2023
ҚОСЫЛҒЫШТАРДЫҢ ОРНЫ АУЫСҚАНЫМЕН...
ҚОСЫЛҒЫШТАРДЫҢ ОРНЫ АУЫСҚАНЫМЕН...
Өткен аптада Үкiметтегi бiрталай ауыс-түйiс туралы сөз қозғағанбыз. Математиканың қарапайым заңдылықтарының бiрi «Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейдi» дегендi мектеп қабырғасында жаттап өссек те, есейгенде естен шығарып алатындаймыз-ау. Президент өз командасындағы кадрларды тағы ауыстырды, ендi не нәтиже, қандай өзгерiс болмақ?
Елбасы биылғы өзiнiң 70 жылдық мерейтойына Индустриалды бағдарламаның қарқынды дамуын сыйға тартуды тiлек еттi. Бұл – бүгiнгi Атқарушы билiкке қаратылып айтылған үндеу. Зор базына. Аңсар арман. «Аты бар да, заты жоқ» сансыз бағдарламалардан Президенттiң өзi де қажыған сияқты. Ақордадағы жиналыс үстiнде ол Кәрiм Мәсiмовке былай деген едi: «Көбiне лентаны қиямыз, кейде оған менi де қатыстырасыздар, ал бұл нысанның бiр жылдан соң ғана iске қосылғаны кейiннен анықталып жатады. Кәрiм Қажымқанұлы, сен менi былтыр Астанадағы тепловоздардың (зауыттың – ред.) ашылуына апарып едiң, ол биыл ғана жұмыс iстей бастады! Бұл көзбояушылық пен профанация кiмге керек?! Мұндай нысандардың ашылуына ендi мен бармаймын!». Ұяты барды, жердiң тесiгi болса, кiрiп кетуге мәжбүрлейтiн сөз-ақ… Әдетте, Елбасының сөзiнен соң бiр сiлкiнiп қалатын зиялы қауым, оның iшiнде Парламент депутаттары кешегi аптада Сенат отырысында тағы да белсендiлiк танытты. Сенаторлардың айтуынша, елiмiзде соңғы жылдары 100-ден астам зауыт пен кәсiпорын салтанатты түрде ашылған екен. Оларға банктерден 60 млрд. теңгеден астам қаржы бөлiнген. Ал биылғы жылы индустрияландыру бағдарламасына сәйкес, тағы да 140 кәсiпорынның ашылуы жоспарланған. Сенатор Қуаныш Сұлтанов былай дедi: «Бұл көзбояушылықты қою керек. Әйтеуiр асығамыз да жүремiз, уақытынан бұрын ашып аламыз да, олар сосын босқа тұрады. Әйтеуiр белгiлi бiр оқиғаға немесе Президенттiң iссапарына орайластырылып ұйымдастырылса болды. Бұл ендiгi – ауру, бұны тоқтату керек!». Бұл сыннан нәтиже шықса болар… Мектеп демекшi, соңғы жылдары Министрлер Кабинетiнiң қарапайым мектеп оқушыларынан айырмасынан гөрi оларға ұқсастығы көбейiп барады. Әуелгiде Кәрiм Қажымқанұлының столды тоқпақтап, ел көзiнше ашу шақырғаны былайғы жұртқа «қызық» көрiнгенiмен, одан оңалып кеткен шаруа жағдайы болмаған соң, мұндайды қызықтаудың да «қызығы» болмай қалды. Одан соң, Президенттiң Үкiмет мүшелерiн жинап алып, мұғалiмнiң мектеп оқушыларына ұрысқандай жекiп сөйлегенi де таңсық болудан қалды. Ал ендi Президенттiң жоғарыдағы сөзi шәкiртiнен әбден көңiлi қалған ұстаздың шарасыз халiне көбiрек ұқсайды… Ал былтыр Президент Үкiметтi мектеп оқушыларына емес, «балабақшаға» ұқсатты… Шамасы, «тамшы тас тесер» деген сөз рас-ау. Елдегi кадр мәселесiндегi олқылықтар «Түркiстан» газетiнiң бетiнде де, басқа республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, сарапшы мамандар тарапынан да талайдан берi айтылып-жазылып жүр. Ақыры, «жүйелi сөз жүйесiн табар» кез келген секiлдi. Өйткенi, кадр сапасыздығы, басқару аппаратының бiлiктi мамандарға, патриот кадрларға тапшы екендiгi жоғары мiнберлерден де айтыла бастады. Президенттiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов жақында ғана «Барлық мәселелер дер уақытында шешiлуi тиiс. Мемлекеттiк қызметкерлер кәсiби тұрғыда өз iсiнiң маманы, саяси бiлiктi және патриоттық көңiл күйде болулары тиiс» деп мәлiмдедi. Осылай екенiне дау жоқ. Ата Заңымыз бойынша, «билiктiң қайнар көзi – халық» болғанда, халық осы билiктi жүзеге асыруды бiлiктi, сапалы мамандарға сенiп тапсырмаушы ма едi? Ал билiк басында жеке басының мүддесiн мемлекеттiк мүддеден жоғары қоятын, iске шорқақ кадрлардың жүруi – осы сенiмнiң аяққа тапталғандығының көрiнiсi емес пе? Елiмiздегi адам құқықтарының сақталуына жауап беретiн бас маман осыны меңзей ме? Бұған дейiн өткен жылды қорытындылаған Мемлекеттiк iстер жөнiндегi агенттiк коллегиясында ендi бұдан былай мемлекеттiк қызметке тек ең бiлiктi мамандар алынатындығы туралы айтылды. Бұл орайда, биылғы жылы бiрнеше сынақ бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мемлекеттiк қызметкерлердi iрiктеу екi саты бойынша жүргiзiлмек: әуелi олар тест тапсырып, одан соң бос қызмет орындарына шақыруды күтедi. Яғни, тестiлеуден өткен мамандар ғана кадр резервiне кiргiзiлмек. Сондай-ақ, тестiлеудiң жаңаша үлгiсi жасалған. Маманның тек кәсiбилiгi ғана емес, жеке адами қасиеттерi де сыналмақ. «Бұл жобалар 2010 жылдың үшiншi ширегiнен бастап жүзеге асырыла бастайды» дейдi агенттiк өкiлдерi. Ұдайы кадрларды ауыстыру бүгiнгi шенеунiктердiң ойында тақта өмiр-бақи отыратындай жалған сезiм қалыптастыратыны сөзсiз. Тiптi, ай басында болған кадрлiк ауыс-түйiстердiң астарын бажайлап қарасаңыз, жоғарғы лауазымды шенеунiктердiң шен-шекпенсiз қалғаны жоқ. Бұрынан қалыптасқан жағдай – министрлiктен немесе әкiмдiктен босаған шенеунiкке «лайықты» орын болмаған жағдайда оны Президент көмекшiсi немесе кеңесшiсi қызметiне тағайындалатын жағдай бұл жолы да қайталанды… Шенеунiктердiң таққа өмiр-бақи отыруға ынталылығының бiр мысалы – бұрынғы мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамет Ертiбаевтың өзi бұл қызметте 2012 жылға дейiн, яғни «сайлаудан – сайлауға дейiн» отырмақ ниетте болғанын жасырмайды («Время», 18.03.2010). Ендеше, мемлекеттiк қызметтi атасынан қалған мұрадай көретiн шенеунiктердiң бiр күн жалғандағы тiршiлiктегi қателiктерiне несiне ренжимiз?! Мемлекеттiк қызмет сапасын өзгерту үшiн оған деген көзқарасты түбiрiмен өзгерту қажет-ақ… Дегенмен, биылғы жылдан да, берiлген уәделерден де үмiтiмiз … әлi мол.Гүлбиғаш Омарова