596
"ҚАРА ЖОРҒА" БОЛМАСА, БИДIҢ СӘНI КЕЛЕ МЕ?
"ҚАРА ЖОРҒА" БОЛМАСА, БИДIҢ СӘНI КЕЛЕ МЕ?
Қазақ биiнiң құдiретi неде? Қазақта ұлттық би бар ма? Жалпы, бiздiң ұлтымыздың ерекшелiгi болып саналатын би қандай? Бiздiң көкейiмiздi мазалаған сауал көп.
Жуырда Қытайдың Шыңжаң өлкесiндегi Алтай аймағының Шiңгiл ауданында қазақтың халық биi "Қара жорғаны" бiр жолда 10300 адам билеп, Гиннестiң кiтабына жазылыпты. "Қазақтың халық биi" деп айтылғанымен, шет жақтағы қандастарымыз билеп жүрген осынау буын биiн бiз бүгiнгi күнi өзiмiздiң ұлттық биiмiз деп айта аламыз ба? "Сүйiншiлетiп" мәз -мәйрам болғанымызбен, "Қара жорғаның" қандай би екенiнен де хабарсыз адамдар бар. Тек бiлерiмiз, осы бiр буын биiн Арыстан қажы Шәдетұлының Отанына оралғаннан кейiн, сахнаға билеп шыққаны ғана. Оған дейiн "Қара жорғаны" бiлдiк деп, мақтанышпен айта да алмаймыз-ау. Рас, қазақта би жоқ емес. Дәстүрлi "Аққу", "Қыз ұзату", "Көбелек", "Киiз басу" сияқты билерiмiздi жоққа шығаруға болмас. Бiрақ, бұлардың арасында "Қара жорға" биi неге жоқ? "Қара жорғаның" ұлттық биiмiз екенi белгiлi, бiрақ, сонша уақыт неге есiмiзден шығарып алдық? Ал, шеттегi қазақтардың тойы болса, "Қара жорғасыз" өтпейдi деседi. "Қара жорға" болмаса, бидiң сәнi келе ме?" деп ән шығарып, сол әннiң ырғағымен би билеп жүргендер де шет аймақтарда тұратын қандастарымыз. Кейбiр дерек көздерiне сүйенсек, "Қара жорға" биiнiң бiр жарым ғасырлық тарихы бар екен. Соншама жыл ата-бабамыз билеген буын биi әу баста, бақсылардың биi болыпты. Бұл бидi билегенде, буынның барлығы қозғалысқа түседi. Сондықтан, бақсылар осы бидi билеу арқылы науқастың дертi қай тұста екенiн болжап бiлiптi. "Қара жорғаның" бақсылардың биi екендiгiн Арыстан қажы Шәдетұлы да жоққа шығармайды. Бақсылық қасиет Арыстан атаның бабаларында да болыпты. Бақсылардың биi саналған "Қара жорғаны" елiмiзге алғаш алып келiп, дәрiптеген Арыстан қажы Шәдетұлы. Қарасай ауданына қарасты, Райымбек ауылында тұратын Арыстан қажының үйiне арнайы бардық. – Арыстан ата, "Қара жорға" биi жуырда Гиннестiң кiтабына ендi. Бұл бидi елiмiзге алғаш рет алып келiп, дәрiптеген де өзiңiз. "Қара жорға" бiздiң елiмiзге сiңдi деп ойлайсыз ба? – Бұл би жалғыз Қытайдағы қазақтың ғана емес, жер жүзiндегi қазақтың ұлттық биi. Арғы тарихына барар болсақ, мұны бабаларымыз кезiнде "бақсы биi" деп атапты. Бiз шаманизмге сенген адамбыз. Шаманизм бiздiң тарихымызда болған. Шаманизмнiң кейбiр қалдықтары осы күнге дейiн елiмiзде сақталған. Ал, бақсылық қасиет қазақтарда өте көп болған. – Бақсыларымыз осы би арқылы науқасты емдеген дейсiз бе? – Бақсылық та ерекше құдiрет иесi. Менiң әкемнiң туған ағасы үлкен бақсы болған кiсi. Түркияда тұратын жеңгем бар. Ол кiсi де бақсы. Сiздер бақсылық туралы көп нәрсе бiле бермейсiздер ғой. Бұл туралы ұзынсонар әңгiме айтуға болады. – "Қара жорғаны" Гиннестiң кiтабына енгiзген шет жақтағы қазақтар. Жергiлiктi қазақтарға бұл би нелiктен кеш оралды? – 1995 жылы Германиядан оралдым. Мен Қытайдан 11 жасымда кеттiм. Қытайдан жаяу-жалпылап, Индияға барып, Индиядан Пәкiстанға өтiп, одан ары қарай Иранға, Ираннан Түркияға жетiп, соңында Германияға орнықтық. Жаяу-жалпы көшiп жүргенiмiзде басымыздан небiр қиындықтарды өткiздiк. Аштықтан, суықтан қаншама азап шектiк. "Өлмеген құлға болар жаз" демекшi, ажалымыз жоқ екен, әйтеуiр бiр елге тұрақтадық қой. Мұның бәрi жеке тарих. Ал, "Қара жорғаға" келер болсақ, мұны Қытайда, Моңғолияда тұратын қазақтарымыз көбiрек билейдi. Бұл елдегi қазақтарға өзге елдердiң мәдениетi сiңбеген. Олардың өз мәдениетiн сақтауы да сондықтан. – Бидi қанша жасыңызда үйрендiңiз? – Әкем жетi жасымда үйреттi. Он бiр жасқа толғанымда әкем қайтыс болды. Сол екi-үш жылдың iшiнде бұл бидi әбден меңгерiп алдым. Бұл бидi өзiнiң күйiмен ғана билейдi. Бақсылардың бiр құдiретi, "Қара жорғадан" басқаға ойнай алмайды. "Қара жорғаны" қалай домбырамен шертедi, солай бақсылар билей жөнеледi. Бақсылар "Қара жорғаны" ойнайды, әрi билейдi. 1995 жылы елге көшiп келдiм. 1997 жылдан бастап, "Қара жорғаны" билей бастадым. Содан берi, "Қара жорға" ептеп-ептеп, елiмiзге сiңе бастады. Қазiр "Қара жорғасыз" той өтпейтiн болды. – "Қара жорға" биiн үйрету үшiн неге арнайы мектеп ашпадыңыз? – Мен үйде көп отырмайтын адаммын. Ауырып қалсам да, ауруханаға бармаймын. Үш-төрт күн жатамын да, сосын киiнiп алып, ел аралап кетем. Он күн, жиырма күн ел аралаймын, содан қайтып оралғанымда жаңа туған баладай оңалып шыға келем. Қазақта екi түрлi бақсылық бар. Бiрi – бимен емдесе, екiншiсi – диуаналық. Менде сол екiншiсi бар. Диуаналық дегенiмiз ел қыдырып, жер аралап жүрiп, адам емдейдi. Кейде бiр жерде бiр кiсi ауырып жатса, соны сезем. Кейде үйге келетiн адамның да науқасын сезiп отырам. – "Қара жорға" ұлттық брендке айналады деп ойлайсыз ба? – Әрине. "Қара жорға" шеттегi қазақтардың ғана биi емес. Бұл бәрiмiздiң ұлттық биiмiзге айналуы керек. "Қазақта би болмаған", "қазақта күй болмаған" деп кешегi Кеңес үкiметi бiздi жануар сияқты қылып қойды ғой. Әйтпесе, бiздiң көшпелi қазақтың мәдениетiнен мықты мәдениет жоқ. Мен бұл бидi Түркиядан немесе Германиядан үйренiп, елге алып келген жоқпын. Тек, өзiмнiң ата-бабамнан қалған мәдениетiмдi жаңғыртып отырмын. – "Қара жорғаны" қазiр әнiмен айтып жүрмiз. Бұл дұрыс па? – Бұл соңғы уақытта пайда болды. Бұл бiрақ "Қара жорға" күйi емес, "Сал күрең" күйi. "Сал күреңнiң" әуенiмен "Қара жорға" билеп жүрмiз. "Қара жорға" домбырамен ғана орындалуы керек. "Қара жорға" баяу биленедi, ал, "Сал күреңнiң" арқасында қарқынды қимылға көшiп кеттi. Мұның өлеңi жақсы, сондықтан, елге тез сiңiсiп барады. Ал, "Қара жорғаның" күйi мүлде бөлек. Оны көп адам тарта алмайды. – Бiздiң түсiнiгiмiзде, бақсылар көбiне қара қобызды пайдаланған сияқты. "Қара жорғаны" қобызбен тартуға бола ма? – "Қара жорғаның" күйi домбыра мен қобызға келедi. Бiрақ, қобыздың үнi зарлы ғой. "Қара жорғаның" күйi зарлы емес, көңiлашатын күй. Зарлы нәрседе көңiл көтеру болмайды. – "Қара жорғаны" билеп жүргендердi көрiп жүрген шығарсыз. Көңiлiңiзден шыға ма? – Әнiн ойнақы етiп, шығарып жүр. Бұған мен билей алмаймын. Қытайдағы көнеден келе жатқан ақсақалдар, Моңғолиядағы егде тартқан жандар болмаса, "Қара жорғаның" күйiн шерту азайып кеттi. Қазiр олардың көбi заманға қарай, секектеп кеттi. Ертеректе бiз қазақтың алты қанат үйiнде билейтiнбiз. Ол үйге ең болмағанда, алпыс-жетпiс кiсi сыйып кетедi. Ортада шағын ғана жер болады, сол ортада билейтiнмiн. Ал, қазiр секектеп, айналып жүрiп билейдi. Германияда қырық жыл тұрдым. Сол кездерi оларға қазақ дейтiн халық бар екенiн ұқтыра алмайтынмын. Олар менi "Чау" дейтiн. Қырық жыл бойы бiр аудан "Чау" деп кеттi ғой. Олар жапонды жақсы бiледi. Менi жапон дейтiн едi. Мен келген кезде, бәрi ығысып орын беретiн. "Мына Чауда бiр би бар" деп, менi ортаға шығаратын. Сонда олар маған: "Мынадай бидi қайдан үйрендiң?" деп сұрайтын. Оларға: "Ата-бабамнан қалған би" дейтiнмiн. – Өзiңiз үйреткiңiз келмей ме? – Мен домбырашы емеспiн. Ал, бидi үйренгiсi келгендер үйге келiп, үйренiп жүр. Бұл бидi менен үйренiп жүргендердiң көбi, осы бимен табыс тауып жүргендер. "Мектеп ашыңыз, келемiз, көмектесемiз" дегендер бар. Бiрақ, оған менiң жасым да келдi, әрi үйде тұрмаймын. Баратын жерлерiм көп. Мектеп ашқаннан кейiн оған шындап көңiл аудару керек. Сондықтан, мектептi ашып, оны ұстап отыру да қиын. Сондықтан, "үйренем дегендерiң үйге келiңдер" деймiн. "Қара жорғаны" қазiр буын биi деп айтып жүрмiн. Бұл бидi билегенде он екi мүшенiң ойнамайтын жерi жоқ. Екi жыл болды, қазiр Қытайдың Алтай аймағындағы қазақтардың шоғырланған жерiнде, "Қара жорға" биi денешынықтыру сабағы ретiнде өткiзiлiп жүр. Таңертең мектепке келгенiнде он бес минут осы бимен дене тәрбиесiн өткiзедi. Бүгiн Шыңжаң өлкесiндегi аз қазақтардың ортасында болғанымен, ертең Бейжiңде қытайлар денешынықтыру сабағына айналдырып алуы мүмкiн. Олар үйренiп алғаннан кейiн, өздерiнiң биi деп алуы да ғажап емес. Менiң қорқатыным осы. – Өзiңiздiң балаларыңыз ше? "Қара жорғаны" үйренiп алған шығар… – Ұлым Қажымұқан мен қызым Айтжан да қазiр билеп жүр. Қазiр екеуi дуэт болып билейдi. Тойларға шақырады, өзiм бармасам, қызым мен балам барады. Арыстан ата 2011 жылы өтетiн Азия ойындарының "Қара жорғамен" ашылғанын қалайды. Осы төңiрегiнде Мәдениет министрiне арнайы ұсыныс та жасағысы келедi. Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында 100 баланың "Қора жорғаны" билеп шығатындығын көз алдыңызға елестетiңiзшi, керемет емес пе? Әрi өзге елден келген қонақтарға да ұлттық биiмiздi көрсетудiң өзi үлкен абырой болар едi. Бүгiнде сәт сайын жаңарып, толысып, кемелденiп, түрленiп жататын дүниелер аз емес. Олардың iшiнде ұлттық құндылықтарымыз да бар. Бұл құндылықтарымыз ұрпақтан ұрпаққа жеткенше құнсызданып, көзге iлiнбей қалуы да ғажап емес. Сондықтан, "Қара жорғаның" өзге елде биленiп, дүниежүзiне танылуының өзi бiзге өзгеше сабақ болуы керек. Бiздiң ендiгi мақсат – "Қара жорғаны" мәдени мұраларымыздың қаймағына айналдыру үшiн жұмыс атқару. Өз биiмiздi өзiмiздiң халықтық болмысымызға сiңiру де баршамызға ортақ парыз.Гүлзина Бектасова