БҰҒАУҒА КӨНБЕГЕН БЕКМЫРЗА БИ

БҰҒАУҒА КӨНБЕГЕН БЕКМЫРЗА БИ

БҰҒАУҒА КӨНБЕГЕН БЕКМЫРЗА БИ
ашық дереккөзі
533

Қара Кете Бекмырза би хақында аңыз-әңгiмелермен қатар, нақты деректерге қарап, Бекмырза Бекқожаұлы Еркiнбаев шамамен 1806-1807 жылдарда Қорқыт Ата (Ақтайлақ) өңiрiнде туып, осында 1880-1881 жылдарда қайтыс болған деп шамалауға болады. Өйткенi, оның есiмi 1876-1878 жылдардан кейiн кездеспейдi.

Кiшi жүздiң Кете тайпасының Қаракете руынан шыққан би Бекмырза Бекқожа ұлының есiмiн Сыр сүлейлерiнiң iрi тұлғалары жырға қосқан. Атақты Балқы Базар жырау:

“…Кетенiң Бекмырза едi төресiндей,

Белгiлi бiр гүзердiң кемесiндей.

Гөзел едi, көптiң көңiлiн тапқан нағыз,

Жетiмнiң енесiндей”, – десе дүлдiл ақын Тұрмағамбет Iзтiлеуов:

“…Күллиат Кете ел атын,

Бекмырза, Бекет бастаған.

Бүгежектесе басқалар,

Бұл екеуi бас шұлғып,

Бөкенше аяқ тастаған”, – деп оны алысқа шабатын, киелi де қасиеттi Ақбөкенге теңеген. Бұл екi ақыннан басқа биге өлең-жырларын арнаған ақындар баршылық.

Оның есiмi Ресей құжаттарында 1849-1850 жылдардан бастап көрiнiс тапқан. Бiр құжатта оның Кете руының басқарушы екенi, әдiл де батыл екенi жазылса, екiншi бiр деректерде қазақтар арасында өте беделi барлығын айтқан. 1863 жылғы Перовскi уезiнiң құжаттарында: "…Еркiнбаев Бекмырза Кете руының 300 үйiн басқарып, олардан түтiн пұл жинау үшiн уез бастығынан түбiртек (ақша төленгенi туралы квитанцияларды) "алғанын" да жазған. Ал 1865 жылдың 27-қазанындағы құжатта: "…подполковник Голосов Түркiстан облысы орта бөлiгiнiң бастығына жазған мәлiмдемесiнде: "…Кете руының биi Бекмырза Еркiнбаев өзi басқаратын ауылдардың төлейтiн түтiн пұлды, әртүрлi сылтау айтып төлемей отырғанын" жазып, оған шара қолдануды сұрайды. Бекмырза би бұғауға, орыс басшыларының айдауына көне бермеген.

1868 жылдан бастап уездерде болыстық құрылым құрылып, алғашқы болыстарды руы бойынша сайлайтын болады. Осы тұста Аққыр (Қазалы уезiне қарайтын Қармақшы бөлiгiнде) болысы құрылады. Алғашқы болыстықты басқарушы Бекмырза Бекқожаұлы Еркiнбаев едi. Кейiннен Сырдария облысының әскери губернаторының бұйрығы мен Бекмырза бидiң Тұңғышбай атты баласы 1874 жылы Аққыр болысы болған. Болыстықтағы билердiң бiрi болып Бекмырза Еркiнбаев тағайындалады. Кейiннен бидiң немересi Тайшық би де осы Аққыр болысының басқарушысы болады.

Ауызша айтылып жүрген, ел iшiндегi әңгiмелер желiсiнен жазбаша құжаттар арасында көп айырмашылық жоқ деуге болады.

Көптеген орыс-қазақ қатынастары құжаттарында Бекмырза Еркiнбаевтың өзiнiң жазғанын растап қолын қойып, мөрiн басқан хаттары да бар.

Ел аузындағы әңгiмелердiң бiрiнде Орта жүздiң жiгiттерi Ақкөбек кете Ақсұңқар байдың екi бәйге атын барымталап алып кетедi. Осыған намыстанған бай ел басшысы Бекмырза биге келiп шағынады. Бекмырза Ақсұңқардың баласын серiк етiп, Орта жүз биiмен кездесiп, сөйлесiп болып сыртқа шыққанда байдың баласы ашуланып, “менiң келген шаруам туралы ешқандай әңгiме болмады” дегенiнде, би "ертең осы мезгiлде екi бәйге атыңмен қоса айыбына төлеген бiр бәйге ат қоса ала келедi" – дейдi. Шынында ертең осылай болыпты.

Бiрде есiк алдында балаларымен ойнап жүрген Тұңғышбайға қарап, анасы Күней "…менiң Тұңғышбайым туымды болады, қазiрден балаларды басқарып жүргенiн қарасаңызшы", — деген екен. Сол анасы сынаған Тұңғышбай жасынан ел билiгiне араласып, болыс болған. Көз-тiл тидi ме, кiм бiлсiн 33 жасында өмiрден озады. Ал оның баласы Тайшық патшалық уақытында және кеңестiк кезеңнiң алғашқы жылдарында өмiр сүрген кiсi. Кете ағайындар арасында “Тайшық айтты, Тайшық айтсын” деген сөздер қалыптасқан. Тайшық би болып жүрсе де аса бай болған кiсi көрiнедi. Оның "Сыртта ел билеген Тайшықпын, үйде тары түйiп жатырмын" деген сөзi ел iшiнде бүгiнге дейiн айтылып келедi. Әкесi Тұңғышбай: "…сен Тайшық боларсың, болмаса талшық боларсың" деп осы баласынан көп үмiт күтетiнiн сездiрсе керек.

Әке сенiмiн ақтай бiлген Тайшықтан тараған кеңестiк кезеңнiң ұрпақтары, Сұлтан, Мұраттар өз қатарларының алды болған азаматтар.

Бекмырза бидiң арғы бабасы Ресей құжаттарында Қара Алтай атанған әрi би, әрi батыр кiсi болса, одан да әрiректе өмiр сүрген Құдайназар мен Текей есiмдерi көптеген құжаттармен ауызша әңгiмелерде, ақын-жыраулардың жырларында орын алған. Текей Қарпықұлының есiмi қасиеттi Қожа Ахмет Ясауи мавзолейiндегi хан-сұлтандардың тiзiмiне енген. Демек, Текей, Құдайназарлар қазақтың белгiлi тұлғалары бола бiлдi. Солардың тiкелей ұрпағы Бекмырза Еркiнбаевтың осал болуға, билiк жасамасқа құқы да жоқ болатын.

Ел есiндегi тағы бiр тұлғаның өмiрлiк жолын осылайша оқырмандарға ұсындым.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, этнограф

Серіктес жаңалықтары