ҚЫЗЫЛАҒАШ АПАТЫ

ҚЫЗЫЛАҒАШ АПАТЫ

ҚЫЗЫЛАҒАШ АПАТЫ
ашық дереккөзі
1018

Бөгеттiң бұзылуынан 38 адам қаза тапты

Жаһанның қайсыбiр қалтарыстарында болған зiлзаладан күнi кеше жүз мыңдаған адам жапа шектi. Гаити, Чили, Түркия халқы азалы күндердi бастан өткеруде . Апатты жайт айтып келген жоқ, әрине. "Жер-Ананың ашуын тудырды" дедiк те қойдық. Бiрақ…осы қаралы тiзiмге бiздiң елiмiз де iлiнген сияқты. Он екiншi наурызға қараған түнi, Қаратал ауданында жауған жаңбыр мен қардың еруi салдарынан бiрнеше бөгет бұзылып, екi ауыл суға кеттi, жайбарақат жатқан жандардың өмiрi қиылды. Алайда бұл жолғы қолдан жасалған әлемет апатқа Жер-Ананың қарғысы себепкер емес. Бөгеттiң апатты жағдайын көре тұра еренсiз жатқан басшылықтың қаперсiздiгi 38 жүрек лүпiлiнiң тоқтауына себепкер болды.

Талдықорған қаласының маңайында орналасқан екi бiрдей ауылды бiр түнде су шайып кету қаупi бұрын да байқалған едi. Бiле тұра дер кезiнде бөгеттiң жыртығын жамап-жасқауда жергелiктi басшылық қауқарсыздық танытып келген. 11-наурызда кешкi сағат 20.45-те қырық жыл жөндеу көрмеген бөгет табиғаттың дүлей күшiне шыдас бермедi. Бөгет жағасындағы Жылыбұлақ ауылында 140 үй су астында қалды. Сондай-ақ Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасында шектен тыс су жиналуы салдарынан тоғанның шығыс жағы бұзылып, жойқын күшпен ақтарылған тасқын бүкiл ауылды жалмады. 2500-дей тұрғыны бар Қызылағаш ауылындағы 257 үй су астында қалды. Мыңдаған адам үйсiз-күйсiз далада қалды. Сондай-ақ тасқын су Алматы-Өскемен тас жолының бойындағы Қызылағаш көпiрiн де шайып кеткен. Су қоймасының бұзылуы мен толассыз жауған жауын-шашын темiржолға да кесiрiн тигiздi. Екi мың жолаушы дiттеген жерiне жете алмай, Сары-Өзек – Үштөбе аймағында және Тауарасы-Майтөбе аралығында темiр жол қозғалысы тоқтатылды. Қызылорда-Семей, Новосiбiр-Алматы, Семей-Қызылорда, Павлодар-Алматы бағыттарындағы пойыздар жүре алмай, жарты жолда тұрып қалды. Сондықтан құтқарушылар жолаушыларды Талдықорғанға жеткiзген.

Алматы облысындағы зардап шеккен аймақтарда құтқару жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Баспанасыз қалған халықтың басым көпшiлiгi Жылыбұлақ аулындағы орта мектепке орналастырылып, қажеттi материалдық жәрдем жасалып жатыр. Қарттар мен балалар жақын жердегi басқа елдiмекендер мен Талдықорған қаласындағы туыстарына жеткiзiлдi. Баспанасыз қалған бейбақтардың арасында оралман бауырларымыз да бар көрiнедi. Оларға "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында үй берiлу мәселесi қаралып жатыр. Жапа шеккен әрбiр адамға облыстық бюджеттен 500 мың теңгеден қаржылай көмек берiледi. Әзiрге құтқару және қайта қалпына келтiру жұмыстарына 1000 адам және 214 арнайы техника, авиация жұмылдырылды.

Толассыз жауған жаңбыр мен бөгет суының мөлшерден тыс жиналуынан бiр сұмдықтың боларын сезген халық оған дейiн-ақ жергiлiктi әкiмшiлiктiң нұсқауын күтедi. "Ешбiр залал келмейдi" деп сендiрiп баққан олар ауыл халқын ешқайда жiбермей иiрiп ұстап отырған деген ақпараттар бар. "Сақтықта қорлық жоқ дегендей, бiзге ауылдан жырақта болыңдар десе кетiп қалған болар едiк. Тiптi әдейi қоңырау шалып, қайталап сұрадық, әлiптiң аяғын күттiк. Бiрақ ештеңе болмайды, үйлерiңде отыра берiңдер деп айтты" дейдi кейбiр ауыл тұрғындары. Құрбан болғандардың iшiнде төрт жасар бүлдiршiн де бар. Ауылға бет алған судан бейхабар сәби бұл кезде шырт ұйқыда болса керек. Талдықорғанның дәл iргесiнде болған қайғылы оқиғаға байланысты Елбасы Н.Назарбаев арнайы кеңес өткiздi.

Алматы облысының Ақсу ауданындағы "Қызылағаш" су қоймасында орын алған апатты жою мәселесi талқыланған кеңесте Елбасы арнайы комиссия құрылғандығын хабарлады. Бұл iс индустрия және жаңа технологиялар министрi Әсет Исекешовке жүктелiп отыр. "Ол комиссияның жұмысы барысында зардап шеккен адамдарды уақытша орналастыру, материалдық, қаржылық, медициналық көмектер көрсетуге мiндеттi" – дедi Елбасы. – "Комиссия тамақ беру, киiм беру мәселелерiн шешсiн. Алматы облысының әкiмi С.Үмбетовпен бiрге зардап шеккен адамдардың балаларының оқуы мен тұрмыс жағдайын қарасын. Екi күннiң iшiнде 16 наурызға дейiн болған жайт егжей-тегжейлi анықталатын болсын. Қаза тапқандардың тiзiмi белгiлi болсын.", деп Н.Назарбаев дереу iске кiрiсудi бұйырды. Қазiргi жағдай мен тасқын зардаптарын жою үшiн облыс әкiмiнiң орынбасары А.Баталов, Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментiнiң бастығы Д.Данаевтың басшылығымен жедел штаб құрылды. Сондай-ақ Елбасы жүктелген жауапкершiлiкке салғырт қарайтын мемлекеттiк қызметкерлердi заң бойынша қадағалау керектiгiн айтты: "Мұндай табиғат апатына ешкiм қарсы тұра алмайды, алайда бөгеттi қарамай, ауыл әкiмдерiнiң қауiптi халыққа ескертпей, халықты басқа жерге көшiруге әрекет жасамағанын қылмыстық iс деп санау керек. Олар өздерiне жүктелген жауапкершiлiктi орындамай отыр", – дедi.

"Бас прокуратура ма, Iшкi iстер министрлiгi ме, осыншама адам қаза тапқаны үшiн су қоймасының («Қызылағаш» су қоймасы – ред) жекеменшiк иесiне қылмыстық iс қозғау керек", – дедi кеңесте Елбасы. Президент тапсырмасына сәйкес үкiметтен 599 838 000 теңге көлемiндегi қаржы жұмсалатыны белгiлi болды.

Лауазымды қызметкерлер өз iсiне атүстi қарады деген күдiкпен Қылмыстық кодекстiң 316-бабы бойынша қылмыстық iс қозғалды. Кiнәлi адамды анықтау үшiн iс сараптамаға берiлдi. Жұрттың айтуынша, ақпанның соңына таман "Күртi" су қоймасы тасиды дегенде Ақши ауылы тұтас көшiрiлсе, қызылағаштықтарға апат болар күнi түске таман су қоймасын қарайтын "Шынар" ЖШС басшылары ауызша ескерткенi болмаса, әкiмшiлiк, аудандағы және облыстағы төтенше жағдайлар жөнiндегi қызметтiң адамдары апаттың алдын алу шараларын қолданбаған. Бұл туралы Алматы облысы прокурорының орынбасары Жұмабек Алмабеков хабарлап отыр. Соңғы мәлiметтерге сәйкес, яғни IIМ хабарлауынша Қызылағаш ауылдық округiнiң әкiмi Е.Жүнiсов, Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментi төрағасының орынбасары Е.Енин, Ақсу аудандық төтенше жағдайлар бөлiмiнiң бастығы Қ.Байзақов, "Шынар" ЖШС-ның директоры және құрылтайшысы К.Бекеев, арнайы өндiрiстiк су пайдаланушылар кооперативiнiң атқарушы директоры М.Жүнiсовтiң үстiнен iс қозғалып, уақытша қамауға алынды.

Қайғылы оқиға орын алған жерге Премьер-министр К.Мәсiмов келiп, комиссия жұмыстарымен танысып қайтты. “Апаттың қайталануына жол бермеу керек!” деген ұранмен құтқару қызметтерi мен қалпына келтiру жұмыстары дамылсыз әрекет етуде. Әзiрге ауылда жарық пен ауызсуды қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Десе де осыдан бiрнеше жыл бұрын Құланда болған апаттан жинақталған тәжiрибе бар. Сондықтан көп кешiкпей наурыздың iшiнде су тасқынынан зардап шеккен адамдарды баспанамен қамтамасыз ету үшiн құрылыс жұмыстары қолға алынады.

Соңғы деректерге сүйенсек, Текелi қаласы тұсындағы Қаратал өзенiне салынған тоғанда жарық пайда болып, қала тұрғындары басы ауған жаққа көшiп жатыр. Сондай-ақ су басу қаупi Қаратал өзенiнiң бойында орналасқан Қарабұлақ аулына да төнiп тұр. Жергiлiктi халықта зәре жоқ.

Ақнпет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары