ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАР ҰЛТТЫҚ ҚАУIПСIЗДIККЕ, ДЕМОГРАФИЯҒА, ЭКОНОМИКАҒА ТӨНГЕН ҚАУIП

ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАР ҰЛТТЫҚ ҚАУIПСIЗДIККЕ, ДЕМОГРАФИЯҒА, ЭКОНОМИКАҒА ТӨНГЕН ҚАУIП

ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАР ҰЛТТЫҚ ҚАУIПСIЗДIККЕ, ДЕМОГРАФИЯҒА, ЭКОНОМИКАҒА ТӨНГЕН ҚАУIП
ашық дереккөзі
2290

Мемлекеттiк деңгейде қатаң тыйым салуға тырысқанмен, қазақ жерiндегi заңсыз мигранттар саны уақыт өткен сайын артып келедi. Мамандар пiкiрiнше, миграциялық саясатқа қатысты жаңа заң кеден бекеттерiндегi жемқорлық пен бюрократиялық кедергiлердiң кесiрiнен қоғамға, яғни, халыққа мүлтiксiз қызмет етуге қауқарсыз.

Мигранттардың шамадан тыс көптiгi кез келген елдiң iшкi еңбек нарығындағы бәсекелестiкке төнген қауiп және оның отандық экономикаға керi әсер ететiнi сөзсiз. Бiр жағынан алғанда, жаһанданудың табиғи процесi ретiнде қабылданатын заңсыз миграция мәселесi – бүгiнде Қазақстанда күн тәртiбiнде тұрған проблема. КСРО ыдырағаннан кейiн экономикалық тұрғыда белгiлi бiр жетiстiктерге қол жеткiзе бiлген мемлекеттер қатарындағы Қазақстанға сырттан ағылатын заңды және заңсыз мигранттар көп. Мәселен, миграциялық деңгейi жағынан алғанда, қазiр Қазақстан алпауыт АҚШ-тың өзiн басып озды. Бiрiккен Ұлттар ұйымы таратқан соңғы мәлiметтерге сүйенсек, елiмiздегi мигранттар саны американдық көрсеткiштерден 7 пайызға артық көрiнедi. Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiндегiлер 2015 жылға қарай Қазақстандағы қосымша еңбек күшiне деген қажеттiлiк 500 мың адамға жетiп, жыл сайын орташа есеппен алғанда, 60 мың адамға көбейiп отырмақ. ҚР Статистика жөнiндегi агенттiк мигранттардың жылдық ағыны 150 мыңның көлемiнде болатынын айтады. Негiзiнен Астана мен Алматыны бетке алатын жатжұрттық жұмысшылар саны соңғы 5 жылда едәуiр артқанмен, ресми органдар көрсеткiштердi кемiтiп көрсетуден шаршамай жүр. ТМД елдерiндегi миграция iстерi жөнiндегi мәселенi түбегейлi зерттеп жүрген сарапшы Рафис Абазовтың айтуынша, орталықазиялық елдерден заңсыз мигранттардың толассыз ағылуына Қазақстанның экономикалық тұрғыда қарқынды дамуы себеп. Бүгiнде әсiресе, елiмiздiң оңтүстiк аймағына айтарлықтай қиындықтар мен қауiп төндiрген заңсыз миграция экономикалық тұрғыда ғана емес, этнодемографиялық, қылмыстық тұрғыда да қатерлi. Өйткенi, 14 мың шақырымға созылып жатқан Қазақстанның шекарасының 3600 шақырымы оңтүстiк аймақтың еншiсiндей 14 облысқа бөлiнген Қазақстанның Өзбекстан, Қырғызстан, Түркiменстанмен яғни, оңтүстiкпен шектесетiн облыстары – Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау. Қазақ-өзбек шекарасы өтетiн жазық дала, бос жатқан кеңiстiк оңтүстiктен келетiн заңсыз еңбек мигранттарына бөгет бола алмай отыр. Осының кесiрiнен, жыл сайын республикалық бюджет қомақты шығын шегедi. Өйткенi, құқық қорғаушылар Қазақстандағы жүздеген, мыңдаған мигрантты мемлекет есебiнен елдерiне қайта апарып тастаса да, арада аз ғана уақыт өткенде әлгi заңсыз мигранттар қазақ жерiне қайта келедi. Кейбiр елдердiң этникалық топтарының шекара аймақтарындағы ауылды жерлерге шоғырлануы да қоғамды алаңдатып отыр. Мысалы, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы тәжiк, өзбек пен түркiмендердiң басым бөлiгi ауылды жерлерге қоныстанған. Алматы облысындағы ауылдарда қырғыздар көп (ал солтүстiктегi шекаралық аймақтарда орыстардың саны артып келедi). Демек, оңтүстiк бөлiкте тұратын халықтың этникалық құрамы – ала-құла. Отандық сарапшылардың көпшiлiгi бейресми деректерде жиi көлденең тартылатын жер дауы, дiни көзқарастар мен әлеуметтiк әдiлетсiздiкке қатысты наразылықтар қазақ қоғамындағы этникалық тiптi, дiни қақтығыстарға себеп болуы мүмкiн деген қауiп айтуда. Миграция жөнiндегi халықаралық ұйым өкiлi Павел Шлиппек қазақ елiнде заңсыз нан табуға тырысатын Өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Қырғызстан мен Қытай азаматтарын шартты түрде 3 топқа бөлуге болатынын айтады: бiрiншiсi, күнде таңертең темiр жол, көлiк немесе басқа да транспорт түрiмен шекара маңындағы базарға жемiс-жидек пен көкөнiс әкелiп, кешке қарай үйлерiне қайта оралатындар. Екiншiсi, шопан, құрылысшы, егiн суғаратындар мен егiндi жинайтын маусымдық жұмысшылар. Үшiншiсi, ұзақ уақыттан берi Қазақстан аумағын мекен етiп, алыпсатарлық және басқа да кәсiпкерлiк түрiмен айналысатын шетел азаматтары. Шлиппектiң пiкiрiнше, қара күшiн жалға беретiн алғашқы екi топтағылар жұмыс берушiге тәуелдi болса, үшiншi топ керiсiнше, қазақстандық кәсiпкерлердiң басты бәсекелестерiне айналған әрi iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандырып отырған тәуелсiз әрi заңсыз мигранттар. Шекараны заңсыз кесiп өтетiн мигранттар экономикалық, саяси және әлеуметтiк дамуы нәтижелi елдердi қалайтыны анық. Соңғы кездерi Ресей билiгi ТМД елдерiмен визалық режим орнатпағандықтан, РФ-ға ағылатын заңсыз мигранттар саны жыл сайын артып барады деп дабыл қағуда. Жуырда РФ премьерi Путинге Ресейдегi миграциялық ахуал туралы есеп берген РФ Миграциялық қызмет жетекшiсi Константин Ромодановский 2009 жылдың 31-желтоқсанындағы деректер бойынша Украинадан – 1,5 миллион, Өзбекстаннан – 1,5 миллион, Қазақстаннан 1,4 миллион еңбек күшi мен құдайы қонақ тiркелгенiн мәлiмдедi. Ресейдегi шетелдiктердiң жалпы саны 4 миллион 891 мың 296-ға жеткенмен, заңды түрде еңбек етiп жатқан мигранттар саны тым аз көрiнедi. Былтыр орыстар жерiнде нәпақасын тауып жүрген жатжұрттықтар бұл көрсеткiштен екi есеге көп болған екен. Сол себептi, ресейлiк құқық қорғау органдарының қызметкерлерi сырттан келген 1 млн. 473 мың адамға ғана квота бөлiп, мигранттардың қалған бөлiгiн ел шекарасынан шығарып жiберiптi. Еңбек нарығын бәсекелестерден қорғауды мақсат еткен премьер Путин 2020 жылға қарай Ресейдегi мигранттар саны 1,3 миллионға дейiн азайтылатынын ескерттi. Мемлекеттiк деңгейдегi тыйымдарды енгiзуге қазақ билiгi де мүдделi. Сол себептi, ҚР Еңбек министрлiгi миграциялық саясат шеңберiнде "Халықтың көшi-қоны туралы" Заң жобасын дайындады. Халықаралық тәжiрибеге сәйкес, аталған құжатта еңбек мигранттарын бiрнеше категорияға: шетелдiк жұмысшылар, маусымдық шетелдiк мигранттар мен бизнес-мигранттарға бөлу қарастырылған. Айталық, шетелдiк мамандар мен маусымдық жұмысшылар арнайы бөлiнген квота бойынша жұмысқа тартылмақ. Қазiргi кезде Қазақстандағы жұмыссыздардың басым бөлiгi жоғары бiлiмi мен белгiлi бiр мамандығы жоқ, қарапайым жұмысшылар екенi белгiлi. Яғни, iшкi еңбек нарығы сырттан келетiн қосымша жұмыс күшiне кенде емес. Солай бола тұра, көршiлес елдерден келетiн заңсыз мигранттардың көпшiлiгi қара жұмысқа жегiледi. Мұның себебi, жат жұрттан келетiн заңсыз мигранттар жалдаушылар берген болмашы жалақыны қанағат тұтуға бейiм әрi мәжбүр. Оның үстiне, заңды түрде тiркелмеген, еңбек шартын жасаспаған шетелдiктердiң жұмыс берушiлерден әлеуметтiк тұрғыда жағдай жасау дегендi әсте талап етпесi анық. Мұндайда зиян шегетiн – iшкi еңбек нарығы, күнгейi емес, көлеңкесi "гүлденген" отандық экономика, екi қолға бiр күрек таппай қиналған қарапайым азаматтар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары