БIЗ КIМНЕН КЕМБIЗ?

БIЗ КIМНЕН КЕМБIЗ?

БIЗ КIМНЕН КЕМБIЗ?
ашық дереккөзі
168

"Ағылшын тiлi — әр адам үшiн!". Бұл Алматы қаласындағы Шаляпин көшесiнiң бойына қойылған әлдебiр тiл үйрету орталығының жарнамасы. Астыңғы жағына орысшасы жазылған. Жарнама көлемiнiң үлкендiгi соншалық, жазулары алыстан оқылады. Айқайлап-ақ тұр.

"Қазақ тiлi — әр адам үшiн!" деген жарнаманы жарық күнде қолыңызға шам алып iздесеңiз де Алматыдан таппайсыз. Қала әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк тiлге деген құрметiнiң қаншалықты екенiн осыдан-ақ бағамдай берiңiз.

Тәуелсiздiк алғанымызға он сегiз жыл болды. Сол жылы өмiрге келген бала кәмелеттiк жасқа толды. Ал мемлекеттiк тiлiмiз тұғырына қонар емес. Содан берi Үкiмет: "Қазақ тiлiн өзге ұлт өкiлдерiне балабақшадан бастап үйретуiмiз керек" деумен келедi. Ал өзгелердiң өздiгiнен үйренер түрi жоқ. Неге? Өйткенi, орыс тiлi — ресми тiл. Мемлекеттiк тiлмен бiрдей қолданылады. Осыдан соң Қазақ тiлiне кiм басын қатырп жатсын?!.

Жуырда "Хабар" телеарнасының "Бiз айтсақ…" бағдарламасында Республика Парламентiнiң депутаты Қамал Бұрқанов: "Бүкiләлемдiк жаһандану келе жатыр. Ендi үш тiлдi меңгеруiмiз керек. Әсiресе ағылшын тiлiн бiлмесек нан сұрап жеуiмiз қиынға соғады" — деп жарияға жар салды. Залда көрерменнiң бiрi болып, бағдарламаға қатысып отырған "Қазақстан-Заман" газетiнiң редакторы Ертай Айғалиев: "Әуелi мемлекеттiк тiлдi игерiп алғанымыз жөн болар, депутат мырза" — дедi. Атам Қазақ: "Өзiңдi өзiң жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн" демеп пе едi. Депутаттың осы ұлағатты сөздi қаперiне алмағаны өкiнiштi, әрине.

Ағылшын тiлiн бiлу керек-ақ. Бiрақ кiмдерге? Үкiмет қызметкерлерiне, Парламент депутаттарына, банкирлерге, шетелдермен байланыстағы компаниялар мен бизнес саласындағыларға басты мiндет шығар. Ал жалпы жұрттың бiлуi шарт па? Менiңше шарт емес және жаппай ондай болмауының өзi жақсы.

Жаһандану демекшi, мен Өзбекстан астанасы Ташкентте жылда боламын. Олардың жағдайын өз елiмнiң жағдайымен салыстыру үйреншiктi әдетiм. Былтыр Сарыағашта тұратын жақын танысым Сейтбек Ташкенттегi ауруханаға түсiп қалған екен. Көңiлiн сұрап бардым. Үшiншi қабаттағы палатада сөйлесiп отырғанбыз. Сәлден соң үстерiне көкшiл халат киген екi өзбек дәрiгерi келдi. Жас құралыптары әрқалай. Бiрi қырықтың қырқасына шыққан. Ал мұрттысы елудi еңсерген. Сейтбектiң айтуына қарағанда, екеуi де медицина ғылымдарының докторлары. Сырқаттың денсаулығын қарап, өзара өзбек тiлiнде пiкiр алысты. Мұрттысының есiмi – Сайд. Қасындағысының ныспысы жадымда қалмапты. Олар жаһандануға қалай қарайды екен деген оймен ыңғайы келген кезде сөзге тарттым. Сайд қабағын тыржитты. Байқаймын, менiң сауалыма шамданып қалған сыңайлы. "Қалай ойлайсыз, ағылшын адам да, өзбек мал ма? — деп қарымта сұрақ қойды. Менiң жауабымды күткен жоқ. — Өз жерiмiз бар. Ешкiмге тәуелдi емеспiз. Өз тiлiмiз өзiмiздi асырайды". — Сөзi нық. Жанындағысы: "Солай", — деп оны құптады.

Қайтарда орталық әмбебап дүкенiне бас сұқтым. Сөрелерi әр алуан тауарларға толып тұр. Кеңес өкiметi кезiнде осы дүкеннiң iшiнде адамдар құмырсқаның илеуiндей құжынап жататын. Қазiр едәуiр сиреп қалыпты.

Еуропалық нәсiлдi ерлi-зайыптылар сатушыдан өзбек тiлiнде шаңсорғыштың жаңа үлгiсiн сұрады. Анау өз тiлiнде қызмет көрсеттi. Дүкеннiң әр бөлiгiнен мұндай көрiнiстi бiрнеше рет кездестiрдiм. Түрi басқа, тiлi басқа ұлт өкiлдерiнiң өзбек халқына, өзбек тiлiне деген құрметi көрiнiп-ақ тұр. Ал бiзде ше? "Мемлекеттiк тiл деп айдар таққан тiлiмiздi төрiмiзде отырған басқалар неге менсiнбейдi? Тiлiңдi менсiнбеген соң ұлтыңда қандай бедел болады?" Дүкеннен жүз килограмм жүктен де ауыр сұрақтар арқалап шықтым. Бiр саналы жан: "Қарынымның ашқанына емес, қадiрiмнiң қашқанына жылаймын" — деп қорланған екен.

Жерiмiз кең. Байлығымыз шашетектен. Көмiр дейсiз бе, темiр дейсiз бе, алтын дейсiз бе, мұнай дейсiз бе, уран дейсiз бе?.. Құдай-ау бiзде не жоқ? Бәрi бар. Жаратушы иемiздiң сыйға берген осыншама байлықтың үстiнде отырып, кiмге, неге жалтақтаймыз? Түк түсiнсем бұйырмасын.

Сан аралдардан құралған Малайзия жергiлiктi малай ұлты қырық пайыз да, келiмсек қытайлар алпыс пайызды құрайды екен. Мұхаммед Махатһир премьер-министр болғанға дейiн қытай тiлi үстемдiк құрыпты. Қысқасы елдi солар билеп-төстеген. Махатһир үкiмет басына келген соң әлеуметтiк-экономикалық жағдай күрт өзгерген. Малай тiлiн мемлекеттiк дәрежесiне көтерiп, көп қытайды соған мойын ұсындырыпты. Оның айла-тәсiлi алдыңғы жылы осы "Түркiстан" газетiнде жарияланған. Өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмай аз ғана малай ұлтының, малай тiлiнiң мерейiн, беделiн санаулы жылдар iшiнде көтердi. Баса айтатын тағы бiр жай, ол Америкадан, Англиядан жоғары оқу орындарын бiтiрiп келген малайлықтарды үкiмет басына жiбермеген. Тек әр салада маман ретiнде пайдаланса керек. Ендi Махатһурдың сол ерлiк iсiне, ұлтына деген сүйiспеншiлiгiне таңданып, тамсанбай көр. Бiзге неге соның тәжiрибесiн өз ыңғайымызға келтiрiп пайдаланбасқа.

Жарайды алыстағы малайды былай қояйық. Тағдыры бiр, талайы бiр ТМД елдерiн мысалға алайықшы. Мынау көршi қырғыз ағайындар үкiметi сәл жаза басса, елiрiп, ереуiлдеп шыға келедi. Жоғары Кенешi мәжiлiстерiн, заңдарын талқылауларын көбiне қырғыз тiлiнде жүргiзедi. Бүкiл әлемдiк сауда ұйымдарына мүшелiкке кiргендерi қашан. Былай қарасаң жаһандануға солар бiзден гөрi бiр табан жақын сияқты. Бiрақ сол жаһандануды ойлап, ағылшын тiлiне бас ұрып жатқан қырғыздарды көрмедiк. Қайта қырғыз тiлiнiң ықпалын барынша күшейтуде. Бiшкекке барған жанның оған көзi анық жетедi.

Арғы көршiмiз түркiмендер де сол. Сандық теледидардың бiр арнасы солардiкi. Үкiмет қызметкерi дейсiз бе, парламент депутаттары дейсiз бе қай-қайсысы да мәжiлiстерiнде түркiмен тiлiнде сайрап жатқаны. Егер олар бiз секiлдi үш тiлдi алға тартып, жаһандануға қарай жантайса қоғамдық тiршiлiктерiнен алабөтен басқашалау көрiнiс байқалар едi. Көшелерiнде ағылшын тiлiн насихаттаған, соны жаппай үйренуге үгiттеген жарнамалары жоқ. Ерлерiнiң басында ата-бабаларынан мұраға қалған сеңсең бөрiк, үстерiнде шапан, әйелдерiнде ұзын етек көйлек. Аштық көрiп, көштен қалып жатқаны байқалмайды. Есесiне "Бұл түркiменнiң елi! Мен түркiменмiн!" — деп тұрғандай ой қалдыруда.

Бiз кезiнде тәжiктермен де бiр шаңырақтың астында өмiр сүрдiк қой. Экономикалық әлеуетi бiзбен салыстыруға мүлдем келмейдi. Көзге түсетiнi жемiс-жидегi. Бiрақ дiнi мен дiлi қатты. Ағылшындай алпауыттарға бастарын иiп тұрған жоқ. Қолдарында бiздiкiндей байлықтары болса, ханға да сәлем бермейтiн түрi бар. Жетпiс жыл бойына орыс тiлiн оқығандары болмаса, басқалары бойына сiңiрмеген тәжiктер, ағылшын тiлiн қайтсiн.

Грузиндер мен армяндар анау. Коньягы және шарабымен ғана аты жайылған. Сонда да "Мен грузинмiн!", "Мен армянмын!" деп түктi кеуделерiн керiп, жаһанды жалпағынан басып тұрғаны. Халықтарының сандары да аз, жерлерi де алақандай. Бiрақ өздерi ғана оқып, өздерi ғана жаза алатын қарiптерiн мақтаныш тұтқанда, алдарына жан салсайшы. Сол қарiптерi жаһандануға қарсы қойылған қытай қорғаны сияқты. Ал бұзып-жарып өтiп көр.

Украинаның Үкiметi де, парламентi де тәуелсiздiк алғаннан берi тек өз тiлiнде сөйлейтiн болды.

Балтық теңiзi жағалауындағы елдердiң көрпелерiне қарай көсiлгендерi қашан.

Ресейдiң қай кезде де, қандай жағдайда да орыс тiлiнен айырылмасы бесенеден белгiлi.

Сонда қалай? Жаһандану тек бiз үшiн бе? Үкiметтiң дегенiне құлақ ассақ, жаһандану аузын арандай ашқан аждаһа сияқты. Ағылшын тiлiн жаппай жедел игермесек, жұтылып кететiн секiлдiмiз. Жаппай ағылшынша сөйлеу үшiн, ағылшынша ойлау керек қой. Демек ұлттық сананы өзгертуiмiзге тура келедi. Осылай iстесек қана аждаһаның арандай аузынан аман қалады екенбiз. Оу, ұлттық болмыстан жұрдай болсақ, аждаһаға жұтылудың көкесi сонда болмай ма? Бәлкiм сол жаһандануға керiсiнше қарсы тұру керек шығар. Ана тiлiмiздi тұғырына қондырып, мемлекеттiк iс-қағаздарын ана тiлiмiзде жүргiзсек, барлық ғылымдарды ана тiлiмiзде сөйлетсек ұлттың беделi көтерiлмей ме? Беделi бар ұлтты қандай жаһандану жеңе алады? Осынша жерiмiзбен, осынша байлығымызбен жаһандануға жұтылып, ұлттық болмысымыздан айырылып қалсақ, кiмге сыйлы боламыз? Кiмге тұлға боламыз? Еңкейгенге еңкейiп, шалқайғанға шалқайған өзбек, қырғыз, тәжiк, түркiмен, грузин, армян ағайындардың бiзден несi артық. Бiз кiмнен кембiз?

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары