МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАР /С.Ғ.С/ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ

МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАР /С.Ғ.С/ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ

МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАР /С.Ғ.С/ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ
ашық дереккөзі
617

Ұлы Абайдың: "Алла мiнсiз, әуелден пайғамбар хақ, Мумин болсаң үйренiп сен де ұқсап бақ" деген сөзiн аталарым аузынан тастамай айтып отырушы едi. Сонда осы сөздерге балалықпен онша мән бермеппiз. Менiң аяулы анам әкеме тұрмысқа шыққанда аса қадiрлi жасауы ретiнде Құран Кәрiм кiтабын қоржынға сала келiптi. Оқта-текте бiзден жасырып оқып отырғанын байқап қалушы ем. Құран кiтабы көбiнесе ескi кебеженiң түбiнде ақ матаға ораулы жатушы едi.

Анда-санда үйге келiп, шежiре, жырларын ақтаратын Сыр жырауларының аузынан осынау бiр қасиеттi, арайлы күн шуағындай қуатты хазiретi Мұхаммед /с.ғ.с/ есiмiн жиi естушi ем. "Лә иләһа илла Аллаһ, Мухаммадур расулуллаһ" деген тегеурiндi темiрдей тiркес есiмде қалыпты. "Ол кiм едi, ата?" деп, атақты Үбiсұлтан жыраудан сұрап қалғанымда: "Ол бар ғой балам, Алланың Елшiсi" деп, домбыра пернелерiн бiр сипап өтiп, ғажайып жырын бастай жөнелетiн. Маған қажылыққа екi мәрте барып қайту бағы бұйырды. Алла мен оның Рахым пайғамбары бiр сәтке де тiлiмнен түскен жоқ. Қағбаны жетiншi айналғанда әзер дегенде өкпем қысылып, Қағбаның қабырғасына қолым тиiп, бiлген дұғаларымды айтып, сипай бастағанымда ағыл-тегiл жылап тұрғанымды өзiм де байқамаппын. Сондай Ұлы тұлғаны — хазiретi Мұхаммедтi /с.ғ.с/ әлемге жолдаған Аллаға алпыс мың рет алғысымды айтсам да артық болмас едi. Мединедегi атақты әл-Харам мешiтiнде жатқан Рахым пайғамбарының /с.ғ.с/ тұсынан өтiп бара жатқанымда өз-өзiмнен балаша езiлгенiмдi жасыра алмаймын. Көз жасым тұлабойымды жуып кеткендей болды. Былай шыққасын да басым айналып мең-зең болып отырып қалыппын. Алла Тағала маған тоқсан жас ғұмыр берсе, соның тең жартысын дүниенiң жарық жұлдызы боп, адамзаттың баласын бақытқа бастаған Ұлы мәртебелi Алла Елшiсiне берер едiм деп, қиялдадым. Сонда деймiн-ау, дүниежүзiнiң ерекше кемеңгерi, жарық жұлдызы Пайғамбарымыз /с.ғ.с/ жүз сегiз жыл ғұмыр сүрген болар едi деп, армандаймын. «Неге оған қысқа өмiр бергенсiң?» деп, Жаратқан Иеме мұңымды шағамын. Мейiрiм пайғамбарының /с.ғ.с/ басында ешқандай белгi жоқ, ескерткiш соғылмаған. Бiрiншi рет тағзым еткенiмде мен соған таңғажайып таңырқағаным бар. Ақырғы демi үзiлгенше үмбетiн iзгiлiкке үндеп, Айша анамыздың төсiне басын сүйеп жатып о дүниеге аттанып кеткен сүйiктi Пайғамбарымыздың /с.ғ.с/ өмiрсүйген, өлмеген Адам екендiгiн ғасырлар дәлелдеп келедi. Ислам үшiн адам айтқысыз азаптарды басынан кешiп, аш жүрiп, жалаңаш жүрiп, жаралы боп, сұлу денесiнен қан мен тер қоса аққанда арымай, шаршамай, шалдықпай, тас лақтырғанға ас лақтырып, мейiрiм жасаған жарқын нұрдың иесi – Пайғамбарымыз /с.ғ.с/ күллi адамзат әулетiне айнымас асыл үлгi болып қалды. Ұлағаты мол ұлы Ұстаздан әлемнiң асқан ойшылдары мен данышпандары дархан үлгi алып келедi. Арафат тауының етегiнде тұрғанымда Алла Расулының /с.ғ.с/ соңғы қоштасу сөзi ойға оралды. Пайғамбарымыздың /с.ғ.с/ сол салауатты, күн шуағындай керемет сөздерi бiрнеше ғасырларға арнап кеткен кемеңгердiң керемет жоспарындай, жырдай оқылады, тоқылады. Айтқан әрбiр сөзi бiр-бiр дастан, бiрегей симфониядай естiледi. "Пайғамбарымыздың ақырғы құтбасын" алғаш рет қазақ тiлiне жария еткен Қазақстан Дiни басқармасының бас муфтиi Шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлiге ризалығымды бiлдiре отырып, аудармасынан үзiндi келтiре кеткендi жөн санаймын: "Ей адамдар! Айтқаныма зер салыңдар. Бәлкiм, биылдан соң сендермен бұл жерде қайта жүздеспейтiн шығармын. Халайық! Бүгiнгi күн, осы ай, мына қала /Мекке/ қаншалықты қасиеттi болса, мал-жандарың, ар-намыстарың да соншалықты қасиеттi, зорлық атаулыдан қорғалған. … Уа, мұсылмандар! Сендерге киелi аманат қалдырып барамын, соны толық ұстансаңдар, ешқашан адаспайсыңдар. Ол Алланың кiтабы — Құран" дептi. /Шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi "Исламның жауһарлары мен жәдiгерлiктерi" тарихи-философиялық және теологиялық зерттеулер, эссе-очерктер, жолжазбалар, сұхбаттар. Алматы, Атамұра 2008 ж. 35-б./ Егер осы өрелi аударманы әр мешiттiң кiреберiсiне iлiп қойса, нұр үстiне нұр болар едi. Америка ғалымы Майкл Харт өзiнiң "Адамзат тарихындағы ұлы жүздiк" кiтабында дүниенiң бiрiншi ұлы тұлғасы етiп, әлемге өшпес нұр әкелген Мұхаммед (c.ғ.с.) пайғамбарымызды қойғаны тектен тек емес шығар. Наралеонды Бернар Шоуды, Гетенi, Бисмарктi, Ламартиндi, Родвеллдi тiзе бүктiрiп таң қалдырған айрықша тұлғаны ғасырлар ғарышының төрiнен көре беретiнiмiз хақ екенi айдан анық. Өзiне қастандық жасаған жауына тiптi құс балапанына да мейiрiммен қарап кешiрген iзгi, сүйiспеншiлiктi, сабырлы, өте көркем мiнез иесi Мұхаммед (c. ғ. с.) туған үйiн көргенiмде тiл аузым байланып тұрып қалыппын. Құдайым-ау, неткен қарапайымдылық, неткен жұпыны үй, кәдiмгi сүйек пен еттен жаралған, пейiлi теңiздей шалқар парасат иесiнiң мынандай үйде шыр етiп келгенiне аң-таңсың. Үй орнына "Медине кiтапханасын" салыпты. Ұзап кеткенше Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған үйден көзiмдi алмай қарай бердiм. Сонау ХV-ХVIII ғасырларда ғұмыр кешкен қазақ ақын-жырауларынан бастап бүгiнгi қазақтың жас шайырларына дейiн Парасат иесi Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) киелi есiмiн iлтипатпен еске алып отырады. Алдымен ауыздарына алатыны Алла, екiншi Хақ, яғни пайғамбар дегенi. Өсиет, өнеге айтса да, елдi бiрлiкке, тiрлiкке, жақсылық жасауға, iзгiлiкке шақырса да бiр Аллаға, пәрмән иесi пайғамбарға жүгiнiп отырады. Әсiресе, мұндай дәстүр Шығыс шайырларында мол кездеседi. Жалаледдин Румиде, Хафизде, Аттарда, Санаида, Сағдида Құран Кәрiмнiң аяттары, ғаламның рахым нұры Мұхаммед Пайғамбарда (с.ғ.с.) үнемi ұшырасады. Әлем әдебиетiнде айтулы iз қалдырған жаппар иесi Елшiсiн Пайғамбардың (с.ғ.с.) салауатты, сардар бейнесiн сан ғасырлар, сан ұрпақтың, сан заманның өкiлдерi жазумен, жырлаумен, марапаттаумен келедi. Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) сенiмдiлiгi, табандылығы, қайрымдылығы, жомарттығы, биязылығы, кiшiпейiлдiлiгi, тақуалығы, отағасылығы, сабырлылығы, боямасыз болмысы, бауырмалдығы, тереңдiгi, аманатқа адалдығы, хас мұсылмандығы, әсемдiгi, әйелдерге деген сүйiспеншiлiгi, әлi де талай заманалардың заңғар кiтаптарының көркi боларында шәк жоқ. Қазақтың ауызша жазбаша жәдiгерлерiнен, лиро-эпостардағы Абай, Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Жамбыл, Тұрмағамбет, Сүйiнбай, Мәшhүр Жүсiп, Әдiлқожа, Майлықожа, Мағжан, Iлияс, қазақтың кiтаби ақындарының, әншi-ақындарының шығармаларынан парасат иесi Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есiмi ерекше орынға ие екенi шындық. Аллаh Елшiсiнiң өзi сөз шеберлiгiн ерекше бағалаған. Орынды айтылған ойлы сөздi екi мәрте қайталатып, тыңдаушыға тыңдаттырып, құлақтарына әбден сiңiрiп отырған. Қадiрлi, қанатты сөз мәйегiн қадiрлей бiлуге баулыған. Сайып келгенде Иран, Тұран әдебиетi Хазiретi Мұхаммед мектебiнiң шамшырақтары. Ардақты, атақты ақындар шындық сардары Пайғамбардың хадистерiн өз шығармаларында пайдаланып отырған. Гетенiң айтуынша: "Бұл елде әртүрлi замандарда ұлы адамдар өскен. Бiрақ, Ислам әлемi олардың бесiн ғана мойындайды. Мәуләнә Жалаледдин Руми, Хафыз, Фирдоуси, Әнуәри, Низами. Бұлардан басқаларын түгелдей жоққа шығарған. Яғни, ақын деп мойындамаған. Әдебиетшi ретiнде танымағандардың арасында небiр мықтылары бар. Мен олардың қолдарына су құюға да жарамаймын" дейдi кемеңгер Гете. (Фетхуллаh Гүлен. Ғаламның рақым нұры Мұхаммед Пайғамбар Саллалаhу Аләйhи Уәссәлләм, Алматы, 2007, 518-б.) Оңтүстiкте өмiр сүрген қазақтың көрнектi ақындары өлең, мысал, дастандарында Хақ Тағала Елшiсiн iлтипатпен айтып отырады: "Ақырын берсiн Ысламның, Шапағат етсе пайғамбар, әзелгi сөзiм Пайғамбар" дейдi Майлықожа шайыр (Майлықожа, Алматы, 2009, 118-б.), "Әуелi ақыр Мұхаммат Құдай досы, Әзiрет, Әбубәкiр, Омар, Оспан (138-б . сонда), "Бергi атамды сұрасаң, Ақ пайғамбар, Әлi арыстан" (238-б.), "Пайғамбардың қабiрiн үш мәртебе құшақтап" (246-б.), "Пайғамбар ғайып iсiн болжаған жоқ. Басыңнан өткен күндi сана дедi" (246-б.), "Патша Омар әдiлдiкпен тапты сауап, қабiрiн пайғамбардың қыпты тауап" (248-б.) дейдi Майлықожа. Мейiрiм Пайғамбарының (c.ғ.с.) құдiрет күшiн, кешкен қиындықтарын, көрген кереметтерiн көп жырлағандардың бiрi Мәшhүр Жүсiп атамыз болса керек. Ақын "Мұхаммед пен Әбужаhил" деген өлеңiнде: “…Әшiм жасы көзiнен саулап ақты, Жалынып Мұхаммед’ке жылап бақты. — Мен емеспiн жел берiп желiктiрген, Сенiмен күресуге ауыр әлiмсақты”, — дейдi. (Мәшhүр-Жүсiп Шығармалар, 13 том, Павлодар, 2008,42-б.). "Ғаршы, күрсiнiң баяны" өлеңiнде ақын былай дейдi: “…Көтерiп ол ғаршыны суға қойды, Ол суды жел көтерiп буға қойды. Сақтады құдiретiмен сонда желдi, Нұрына Мұхаммедтiң ғалам тойды”. (Мәшhүр Жүсiп, 13 том, 55-б.). "Жетi тозақ баяны" деп аталатын бөлiм де өзiнше қызық құрылған. Бұл бөлiм Пайғамбардың (с.ғ.с.) жетi ғарышқа көтерiлетiнiн сатылап баяндайды. “…Құдай – бiр, пайғамбар – Хақ, Құран бiл – шын, Бұйырған шариғаттың қылса iсiн. Айтқанын ғалымдардың қылсаң түзу, Көрмейсiң, иншалла, соның түсiн.” (М. Жүсiп, 60-б.) “Бiр Алла Мұхаммедтiң нұрын қылды, Ғаламнан он сегiз мың бұрын қылды. Артылатын құдiрет өзi барша жаннан, Ғаламға көңiлiн оның орын қылды”. (Сонда, 110-б.) Cонымен Пайғамбарымыз жетi ғарыштан небiр ғаламаттарды, суреттердi, әрекеттердi көрiп, жетiншiсiнде барып Алламен жүздестiредi. Миғражға сапарының санқилы сатысын, төзiмдiлiгiн, көрегендiлiгiн, даналығын паш етедi, құлдық қасиетiнiң тереңдiгiн, ғаламдық рақымдылығын жырға қосады. “Жаратты қайғыменен жанның бәрiн, Барсың ғой сол жиында баршаларың. Кандил нұрға пайғамбар рухы тұрып, Көрсеттi тамам рухқа Хақ дидарын”. (М.Жүсiп, 54-б.) Мәшhүр Жүсiп барлығы жетпiс беттен асатын осы өлең қиссасында Мұхаммедтiң Миғражға шығып, Алламен дидарласу жайын алғаш жырға қосқан аяулы ақындарымыздың санатына жатады. Қазақ әдебиетi тарихына аты әлi кеңiнен мәлiм бола алмай келе жатқан ақындар да өткен. Солардың бiрi алмастай тiлiп түсетiн өткiр ақын — Мұқан Балтекеұлы (1873-1916) едi. Соның бiр айтқаны былай екен: “Пайғамбар, мұрсал-нәбилер, Әулие, қанша уәлилер, Қалған жоқ өтпей бұлардан, Мағына берген Құраннан”. (Қазақ поэзиясының антологиясы, Алматы, "Ғылым", 1993, 204-б.) Осы молда Мұқан науқасы меңдеп, алыс сапарға аттанғалы жатқанда елiмен қоштасу өлеңiн шығарады. Соңғы сөзiнде Аллаға сыйынады, Хаққа (Пайғамбарға) жүгiнедi. “Сырқат деңдеп бұл күнде, Денемдi тегiс тұр алып. Науқасқа бер деп шипаны, Ақырын Хақтан сұралық”, дейдi. Пайғамбарды (с.ғ.с.) "Хақ" деп, көп жырлаған ақындардың бiрi – Тұрмағамбет Iзтiлеуов екен. Бұл кiсiнiң де басынан кешпегенi жоқ. Фирдоуси "Шахнамасын" қайтадан қырық мың жол етiп жырлап берсе де, сол уақыттың өкiметi оны жарылқап, жарытқан жоқ. Алған аз ғана тиын-тебенi нан, шайына, күнделiктi күйбең тұрмысына ғана жеттi. Бiр өлеңiнде бұл жағдайын да тiлге тиек еткен. Ал ендi қай уақытта болсын, бостандық жылдарында, түрме қапасында отырған кездерiнде де Тұрекеңнiң аузынан Алласы, Хақ пайғамбары түскен жоқ. “Көрмеймiн тозағыңды осы халде, Мен өзiм Мұхаммедпiн, қолым — Алла” деп жырлайды Тұрекең Исламға арқасын тiреп тұрып. “…Мұхаммед – тұла бойым, қолым — Алла, Құлшылық қол қусырып қыл не шақты. Беремiн бұл сөзiмнiң шархын шешiп, Кiмде-кiм мұны айтқан десе лақты”. (Тұрмағамбет Iзтiлеуов Шығармалары, Алматы, 2007, 265-б). "Қатын хикаясы" дейтiн және бiр өлеңiнде ақын: “Жарайсың Рух Алла дедi жаса, Көрерсiң соңырағы күн сансыз наша, Ер болсаң елатына пайғамбар боп, Жүрер ең жол көрсетiп, жарлық шаша. Күнiнде қияметтiң гүлдей жайнап, Тұрарсың қабiрiңнен нұрың таса”, деп тебiренедi. (Т.Iзтiлеуов Шығармалары, 354-б.). Тұрмағамбет шайырдың "Мұхаммед туралы" деген толғауы жан тебiрентерлiк боп, шымырлап жүректен шыққан толғаулар тобына енедi. Көзi тiрiсiнде дұшпандарының Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көрсетпегенi жоқ екен. Ақыр аяғында оның артынан қуғын салып, өлтiрiп жiбермек болған. Осы "Мұхаммед туралы" толғауында ақын оның жетiм қалғанын, кәпiрлерден көрген қорлығын, қашқанын, Әбу-Бәкiр Сыдықпен Хира деген үңгiрге тығылғанын айтады. Үңгiр iшiндегi жылан iндерiн Сыдықтың үстiндегi жаңа шапанмен жыртып бiтеуi, бiр жыланның iнiне тығуға шүберек жетпей Хазiрет Сыдықтың табанын тiреп жабуы, табанын жыланның шағып алуы, оны мүбарак басын көтерген Мұхаммедтiң тiлiмен жалап жылан зәрiн кетiргенi шебер тiлмен баяндалады. Әлгi шаққан жылан жалғыз едiм, кiнәмдi кешiр, үмбеттiкке қабыл қыл деп, басын тасқа сабалайды. Сонда Мұхаммед (с.ғ.с.) айыбын кешiрiп, кәлиманы үйретiп, "Үмбет қылдым махшарда." дейдi. Кәпiрлер бiр опасыз iзшiнiң көрсетуiмен Мұхаммедтi өлтiрмекке iздеп барады. Хира тауының үңгiрiне барып, қылыштарын кезеп жалаңдатады. Үңгiрдi айнала қамайды. “Осы үңгiрдiң аузына Бiр өрмекшi тор тоқып, Шатастырып жамаған, Бiр көгершiн бұл жерге, Ұя салып және де, Екi, үш күн жұмыртқалаған. Мұхаммед кiрсе осыған, "Бұзылмас па едi бұлар деп?" Сенбедi бұлар анаған. Сол жерден кейiн тарқады, Ерiп келген iзшiнiң, Балшыға сөзiн балаған”, дейдi ақын. Көрдiңiз бе, сөйтiп, Мұхаммед кәпiрлердiң қылышынан аман-есен құтылып кетiп, Мединеге жетедi. 2001 жылы осынау таңқаларлық уақиғаның болған жерiне көппен бiрге барып, әлгi Хира тауындағы үңгiр басында толғанып тұрғаным есiмнен кетпейдi. Адамзатқа келешектiң күн сәулесiн таратып кеткен, асыл тектi Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үңгiрде жамбасына суық тас батып, ашығып жатқан құлшылығына бас иiп, садаға кетпеймiз деп ойладым. “О бастан Мұхаммедтiң үмбетi едiм, Өмiрiн Пайғамбардың үлгi етемiн”, деп ақын Серiк Қалиевтiң сөзiмен мақаламды тамамдап, рахман нұрының иесi Мұстафа Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) рухына мың мәртебе тәубе еттiм!
ӨТЕГЕН КҮМIСБАЕВ, ақын, профессор, шығыстанушы.

Серіктес жаңалықтары