ЖАҢА ЖҮЙЕ ЖАРЫЛҚАЙ ҚОЯ МА ЕКЕН?

ЖАҢА ЖҮЙЕ ЖАРЫЛҚАЙ ҚОЯ МА ЕКЕН?

ЖАҢА ЖҮЙЕ ЖАРЫЛҚАЙ ҚОЯ МА ЕКЕН?
ашық дереккөзі
406

Дамыған мемлекеттер дәрiгерлерiнiң жылдық табысы 120-130 мың доллар

Денсаулық сақтау министрлiгi тiзгiнiн ұстаған кез келген министр түрлi жоба мен бағдарламаны өзiмен бiрге ала келедi. Тiптi, кейбiр экс-министрлер екi-үш жылды былай қойып, ұзақ жылдық стратегияны бiр-ақ қамтитын жоспарды аяғына жеткiзбей-ақ, жылы орнын босатып жатты. Сосын келген жаңа министр тағы да жаңа бағдарлама жасақтап, жаңа реформасын жүргiзуге жан салады.

Кезiнде Дерновойдың аты Шымкенттегi ВИЧ-тен кейiн дақпыртқа айналып едi, министрлiкке екiншi мәрте тағайындалған Досқалиевтың тұсында ана мен бала өлiмiне қатысты фактiлер мен сапасыз дәрi-дәрмектiң ылаңы туындады. Iле-шала "100 мектеп, 100 аурухана" мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес, жаңадан салынып жатқан кейбiр аурухана құрылысының сапасыздығы әшкерленсе, бiраз елдi шарпып өткен шошқа тұмауы да дүрлiктiрмей қойған жоқ. Және бұған медициналық көмектiң халық сұранысын қанағаттандырмайтындығын, квотаға қолжетiмсiздiктi және медицина саласындағы парақорлықты қосыңыз. Министр Жақсылық Досқалиев бұл тығырықтан шығу үшiн денсаулық сақтау саласының 10 жылға арналған бiрыңғай ұлттық жүйесiн қабылдап, жаңа жылдан бастап қолданысқа енгiзiп жiбердi. Көзделген мақсат — медицинаны бәсекеге бейiмдеу. Министр бұл жүйенiң оң нәтиже беретiндiгiне сенiмдiлiк бiлдiрiп, медицинаның сапасын арттыруға арналған жобаға айналатындығын қадап айтты. Оның сөзiне сенсек, бұдан былай кез келген науқас қай аурухана емiн қабылдаймын десе немесе қайсыбiр емханаға қараламын десе, таңдау өз еркiнде. Нәтижесiнде бiлiктi дәрiгер мен сапалы медициналық мекеменiң аражiгi анықталмақшы. Сосын халықтың ықыласы ауған емхана мен ауруханаға үкiмет те көп ақша аудармақ. Осы жүйенi қолданысқа енгiзу үшiн 157 млрд. теңге бөлiндi. Әрине, Канада, Австралия сияқты мемлекеттердiң бай тәжiрибесiнен алынған бұл жүйенiң ұтатын жерi де бар. Алайда, жаңа реформаны жүзеге асыру үшiн елiмiздiң медицина қызметi, экономикалық жағдайы соған лайықты ма? Мәселен, Канадада iшкi жалпы өнiмi жан басына шаққанда 46 мың АҚШ долларын құраса, Австралияда – 45 мың АҚШ доллары. Ал бiзде – 8 500 АҚШ доллары. Яғни, бес есе төмен өнiм өндiредi екенбiз. Мұндай мәлiметтi жария еткен Мәжiлiс депутаты Тито Сыздықов: "Одан да министр 2016 жылы дәрiгерлердiң айлық жалақысы қанша болатынын неге айтпайды? Бiздiң дәрiгерлер жылына бар болғаны 5-6 мың доллар алады. Ал аталған дамыған мемлекеттердiң дәрiгерлерi жылына 120 -130 мың доллар еңбекақы алады", — дегенi де шындыққа жанасатын сияқты.

Бүгiнде Денсаулық сақтау министрлiгi Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiне қатысатын 896 денсаулық сақтау ұйымын тiркеуден өткiзiп, оның iшiнде 890 ұйымның қызметiне оң баға берiптi. Ендi бұл медициналық мекемелер ақша табудың көзiн ашады. Ауру адамды емдедiң бе, мемлекет қаншалықты сапалы атқарғаныңды тексередi. Егер жақсы емдесең, ақшасын аласың, жаман болса – айыппұл төлеп құтыласың. Егер дәрiгердiң қателiгi кiсi өлiмiне әкеп соқтырса, ақшалай немесе сот арқылы жазаға тарту көзделедi. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов: "Бұл шапшаң еңсере салатын қарапайым мәселе емес, жаңа жүйенiң де әртүрлi ой-шұңқыры болады, соның бәрiнiң тiгiсiн жатқызып, жүйенi өмiрiмiзге ойдағыдай кiрiктiруге күш салу керек, адамдар бұл жаңалықтан зардап шекпейтiн, қайта денсаулық сақтау жүйесiнiң жақсаруына бағыт ұсталып отырғанын сезiнетiн болсын", – деген пiкiр айтты.

Ал, балалардың бас педиатры Камал Ормантаев: "Бұл жүйенiң қандай нәтиже беретiнiн бiр жылдан кейiн айтуға болады. Әрине, шалғайдағы тұрғындардың квотаға iлiгiп, ем алуында түсiнiспеушiлiк болатын шығар" десе, академик Төрегелдi Шарманов: "Бұл жемқорлықтың алдын алатын шаруа сияқты. Науқас қалаған емханаға, дәрiгерге қаралуына құқығы бар. Сапа жағы назарға алынып, бәсекелестiк тумақ. Таңдау болғаннан кейiн, оған мүмкiншiлiк туғызу керек. Оған ауыл, аудандағы жергiлiктi әкiмшiлiктер квота алуына жағдай жасау қажет. Ал, кез келген адам ол квотамен сапалы аурухана мен емханаға бара алады" — дегендi бiлдiрдi.

Сонымен, 2010 жылдың жаңа бастамасы — бiрыңғай денсаулық сақтау жүйесi де қолданысқа енiп кеттi. Әзiрге, бұл реформаның пайдасы мен зияны туралы айту ерте. Дегенмен, 16 миллион халық он алты дәрiгердiң алдына барып тiзiлiп тұрса қайтпекпiз? Ал, емделушiсi азайған дәрiгерлердiң күнi не болмақ? Осы күннiң өзiнде 4 мың дәрiгерге зәру медицина саласында сыбайластық пен парақорлық тамыр жаймайтынына қандай кепiлдiк бар?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары