ҰЛТТЫҚ СПОРТ — ҰЛЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГIСI
ҰЛТТЫҚ СПОРТ — ҰЛЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГIСI
Әр халықтың мықтылығы мен тектiлiгiн, мәдениетi мен мiнез-құлқын танытатын ұлттық ойындар болатыны белгiлi. Соның iшiнде жалпы ережесi қалыптасып, жарыс күнтiзбесiне енiп, спорт түрiне айналғандары қаншама. Жалпы қазақ ұлттық спортының бүгiнгi келбетi қандай?
Негiзi қазақ халқында ел арасына кеңiнен тараған 200-ден астам ойындар бар. Оның көбiнiң қазiргi күнi мүшкiл. Тiптi құрып кетудiң алдында. Тек, iшiнде кейбiрi ғана ұлттық спорт түрiне айналып, дамып келедi. Олардың қатарына қазақша күрес, тоғызқұмалақ, көкпар секiлдi ойындарды жатқызуға болар.
Бұл – ұлттық ойындардың iшiндегi ең қарқынды дамыған көшбасшы түрi. Бұлай сөйлеуiмiздiң себебi де жоқ емес.
Өйткенi, қазақ күресiнен бүгiнгi күнге дейiн 4 рет Азия, 1 рет Еуропа, 2 рет Әлем бiрiншiлiгi өттi. Дүниежүзiлiк қазақша күрес федерациясының атқарып жатқан жұмыстары да ұшан-теңiз. Федерация басшысы Серiк Төкеев осы спорттың барынша дамып, әлемдiк деңгейге көтерiлуi үшiн игiлiктi шаралар атқарып жатыр. Орск қаласында өткен әлем бiрiншiлiгiне 20-дан астам елден 72 балуан келiп қатысты. Оның iшiнде Еуропаның белдi мемлекеттерi Грекия, Германия, Франция, Испания, Голландия, Швеция секiлдi елдердiң спортшылары да бар. Сол додаға қатысқан немiс спортшысы Доринг Холгер қазақша күрестi жақсы көргенi соншалық, өз жерiнде осы спорт түрiнен үйiрме ашып, немiс балаларын қазақ спортына тәрбиелеп жатқан көрiнедi. Холгер сияқты азаматтарға қолдау көрсетiп, қазақша күрестi жер-жерлерде насихаттасақ, түптiң-түбiнде ұлттық спортымыз Олимпиада ойындарына кiрер ме едi деген ой келедi кейде. Мысалы, жапондар өз дзю-доларын Олимпиадаға кiргiзбес бұрын әлемнiң түпкiр-түпкiрiнде сол спорттан жарыстар ұйымдастырып, тегiн спорттық киiмдер таратып едi. Олимпиадаға қазақ күресi кiрер болса, онда ел спортының жоғарғы жетiстiкке жеткенi деп ойлауымызға болады. Орскiдегi өткен II-әлем бiрiншiлiгiнде 7 салмақтың алтауында қазақ балуандары алтыннан алқа тағып, көк байрағымызды желбiретiп қайтқан.
Ұлттық спортымыздың iшiндегi шоқтығы биiк, қалыптасып орныққан спорт түрi, бұл – тоғызқұмалақ. Бұл спорт түрi – әлемдiк мәдениеттiң озық үлгiлерiмен бой теңестiре алатын, түркiтектес халықтардың рухани, логикалық ойлау өнерi. Негiзiнен тоғызқұмалақты жақсы қолға алып, дамытып жатқан Қазақстан мен Қырғызстан федерациялары. Қазақстан спортшылары Қырғызстанның ашық бiрiншiлiгiнiң тұрақты жеңiмпаздары десек өтiрiк емес. Қазақстан федерациясының басшысы Әлихан Бәйменовтың тiкелей қолдауымен Еуропада, Америкада тоғызқұмалақты насихаттап, түрлi жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Және бұл ойын интеллектуалды ойындардың қатарына енiп, бүгiнде Лондондағы олимпиадада тоғызқұмалақтан турнирлер өтедi. Сондай-ақ, ұлттық спортымызды ұлықтап жүрген испаниялық Дэвид Котин, американдық Баутиста Роха секiлдi тұлғалар да осы өнердi дамытуға атсалысып жүр.
Ал бiрақ елiмiздегi жағдайға келсек, әлi де тоғызқұмалақтың дамуында кедергiлер кездесуде. Жай ғана тоғызқұмалақ тақтасының өзiн табу iздегенге қиынға соғады. Сонымен қатар, осы ойынның компьютерлiк бағдарламасы жоқ. Тоғызқұмалақ туралы, оның ережесi жайында толыққанды кiтаптар да жоқтың қасы.
Ерте заманда қой баққан қазақ халқы үшiн қасқырдан асқан жау жоқ-тұғын. Сол кездегi жiгiттерi де қасқыр аулап, оның басын ру басшысына тарту ететiн. Ал қалған тұлыбын жiгiттер өз ауылдарына алып қайту үшiн таласып, ойын қылады екен. Мiне, содан бұл ойынды "көк бөрi" дескен. Кейiнiрек қасқырдың орнына ешкiнi пайдаланып, ұлттық ойынға айналған. Ал сол көкпар ойыны қазiр елiмiзде аса қатты дами қойды дегенiмiз күпiрлiк. Негiзiнен, Оңтүстiк аудандарда ғана қалыптасқан бұл ойыннан бiрiншiлiктер, түрлi жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Тоғызқұмалақ секiлдi көкпарда да қазақ спортшылары қырғыз елiнiң турнирлерiне үзбей қатысып, етене араласып отырады. Бұл жерде көкпарға аса назар аударып, ұлттық спортты бей-жай қалдырмай, онымен үзбей айналысып тұратын Жамбыл облысында кеңiнен тарағанын айта кеткен жөн. 2003-жылдан бастап Тараз қаласының маңында "Көкбөрi" спорт клубы ашылды. Онда тек қана көкпар ғана емес, сонымен қатар ұлттық спорттың бiрнеше түрi де қамтылған. Клуб директоры Нұрдәулет Момынов деген азамат өзi осы спорттың үлкен жанашыры. Сондықтан болар, Жамбыл облысының көкпар командасы жыл сайынғы Қазақстан бiрiншiлiгiнiң жеңiмпаздары.
P.S. Ұлттығымыз бен кешегi келбетiмiздi жоғалтқымыз келмесе, ұлттық спорттың шетте қалуына жол бермеуiмiз керек. Ең қарқынды дамып, жоғарғы беделге ие болған қазақша күрес, көкпар, тоғызқұмалақ секiлдi ойындарымыздың өзi жеткiлiктi қолдау таппай, алдым-салдым күй кешуде. Ұлт ретiнде бiз сол ойындарымызды қолдап, дамытып, барлық жағдайын жасауымыз қажет-ақ. Ол үшiн де жұмыла-жұдырықтаса iске кiрiскенiмiз жөн.
Ермұхамед МӘУЛЕН