ҮШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН

ҮШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН

ҮШ МЫСАЛ  ЖӘНЕ ТҮЙIН
ашық дереккөзі
248

Бақталастық пен қызғаншақтық кеселiнiң жүрмейтiн жерi жоқ-ау. Бұл әлеуметтiк ауру ғылыми ортаны да жайлап алғалы қашан.

Мен Райымбек Мыңбаев деген ғалымды бiлушi едiм. Кеңес өкiметi кезiнде Ленинградта жоғарғы оқу орнын бiтiрiп, сонда аспирантураны тәмамдаған. Алпысыншы жылдардың орта шенiнде Алматыға биология ғылымдарының кандидаты дәрежесiмен оралды. Ол ашқан жаңалық кейiндеу дүниежүзiлiк биология ғылымдары жетiстiктерiнiң энциклопедиясына енген. Алғашқыда Қазақстан Ғылым академиясында бiраз жыл қызмет етiп, ең бiлiмдi, ең бiлiктi ғалым ретiнде құрметке бөленiп жүрдi. Жетпiсiншi жылдары Аграрлық институт кафедра меңгерушiсi қызметiне шақырып, жеке өзiне зертхана ашып бердi. Профессор атанды. Институтқа қай кезде бара қалсам да, не студенттерге дәрiс берiп жатқан аудиториядан, не зертханасында тәжiрибе жасап жатқан кезiнде кездестiрiп жүрдiм. Бос сөзге жоқ. Бар зейiнi ғылыми жұмысында.

Араға жылдар салып ол биология ғылымына тағы екi үлкен жаңалық әкелдi. Бiрiншiсi, адам ағзасына едәуiр нұқсан келтiретiн гербицидтiң орнына жаңа тыңайтқыш ойлап тауып, 1989 жылы Көкшетау облысында сынақтан өткiздi. Аумағы жүз гектар жерге бидай егiлiп, сол тыңайтқышты қолданған. Бидай бiтiк шығып, күзде әр гектардан 27 центнерден экологиялық таза өнiм алған. Сол ақ бидайды диiрменге тартқызып, жоғары сапалы ұн шығарып, наубайханада нан пiсiрдi. Әрiптестерi: "Дәмi тiл үйiретiн неткен тәттi нан" — деп тамсанған екен.

Екiншi ашқан жаңалығы – адам аяғының башайлары арасына шығатын "грибковый" жарасына қарсы ем ретiнде қолданатын дәрi. Оның екi түрiн жасаған. Сықпа және таблетка. Паста тәрiздi сықпаны жараға бiр жаққаннан-ақ құлан таза жазады. Таблетканың емдiк қасиетi де сондай.

Ол осы екеуiнен екi докторлық еңбек жазған. Үйiне бiр барғанымда белiнен жiппен байланған екi жуан қатты қағаз папканы алдыма қойды. Күрсiнiп: "Бұларды қорғаудың сәтi түспедi", – дедi. Себебiн сұрадым. Ол: "Сұқиттармен келiсе алмадым", – деп қолын сiлтей салды. Менi оған деген аяныш сезiмi биледi: "Ұзақ жылдар бойына көз майын тауысқан қайран ғылыми еңбектер-ай".

Iшкi күйiнiш жанын жеп байыз тапқызбады ма, тағы бiр кездескенiмде "ащы" судан iшiп алыпты. Бұрынғыдай ажары жоқ. Ұзын бурыл шашы да селдiреп қалған. Автобустың аялдамасына дейiн бiрге барып, көлiктi күттiк. Сонда айтқаны: "Аналар патент те бергiзбей жатыр" – деп кiжiндi. Мен: "Неге?" – дедiм. Ол бiреудiң аты-жөнiн атады. Жадымда қалмапты. "Сол найсапты бiрлескен автор етуге келiссем ғана ғылыми еңбектерiме патент бередi екен. – Жиренiп жерге түкiрдi: – Тапқан екен ақымақты".

Күнделiктi жұмыстан қол босай бере ме. Ғалыммен әне-мiне хабарласам деп жүргенде жылға жуық уақыт та өте шықты. Үйiне телефон шалдым. Әйелi Күнжан оның бiраздан берi төсек тартып жатқанын жеткiздi. Үнiнен жабырқаулық байқалды. Сол күнi ғалымның көңiлiн сұрауға бардым. Өңi жан шошырлықтай. Әбден жүдеп жадаған. Төсегiнiң бiр жақ басындағы тумбадан шет-шетi өрнектелген екi парақ қағаз алды. Екеуiне де мөр басылған. Үлкендеу әрiптермен жазылған қысқа мәтiнiне көз жүгiрттiм. Ғылыми еңбектердiң авторлары ретiнде екi адамның фамилиялары жазылыпты. Бiрi өзi, екiншiсi ана жолы өзi айтқан адам. Денсаулығының тым ауырлығына қарап: "Неге бұлай болды?" – деп сұрағаным жоқ. Бiрақ сезiмтал жан соны сездi. "Келiспеске амалым қалмады. Денсаулығым күрт төмендеп кеттi. Екi рет жүрек талмасына ұшырадым. Ендi мiне күн санап жатқаным мынау". – Ол ентiгiп зордан сөйледi. Содан көп ұзаған жоқ. Дүниеден озды. "Күрiштiң арқасында кермек су iштi".

Бұл Кеңес өкiметiнiң соңғы жылдары едi. Халық шаруашылығының қиюы қаша бастаған кез. "Мыңбаевтың ғылымға қосқан екi ерен жаңалығы бар едi. Соны өндiрiске қосайық", – деген жанашыр жан болмады. Соларға қосалқы автор болғанның да жасы келген жан едi. Өмiрде бар-жоғы белгiсiз. Ал Мыңбаевтың екi ғылыми құнды еңбегi үйiнде шаң басып жатыр.

Ендi мiне, ғылымда әлеуметтiк аурудың үшiншi түрi пайда болды. Ол жалған атаққұмарлық. Бiлiм, бiлiктiлiгi, өресi жете ме, жетпей ме, онымен iсi жоқ. Жолын тауып, қалайда ғылыми атақ алу. Бұл кесел әсiресе қалталылар арасын дендеп барады. Жазып берушiлердiң желбуаз газеттерде, көшелерде жарнамалары жетiп жатыр. Олар үшiн – бизнес, аналар үшiн – атақ. Мансапқа жетудiң кiлтi. Кандидаттық, докторлық халтура жұмыстарды басқалар жазып берiп жатса, бұлар жандарын қинап қайтсын. Ақша деген сиқыр тұрғанда, қорғау де түк емес. "Ана ғылымдардың кандидаты", "Мына ғылымдардың докторы" деген табақтай куәлiктердi әрi десе алты айда-ақ алып, алшаң басып жүргенi. Солардан елге, экономикаға келер пайда қандай? Ешқандай. Керiсiнше зияны шашетектен. Оны жұрт жақсы бiледi.

Нағыз ғылымның жолы неге ауыр? Жалған ғылымның жолы неге жеңiл? Жазылмайтын заң болады екен. Бұлардың да жауабы ашып айтылмайтын секiлдi.

* * *

Қызметтегi телефон безек қақты. Тұтқасын құлағыма тостым. Арғы жағындағы бiр бейтаныс жан өзiн Ниетқалиев Иықсан деп таныстырды. Алматы қаласында тұратын ардагер екен.

– Мен сiздiң "Бiз кiмнен кембiз?" атты мақалаңызды оқыдым. Жаһандану жөнiнде жақсы айтыпсыз. Бәрi де көкейге қонады. Шынында тiлiңнен, ұлттық болмысыңнан айыратын жаһандану кiмге керек?

Шырағым, мен де тiл мәселесiн өзiмше зерттеп жүрген адаммын. Қоғамнан тысқары өмiр сүру мүмкiн емес. Әрi өз тiлiме жанашыр ретiнде зерттеуге, өз ойымды айтып, ортаға салуға қақым бар.

Қазiр осы қалада күн сайынғы келiп-кетушiлерден бөлек 1365105 адам нақты тұрады. Бұл деректi мен 2009 жылғы қаңтардағы санақтан алып отырмын. Оның iшiнде қазақ 683 995-те, орыс 463802. Қалғандары басқа ұлт диаспораларынан. Ендi мына деректiк көрсеткiштерге назар салайық.

Қалада 48 қазақтiлдi орта мектеп бар. Ал орыстiлдi мектептiң саны 71. Аралас ұлт мектебi 50. Яғни пайызға шақсақ таза ұлттық мектеп 45-тi, орыс мектебi 65-тi құрайды. Мұны қош деңiз.

Қаланың орталығында №125-шi орыс мектебi тұр. Сонда он бiрiншi сыныпта оқитын балалар саны – 17. Сол он жетiнiң 15-i қазақ та, тек 2-уi ғана орыс ұлтынан. Әлгi он жетi оқушының жартысы қазақшаға шорқақ. Өз ана тiлiнде ойын толық айтып жеткiзе алмайды. Кейбiр қарапайым сөздердiң өзiн бұзып сөйлейдi. Демек, қазақ тiлi пәнiн оқыту сапасы төмен. Ал оқыту бiр ауысымда жүргiзiледi. Ендi осыған кереғар мысалды келтiрейiк.

Алматыдағы №123 пен №146 қазақ орта мектебiндегi жағдайды алып қараңыз. Бұларда сыныптар саны жетiспейдi. Бiр сыныпта 27-30 оқушы отыр. Мұғалiм қырық бес минутта бәрiнен сабақ сұрап үлгере алмайды. Осыдан кейiн бiлiм сапасы қайдан болсын. Оларды оқыту үш ауысымда жүргiзiлiп келедi. Демек, мектеп саны жетiспейдi.

Осындай мысалдарды республика көлемiнен алайық. Елiмiзде 7500 мектеп бар. Соның 4 мыңы қазақ орта және орталау мектебi. Жергiлiктi ұлт саны 67-i пайызға жеттi деп жүрмiз. Соны мектеп санына шақсақ, қазақ мектептерiнiң саны әлi аз. Есесiне басқа диаспора өкiлдерiнiң 25 мың баласы қазақ мектептерiнде оқиды. Бұл жақсы көрсеткiш. Ал қанша қазақ балалары орыс мектептерiнде оқып жүр?..Тiлге шорқақ баладан елiн, жерiн сүйетiн қандай ұлт патриоты шығады?… Қаладағы қазақ мектептерi орыс мектептерiндегiдей бiр ауысымда оқытылатын болса, бiлiм беру сапасы да көтерiлер едi. Сонда ата-аналар балаларын ұлттық мектепке бермегенде қайда барады. Ау, жаһандану деп атойлап жалғыз шапай, айналамыздағы түркi жұртына қарайық та. "У iшсең руыңмен" демей ме атам қазақ. Ағайыннан алыстап қайда барамыз?

Бiзде Тiл комитетi әлсiз. Себебi оған Үкiмет толық құқық бермеген. Мекемелердегi, өндiрiс орындарындағы iс-қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзудi талап ете алмайды. Сондықтан мемлекеттiк тiл жөнiнде арнайы заң керек. Онсыз тiлiмiздiң тұғырына қонуы екiталай, – дедi ақсақал.

* * *

Тәуелсiздiк алғанымызға аттай он сегiз жыл толды. Не өзгерiп, не жаңарды? Өзгергенi сол, нарықтық қатынасты бiршама игердiк. Жаңа астананы салып жатырмыз. Қалалардағы көше аттары жаңарды. Бiрақ, басымызды шайқаймыз-ау. Сол қалалардағы аялдамалар әлi күнге баяғыша айтылуда. Басқа қалаларды былай қойып, жұрт көзiн тiгiп отырған Алматыны мысалға алайықшы. Абай даңғылын бойлап жүретiн жолаушылар тасымалы көлiктерiне мiнiп көрiңiз. Есiк көзiнде тұрған билет кесушi "Правда", "Мате Залка", "София Ковалевская", "Чапаев" – деп тiзбектеп айтып жатқаны.

Қайсы бiр күнi автобус iшiндегi бiреу: "Ей бауырым, "Правда" қазiр "Алтынсарин" аталады ғой деп дауыстады. Анау естiмеген сыңай танытты. Жолаушы әлгi сөзiн қайталап тағы ескерттi. Шымбайына батты ма билет кесушi: "Басымды қатырмаңыз" деп дүңк ете қалды. Жолаушы шарасыздықтан "Е, е, шаршаған екенсiң ғой", – дей салды. Сонымен жолаушы көлiктерiнде өзгерген ештеңе жоқ. Тiлiмiз баяғыша қағыс қалып жатыр.

Кеңес өкiметi кезiнде автобус iшiндегi жүргiншiнiң азын-аулағын қазақ студенттерi құраушы едi. Бәрi де ауылдан келген жастар. Ана тiлiнде сөйлесiп тұрған жастарға өзгелер: "Орысша сөйлесiңдер" деп дүрсе қоя беретiн едi. Солай болған. Оны жасырып қайтемiз. Қазiр керiсiнше. Басқалары кiлең қаракөздер. Солай бола тұра билет кесушiлер аялдамаларды орысша атайды. Мұны қаланың Жолаушылар тасымалы көлiк басқармасындағылар бiлмейдi дейсiз бе? Бiлгенде қандай! Бiрақ мемлекеттiк тiлде хабарлауды талап етпейдi. Оның үстiне көшелерге жаңа атаулар берiлгенiн, олардың дәл айтылуында талап етпейтiн сияқты. Содан соң оларға әкiмшiлiк шара қолданып қайтсiн. Осыдан кейiн айттың не, айтпадың не. Баяғы жартас – бiр жартас.

P.S. * Ұлттық ғылымды көтермей, ұлттық экономика жасалмайды. Жалған ғалымның елiмiздiң көсегесiн көгертпесi хақ. Нағыз ғалымдарға қолдау мен қамқорлық қажет-ақ.

* Ардагер Ниетқалиев Иықсан көргенi мен көңiлге түйгенiн айтады. Тiл жанашырының өзiндiк зерттеуi де өзгелердi ойландырары анық.

* Өзiңдiкi орысша сайрап тұрғанда, басқалардан қазақшаны қалай талап етесiң. Бәрiнен де iштен шалған жаман екен.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары