ПАН KИ-МУН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН НЕ IЗДЕДI?

ПАН KИ-МУН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН НЕ IЗДЕДI?

ПАН KИ-МУН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН НЕ IЗДЕДI?
ашық дереккөзі
218

Өткен бейсенбiден берi халықаралық қауымдастықтың назары Орталық Азияға ауды. Бұған себеп – БҰҰ Бас хатшысы Пан Ки-мунның Орталық Азия мемлекеттерiне тұңғыш ресми сапармен келуi. Әуелi Түркiменстанға ат басын тiреген Бас хатшы одан соң Тәжiкстан, Өзбекстан, Қырғызстанға жолай соғып, осы аптаның сейсенбiсiнде Қазақ елiне келдi. Бас хатшының сапары осыдан жарты жылдан көп уақыт бұрын жоспарланса да, оның бұл жолғы жүрiсi суыт көрiндi. Айналасы бес-алты күннiң iшiнде бес бiрдей мемлекетке соғып, олардың басшыларымен кездесiп, бiрталай мәселенiң басын шалған Пан Ки-мунның көздегенi не?

Осы орайда, Бас хатшының сапарының алдында халықаралық Human Rights Watch ұйымы Орталық Азия мемлекеттерiнде адам құқықтарының аяққа тапталуы жөнiнде мемлекет басшыларына ескерту жасау жөнiнде ұсыныс-хат жiберген. «Қазiргi таңда өзiңiзге жүктелген рольдi лайықты атқарып, дауыс беру құқығынан айрылғандардың арқа сүйерiне айналып, БҰҰ-ның құқықтық мәселелерiне бей-жай қарамайтындығына жұртшылықтың көзiн жеткiзуiңiз сiз үшiн өте маңызды» делiнген мәлiмдемеде. Дегенмен, Пан Ки-мун шығыс адамдарына тән әдеппен бұл жөнiндегi ойын сыпайы ғана бiлдiрiп өттi.

Түркiменстанда болған сапарында Пан Ки-мун ел басшылығына адам құқықтарын сақтау керектiгiн және бұл саладағы барлық халықаралық мiндеттемелердi орындауы керектiгiн ескертсе де, президент Гурбангоглы Бердымұхамедовпен кездесуiнде соңғы үш жылда бұл елдегi саяси өзгерiстерге оң баға бердi. «Менi бұл процестiң бұрынғыға қарағанда жылдамырақ жүзеге аса бастағанына қуантып отыр. Түркiменстан – оң жолда» дедi Бас хатшы.

Ал Түркiменстан басшысы болса, БҰҰ жанынан энергоқуат көздерiн тасымалдау мәселелерiне байланысты халықаралық-құқықтық құжаттарды дайындау үшiн арнайы мамандар тобын құру қажеттiгiн айтып қалды.

Бұдан соң Қырғызстанда екi күн болған Бас хатшы қырғыз президентi Құрманбек Бакиевпен кездесiп, қырғыз Жогорку Кенешiнде сөз сөйледi.

Бас хатшының сапары алдында қырғыз құқық қорғау ұйымдарының өкiлдерi Бiшкектегi БҰҰ ғимараты алдында шеру өткiздi. Қырғызстанда адам құқықтарының тапталуына наразылық бiлдiрушiлердiң кейбiр өкiлдерiмен БҰҰ делегация мүшелерi кездескен. Осыдан соң Жогорку Кенеште сөз сөйлеген Пан Ки-мун «Журналистердi қудалауға қатысты Қырғызстаннан бiзге жетiп жатқан хабарлар кәдуiлгiдей мазасыздық тудырады» деп атап өттi. Бас хатшы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында қырғыз басшыларына «адам құқықтары саласындағы заңдарды» сақтау қажеттiгiн ескерттi.

Ал Бакиевпен кездесу кезiнде демократиялық саясат, тәуелсiз БАҚ-тар турасында жалпы сөздердi айтқан Пан Ки-мун қырғыз президентiнiң астына көпшiк қоюды ұмытпады. «Маған салса, Қырғызстандағы сапарымды бұдан созған болар едiм. Бұл елде көрген нәрселерiмнiң бәрi маған қатты әсер еттi» дедi Бас хатшы.

Пан Ки-мун Ташкентке келмей тұрып-ақ, өзбек журналистерi оның атына хат жолдаған. Олар Өзбекстандағы журналистердiң жағдайына назар аударуға шақырып, 10 жылға сотталған қарақалпақстандық журналист Салиджон Абдурахмановты босатуға ықпал етудi өтiнген. Бiрақ Пан Ки-мун басшыларды берген уәдеде тұруға шақырудан әрi аспады.

Өзбекстандағы сапары кезiнде Пан Ки-мун Арал теңiзiн өз көзiмен көрiп қайтуды жоспарлаған болатын. Кеуiп бара жатқан Аралды тiкұшақтың терезесiнен бақылаған БҰҰ Бас хатшысы қатты шошынғанға ұқсайды. Ол Арал апатын «әлемдегi ең жаман экологиялық апат» деп атады. «Мен құмға көмiлген кемелердiң қаңқасын ғана көрдiм. Жаның түршiгедi. Бұл бiз ортақ табиғи байлығымызды желге шашқанда, қоршаған ортаға немкеттi қарап, оны салдыр-салақ пайдаланғанда не болатындығының айқын көрiнiсi» дедi Пан Ки-мун.

Осыдан небары жарты ғасыр бұрын Арал теңiзi көлемi бойынша әлемдегi төртiншi тұйық көл болғаны қазiрде кiсi нанғысыз деректей естiледi. Бас хатшы кезiнде Арал теңiзiнiң жағасында орналасқан, қазiр одан 100 шақырымға дейiн «көз жазып» қалған Мойнақ елдiмекенiне де ат басын бұрды.

Өзбек президентi Ислам Кәрiмов бұл сапар аймақтағы экологиялық және әлеуметтiк мәселелердiң оң шешiлуiне ықпал етедi деген үмiтiн бiлдiрдi. Бас хатшы болса, алдағы уақытта БҰҰ Арал теңiзiн құтқару жөнiндегi халықаралық қордың жұмысына барынша техникалық және басқалай көмегiн көрсетедi деп сендiрдi.

Ал Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмонов болса, Арал апаты мәселесiне басқа қырынан қарауды ұсынды. Рахмоновтың айтуынша, Орталық Азиядағы өзендердiң 60 пайызы тәжiк жерiнен бастау алса да, Тәжiкстан бұл байлықтың тек 5-7 пайызын пайдаланып отыр. «Кейбiр аймақтарда суды пайдалану адам басына шаққанда орташа әлемдiк көрсеткiштен үш есе көп, ал ауылшараушылық мақсаттарда пайдаланылатын судың 30-60 пайызы далаға ағып жатыр» дедi тәжiк басшысы. Одан соң «Бiздiң су-энергетикалық жобаларымыздың қаупi туралы мәлiмдемелер шындыққа жанаспайды, керiсiнше бұл жобалар аймақты арзан әрi экологиялық қауiпсiз қуат көзiмен қамтамасыз етуге мүмкiндiк берiп, су көздерiне иелiк етуге жол ашады» деп шегелей түстi. Бұл мәлiмдемелердiң астарында Тәжiкстанның аймақтағы құдайы көршiлерiне деген өкпе-наз бар екенiн Пан Ки-мун түсiнбей қалған жоқ, бiрақ тағы да азиялық дипломатияға салып, сыпайы ғана жауап бердi. Бас хатшының бар айтқаны «энергетикалық қорлар аймақтағы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың ушығуына себепшi болмауы керек» дегенге саяды.

Бас хатшы сапарының алдында аймақтағы елдердегi құқық қорғау ұйымдары, журналистер қауымы шағым-хаттар жолдап жатқанда, қазақстандық журналистер де қарап қалмады. Бiр топ журналистер қол қойған хатта Пан Ки-мун елдегi адам құқықтары мен сөз бостандығы мәселелерi жөнiнде өз көзқарасын бiлдiрсе деген тiлек айтылған.

Қазақстанға сапарын Пан Ки-мун бiрден Семей қаласынан бастады. Курчатов қаласында мемлекеттiк хатшы – сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевпен, ҚР-ның БҰҰ-ндағы тұрақты өкiлi Бiрғаным Әйтiмовамен, Шығыс Қазақстан облысы мен Семей қаласы әкiмдерiмен кездесiп, түрлi мәселелер бойынша пiкiр алмасты. Бас хатшы «ТОКАМАК» атом технологиялары технопаркiне де арнайы соғып, одан соң 40 жыл бойы атом қаруы сыналған жерлердi өз көзiмен көрiп қайтты. Ұлттық атом орталығына барып, Радиациялық қауiпсiздiк және экология институты мұражайына да кiрiп шықты.

Бұдан соң Пан Ки-мун Астана қаласына аттанғанымен, онымен келген делегацияның бiр тобы Семей қаласында қалып қойды. Олар Радиологиялық орталығында, Радиациялық медицина мен экология саласындағы ғылыми-зерттеу институтында кездесулер өткiздi.

Сонымен, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азияға алғашқы ресми сапары аяқталды. Неге екенiн, сырт көзге Пан Ки-мунның осы жолғы сапары атүстi жасалған сияқты көрiндi. Оның себебi — сапар барысында қамтылуы тиiс мәселелердiң тым ауқымды екендiгiнде болса керек.

Бас хатшының сапары алдында жасалған ресми мәлiмдемеде «аймақтағы әрiптестiк, қарусыздану, атом қаруын таратпау, қоршаған ортаны қорғау, Ауғанстаннан келетiн есiрткi тасымалының жолын кесу, сумен қамтамасыз ету, энергетика, климаттың өзгеруi» секiлдi бiрқатар мәселелер бойынша келiссөздер жүргiзiледi делiнген болатын. Шындығында, Пан Ки-мун белгiленген бағдарламадан ауытқымауға тырысып бақты. Аймақ басшыларымен кездесу кезiнде осы мәселелердiң барлығы да айтылып өттi деуге болады. Бiрақ аталған мәселелердiң әрқайсысы аймақтың болашақтағы дамуына елеулi ықпалы бар мәселелер екенi, әрқайсысы бойынша табанды да тыңғылықты келiссөздер жүргiзудiң қажет екенi түсiнiктi. Ендеше, БҰҰ Бас хатшысы қысқа мерзiм iшiнде бұл мәселелер бойынша қандай нәтижеге жетудi көздедi? Әлде «өттi, кеттi» дегенге саятын тiрлiк пе?

Бас хатшының ресми сапары басталған күннiң ертеңiне, яғни 2 сәуiрде Ресейдiң «Известия» газетiнде Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғалам және ядролық қауiпсiздiк» атты мақаласы жарық көрдi. «Қазақстан бұрын да, қазiр де барлық елдердiң бейбiт атомды иеленуге құқықтары тең екенiн айтып келедi. Сондықтан да, Қазақстан Ресеймен бiрлесiп, Ангарда Уранды байытудың халықаралық орталығын құруға атсалысуда, сондай-ақ МАГАТЭ-ның Ядролық отынның халықаралық банкiн құру идясы бiздiң көңiлiмiзден шығады. Осы сөздерiм үшiн барлық жауапкершiлiктi ала отырып, мен Қазақстанда бұл банктi өз жерiне орналастырудың және қажеттi талаптарға сай ядролық отынды сақтаудың мүмкiндiктерi мол екенiн мәлiмдеймiн» делiнген бұл мақалада.

Бұл мақаланың 12 сәуiрде өтетiн Бүкiләлемдiк ядролық қауiпсiздiк саммитiнiң қарсаңында жариялануы орынды көрiнедi, ал Бас хатшының ресми сапарымен тұспа-тұс келуi кездейсоқтық па?

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары