АЗАТ ОЙ, АЗАМАТТЫҚ ТҰҒЫР

АЗАТ ОЙ, АЗАМАТТЫҚ ТҰҒЫР

АЗАТ ОЙ, АЗАМАТТЫҚ ТҰҒЫР
ашық дереккөзі
236

Бiздiң ойымызша, туған жердi, Отанды сүюдiң де әртүрлi үлгiсi бар. Бiреулер "Отаным, отаным" деп ойбайлағанда басындағы киiз қалпағы селкiлдеп ұшып кете жаздайды, бiрақ iстеген iсiне қарасаң, қарадай қарның ашады. Ендi бiреулер бар, Отанды, ұлтты, туған елдi қалай сүю керектiгiн аттан салып айқайламай-ақ үнсiз ғана жүрекпен жеткiзедi. Ал, жүректен шыққан сөздiң жүрекке жететiнi әлiмсақтан белгiлi ғой. Мұндай жандар онысын көбiне күндiз-түнi жатпай-тұрмай iстеген жұмысымен, дәлiрегi тындырған iсiнiң нәтижесiмен көрсетуге дiлгiр.

Соңғы ширек ғасырдан астам уақыт қазақ журналистикасында өнiмдi еңбек етiп келе жатқан талантты публицист Болат Шарахымбай, мiне, осы "үлкен iстi үндемей" тындырып жүрген сөз шеберлерiнiң қатарынан. Мынау қолымыздағы еңбектi соның бiр айғақ-шежiресi деуге болады.

Өз басым Болат Шарахымбаев есiмiмен танымал журналистi өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап бiлемiн. Бiлгенде оның мерзiмдi баспасөзде ұлттық, елдiк мәселелердi қаймықпай көтерiп, сол үшiн шырылдап арашаға ұмтылған жарияланымдары арқылы жақсы танимын. Бұл Қазақстанның партиялық-диктатуралық жүйеден демократиялық жаңаруларға, адамдардың ой-санасында кеңестiк-тоталитарлық идеология қалыптастырған құлдық психологиядан ұлттық санаға қарай сан алуан өзгерiстердi бастан кешiрiп жатқан кезең едi. Соның iшiнде ұлттық руханиятта да түбiрлi толқыныстар, түбегейлi қопарылыстар орын алып, ұлттық санада зор сiлкiнiс тудырып жатты. Сондықтан да қазақ халқының санасында ұлттық мақтаныш сезiмдерiн ояту ол кезде өте-мөте маңызды болды. Ал, мұндай шешушi сәттер көкiрегi ояу, қиялы ұшқыр, жүрегi елiм деп соғатын публицистер назарынан тыс қалуы тiптен мүмкiн емес. Содан да болар елдiк рухты жойып, бағыныштылық бейiл қалыптастыруды көздеген сол кездегi Орталықтың ұстанымдарына қарсы күресте ерекше қайраткерлiк пен табандылықтың үлгiсiн көрсеткен ең алдымен жауынгерлiк алдыңғы сапта жүретiн қаламгер-журналистер болғаны да рас. Осы қаламгер журналистердiң қатарында бiз кiтабына лебiз бiлдiрiп отырған автордың да қоғамдық-саяси өмiрiмiздiң iшкi қайшылықтары, шовинистiк пиғылдағы сыртқы күштердiң терiс iс-әрекеттерi туралы жазған журналистiк зерттеулерi мен публицистикалық сараптамалық мақалалары "Ана тiлi", "Жас Алаш", "Қазақ әдебиетi", "Алматы ақшамы", "Өркен-Горизонт", тағы басқа басылымдарда жиi жарық көрiп жүрдi, әрi халықтың жүрегiне бiрден жол тауып жатты. Мысалы, "Алматы қай халықтың астанасы?" деген мәселенi төтесiнен қойып, оның оқырмандар арасында қызу пiкiрталасқа сеп болғаны есiмде. Шындығы керек тоталитарлық-кеңестiк билiктiң әлi мызғымай тұрған кезiнде мұндай мәселе көтеруге көп журналистердiң батылы жете бермейтiн. Одан кейiн "Етектен кесiп жең салмас…", "Дағдарыстан шығудың жолы бар ма?" деп жар салды. Онда қазақ қоғамында орын алған қостiлдiлiктiң зиянды жақтары, қауiптi бағыттары жайлы ой қозғап, Қазақстанда эксперимент түрiнде енгiзiлген, қолдан ұйымдастырылған жасанды "аралас" мектептердiң жай-күйiн сөз етедi. Жәй ғана сөз етiп қоймайды, оның түпкi астарында алысты болжаған орыстандыру саясатының жүзеге асып жатқанын нақты мысалдар арқылы дәлелдейдi. Ал, мемлекеттiк тiл мәртебесiне ие болған ана тiлiмiздiң ауыр халi, оны жаңа өркениеттiк қатынас құралы етiп қайткенде жаңарта аламыз, қателiктер қай жерден кеттi, ендi оны түзетудiң жолы қандай болмақ, қайсы жолды таңдаған тиiмдi деген сияқты тiлге байланысты сан алуан мәселелердi қаузап, талдап жазған мақалалары өз алдына бiр төбе. Иә, азат ойдың жаршысындай болған бұл есiмдi 90-жылдардың ортасына қарай журналистика кеңiстiгiнен ойда-жоқта "жоғалтып" алған едiк, бiраз жылдан кейiн Болат Шарахымбай деген атпен қайтадан жарқырап шыға бастады. Болаттың бұл "қайта оралуы" қазақ публицистикасына жаңа екпiн, жаңа өрнек, жаңа сарын ала келдi десек, көзiқарақты оқырман көпшiлiк бiздiң пiкiрiмiзбен келiсетiн шығар. "Қалтамандар, полиция, "крыша" және… мен", "Қазақстанның "құлдары" немесе елдегi жұмыс орындарын "жаулап" алып жатқан жатжұрттықтар хақында", "Адам – итке, ит – адамға айналған күн", "Империяның күйреуi", тағы басқа осы секiлдi зерттеу мақалаларын оқырман қауымның зор қызығушылықпен оқыған дүниелерi болғаны анық. Өкiнiшке орай көлемi көтермедi ме екен, әлде басқа бiр себебi болды ма, бiз сөз етiп отырған материалдардың бiразы бұл кiтапқа кiрмептi.

Бұл талдау мақалаға "Азат ой, азаматтық түғыр" деп тақырып қойғанымыз бекер емес. Өйткенi, "Туған жерге туың тiк" кiтабының iшкi құрылымы мен мазмұн-мағынасына назар аударсаңыз, бiздiң бұл ойымызбен сөзсiз келiсер едiңiз. Кiтап екi бөлiмнен тұрады. "Ойтұмар" аталатын бiрiншi бөлiмде "Қалың қазақтың Қазығұрты", "Қақпақ қасiретi: бұл берекесiздiкке кiм кiнәлi?", "Мұражай шерткен шежiре…", "Қазақстандағы тарихи атаулар қашанғы қағажу көредi?", "Тәуелсiздiгiмiздiң төрт тұғыры", тағы басқа мақалалары топтастырылыпты. Бұл бөлiмге кiрген дүниелерден автордың өз Отанына, өз ұлтына, өз туған жерiне деген шексiз махаббатты сезiнесiң. Шүпiлдеген патриотизмге толып тұр. Ол рас та, ауылына кiндiгiнен байланған азаматтар болады. Публицистiң қалам тербесiнен бiз соны аңғардық. Оның ауылына деген ықыласы кiтап тақырыбымен де айқын үндеседi. Бiле бiлсеңiз кiндiк қаны тамған жерiне ат iзiн салмай кететiндер де кездеседi бұл өмiрде. Ауылдан қол үзу деген ата-баба аманатынан қол үзу емес пе… Болат керiсiнше ауылын азат ойдың тұмары ретiнде қарастырады. Бұл бөлiмде сондай-ақ ұлттық сананың алғашқы мұзжарғышындай болған жер, су, көше, елдiмекен, мекеме нысандарының аттарын өзгертуге байланысты, аты-жөн мәселесiне қатысты өз ұсынысын бiлдiрген дүниелерi де орын алған.

Екiншi бөлiм – "Ойталқы" деп аталады. Онда елдiң тәуелсiздiгi және оны нығайтуға байланысты өзiндiк көзқарастары мен тұжырымдарын ойталқыға сала отырып, азат ой мен бостан рухтың алғашқы қадамдары баяндалыпты. Қазақстанның өзiндiк жолын таңдау, елде демократиялық принциптердi дамыту, жаңа тәуелсiз елiмiздiң халықаралық қауымдастықтағы орнын айқындау, республикадағы тiлдiк қатынасты реттеу секiлдi отандық тарихымыздың сан алуан тұстарына қалам тербейдi. Қоғамда орын алған келеңсiз оқиғаларды дәстүрлi болмыс, ұлттық ұстын тұрғысынан көрсетуге күш салады. Мұндағы әр мақалада дәуiрдiң үнi, заманның сарыны шертiледi. Сондықтан да бұл бөлiмдегi материалдарды зор қанағаттанарлық сезiммен оқып шықтым.

Қалай десеңiз де қоғамдық өмiр сiресе қатып қалған жаны сiрi дүние емес, ол үнемi қозғалыстағы, алға iлгерiлеу үстiндегi үдерiс. Баспасөз сол қоғамды дамытуға, жаңғыртуға, демократиялық үрдiстi алға апаруға қызмет етедi. Мұнсыз баспасөздiң саяси-әлеуметтiк, жасампаздық функциясы әлсiрейдi. Сондықтан да журналистер өз кеңiстiгiнде қызметiн әдiл, әрi шыншылдықпен жүргiзуге тиiс. Осы орайда түбi бiр Түрiк елiнiң ұлы тұлғасы Ататүрiктiң бiр сөзi еске түседi: "Жолда кетiп бара жатқан жолаушының көкжиектi көруi жеткiлiксiз. Ол мiндеттi түрде көкжиектiң арғы жағын көруi және бiлуi тиiс", – дейдi ол. Осындағы жолда кетiп бара жатқан жолаушыны кәдiмгi журналист деп алатын болсақ, оның көкжиектiң арғы жағындағы кеңiстiктi көруi әрi болжам жасауы мiндеттi нәрсе деп ойлаймыз. Бiздiң байқауымызша, Болат осындай журналистiк iзденiстiң адамы. Оның бойынан осы қасиеттердiң бәрi табылады. Осы iзденiс жолында ол өзiнiң көкжиек ауқымын ұлғайтып қана қоймағандай, сонымен бiрге оның арғы жағындағы шешiмiн табуға тиiс проблемалық мәселелердi де көрiп, сезiнiп, iштей толғанып, ақыр соңы соған өз ұсыныстарын айтып отыруды парызы санайды. Түйiндей келгенде, публицист қазақ халқы үшiн маңызды болған қай мәселеге де ұлттық тұрғыдан өзiндiк пiкiрiн жеткiзуге ұмтылған. Оны "Туған жерге туың тiктi" тұтас оқығанда анық байқадық.

Дүниеге келген әрбiр еңбек үлкен шығармашылық iзденiстiң жемiсi. Осы тұрғыдан қарағанда аталған кiтаптың әдiл бағасы әлi алда берiле жатар, өз басым "Туған жерге туың тiк" рухани әлемiмiзге қосылған практикалық пайдасы зор еңбек деп есептеймiн.

Сейiтқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағы

басқармасының төрағасы

Серіктес жаңалықтары