жылдарға арналған қазақ тiлiн дамыту мемлекеттiк бағдарламасы» да тәмамдалуға тақау. Алайда, осыншама уақыт iшiнде қабылданған барлық бағдарлама ойдағыдай орындалып, қазақ тiлiнiң дамуына сүбелi үлесiн қоспаса да, өзiмiздi сандық көрсеткiштермен алдап келетiнiмiз күйiнiштi.

Жақында «тiл» деп шырылдағандар тағы да бас қосып, көкейдегi көп сауалға жауап iздегiсi келдi. Бұл жолы баяғыдай күлбiлтелеп емес, жетеге жеткiзiп айтты. Мәселен, Парламент мәжiлiсiнiң төрағасы Орал Мұхамеджанов: «Түптеп келгенде, тiлi қазақша шықпаған баланың балабақшада да, мектепте де ана тiлiн үйренуi оңайға түспейдi. Өз үйiнде анасының ақ сүтiне жарымаған, әлди естiмеген баланың қазақ тiлiнде жатық сөйлеп кетуi қиын» деп төтесiнен бастады өз сөзiн. Шынында да, қазiргi мемлекеттiк қызметтегi шенеунiктердiң көбiсi осы топтан екенi тайға таңба басқандай. Соның салдарынан, олар дайындаған заң жобалары да, қаулы-қарарлар да, ең сорақысы, мемлекеттiк тiлдегi БАҚ-қа мiндеттелетiн мемлекеттiк тапсырыс қағаздары да ресми тiлде дайындалады. Ал қосарлы түрде берiлген қазақшасын оқысаңыз, орыс тiлiнiң тiкелей аудармасы екендiгiне ерiксiз көз жеткiзесiз. Бiр өкiнiштiсi, тәуелсiздiк алғалы берi қазақ тiлiнде «Көшi-қон туралы» жалғыз заң ғана жазылыпты. «Тiл туралы» Заңның 4-бабында «Қазақ тiлi – мемлекеттiң бүкiл аумағында, мемлекеттiк басқару, заң шығару сот iсiн және iс-қағаздарын жүргiзу тiлi» деп жазылса да, iс жүзiнде қаперiне алып жатқан кiм бар?

Бұл ойымызды тағы да Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасы Орал Мұхамеджановтың пiкiрi толықтыра түскен. «Үкiмет заң жобаларын мемлекеттiк тiлде дайындау iсiнде әлi күнге ескi әдеттен арыла алмай келедi. Заң жобалары алдымен орыс тiлiнде әзiрленiп, содан кейiн ғана мемлекеттiк тiлге аударылып жүр. Заң шығарушы орган болғандықтан, бiз үшiн, ең үлкен шешiлмеген мәселе осы. Және бұл мәселенiң төңiрегiнде iстен гөрi сөз көп. Мемлекеттiк тiл тарихының тап қазiргi кезеңiнде бiзге жалпы әңгiменi қойып, нақты iске көшетiн кез анық келдi». Расында да, бiз тiл мәселесiн қашанғы басқосу, дөңгелек үстел, жиындарда сөз жүзiнде ғана айта беремiз? Неге мемлекеттiк бағдарламалардың тамырына қан жүгiрмейдi? Мұның бәрi қаржыға кеп тiрелiп тұр десек, жыл сайын бөлiнiп жатқан ақшада мiн жоқ. Мәселен, 2001-2004 жылдары тiл саясатын кемелдендiруге байланысты мемлекеттiк қазынадан 100 миллион теңге бөлiнсе, бүгiнде оның көлемi 5 миллиард теңгеге дейiн жеткен. Одан бөлек, биыл бюджет қаржыландыратын тiл үйрету орталықтарын 120-ға жеткiзу жоспарланып отыр. Сондағы қол жеткен нәтиже қайсы?

Алайда, Парламент мәжiлiсiнiң төрағасы осы отырыста көңiлге қонымды, жiбi түзу әңгiме айтқанмен, өткен аптадағы депутаттардың жанайқайына немкеттi қарағаны түсiнiксiз. Заңды талқыламастан бұрын, ондағы өрiп жүрген өрескел қателердi сөз еткен депутаттар: «Кейбiр Заң жобаларын қате күйiнде мақұлдау әдетке айналды. Қайтарып жiберсең, сол қалпында қайта келедi. Бiз үшiн қате түзеу күнделiктi жұмысқа айналды» деп мұңын шақты. «Осы кезге дейiн қолыма бiрде-бiр қатесiз құжат түспедi» деп налыған депутат Рамазан Сәрпеков: «Айналдырған он баптан тұратын қазақша мәтiннен 120 қате тауып, қып-қызыл етiп тұрып көрсетiп едiк. Әсiресе келiсiм-шарттар орысшадан қазақшаға қалай болса солай аударыла салады. Әлi де солай. Қай уақытқа дейiн қайталана бередi. Орал Байғонысұлы, мән берiп, талап етуiмiз керек» деп шыр-пыр болғанмен, төраға дәрменсiздiк танытқандай кейiп танытты. «Ол маған тiрелiп тұрса бiр күнде шешер едiм. Айтуын айтып-ақ жатырмыз. Премьер-министрмен осы мәселе бойынша кездескем. Қызыл қарындашпен сызып тұрып оншақты заң жобасын көрсеткем. Тiптi, кейбiр заң жобаларында орыс мәтiнiнде бар парақтар қазақ мәтiнiнде жоқ» деп екi қолын қусыра сөйлегенi жұртшылықты алаңдатуда. Сонда қазақша тiлi мүкiс, аудармасы алапес Заң жобаларының таза ана тiлiмiзде жазылуына Парламент мәжiлiсiнiң төрағасы қандай да бiр шара қолдана алмағаны ма? Заң жобасын ұсынатын министрлiктер қазақ тiлiне неге үстiрт қарайды? Бiз қаулы-қарар, Заң жобаларын әуелi орыс тiлiнде жазып, сосын қазақ тiлiне аударуды қашанға дейiн жалғастырамыз? Бұл мәселеге қатысты сауалдарға Парламент мәжiлiсi төрағасы Орал Мұхамеджанов тұщымды жауап бермесе, кiм айтады?

ТIЛГЕ ҚАТЫСТЫ ТӨРТ МЫҢ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ ТIРКЕЛДI

Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед алдағы он жылда тiлдердi дамыту тұжырымдамасында 11 бағыттың көрiнiс табатынын жеткiздi. «Қазақ тiлiн үйретудi мектепке дейiнгi мекемелерде, әсiресе, өзге ұлт балалары тәрбиеленетiн балабақшадан бастау қарастырылуда. Ал орыс мектебiн бiтiрген оқушыларға тек қазақ тiлiнде тест тапсырту қажет» дедi министр. Өйткенi, қазақ тiлiнiң қолданыс аясын кеңейтудiң тиiмдi тәсiлi осы. «Бiз орыс тiлiн бiтiрген балаларға қазақ тiлiнде тест тапсыртатын болсақ, бұл сол балаларға жасаған жақсылығымыз емес пе?! Орта мектептi бiтiретiн әрбiр баланың қазақ тiлiн меңгерiп шығуына мүмкiндiк жасар едiк. Ең бастысы, ертең ол мемлекеттiк қызметшi болған кезде мемлекеттiк тiлде еркiн сөйлей алады» десе де, келешекте бұл мәселенi пысықтай түсетiнiн баса айтты. Мәдениет министрi ұсынған екiншi ұсыныс – орыс, ұйғыр және өзбек ұлты өкiлдерi оқитын мектептерде қазақ тiлiн оқытудың сағатын арттыру. Бұл мәселе де кезек күттiрмеуi тиiс. Қазiргi кезде аталған бiлiм ұяларында қазақ тiлi мен әдебиет пәнiнiң сағаты аз. ҚР Бiлiм саласының құрметтi қызметкерi, О.Жандосов атындағы №109 халықаралық-лингвистикалық гимназиясының қазақ тiлi пәнi мұғалiмi Нұрсұлу Нүсiпқожаеваның айтуынша, орыстiлдi мектептiң 1-9 сыныптарында қазақ тiлi аптасына 5 сағат, ал 10-11 сыныпта 4 сағат оқытылады. Ал әдебиет пәнi 10-сыныпта 2 сағат өткiзiлсе, қалған сыныптарда аптасына 1 сағат ғана. «Қазақ тiлiн әйтеуiр улап-шулап жүрiп 4-5 сағатқа жеткiзсек те, әдебиет пәнiнен аптасына бар-жоғы 1 сағат ғана берiлген. 1 сағаттың iшiнде бiр жазушының шығармашылығына кеңiнен тоқталу мүмкiн емес қой», – дейдi бiлiктi ұстаз.

«Тiл туралы» Заңның орындалуында өрескел кемшiлiк көп. Прокурорлар республикада соңғы төрт жылда тiлге қатысты төрт мыңға жуық заңбұзушылық фактiсiн анықтапты. Олардың алдын алу және жоюға бағытталған 819 ұсыныс, 17 наразылық енгiзiлiп, соның негiзiнде 360 жеке тұлға әкiмшiлiк тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылған.

Жасыратын түгi жоқ, қазақ тiлiнiң күйi әлi қыл үстiнде. Жылдан жылға тiлiмiздiң көсегесiн көгертудiң орнына, керi кетiп барамыз. Айтпақшы, Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Егор Каппельдiң: «Қазақ тiлiне ақ жол болсын. Қазақ тiлi туған тiл. Адамдарда екi тiл болмайды, екi отан болмайды. Бiрiншiден, әрбiрiмiз патриот болуымыз керек» деген сөзi кез келген естi адамға ой салмай қоймайды. Шынында да, неге дәл осы пiкiрдi басқа ұлт өкiлi емес, қазақтың патриот азаматтары айтпады екен?

Қазақ тiлi – түркi тiлдерiнiң арасындағы ең бай да әуездi тiл. Өз заманында Бартольд, Радлов пен Янушкевич сынды ғалымдар таңдай қаққан қазақ тiлiнiң төрт құбыласы қашан түгенделетiнiн кiм бiлсiн, алдағы үш айдың iшiнде қазақ тiлiн дамытудың тағы бiр жаңа жобасы жасалмақшы. Бiз үшiн мұның көп бағдарламаның бiрi ретiнде тасада қалып қоймағаны керек.

Мемлекеттiк тiлдiң дамуына Парламент қауқарсыз болып отыр. Заң жобаларының қазақша мәтiндерiнде орфографиялық және тыныс белгiлерiне қатысты қателер көзге түрпiдей көрiнсе де, депутаттар құжаттарды электронды дауыс беру арқылы қабылдап жатыр. Шындығында, Мәжiлiс депутаты Нұрлан Өнербай айтпақшы, тiл мәселесiне келгенде ашық айтамыз, дауысқа салғанда басқаша болып шығады. Бәрiбiр өтiп кетедi. Онда депутаттар қалай тiл жанашыры болып шырылдамақшы?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары