ТАҢДАҒАНЫМЫЗДЫ ЖЕЙМIЗ БЕ, ТАПҚАНЫМЫЗДЫ ЖЕЙМIЗ БЕ?

ТАҢДАҒАНЫМЫЗДЫ ЖЕЙМIЗ БЕ, ТАПҚАНЫМЫЗДЫ ЖЕЙМIЗ БЕ?

ТАҢДАҒАНЫМЫЗДЫ ЖЕЙМIЗ БЕ, ТАПҚАНЫМЫЗДЫ ЖЕЙМIЗ БЕ?
ашық дереккөзі
184

Алматы базарларын аралағанда…

Таяуда орыстiлдi бiр ақпарат құралы "семiрмеу үшiн мынандай тағамдарды жемеу керек" деген сыңайда ұзын-сонар тiзiм жариялады. Оған сенсек, жеуге болмайтын бiраз зат бар сияқты. Жобасы "Мегаполистi майға бөктiрген", яки бөктiруi ықтимал тағам түрiнiң ұзын саны – он. Бiзге салса, бүгiнгi мегаполис тұрғындарының көбiнiң азық-түлiктiң осы наурыз айында күрт қымбаттауына орай аса жұғымды он тағамның көбiн онсыз да тоя жерлiк мүмкiндiгi жоқ. Себебi, осы наурыздан бастап Алматы базарларындағы кейбiр тамақ түрлерiнiң күрт қымбаттағаны байқалады.

Мамандар пайымынша, Алматыда азық-түлiктiң қымбаттауы аралық делдалдардың кесiрiнен. Мәселен, ақпанның соңы мен наурыздың басында Алматының орталық базарындағы қызанақтың құны 700-800 теңгеге дейiн шарықтады. Сенiмдi уәж айтпаса саудагердiң несi саудагер, бәрiне Қазақстанның ортақ кедендiк одаққа енуi, жаңа кедендiк салықтардың енгiзiлуi кiнәлi сияқты. Ал ол кезде Алматының шеткерi аудандарында сол қызанақты 300-350 теңгеге сатып алуға болатын.

Арада бiр апта өтпей жатып орталықтағы көкөнiс нарқы сол 300-350 теңгеге қайта түстi. Себебi, бәрi де тұтынушының мүмкiндiгiне байланысты.

Демек баға белгiлерде, оны ырыққа келтiруде алдымен тұтынушының мүмкiндiгiн есепке алу керек. Нарықтың заңы солай. Тауар иесiнiң пендешiлiк ниетiн сабасына түсiретiн құдiрет те осы.

Демек, әлдебiр ақпарат көздерiнiң "ананы iшпе, мынаны iшпе" дегенiн залалсыз, зардапсыз қожанасырлық деп бағамдау ләзiм. Адамды алдымен тұрмыс билейдi. Оны Маркс айтқан. Бiрақ сол Маркстың ата-бабасы да сол қағидамен өмiр сүрген, тұрмыс құрған.

Әлгi ақпарат құралы "семiрмес үшiн лимонад орнына шәй iш" деп кеңес бередi. Жә, дұрыс-ақ дейiк, қазақтың денi онсыз да лимонадтан гөрi шәй iшкендi ұнатады. Әлгi кеңестiң әсерiмен Алматы базарларындағы шәй бағасына көз салдық. Халықтың негiзгi тұтынары – бағасы бiршама арзан "Ассам" шәйi. Ақпанның басында 250 грамдық бiр қорабы – 300 теңге болған "Ассамның" нарқы аспандап отырып бiрiншi наурызда 350 теңгеге дейiн шарықтапты! Ал мұндай шәйдi iшiп көр! Ол үшiн отбасылық бюджет мықты болу керек. Одан лимонадтың анағұрлым арзанға түсуi де ықтимал.

Күнделiктi тұтынымдағы ең көп тұтынылатын азық-түлiк түрiнiң бiрi – қант. Ал мамандар пiкiрiне құлақ түрсек, өзiмiз күнделiктi торттарға, түрлi тәттi нан өнiмдерiне қосып отырған сол қанттың төрттен бiрiнiң орнын майлылығы аз сүтпен алмастыру керек сияқты. Тағамдағы қант мөлшерiнiң азаюы арқылы бiздiң дәм сезу рецепторларымыз жаңа дәм түрлерiне бейiмделе бастамақ. Ал ас мәзiрiндегi қант өлшемiнiң азаюы адамның қартаюын тежейдi. Оған қоса Қазақстанда қант диабетi сырқаты кейiнгi жылдары асқынып тұр.

Жә, сонымен қант зиянды екен. Демек ас мәзiрiндегi қант мөлшерiн азайту керек. Оны – бiр деп қойыңыз. Тәттiге үйренiп қалған ауыздан оның дәмiнiң кетпейтiнi де белгiлi. Жәй ғана "жеме!" деп жекiгенмен қант жеудi тыя қоятындар азаймайтыны белгiлi. Бұл жолы да бiзге жоғарыда айтқан қымбатшылық көмектесетiн тәрiздi ме-ау… Айталық, бiрiншi ақпанда бiр килограмы 190 теңге болған қант бiрiншi наурызда он теңгеге қымбаттап, 200 теңгеге жетiптi! Ондай қантты екiнiң бiрiнiң ала бермейтiнi де белгiлi жайт. Сөйтiп босағадан аттаған қымбатшылықтың арқасында қанттың зардабынан да құтылғалы тұрғандаймыз… Алматы базарларындағы қант бағасы таяуда, онан да бетер жазғы тосап дайындау кезеңiнде күрт төмендейдi дегенге ешкiм сенбейдi де.

Сондай-ақ диетологтар сүт, май өнiмдерiн шектен тыс тұтынудың зиянды екенiн де алға тартады. Осыдан бiраз бұрын гастрономның сүт бөлiмiне келсек себетiмiзге қаймақ, йогурт, айран, iрiмшiк толтыратынымыз есiмiзде. Ашытылған сүт әлбетте, пайдалы. Онда кальций мен Д витаминi мол. Сол арқылы бiздiң сүйегiмiз, тырнақтарымыз бен тiстерiмiз нығаймақ. Сондай-ақ сүт құрамында зиянды заттар да мол екен. Қысқасы, қазiргi диетологтар сүт өнiмдерiн де байқап iшу керегiн алға тартады.

Бұл орайда да алматылық тұтынушыны "Құдай аяған" сияқты. Алматы базарларында сүт өнiмдерiнiң де күрт қымбаттағаны байқалады. Мәселен, ақпанның басында бiр килосы– 750 теңге болған "Иртыш" сары майы бiрiншi наурызда 880 теңге, бiрiншi ақпанда – 885 теңге болған, ресейлiк "Комо" iрiмшiгi – 990, тiптi Алматыға iргелес елдiмекендерде 1200 теңгеге дейiн шарықтапты. Демек, Алматының халқы сүт өнiмдерiн әдеттен тысқары пайдаланса ауруға ұшырайды деген диетологтар қаупi жаңсақ. Бүгiнгi Алматы тұрғынының мұншалықты қымбат сүт өнiмдерiн емiн-еркiн тұтынарлық шамасы да жоқ.

Бүгiнгi Алматы базарларындағы қымбатшылық диетологтар талабына сәйкес келетiндей ме-ау, өзi… "Ананы iшпе, мынаны жеме" деген диетологтар ескертулерi өз алдына, Алматы базарларындағы азық-түлiк нарқы осы айда бiршама қымбаттағаны анық.

Таяуда бiздiң қолға Алматының орталық базарындағы және "Алтын Орда" базарындағы "Азық-түлiк себетiнiң кестесi" түстi. Соған сәйкес орталық базардағы бiрiншi қаңтардағы Ақсай нанының құны 65 теңге күйiнде қалыпты. Ал "Алтын Ордада" нан 5 теңгеге қымбаттаған. "Петропавлская" сүтiнiң бiр литрiнiң құны 1 ақпанда орталық базарда 135 теңге болса, 1 наурызда 142 теңгеге, ал "Алтын Ордада" 136 теңгеден 140 теңгеге дейiн шарықтаған. Орталық базардағы тауарлардың 1-ақпан мен 1-наурыз аралығындағы айырмашылығы, яғни қымбаттауы тиiсiнше мынадай мөлшерде: "Шедевр" күнбағыс майының бiр құтысы 230-250 теңге, "Алимпиев" сервелат шұжығы 860-880 теңге, жоғары сортты қой етi 850-1000 теңге, вермишель-макарон 100-120 теңге, "Ақ маржан" күрiшi 180-220 теңге, сұрыпталған картоп 60-100 теңге, қырыққабат 70-150 теңге, жергiлiктi алма 100-200 теңге.

Өздерiңiз көрiп отырғандай, айналасы бiр айдың iшiнде Алматыда азық-түлiк нарқының айтарлықтай қымбаттағаны байқалады. Қалалық статистика берген деректердiң ақиқаты осындай. Демек, биылғы көктем-жаз айларында "Мегаполистi май басып кетуi" екiталай. Қымбатшылық қазiрдiң өзiнде қарапайым халықтың қалтасына әсер ете бастады. Соған орай диетологтардың Алматы тұрғындарына "ананы жеме, мынаны жеме" деп нұсқау беруi де қисынсыз. Көктемнiң алғашқы айында Алматы тұрғындарының алдында "таңдағанымызды жеймiз бе, тапқанымызды жеймiз бе?" деген сауал тұр.

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары