БОЛАТПЫН ҒОЙ ҚАЙРАЛМАҒАН...
БОЛАТПЫН ҒОЙ ҚАЙРАЛМАҒАН...
Қалың оқырманмен о баста құшақ жайып бауырласып, сыршыл-сезiм, әуездi, әсем ырғақтары, ажарлы айшық-суреттерiмен әдебиет сүйер қауымды талантына табындырған Өмiрзақ Қожамұратовты талай ақындарымыз өзiне үлгi тұтқан едi. 1936 жылы Өзбекстанның Бұқара облысындағы Тамды ауданында туып-өскен ақынның тағдыры да соқтықпалы-соқпақсыз болды. Небары 47 жасында өмiрден озған ақынның соңында өлмес мұрасы – өмiршең өлең-жырлары қалды.
"Елемейдi… қайран қалам,
Жанарымның жалтылдарын.
Болатпын ғой қайралмаған,
Мен де бiр күн жарқылдармын", – деп жазған өрт мiнездi ақынның бiр топ өлеңдерiн оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.
ӨЗЕН
Күн көзiнен көктем алға жол сызып,
Мұз бұйдасын бiр-бiрiне тiркедi.
Шоңғал көрсе мұрындығын шорт үзiп,
Тайлақ-толқын тайраңдайды, үркедi.
Табиғаттың жәрмеңкесiн базарлап,
Келедi өзен керуенi ағылып.
Құба жонды, бау-бақшаны ажарлап,
Кiрдi ауылға мың шырақ боп жағылып.
АЛМАТЫ КҮЗI
Төркiндеп тосын келген күз көрiктi,
Кигiздi Алатауға мұз бөрiктi.
Төгiлген жапырағы күмiс-қайың,
Дiрiлдеп аянышты жүз берiптi.
Құбылған күнiне мың алабұртып,
Ақ қылаң аспан тұрды сараң бүркiп.
Тидi ме бүйiрiне жел ескегi,
Ала бұлт үдерiле барады үркiп.
КҮЗДЕ
Боз тұман сайда көлбеп мамырлаған,
Ғажап-ау, көркiн күздiң таң ұрлаған.
Бойынан ыстық буы бұрқырайды,
Иленiп жас жаңбырға қамыр-далам.
Долы өзен арнасында булыға ағып,
Көк мұзды кидi шың-құз дулыға ғып.
Көгiмде керiп күйдiң көп нотасын,
Көлiмен қоштасты құс шулыған ғып.
ЖАҢБЫРДАН СОҢ
Өкпек жел суыт жүрiсi,
Қорғасын бұлтты айдаған.
Күмбiрлеп аспан күбiсi,
Найзағай пiспек ойнаған.
Шатырды қайтем қорғалап,
Нөсермен ойнап өсiп ем.
Мөп-мөлдiр тамшы сорғалап,
Құйылды бұлттың төсiнен.
Аспанның төсi ашылып,
Жасанды дала, күн күлiп.
Моншағын үзiп тал шыбық,
Торғайлар алды сiлкiнiп.
КӨЛ СУРЕТI
Жас орман жағалауда жайқалады,
Қымыз – көл, шарасында шайқалады.
Жарысып толқынмен бiр күмiс сәуле,
Қалқиды су бетiнде ай табағы.
Айдынға бурыл толқын салады ирек,
Қамысқа сүңгiдi әне балалы үйрек.
Жағадан көру үшiн көл суретiн
Қос ескек көк толқынды барады илеп!
ШАБЫТҚА
Бұлтты күнi көк тербелiп,
Найзағайдай шатырла!
Жай күндерi кептер болып,
Қона бер көп шатырға!
Жұлынған тал жапырағын,
Қан мен терден тiгiп бер!
Туған Отан топырағын,
Жүрек болып жүрiп көр!
Әйтеуiр сен тiрлiгiмдi,
Әрқашанда күйкi етпе?!
Жеткiзбесең сыр, мұңымды,
Кiмге керек, шикi өкпе?!
* * *
Күрек-жел күмiс қарды күреп едi,
Қызғалдақ дүр сiлкiнiп түрегелдi.
Мен дала, дала менiң көкiрегiме,
Орман, тау, өзенiмен кiре бердi.
Әйтеуiр кеттiк ғажап араласып,
Отты сел омырауды барам ашып.
Әнiмдi арнап айтсам мен далаға,
Маған сол: арман ару — дала ғашық!
Көңiлдiң күй пернесiн шерте түстiк,
Махаббат шуағына ерте пiстiк.
Көтерiп алтын күндi төбемiзге,
Жермен мен – айрылмауға серт етiстiк!
СЕКСЕУIЛ
Таң емес топырағының кекселiгi,
Кебiрден қаулап өскен сепсе бүрi.
Қарсы алған борай соққан бұрқасынды,
Кел, кеңес кексе құмның сексеуiлi!
Өткен күн аз артпады аза-мұңды,
Бiлдiң тек iштен тынып сазаруды.
… Кезiнде көк аязды отқа көмiп,
Қайратың қайнатты тасқазанымды!
Өр дауыл, көк нөсерде тұтап дарын,
Сермеген семсер етiп бұтақтарын.
Әр бұтаң көрiндi ғой көзiме ыстық,
Жалынмен жазған құмның кiтаптарын!
БҰЛАҚҚА ҚАРАП…
Толқынын тасып жыраққа,
Толтырған сайдың оқпанын.
Бұлқынып жатқан бұлаққа,
Бұрыла берiп тоқтадым.
Жерасты суы бiрiгiп,
Құйылса арна – қалыпқа.
Қайнардың көзi – бiр үмiт,
Сүйрейдi екен жарыққа!
Бойымда тулап жорытып,
Кеудемдi тынбай ұрғылап.
Қорғасын – ойды қорытып,
Шымырлап жатыр бiр бұлақ.
* * *
Боз дала! Сенiң дархан пiшiнiңе,
Уақыт өз өрнегiн түсiруде.
Күздегi тоң далаға ток жiберiп,
Қызған күн дән масағын пiсiруде.
Жерұйық, қиялыңды жеңсе де елiм,
Бұл жерден артпасына мен сенемiн.
Соғылып көк егiннiң толқынына,
Көз тiгiп көкжиекке теңселемiн.
БОЗТОРҒАЙ
1
Балауса басы дiр етiп,
Үзедi маржан таң шығын.
Айналам мас боп, тұр елтiп,
Күйiне құйттай әншiнiң.
Таңертең шырқау биiктен,
Соғылған бiр жез қоңырау.
Еншiме менiң тиiп пе ең,
Бейкүнә тәттi өмiр-ау?!
Жұпарын жұтып даланың,
Көтерген күйiн көңiл бiр.
Телмiрiп қарап қаламын,
Төгiлдiр!
Әнмен шомылдыр!
Алмұрттай пiскен, төбеден,
Ымыртта түстiң үзiлiп.
Таңертең ұшқан о, өлең,
Өзiңе тұрмын қызығып!
2
Боз қырау түскен бозанда,
Бозамық тұман көз жұмсаң.
Бозала таңғы азанда,
Бусанып тұрды боз жусан.
Сан рет өлiп, тiрiлiп,
Сарғайып кеткен өмiр-ау.
Санаңда тұрған iлiнiп,
Бозторғай – күмiс қоңырау!
Тiрлiкте таппай бiр тыным,
Жүректей соққан лүпiлдеп.
Жарымжан көңiл жыртығын,
Жүретiн жырмен бүтiндеп.
Көмейден күйi тамшылап,
Көлемдi көзбен бағып тұр.
Қанаты жанды қамшылап,
Көңiлге көп ой салып тұр.
Жаһанның құйттай әншiсi,
Үмiттiң мөлдiр тамшысы.
Жүрегiн жердiң жарып тұр,
Үзiлiп кетпей неғып тұр?!
Жұдырық болып әдiлет,
Жұмылып қалған төбемде.
Бозторғайдағы қабiлет,
Табылар ма екен менен де?
ҚАЛА ЫРҒАҒЫ
Биiкке қыран шыққан қанат талып,
Сәндi үйлер қона қалған қабатталып,
Лифтiге табан тисе кетер iлiп,
Әнеки, барады жұрт көтерiлiп,
Көмкерген жасыл бақ пен лала гүлмен,
Жайнаған жас арудай қала мүлдем.
Кiресiң құшағына балқып басып,
Көңiлдiң өр өзенi шалқып, тасып.
Әр үйдiң маңдайына жұлдыз қонып,
Түнi де тұрады екен күндiз болып,
Тынымсыз адам – толқын көшедегi,
Қаланың күнде осындай көшедi елi.
Кеткенде әр алаңы билеп алып,
Тұрасың әнге жарып, күйге қанып.
Өтедi ару қыздар күлiмсiреп,
Көрсең де бiрiншi рет, жүзiншi рет.
Өрiмдей ару қыз бен жiгiт елi,
Көк мұзын көкiрегiңнiң жiбiтедi.
Ойыңнан шығып бiр сәт дала, қыстақ,
Жыр жазғың кеп кетедi қалам ұштап.
БӘЙГЕ
Тұмарлап тұлпар мiнiп, қарғымақ кiм?
Тойында соны ойладым "Жарбұлақтың".
Шаңдатып келе жатыр қара-құрым,
Желi бар желпiлдеткен арғымақтың!
Барлық жан тiгiп солай қарашығын,
Күткендей ең асылын, жанашырын.
Суырылып шықты оқ бойы Құлақасқа,
Көтерiп сайыпкердiң дара сынын,
…Жануар ақбоз аттың көсiлуi,
Секiлдi бақталастың өшiгуi.
Қара тай келе жатыр қаңғалақтап,
Көп көрiп өз бойына осы күндi.
Шықты әне, жирен тұлпар нағыз күткен,
Алысып, арпалысып ауыздықпен.
"Көрдiң бе, ақбозды артқа тастады" — деп,
Жирендi мақтап жатыр ауыз бiткен.
…Ағуы бiрдей емес бар бұлақтың,
Сондай-ақ сыны басқа әрбiр аттың.
Топ жарып, түскен дуда дара сынға,
Арыны бөлек екен арғымақтың?!