ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ — ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ

ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ — ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ

ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ — ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ
ашық дереккөзі
303

Отандық тарих ғылымының дамуына айтарлықтай атсалысқан тарихшы-ғалымдарымыз аз емес. Олардың күш-жiгерiн, бiлiм-парасатын ел тарихын зерттеу iсiне арнаумен қатар республиканың сан-салалы ғылымы мен мәдениетiнiң өркендеуiне қосқан үлестерi де өлшеусiз. Ұлтының тарихын зерттеп, жаңғыртып бүгiнге жеткiзу арқылы мемелекет келешегiне жол бастаған тұлғалар ғұмыры жас ұрпаққа үлгi-өнеге боларлығы ақиқат.

Қазақстанның тарих ғылымы саласына игiлiктi қызмет етiп жүрген тарихшы ғалымдар қатарында Зирабүбi Маймаққызы Төленованың есiмi де әбден лайық. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетiн үздiк бiтiрiп, тарихшы мамандығын алған Зирабүбiнiң кейiнгi еңбек жолы елiмiздiң ғылыми мекемелерiмен байланысты болды. Ол 1997 жылдан берi республика ғылымының қарашаңырағы атанған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында аға лаборант, кадр бөлiмiнiң аға инспекторы, аға ғылыми қызметкер сияқты қызмет сатыларынан өтедi. Қазақстан тарихын зерттеуде қыруар еңбек етiп, тер төккен белгiлi ғылым қайраткерлерiнiң игi iсiн жалғастыра түсiп, аталған ғылымның iлгерi дамуына өзiндiк үлес қосқан кейiнгi буын өкiлдерi М. Қозыбаев, К. Нұрпейiс, М. Асылбек, Б. Төлепбаев және басқа да көрнектi ғалымдар еңбек ететiн ғылыми ортаның iзденушiге дұрыс бағыт-бағдар берiп, ғылыми-шығармашылығын жан-жақты дамытуда ықпал еткенi сөзсiз. "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы" дегендей осы саладағы алдыңғы толқын ағалардың тәлiм-тәрбиесi маман үшiн өнеге мектебi болғаны рас. Бүгiнде ғылыми-зерттеу жұмысын Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тыныс-тiршiлiгiмен ұштастырып жүрген ғалым Диссертациялық кеңестiң ғылыми хатшысы ретiнде де аспиранттар, докторанттар және зерттеушiлермен де айналысып келедi.

Ұлттық тарихи сананың жаңғыртылуына бағыт алуы халқына қызмет ету рухында тәрбиеленiп, күш-қуатын қоғам мүддесiне жұмсаған жеке тұлғаларға қатысты мәселелердi ғылыми тұрғыдан зерттеуге жол ашты. Соңғы кезде отандық ғылымтануда қоғамдағы әлеуметтiк-экономикалық және мәдени дамудың мақсаты ретiнде тұлғалардың алар орнын бағалау жөнiнде ой-пiкiрлер қалыптасты. Олардың тарихын зерттеу, тағылымды жақтарын ашып көрсету, қоғамдық-саяси қызметiне талдау жасап, зерттеу нысанасына алу қажеттiлiгi туындайтыны анық. Сондықтан да ғылымтануда өзiндiк орын алатын ғұмырнамалық жанр арқылы жекелеген тұлғалардың өмiр жолын, сан-салалы қызметiн танып бiлумен қатар олар өмiр сүрген тарихи кезеңнiң қыр-сырын түсiнуге де мүмкiндiк туады. Жеке тұлғаның адамзат қоғамының дамуы мен тарихи үрдiстерiнде айрықша орын алатыны мәлiм. Кез келген дәуiрдiң мәнi де, ерекшелiгi де жеке тұлғалар арқылы анықталады. Бұл ретте дүниежүзiлiк тарихи тәжiрибеде көптеген мысалдар келтiруге болады. Тұлғалардың тарихтан алар орнын Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: "Ұлы тұлғаларын бiлмейiнше бiрде-бiр дәуiрдi дұрыстап тану мүмкiн емес. Адам тағдырының айнасынан бiр тарих көшiнiң жүрiсiн ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезiнемiз. Сондықтан да халқы мен елiнiң алдындағы өздерiнiң перзенттiк парызын айқын да анық түсiнген, қандай қиын қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуiрде өмiр сүрсе де, өз жұртының нағыз азаматы болып қала берген" деп атап көрсеткен болатын.

Iзденiмпаз жастың тарих ғылымын зерттеу жолына түскендiгiнiң айғағы оның академик М.Х.Асылбектiң жетекшiлiгiмен "Академик М.Қ. Қозыбаев: өмiрi, қоғамдық қызметi және ғылыми мұрасы" атты тақырыпта ғылыми еңбегiн ұсынуы болды. Нәтижесiнде талантты жас ғалым кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, тарих ғылымының кандидаты атағына ие болды. Күнi бүгiнге дейiн З. Төленова ғылыми iзденiс үстiнде, оның ғылыми басылымдарда және әртүрлi деңгейдегi ғылыми конференция материалдардың жинақтарында қырықтан астам мақала зерттеулерi жарық көрген. Сондай-ақ бiрнеше қомақты ғылыми еңбектердiң және өзге де жинақтардың құрастырушысы және авторы болды. Мәселен, "М.Қ. Қозыбаев: Өркениет және ұлт", "Қазақстанның тарих ғылымы" Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 60-жылдығына арналған, "Батыс Қазақстан өңiрiнiң тарихы" сынды еңбектердi зерттеп-тануда елеулi еңбек еттi. Ғалымның ғылыми еңбектерi қазiр де өзiнiң көтерген мәселелерi мен құндылығы арқылы дараланады. Осы ретте терең бiлiмдi ғалым З. Төленованың еңбектерi ғылыми көпшiлiкке кең танылды. Ғылым жолында бiр сәт дамыл таппай, құнды зерттеулерiмен таныла бастаған ғалымның ой-өрiсiн мойындап, ғалым-зерттеушiлердiң "бiздiң Зира" деп құрмет тұтуы оның ғалымдық, адамдық бiртұтас бiтiм-болмысын аңғартса керек.

Әрбiр халықтың өзiне тән қайталанбас ұлттық санасы, оның сабақтастығы мен келер ұрпаққа берер рухани тәлiмi қазiргi ғалымдарымыздың зерттеу тақырыбы ретiнде айналысып жүрген маңызды салаларының бiрi. Осыған орай ғалым З. Төленова да "Ұлттық тарихи сана: мәнi, сабақтастығы және тағылымдары (XVIII-XXIғ. алғашқы он жылдығы)" тақырыбындағы докторлық диссертациясын дайындау үстiнде. Сонымен бiрге З. Маймаққызының педагогтiк, тәлiмгерлiк қызметiн де атап өткен жөн. Қат-қабат ғылыми жұмыстарымен қатар С.Ж. Аспандияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетiнде дәрiс бередi. Берген дәрiстерiнiң әрдайым жоғары ғылыми-теориялық және әдiстемелiк дәрежеде өтуi оның өз мiндетiне үлкен жауапкершiлiкпен, ерекше мұқияттылықпен қарайтындығын көрсетсе керек.

Ия, ғылым жолы – қиын жол. Осы салаға өзiнiң күш-жiгерiн арнаған жандар ғана оның шыңына жете алмақ.

Ә. АЙТМҰХАММЕДҰЛЫ, ҚР Журналистер

одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары